Педагогические науки/Современные методы преподавания

 

Абдульдинова Б.А., Рахимжанова А.Е.

 

№85 ЖББОМ Қарағанды қаласы, Қазақстан Республикасы

 

Ақпараттық және жоба технология тәсілдері бойынша ойын түрлерін пайдалану әдісі.

 

      Қазіргі кездегі шапшаң жүріп жатқан жаһандану үрдісі әлемдік бәсекелестікті күшейте түсуде. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты жолдауында: «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі» деп атап көрсетті.

     Білім беру жүйесін ақпараттандыру – жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаны бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді.

      Қазақстан Республикасының Білім туралы заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – білім беру бағдарламаларын меңгеру үшін жағдайлар жасау керек» - деп көрсетілген. Солардың бірі білім беруді ақпараттандыру барысында дидактикалық және оқыту құралы болып компьютер саналады. Сондықтан да кез келген білім беру саласында мультимедиялық электрондық оқыту құралдары барлық пәндерді оқытуда пайдаланылады. Бұл бағытта ақпараттық технологияны оқыту үрдісіне екпінді түрде енгізу бағытында және  қолданылатын  жаңа құралдардың бірі – бағдарламалық-техникалық кешен болып саналатын «Активті экран» болып саналады. Бұл құралды сабақтың кез келген кезеңіне қолдануға болады.

      6-сынып қазақ тілі сабағында «Ұлттық теңге» тақырыбын өткенде, оқушыларға сабақтың мақсатына сай оқулықтағы материалдан басқа қосымша тапсырмалар, жаттығулар берілді . Нақтырақ айтсақ, жаңа сабақ тақырыбына шығу үшін активті экранда сөзжұмбақ берілді. Жаңа сөздермен таныстыру кезінде актив студия арқылы сөздердің дұрыс айтылуы тыңдалды және хормен қайталанды. Ұлттық теңгенің шығу тарихымен таныстыру үшін шағын видиоролик пайдаланылды. Әр түрлі грамматикалық тапсырмалар интерактивті тақта мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тиімді орындалды. Аталған жұмыс түрлері барысында оқушылардың зейіні, белсенділігі ерекше болғаны байқалды. Бірыңғай түсіндіру, сөйлеу әдісін қолдану оқушы іскерлігін дамытпайды, сондықтан интерактивті тақтаны сабақта дидактикалық оқыту құралы ретінде пайдалану керек.   

    Заманауи мұғалімнің басты мақсаты – оқыту әрекетін ұйымдастыру әдіс-тәсілдерін дұрыс таңдау. Мұғалім тіл меңгерту үшін барлық жағдайды жасау керек. Өзге ұлт оқушыларына мемлекеттік тілді үйреткенде оқыту әдіс-тәсілдері әр оқушы өз шығармашылығын, белсенділігін көрсете алатын, сонымен қатар оқыту процесінде танымдық әрекетін белсендіре алатын болу керек.

 Заманауи интерактивті технологиялар арқылы жобалау технологиясы әдісін жүзеге асыруға болады.

Мектепте мемлекеттік тілді оқыту тәжірибесінде жоба технологиясын көп жағдайда қолдануға болады. Жоба технологиясын түрлі жағдайда, түрлі тақырыпта қолдануға болады. Мәселен,  мұнда рөлдік ойындар үлкен қызмет атқарады. Мысалы, бастауыш сыныптарда қолданатын рөлдік ойындар: «Телефон арқылы сөйлесу», «Дәрігердің қабылдауында», «Танысу», «кітапханада», «Қонақта», «Дүкенде» т.б. Рөлдерді ойнау оқушы үшін пайдалы, себебі ол өзінің үйренген білімін өз өмірінде қолдана алады. Оқушы тез және ұтымды сөйлеуге үйренеді. Сонымен бірге ертегілерді, әңгімелерді ойынға айналдыруға болады. Рөлдердің әрқайсысына балалар белгіленіп, олардың сөйлесуі арқылы тіл байлығы дамытылады. Бұл тәжірибеде қолданылып жүрген тәсіл. Бұл:

  - рөлге бөліп ойналатын жоба сол сәтті /ситуацияны ойнау, мәтінді драматизациялау/

  - ақпараттық жобалар /ұсынылған тақырыпқа дайындалу/

  - басылымдық жобалар  /қабырға газетіне, радиоға материалдар дайындау/

  - сахналық жобалар /атақты, бала танитындай, қабылдайтындай/ адамдармен кездесу

  - шығармашылық жұмыстар /шығарма, мәтін т.б/

Жас шамаларын есепке ала отырып, рөлге бөліп ойналатын жобаның алатын орны ерекше. Мұндай жобаларда балалар өздеріне лайықтап рөлдерді бөліп алады. Мысалы, 5-сынып қазақ әдебиеті сабағында «Мақта қыз бен мысық» ертегісін оқыту кезінде, біріншіден, оқушылар оқулықтағы ертегі мәтінімен танысады . Мұғалім көмегімен түсінбеген сөздерін талдайды.Сынып  топтарға бөлінеді: актерлер,суретшілер және сарапшылар. Актерлер мен суретшілер тобы өз қалаулары бойынша ертегі   кейіпкерлерін бөліп алады. Сабақтың 10 минут  уақыты  оқушыға өзі таңдап алған кейіпкердің сөзін түсініп, кейіпкердің бейнесін жасауға беріледі. Актерлер тақта алдында қойылымды көрсетеді. Суретшілер тобы суреттерін көрсетеді. Сарапшылар әр топтың жұмысын қорытады: актерлер мен суретшілердің кейіпкерлерді көрсете білуіне және жұмыс уақытындағы әрекетеріне баға береді, осал жерлерін сынайды әр топқа сұрақтар қояды.  Ойын кезінде баланың сөйлеуге ынтасы артады, көңіл-күйі көтеріледі, сөйлеуге белсенді қатысады. Ойын баланың сана-сезіміне де әсер етіп, тәрбиелік мақсатын да орындайды. Оқыту әдісі ретінде ойынды қолдану ең кемі екі-үш немесе бір топқа қатысты. Сондықтан баланың ойын кезінде атқаратын қызметі көбіне басқаларға байланысты. Ойында жеңу-жеңілу сияқты нәтижелер балаларға жауапкершілік артады. Бұл балада басқалар алдындағы міндетін орындауды талап етіп, оны жауапкершілікке тәрбиелейді. Сонымен балалар мақсаттас болғандықтан, достық қарым-қатынаста тәрбиеленеді, бірін-бірі сыйлауды үйренеді. Бұдан оқытуда қолданылатын ойын тек тіл дамыту қызметін ғана атқарып қоймай, рухани-адамгершілік қарым-қатынасқа да тәрбиелейтіні анықталады.

Дидактикалық ойынды қолдануда мұғалім мына мәселелерге мән беруі керек:

ойын кезінде балалардың әрекетін бақылау;

ойынды бала қызығатындай етіп ұйымдастыру; 

ойынның мақсатын балаларға түсіндіру;

ойында болатын түрлі жағдайларда бала өзінің білімін, дағдысын, әрекеттерін қолдана білуге дайындау;

балалардың ойынға белсенді қатысуына жағдай жасау.

Мысалы, «Жәрмеңке» ойыны.

Ойының мақсаты: «Күз» тақырыбын пысықтау, ойыншыларды өз бетімен еңбектенуге дағдыландыру.

Ойынның шарты: жәрмеңке той сияқты өтеді. Балалар  жәрмеңкеде өз өнерлерін көрсетеді. Оқушылар «Күз» тақырыбына өлең, жұмбақ, мақал-мателдер айтып, күй шертеді. Жәрмеңкеде әр түрлі жеміс –жидектер, көкөністер сатылады. Бұларды сатып алу үшін тапсырмаларды орындау керек. Тапсырмалар: 

1/оқушылар жәрмеңкеде не сатылатынын атай білу керек

2/көкөністер мен жемістерді ажырата білуі керек

3/өзіне ұнайтын не көкөніс , не жемісті тандау керек

4/ сол сөзбен сөз тіркесін, сөйлем құрау керек.

5/сатушы мен сатып алушы арасындағы диалогті құрастыру керек.

Мемлекеттік тілді оқытуда ақпараттық және  жоба технологиясы тәсілі арқылы  жақсы жетістіктерге жетуге болады. Оқу барысында интерактивті тақтаны қолдану, модельдеу, электрондық оқулықтарды, компьютерді пайдалану, интернетте жұмыс істеу арқылы білім беруді жетілдіруге болады. Оқушы тек қана ақпарат алып қана қоймай, өте жағымды сезім алады. Интерактивті тақтаны қолдану кезінде оқушыда таңдану, қуану, шаттану, сонымен қатар шексіз қызығушылық байқалады. Оқушы бұл бағдарламамен жұмыс істегенде қателесуге қорықпайды және барлығы белсенді қатысады. Ақпараттық және жоба технология тәсілдері келешек ұрпақтың жан-жақты білім алуына, іскер әрі таланны, шығармашылығы мол, еркін дамуына жол ашады.

 

Әдебиет:

 

1.            Сайлыбаева Ж. Ауыз әдебиеті үлгі арқылы баланың тіл байлығын дамыту. 2004. №5. 25-26 бет.

2.            Сағындықов Е. Қазақтың ұлттық ойындары. – Алматы,1991.

3.            Қазенова Г. Ойын арқылы оқыту. Қазақстан мектебі. -1967. №1

4.            Карамышева Т.В., Изучение иностранных языков с помощью компьютеров. –СПБ: Союз. 2001