ҚОҢЫРАТБАЙ Л.Т.

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

2-курс магистранты

 

ҚАЛЖЫҢ-ҚАҒЫТПА ӘҢГІМЕЛЕРДІҢ АСТАРЫНДАҒЫ ОЙДЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ

     

“Күлкіні түсіну үшін оны сол бар болмысымен қоғамда қарастыру қажет” Мұның қаншалықты дұрыс не бұрыс екенін әркім өзі тәжірибесінде оп-оңай тексере алады. Күлкілі жағдайды өзге адамға тура сол қалпында жеткізе алмай қынжылған кездер кез-келген адамның басынан өткен; сол адаммен қосылып ешкім күлмеген соң күлкінің сәні кетіп, жасанды, өтірік күліп жатқандай болып естіледі. “Күлкілі іс"  жалғыз адамды рахат сезімге бөлемейді. Күлкіге жаңғырық қажет іспетті. Біз үнемі бір топ адам болып жиналғанда  күлеміз [1].

 Өнер көзқарасында, яғни эстетикада өте көнеден келе жатқан мәселе -"Күлдіргі" проблемасы. Өзгені кемсіту арқылы субъектіні асқақтату яғни субъектілікті өршіту! Әзіл мен сықақтың аса маңызды саяси астары бар, ол "сын міндеті". Біз болмашы бір нәрсеге күлеміз, біреуді сынап-мінейміз, сөйлегенін келеке етеміз, мысқылдаймыз.

Күлкі жайында Пропп мынадай түсініктеме береді: "адамдарды бақылау барысында күлмейтін не көп күле бермейтіндер бір ойға батып, небір мәселемен басы қатып, әйтпесе бір нәрсеге беріліп терең ойға шомып жүргендер екені белгілі. Оның себебін түсіндіруге болады. Күлкі не әзіл қайғылы жағдай болған кезде мүлде орынсыз екені анық. Өзге адамның қайғырып жүргенін көргенде, оған шын жанымыз ашыса әзілдеп немесе күлу мүмкін емес. Ал біреу орынсыз күле қалған жағдайда біз ерсі әрекетіне ренішпен қараймыз. "Мұндай күлкі күлген адамның адамгершілігі таяу екенін көрсетеді" дейді[2].

Бірақ күлкі дегеніміз өзіне сын көзбен қарау ғана емес, дәстүрлі қоғамның алдындағы кедергі болып тұрған дуалды жоятын қару. Яғни жеткізбек болған ойыңды қоғамға әзіл айту арқылы айту. Әзіл мен сатираның айырмашылығы да сонда. Өмірдің жағымсыз жақтарын көрсететін сатиралық ертегілер, мақал-мәтел мен мысалдар бар. Сөзсіз бұл шығармалардың астарында айтарлықтай үлкен рөл жататын, қоғамның санасына әсер ететін, жастарына тәлім-тәрбие беретін, жақсылықты насихаттайтын қару іспетті болатын.

Ульрих фон Гуттен есімді серілердің ұрпағы қылышты еркін сермеуді үйренсе де, күлкісі жауды қылышынан кем қырған жоқ. Гейненің күлкісі шебер сайысшының қолындағы қылдай үшкір семсерімен жаралағандай болады.

Әр халықтың күлкісі өзінің ұлттық образын өзгеше қырынан көрсетеді. Онда халықтың бет-бейнесін, ұлттың менталитетін, дүниеге көзқарасын, өмірдің қандай да бір тосын құбылыстарына позитивті және негативті көзқарасты байқауға болады.

Қазақ фольклорында да әзіл әңгімелердің астарында үлкен мән, ой, ақиқат, ащы сын, шындық жатқан. Әзіл әңгіме не үшін айтылатын болған? Ұнжырғасы түскен, еңсесі басылған, қайғы-қасіретке тап болған бір адамның, отбасының немесе халықтың көңілін аулау үшін, бір сәт бой жазып, сергуіне әсер етсін деп айтылатын. Жиындарда, отырыста, топ болып үстел басында отырғанда, аяқ астынан бастары қосыла қалғанда алдын-ала дайындықсыз, сөздің орайы келгенде, әңгіме барысында ойы жүйрік, тапқыр, шешен адамдар әзіл-қалжың, күлкілі сөздер  айтып отыратын. Күлдіргі әңгімелерді айту арқылы әлсіздің әлдіге кеткен ренішін, әділет жолындағы күресін жұртшылыққа жеткізе білген.

Орынды айтылған қалжыңның, қағытпа сөздің, күлдіргі әңгімелер ешкімнің ар-намысына тимей, тәрбиелік мәнімен есте қалып отырған. Бірақ, кейде айтылған сөздің белгілі бір мақсаты болатын: есе қайтару, көпшіліктің алдында белгілі бір адамды ұятқа қалдырып, оның дүниеқоңыздығын, сараңдығын, қара басының қамын ғана ойлайтынын сонымен бірге жылауықтығы жұртшылық арасында таратылып отырылған. Мүмкін өзіне бағытталған сөз екенін адам ұқсын, ой түйіндесін, құлақ ассын, ұялсын, намыстансын, жетесіне жетсін деген мақсатпен де айтатын шығар. Мұндай әңгімелер халықтың мақсат-мүддесін, арман-тілегін, қайғы-қасіретін, реніш-өкпесін, қуанышын-шаттығын, мұң-мұқтажын, әділет жолындағы күресін, күнделікті тұрмыс-тіршілігін тұтас қамтиды.

          Мәселен, қазақ ауыз әдебиетінде Алдар көсе образына тоқталсақ:

Аңыз бойынша Алдардың әкесі Алдан момын адам болыпты. Оның өмір бойы кәсібі қой бағу екен. Баққан қойы байдікі болған. Бай Алданды жалдағанда: «Асты жатып ішесің... Бардан ауысады, балдан жұғысады, жүзді айдап, бірді жетелейсің»,-деп алдайды. Алдан малын жылдап бағып ақысын сұрағанда «есің кетсе ешкі жый» деген деп жалғыз ешкі жетектетеді. Алдан ақысын даулап алдына барса, оны хан да алдайды, «шариғат солай» деп қазы да алдайды. Басы ауырып барса, бақсы да алдайды. Базарға барса, саудагер де алдайды. «Көзіңді жұмсаң керемет көресің»,- деп ұры да алдайды. Сөйтіп Алдан ешкімнен әділдік, теңдік таппай зарығып, торығып жүргенде Алдар туады. Алдарды әлдилеп отырып әкесі:

Алдаушы арсыз көбейіп

Ардан тойдым, қарағым.

Әділеттік таба алмай,

Заңнан тойдым, қарағым.

Арсыз заман-азаптап,

Жаннан тойдым, қарағым.

Арашашы болсын деп,

Алдар қойдым, қарағым...-

деп сөзінде тұрмайтын өтірікшілерден, алдап-арбайтын суайттардың сөзінен әбден ығыр болып, қорлық көрген соң, ызасын баласының бойына осылайша бесік жырымен бірге сіңіреді. Содан ер жеткен соң Алдар бірде сөзбен қағытып, бірде алдап әкесінің ақысын артығымен қайтарады.

Мәселен, Алдардың айласы, ақылы мен тапқырлығына байланысты әңгімелер халық арасында аса көп. Оның «Шықбермес Шығайбайды» алдап, сайқымазақ етуі - сараң, жеміт, сасық бай атаулыға арналған таптық, қоғамдық мысқылдың айқын үлгісі. Мұнда дүние қоңыз, шірік байдың сұм кұлқынын, көзі тоймас озбырлығын көпшілік Алдардың іс-әрекеті арқылы өлтіре мазақ етеді.

 Алдар көсе ақылға салып, шайтанның өз мінезін өзіне көрсетіп, алып та, шалып та жығады.

Осымен қатар, өткір, алғыр, шапшаң ақылды бағалайтын ел неше алуан аңқаулық, аңғырттықты да мазақ етеді. Қомағай, ел жегіш, тегіннен пұл жинағыш саудагерді бір кезде аңқау етіп көрсетіп, оның өгіздерін Алдарға алғызады. Немесе бақсы, балгер, дию, пері деген сияқтыны шығарып, ел ақылын тұсап, надандық, қараңғылық калпын масайтқан наныммен алысып, мыстан кемпірді қор етеді. Жұртты алдаймын дегендердің өзін алдап, жер қып кетеді.

      Сол сияқты қазақ фольклорында аты кеңінен тараған, өзге де  түркі тілдес халықтарына аян Қожанасыр сынды күлдіргі кейіпкердің әрекеттерінде де, күлдіргі әңгімелерінде де, сөзінің астарында үлкен ой жатыр.

Қожанасыр сырттай қарағанда, аңқау жандай көрінеді, бірак шынтуайтына келгенде, сол аңқаулықтың арғы жағында мысқыл, мазақ, терең қулық жатқаны байқалады. Қожа әрқашан ерегіскен адамын жер соқтырып кетеді.

Қожанасыр туралы әңгімелердің сюжеттері әдетте қысқа, ықшам эпизодтардан құрылады, тұжырымы болады. Оның бейнесі бірде қу, бірде ақкөңіл, аңқау; бірде ақылды, бірде ақымақ; бірде жомарт, бірде сараң болып көрінеді. Ал әңгімелері күлдіргі, мысқыл-юморлы әңгімелерге жатады. Бірақ, Қожанасыр әңгімелерінің Алдар көсе әңгімелерінен идеялық жағынан да, мазмұн жағынан да үлкен айырма, ерекшелігі бар.

Халық Алдар әңгімелерінде өз кейіпкерлеріне басқаларды мазақтатып, ақымақ еткізіп отырса, Қожанасыр әңгімелерінде, көбіне, кейіпкердің өзін аңғал, аңқау етіп көрсетіп отырады. Бірінші жағдайда өзгелер акымақ болып, алданып қалғанын айтып, жұртты соған күлдіртсе, соңғы жағдайда айтушы Қожанасырдың өзінің аңғал-аңқаулығына, әпенділік әрекетіне күлдіреді. Бірақ мұнымен Қожанасырдың өзі сыналып, мінелмейді. Оның аңқаулығының аржағында ащы әжуа, шебер қуақылық, ақылдылықпен астасқан тапқырлық тұрады. Осылайша үстем тап, өктемдерді келемеждеп жатады. Қарсы жақты аңқаусып отырып әжуалап тастайды.

Теориялық эстетикаға қатысты сұрақтардың ішіндегі ең қиыны - күлкінің табиғаты. Күлкінің ең мықты негізі - қырғи-қабақ болып, үнемі күресу. Күлкі мен ашу-ыза бір-бірімен өте тығыз байланысты екенін бәріміз түсінеміз. Әлеуметтік күресте күлкі дегеніміз аяусыз қару. [1]

Қожанасыр өте зерек, бірақ қу емес. Қожа қиын жағдайлардан құтылу немесе пайда табу үшін өтірікке, аш көздікке ешқашан мойынсұнбаған. Іс- әрекеттері парасаттылық, ақыл, сана-сезім негіздеріне сүйенеді. Сол себептен халық оның бойынан философиялық және әулиелік қасиеттерді көреді. Ал батыстың адамдары оны «өмірдің мағынасын күлкімен жорамалдаған бір парасатты адам» ретінде көреді. Қожа өзін ақымақ ретінде көрсете отырып, болып жатқан оқиғада бір әділетсіздікке көрермен болып қалғысы келеді. Бұл жағдай көбіне күлдіргі әңгімелердің бірінші бөлімінде кездеседі. Соңында Қожа астарлы бір сөзбен күтпеген жерде өзінің дүниеге деген көзқарасын жеткізеді. Оның мақсаты әлеуметтік немесе адами тұрғыдан өнеге немесе тәрбие беру, әділетсіздікті әшкерелеу.

      Бала күнінен айналасындағы үлкенді-кішілі адамдардың ісінен, сөзінен кеткен жаңсақтық, қателіктерді аңғарып, ол сынайды, түзейді. Ешкімге тікелей ақыл-өсиет, үгіт-насихат айтпайды, осы сияқты зілсіз, жанама сын арқылы замандастарының басындағы оғаштықтар мен олқылықтарын сықақтайды, әшкерелейді.

Қожанасыр әңгімелерінің көпшілігі қанаушы үстем тап өкілдеріне: хандарға, бектерге, байларға, саудагерлерге және қожа-молдаларға қарсы бағытталған.

Қожанасыр - қарапайым халық өкілі, ол сырттай қарағанда аңкау, момын, алданғыш. Бірақ «ақ пейілдің аты арып, тоны тозбайды», оның ақысы, есесі ешкімге кетпейді, оны ұры да, қу да ұтпайды. Керісінше, оны алдаймын дегендердің өздері алданады, ұтамын дегендердің өздері ұтылады. Қара ниет хан, арамза молда, пасық бай, пайдакүнем саудагерлер мазақталады, масқараланады.

Мысалы: Қожанасыр көлдің жағасында бір тоқтысын жайып отырса, қасына үш-төрт қу жігіт келіп:

- Қожеке, топан суы қаптап келе жатқанын естідіңіз бе? – дейді.

- Жоқ, шырақтарым,- дейді Қожанасыр.

- Нанбасаңыз, мына бәйтеректің басына шығып қараңызшы, көрініп те қалар,- дейді қулар.

- Қарасам қарайын,- деп Қожанасыр екі кебісін шешіп, екі қолтығына қысып ағашқа өрмелей бастайды.

- Қожеке, кебістеріңізді жерге тастап кетіңіз, қолбайлау болады ғой,- дейді қулар жаңа кебістерге қызығып.

- Топан суы тым жақындап қалса, кім біледі, айға қарай жол шығып одан әрі жаяу жүріп кеткендей болам ба,- дейді Қожанасыр кебістерін тастамай.

Қожекең теректің басына шыгып айнала карап жерге қайтып түскенше қулар тоқтыны сойып, от жағып, етін қазанға салып қояды.

- Жақын жерде ештеңе көрінбейді. Бұларың не, шырақтарым?- дейді Қожанасыр, токтының терісін көріп.

- Ақыр топан суы қаптап ертең дүние қарап болады. Бұйырған малға тіс тисін, бір күнде болса баққан малыңызды сіз жеп қалсын дедік,- дейді қулар.

Солай дейді де өздері шешініп суға түседі. Олар суға шомылып жатқанда Қожанасыр айналадан шөпшек теріп, от тұтатып, оған жағада жатқан киімдерді қоса жағып, етті пісіріп қояды.

- Қожеке, біздің киімдерімізді көрдіңіз бе?- дейді судан шыққан жігіттер.

Дүниеге топан суы қаптап, ақырзаман болса, киім де керек болмас, одан гөрі бір күн де болса жейтін тамақтарың піссін деп отқа жағып жібердім,- дейді Қожанасыр [3, 482].

Осы тақылеттес Қожанасыр әңгімелері алуан түрлі әжуа-күлкіге толы. Ол тек қанаушылар, дін иелері ғана емес, адам, қоғам өмірінде ұшырасатын кемшіліктерді, ерсіліктерді достық әзілмен, сыпайы күлкімен мінейді, шенейді. Тек біреуді, өзгені ғана кекетіп, келеке етіп қоймай, акпейіл аңқаудың, ақылсыздың рөлін ойнайтын әртіс сияқты өзі де әжуа, күлкінің нысанына айналады, өзінің әзіл-қалжыңымен ешкімді де аямайды, елеусіз қалдырмайды. Ол жұрттың бәрімен: хан-қара, үлкен-кіші, әйел-еркек демей, құрбы-құрдасша, күйеу-жиенше қалжыңдаса береді. Оның сөзін, әзілін, сынын ешкім көңіліне алмайды, кек тұтпайды. Ол - халық өкілі, сөзі - халық даналығы.

Қожа-мемлекет заңдылыгын, әдет-ғұрпын құрметтеген. Сабырлығымен ұрыларды болсын, күнә жасаған адамдарды болсын тез кешіре білген. Ешқашан қызғанышпен ешкімге қарамаған. Бірақ, солай бола тұрып халықтың дертін сөйлеп, кемшілікті аямай ащы тілімен сынаған. Қожа сараң емес, байды қызғанып, кедейді кемітпеген. Әр нәрсенің шешімін табуда асығыстық жасамаған [4].

Бұл кейіпкерлер қара басының қамын ойлағаннан емес, алданған, аңқау, момын, жігерсіз, әлсіз кедейдің, шал-кемпірдің байдан, ұрыдан, саудагерден, соттан т.б. ала алмай жүрген ақысын, есесін қайтарып беру үшін айласын асырады. Күлдіргі әңгімелердің үлкен бөлігі белгілі бір кезеңге және әртүрлі ұлтқа ғибрат бола алатын адамгершілікке құрылған және күлдіргі жанр туындыларының тәрбиелік қызметі мол.

 

 Пайдаланған әдебиеттер:

 

1. Бергсон Г. Смех в жизни и на сцене. Ilep, йод «рд, А. Е, Яновского, СП6., 1900.

2. Пропп В. "Проблемы комизма и смеха"1965

               3. Қазақ ертегілері. ІІІ топ. – Алматы: Жазушы, 1964. – 495 б.

               4. Ел аузынан. Күлдіргі әңгімелер. Құрастырған: Саттаров Қ.  – Алматы: Жазушы                   баспасы, 1987. – 362 б.