Педагогические  науки” / 6.Социальная педагогика

 

П.ғ.к. Губайдуллина Г.Н., магистрант Муздапарова Р.А.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемелекеттік университеті,  Өскемен қаласы, Қазақстан Республикасы

 

Өзін-өзі бағалаудың мазмұны

 

Адамның өзі туралы ойлары үнемі эмоцияға толы болады және жиі өзін, өзінің тұлғасының кейбір жақтарын, іс-әрекетін бағалаудан тұрады. Өзі туралы ойлар түрлі тәртіптерде, өзге адамдармен қатынаста, белгілі бір үміт, күтімдер барысында жинақталады. Олар тұлғаның тұрақты қалыптасу негізі «Мен» тұжырымдамасын  құрады.

«Мен» тұжырымдамасы әдетте үш негізгі құрылым компоненттерінен тұрады: когнитивті, эмоциялық-құндылықтық және тәртіптік [1, 307].

«Мен» тұжырымдамасының когнитивтік құрылым компоненті «Мен-бейнемен» ашылады, яғни адамның өзі туралы, өз қабілеттері, айналасындағы адамдармен қатынасы, сыртқы бейнесі, әлеуметтік рөлі, қызығушылықтары, тұлға сапалары және т.с.с түсініктерінен тұрады. Бұл тізімді тым ұзақ жаза беруге болады, себебі «Мен-бейнеге» адам үшін маңызды деп есептелетін жағдайлардың барлығын кіргізуге болары анық, яғни оның қоғамның бір мүшесі ретіндегі, сонымен қатар қайталанбас жеке тұлға ретіндегі қасиеттері анықталады. Сондықтан, «Мен» тұжырымдамасының мазмұны екі жақты анықталады: «қосылғыш», яғни индивидтің өзге адамдармен бірігуін қамтамасыз ететін және «дифференцациялайтын», яғни өзінің ерекшелігі, қайталанбастығымен өзгелерден айырмашылығын, жеке даралығын сезінуге мүмкіндік береді [2, 59].

«Мен» тұжырымдамасының келесі құрылым компоненті адамның өзіне деген эмоциялық-құндылықтық қатынасы арқылы анықталады, яғни адамның өзін тұтастай қабылдауынан, өзінің тұлғасын, іс-әрекетін, өзіне көңілінің толуын, өзіндік сыйластығын, өзін бағалауын және т.с.с. көрсетеді. Эмоциялық-құндылықтық құрылым компонентінің негізін адамның өзіне деген сыйластығы, бағалауы, жеке құндылықтары құрайды. өзіндік сыйластық дегеніміз өз күшіне, мүмкіндіктеріне сену. Ол іс-әрекеттің қандай да бір аймақтарымен байланысты емес, тек өзін қаншалықты бағалайтындығы, өзіне деген қатынасы маңызды. Өзін-өзі сыйлау бұл өзін-өзі қабылдауы, өзін жақсы көруі. Ал бұл мәселе болмас үшін өзін-өзі бағалау үдерісі дұрыс жағдайға қойылғаны абзал. Өзін-өзі бағалау түсінігінде бағалау компоненті аса маңызды. Өзін-өзі бағалау дегеніміз тұлғаның өзін тұтастай қабылдауы (жалпы өзін-өзі бағалау) және өзінің жекелеген қасиеттерін, өзге адамдармен қатынасының жекелеген жақтарын (жеке немесе парциальді өзін-өзі бағалауы) адекватты анықтай алуы. Өзін-өзі бағалау түрлі жағдаяттарға байланысты ұзақ мерзімді тұрақты немесе тұрақсыз түрде болуы ықтимал. Сондай-ақ, өзін-өзі бағалау деңгейлерінің жоғары не төмен болуы да жиі кездеседі. Өзін-өзі бағалаудың төмендігі адамда «кемшілік кешенінің» болуынан көрінеді. Бұл құбылысты ашқан әйгілі психоаналитик А.Адлер (1870-1937) болатын. «Кемшілік кешені» адамның өз күшіне сенімсіздігінен, өмірлік мәселелерді шеше алмауынан байқалады [3, 51].  Әдетте өзін‑өзі бағалауы төмен деңгейдегі адамдардың қарым-қатынастары сәтсіздікке ұшырып жатады. Олар өз «кемшілік кешендерін» жасыру үшін өздерін тым жоғары етіп көрсетуі де әбден қалыпты жағдай. Алайда, осындай адамдар арнайы психологиялық, кей кезде тіпті психотерапиялық қолдау мен көмекке зәру.

«Мен» тұжырымдамасының үшінші құрылым компененті – тәртіптік. Ол өзін-өзі реттелмен, өзбетті шешім қабылдаумен, өз тәртібін басқарумен, бақылаумен, өз іс-әрекетіне жауапкершілік алумен анықталады.

Адамның саналы және санасыз бағдарлар жүйесі ретінде өзін-өзінің қатынасы «Мен» тұжырымдаманың бірнеше жақтарын көрсетеді, мысалы, «шынайы  Мен» (қазіргі уақыттағы «Мен» тұжырымдамасы), «үлгілі Мен» (болашақта болғысы келетін «Мен» тұжырымдамасы), «айна түріндегі  Мен» немесе «әлеуметтік Мен» (өзгелер қалай көретін «Мен» тұжырымдамасы). Сонымен қатар, «динамикалық Мен» (адамның өз пікірі бойынша оның өзгерістерге ұшырау ерекшеліктері), «елестетілетін Мен», «бет перде Мен», «қиял ғажайып Мен» және т.с.с.

Тұлға үшін «үлгілі Мен» мен «шынайы  Мен» арасындағы арақатынастың алшақтығы да аса маңызды. Дұрыс нұсқа ретінде «үлгілі Мен» «шынайы  Меннен» тұлғаның дамуының қалай, қай бағатты ұстануына септігін тигізерліктей, сәл ғана алдыда жүріп, өзара сәйкестіктің бұзылмағаны жөн. Бұл жағдайда өзін-өзі дамыту көзі ашылады. Егер олардың арасындағы қашықтық алшақтай түссе, ол керісінше психологиялық, педагогикалық мәселер туындатуы  мүмкін. Салдарынан, тұлғаішілік қақтығыстардың және негативті уайымдаулардың пайда болуына әкеледі [1, 307].

Сонымен, «Мен» тұжырымдамасы адамның дамуына, оның іс-әрекеттеріне, қарым-қатынастарына, өзін-өзі адекватты бағалауына тікелей әсер ететіндігі анықталды. Өмір үдерісі барысында адамның «Мен» тұжырымдамасы өзгеруі, толығуы не керісінше қарапайымдалып, өзіне деген қатынасы, өзіндік реттелуі әбден ықтимал [2, 49]. Дегенмен, тұлғаның өзін-өзі бағалауына қарағанда «Мен» тұжырымдамасы біршама тұрақты. Тұрақтылық «Мен» тұжырымдамасының ішкі біртұтастылығымен, тәртібінің жүйелілігімен, тәртіптерінің бірізділігімен (Мен-өткен шақ, Мен‑осы шақ, Мен-болашақ) анықталады. Жағымды өзін-өзі бағалау «Мен» тұжырымдамасына байланысты болады. «Мен» тұжырымдамасы адамның өзі жайлы жалпылама бағдарлар жүйесі деген неміс психологі W. Neubauer, оны «өз-өзінің теориясы» деп атады [4, 98].

«Мен» тұжырымдамасы статикалық емес, динамикалық психологиялық құрылым. «Мен» тұжырымдамасының өзгеруі, дамуы, қалыптасуы тәртіптің ішкі және сыртқы факторларына негізделген. Әлеуметтік орта (отбасы, мектеп, еңбек ететін орны, көптеген ресми және ресми емес топтар, және т.с.с) «Мен» тұжырымдамасының қалыптасуына үлкен әсер етеді.

Психологияда жалпы шынайы және үлгілі «Мен» тұжырымдамасы болғанымен дағы, кәсіби «Мен» тұжырымдамасын да назарсыз қалдыруға болмайды. Өз кезегінде кәсіби «Мен» тұжырымдамасының өзі шынайы және үлгілі болуы мүмкін. «Шынайы» түсінігінің өзі «Мен» тұжырымдамасының шынайылығын көрсете алмауы ықтимал деп түсіндіреді X. Ремшмидт [5, 141]. Мұндағы басты жағдай тұлғаның өзі жайлы түсінігі, өзінің қандай екендігін сезуі. Кәсіби үлгілі «Мен» тұжырымдамасы тілектерге негізделсе, кәсіби шынайы «Мен» тұжырымдамасы шындық өмірдегі өзін адекватты қабылдауға, өзін-өзі бағалауына байланысты. Кәсіби шынайы және үлгілі «Мен» тұжырымдамасының арасындағы айырманың болуы негативті жағдайларға, невроздарға да, керісінше өзін өзі жетілдіруге, өзін өзі дамытуға әкелуі де мүмкін.

«Мен» тұжырымдамасында аддам өз қасиеттерін сипаттамалық түрде қабылдайды, ал өзін-өзі бағалау кезінде сол қасиеттердің сапасы анықталады, өзін өзгелермен салыстыру іске асады.  Осыдан, өзін-өзі бағалау тұлғаның қалыптасуы мен дамуының негізі болады. Өзін-өзі бағалау тұлғаның әлеуметтік бейімделу, тәртібі мен іс-әрекеттерінің реттеушісі ретінде де анықталады. Өзін-өзі бағалау тұлғааралық өзара әрекеттестік пен кәсіби іс-әрекет негізінде қалыптасады. Адамда қалыптасқан өзін-өзі бағалау адекватты (өзін-өзі бағалау объективті болған жағдайда) немесе адекватты емес (өзін-өзі бағалауы шынайылыққа сәйкес келмейтін жағдайда) болады. Өзін-өзі бағалаудың дұрыс болуы адамның болашақ мақсатын, ұмтылысын, кәсіби мүмкіндігін анықтайды.

Әдебиеттер:

1.     Столяренко Л.Д. Основы психологии. – Ростов н/Д.: Феникс, 2000. – 672 с

  1. Бернс Р. Развитие Я-концепции и воспитание. - М.: Прогресс, 1986.
  2. Чеснокова И.И. Проблема сознания в психологии. - М.: Наука, 1977. ,
  3. Бороздина Л.В., Молчанова О.Н. Самооценка в разных возрастных группах. - М.: Проект, 2001. – 158с.
  4. Общая психология / Под ред. А.С. Карпова. – М.: Гардарики, 2000.– 232 с.