Магистр-аға оқытушы Ганмиркун Ганмирхановна
Турганалиева
М.Өтемісов атындағы Батыс
Қазақстан мемлекеттік университеті,
Орал қаласы
А.Бақтыгереева
шығармаларындағы лексикалық бірліктер
(синонимдер, антонидер,
фразеологизмдер турасында)
Тілдегі сөздердің тұтас жиынтығы сөздік
құрам немесе лексика деп аталады. Сөздік
құрам белгілі бір халықтың тұрмыс
жағдайын, күн көріс тіршілігін, кәсібін қамтып
көрсетеді. Белгілі бір халықтың қоғамдық, шаруашылық,
мәдени-тұрмысы неғұрлым күрделі болса,
соғұрлым оның тілінің сөздік құрамы
да бай болады деген сөз[1,15].
Қазақ тіліндегі барлық сөздердің
жиынтығы сөздік құрам болса, негізгі сөздік
қор оның негізгі ұйытқысы, қайнар
бұлағы, шығу арналарының ең маңызды
бөлігі болып табылады. Сөздік құрамға
қарағанда негізгі сөздік қордың сан
мөлшері, көлемі әлдеқайда шағын болады.
Өйткені оған кез келген сөз кіре бермейді. Қоғам,
адам өміріндегі ең қажетті ұғымдарды білдіретін
жалпыхалықтық сөздер ғана кіреді [1,35].
Ақұштап Бақтыгереева
шығармаларының сөздік құрамы тілдегі
мыңдаған, сан алуан сөздерді қамтып, бірнеше
салалардан, лексикалық қат-қабаттардан тұрады.
Әдеби тіл дамуында оң ықпал ететін
белгілі бір қаламгер туындыларында синонимдер
мен антонимдердің ұшырасуы ең алдымен, әр алуан көркемдік мақсат
қажеттілігінен туындаған; екіншіден, қаламгердің тіл
байлығынан, сөздік қорының көптігінен
мағлұмат береді.
Синонимдердің
атқаратын негізгі стилистикалық қызметі – ерекшелеп айтылатын
ойды нақтылауға көмектесу.
Жандардың мұң, қайғысын ұға білген
Өзіңдей қарыздармыз саналы ұлға.
Болғанмен би төреге жақындығың
Жарды алыстатты ақындығың.(Мұхит әндері)
Жоғарыдағы
шумақта мұң, қайғы сөздері және би,
төре сөздері синонимдес болып келеді. Бұл жерде
кейіпкерді суреттеу барысында оның мінезін-құлқын
көрсету үшін ерекшелеу мақсатында қолданған.
Тағы бір мысал:
Жыр арнау қарыз,борышым (Ешкімнен қарыз алмадым)
Ақын
өлеңдерінде той, думан, ойын, жиын синонимдес
сөздері өте жиі кездеседі. Мысалы,
Мұхиты Мералының келмейінше
Бұл маңның той жиын басталмаған.(Ақбақай
көлдің жағасы)
***
Қаумалап туған туыс күштеді ме,
Кірісті Мұхит солай, іске міне
Аңсады ол думан тойды ән салатын,
Сөзімнің тербейтін бал сағаты (Боздәурен)
***
Ойын той айналатын асқақ
әнмен
Тіршіліктің қайталанбас базарына.(Толғаныс)
Ақынның
мына бір өлеңінде синонимдік қатар көп
қолданылған:
Ән туды қамкөңілдер мұң зарынан
Байлар мәз иық ішік, тондарына.
Осылай сырын, халін паш қылғаны
Қасында тұрған жандар, билік, мансап
Қыз, келін жадырады, жайраңдады
Жіберді ат мінгізіп, аттандырып (Боранды түн)
Етістіктен
жасалған синонимдер де бірен-сараң қолданылған. Мысалы:
Кім өткен, кімдер кеткен,
кімдер қалған
(Саралжын аққулар мекені)
Синонимдермен
қатар антонимдерді де көреміз. Зерттеу барысында ақын
өлеңдеріндегі бір жолда, бір сөйлемде кездесетін антонимдерді
теріп алған болатынбыз. Антонимдер дегеніміз – мағыналары
бір-біріне қарама-қарсы сөздер. Антонимдердің жасалу
жолдарына қарай ақынның өлеңдерін
топтастырсақ, зат есімнің болған антонимдер мынадай: көк
– жер, аға – іні, жас – кәрі, т.б.
Сең көшіп, суға толып өткелдері
Құс келген думандатып, көк пен жерді
(Ақбақай көлдің жағасы)
Алаңсыз, бұлаң қағып өсті Мұхит
Екі аға, екі інінің ортасында
Ал Мұхит ән ойлады, мал ойламады
(Боздәурен)
Бөлектеу туды
баста бала болып,
Ұқсамай аға,
іні біреуіне
(Толғаныс)
Жігіт састы, жұмған аузын ашпады,
Мінезінен секем алды жас-кәрі. (Аңшының зары)
Етістіктерден болған антонимдер:
Қиқулап қаздар қайтқан күз келгенде
Олар да наз айтысып, жылап, күліп
Даланың бастан кешкен дауылдарын
(Ақбақай көлдің жағасы)
Сүйетінін, сүймейтінін
сұрамастан
(Айнамкөз)
Ілгері басқан адым кері кетіп
Отырған осы жерде жас
пен кәрі
Шамшырақ мың
күн жанған бір күн сөнген
(Боранды түн)
Сын есімдерден жасалған
антонимдер:
Мейірімді ананың жалғыз ұлы
Мейірімсіз болғаны жұмбақ
маған.(Мамандық таңдау)
Аңқау деп
мазақтадық жайсаңдарды,
Қулардың пысықтығы ой
салмады.(тақырыбы жоқ)
Кішіпейіл қалпы үлкенге әрі жасқа
да,
Көрген жоқ әлі кезексіз барып
кассаға.
(Батырмен
жүздесу)
Ақын өлеңдерінде
үстеуден жасалған антонимдер көп. Мысалы:
Жан апа, жақсы бол деп айта бердің,
(Әрине, оң-солыңды байқа дедің).
(тақырыбы жоқ)
Қандайсың, үлкенбісің, кішімісің,
Байсалды ақсақалды кісімісің? (тақырыбы жоқ)
Ақмаралдың ізін кесіп үлкені,
Ал кішісі қуып кеткен түлкіні. (Аңшының
зары)
Маңдайына біткені бір машина
Мүлкі болды ерте-кеш сипалаған. (тақырыбы жоқ)
Бір – бірінің
тірі – өлісін отыз жыл,
Өтсе дағы білке алмай жүр қанша
адам.
(тақырыбы
жоқ)
Ақын шығармаларының стилінде сөздің
құрамы, фразеологизмдер поэзиялық синтаксистік құрамымен,
әуендерімен ерекшеленеді. Фразеологизмдер – халық тілі байлығының
ауқымды бөлігін құрайтын тұрақты тіркестер.
Олар сөздер сияқты тіршіліктің барлық саласын
қамти алмайды және олардың еркін сөз тіркестерінен
айырмашылығы – тіркестің өн бойынан адамға
дарыған әсерлерінің көрінуінде, яғни
тұрақты сөз тіркестері экспрессивті-эмоционалды реңкті
танытады. Қазақ тіл білімінде тілдік жүйедегі
тұрақты тіркестерге байланысты І. Кеңесбаев, М.
Балақаев, Ә. Қайдар, Р. Сыздық, Н. Уәлиев, Г.
Смағұлова т.б. ғалымдардың көптеген
еңбектері жарияланды. Жазушылар көркем шығармада
тұрақты тіркестерді көріктеуші бейнелі тәсіл ретінде,
көркемдік нәр беріп, сезімге әсер етуші құрал
ретінде қолданады. Қазіргі кезде лингвостилистикалық
зерттеулерді ақынның таза тілдік ерекшеліктері, яғни
стильдік, сөз қолдану, көріктеу құралдарын
қолдану ерекшеліктері т.б. сипатта қарастырумен ғана шектеуге
болмайды. Мысалы, көркем мәтіндегі тұрақты тіркестер сөздің
эмоциялық – экспрессиялық мәнін арттырады. Мұндай
тұрақты тіркестер арқылы ақын шығармаларында
ұлттық болмыс пен танымның белгісі айқын
аңғарылады. Ақұштап поэзиясында фразеологизмдер
ықшамдалып алынған. Фразеологиялық тіркестер қатары ақын шығармаларында
төмендегідей беріледі:
Сен Жайыққа айт, жолдас боп ездерменен
Жағымпаз боп көрмеген, сөзге
ермеген.
Қолында билігі бер пенделерге
Жалпылдап кейбір ақын күн
көреді.
Етек-жеңін жинауды сен үйретші
Далаңдаған далаңның қазағына.
Тарихы бар, тегі бар өзеннің де,
Көрсеткені бір мінез дұрыс шығар
Құлақ
асып жарлының
шағымына,
Мастанбаса қалтаның қалыңына
Шыдаңдар, сыр
бермеңдер, ұяттылар
Кеудеден көбік шашқан күй атқылар
Әр толқын қанша соқса міз бақпайтын,
Жайықтың жарқабағы сияқтылар
Бұл
жыр жолдарынан келтірілген мысалдардағы тұрақты
тіркестердің мағынасын ашар болсақ, Сөзге еру –
біреудің айтқанына еру мағынасында, Күн көру – тұрмыс,
тіршілік жайы мағынасында, Етек-жеңін жию -
өзіне-өзі келіп, ес жию мағынасында, Мінез
көрсетті – ашу шақырды, оқыс қылық көрсетті
мағынасында, Құлақ асты – тыңдады, санасты
мағынасында, Сыр бермеді – жақ ашпады, білдірмеді мағынасында
келсе, Міз бақпады – шімірікпеді, селт етпеді дегенді білдіреді.
Туған жерін сағынбай шыдай ма адам?
Наз тартпасын Жайығым бұлай маған.
Бұл жерде наз арту тұрақты сөз тіркесі өкпе айту мағынасында
жұмсалып тұр.
Елең етпей күңкілін пенделердің
Жүреді де өзіңше жайраң
қағып.
Мұнда
Елең ету – жалт қарау, елеңдеу, көңіл
бөлу, құлақ тұру мағынасында қолданылса, Жайраң
қағу – жайнаң қағу, жайраңдау мағынасында айтылып тұр.
Фразеологизмдер
арқылы ақын тілінің сөз байлығын, әсіресе,
лирикалық кейіпкерді суреттеуде тілдік қолданыс ерекшелігін
дәл беруде А.Бақтыгерееваның стильдік ұстанымы,
өзіне тән сөз саптау мәнерін ерекше талғаммен
беруі қаламгердің шеберлігін танытады.
Ақын шығармаларындағы жоғарыда
келтірілген лексикалық сөздер тілдік қор
құрамының даму эволюциясына әсер еткен кезеңдер
белгісінің көрінісі болса, екінші жағынан, ақын
қолданысында олар өзгеріп, түрленіп, мағыналық,
дыбыстық жағынан құбылып, көріктеу
құралдары ретінде стильдік, функционалдық қызмет
атқаратындығымен ерекшеленеді.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1
Ақұштап Бақтыгереева // Алаштың ардагер азаматтары
– Алматы, 1998.
2
Бақтыгереева А. Ақ шағала: Өлеңдер
жинағы.– Алматы: Өлке, 2001-423 бет.
3
Сыздық Р. Сөз құдіреті. –Алматы: Санат, 2002.
- 360 б.
4
Маманов Ы. Қазақ тіл білімінің мәселелері. –
Алматы: Арыс, 2007.-488 б.
5
Бақтыгереева А. Ақ желең: Жыр жинағы. – Алматы:
Жазушы, 1985-112 бет .
6
Бақтыгереева А. Бақыт әні: Өлеңдер. – Алматы:
Жазушы, 1980-254 бет.
7
Бақтыгереева А. Жайық қызы: Өлеңдер. – Алматы:
Жазушы, 1980-254 бет.
8
Бақтыгереева А. Наз: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы, 1990-120
бет.
9
Бақтыгереева А. Сүмбіле: Өлеңдер. – Алматы: Жазушы,
1990-120 бет.