Жанұзақова Қ.Т., Өтепбергенова Г.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, Алматы қ.

 

А.ЖАҚСЫЛЫҚОВ ПРОЗАСЫ

 

Аслан Жақсылықов  - көп қырлы дарын иесі, көрнекті жазушы, үлкен ғалым, аудармашы, ұлағатты ұстаз. Ол «Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы (Типология, эстетика, генезис)» монографиясында әдебиеттегі діни-эстеикалық факторлар генезисін,  діни мазмұндағы тақырыптардың, мотивтерінің, образдардың  типологиялық қызметін кешенді түрде зерттейді. 

Ол М.Әуезов шығармаларын, Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» трилогиясын, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының жаңа басылымының бірнеше тарауын орыс тіліне аударған.

А.Жақсылықов - қазіргі қазақ прозасындағы постмодернистік арнада жазатын қаламгер. А.Жақсылықовтың «Сны окаянных» («Малғұндардың түстері») роман-трилогиясы 2005 жылы жарық көрді [1]. «Сны окаянных» трилогиясы үш романнан тұрады: «Поющие камни», «Сны окаянных», «Другой океан».  Осы трилогиясының «Поющие камни» атты бірінші кітабы үшін 1998 жылы Буккер әдеби конкурсының жүлдегері атанды.

А.Жақсылықовтың жан-жақты әрі көпқырлы «Сны окаянных» романы («Малғұндардың түстері») атты трилогиясында өз елінің тағдырына алаңдап, Қазақстандағы атом полигондарында жасалған сынақтардың кінәсіз құрбандары туралы ой толғайды. А. Жақсылықов трилогияда уақыттың тынысын тап басып, қоғамның рухани даму деңгейін, адам мен табиғаттың, тарихтың қарым-қатынасын терең барлау нәтижесінде қазақ прозасының көркемдік таным көкжиегін кеңейтті. «Сана ағымы» үрдісінде жазылған «Сны окаянных» атты романында Семей полигонының зардап шеккен қарапайым жандардың тас-талқан болған тағдырлары философиялық әрі эксперссивтік баяндаулар арқылы жүзеге асқан. Иен қалған әскери қалашықта өсіп жатқан жас ұрпақтың тағдыры да оқырманды бей-жай қалдыра алмайды.

Әдебиеттануда постмодернистік деп бағаланған қаламгер шығармаларының көркемдік тінінен, суреткер, қоғам, жеке тұлға мен болмыс хақындағы толғаныстарынан, ой-пікірлерінен, стилистикалық ерекшеліктерінен романтикалық  дүние қабылдаудың да сілемдерін бағамдауға болады. А. Жақсылықов романындағы романтикалық иірімдер баяндау құрылымындағы семантикалық антитезаларда көрініс табады. Шығармада қос әлем: ересек адамдардың қатыгез, тасбауыр «үлкен әлемі» мен өркениет бойынан сығып тастаған, қорғансыз, бірақ мейірімді, «кішкентай балалар әлемі» қатар жатыр.

Тағдыр тауқыметін тартқан, туғаннан жарымжан, мүгедек және дәрменсіз балалар адамдар тастай қашқан  полигон аймағында өлместің күнін кешеді. Жандарына батқан өз дерттерімен, одан қалса айналасындағы жауларымен тіршілік  үшін күресіп бағады. Бүкіл әлем үшін олар өгей, тастанды. Жанашырлары жоқ, үлкендердің махаббатынан, мейірімінен құр қалған, ауру меңдеген, бірақ қаһармандық мінезін, рухын жоғалтпаған кішкентай балалар күнделікті  күйбең  қатал тірлікте  сырт әлемге жатбауыр болғанымен, бір-біріне соншалықты  жақын әрі мейірімді. Ал ересектер болса мейірімнен, жүректегі жылудан жұрдай, жеке мүдделерін күйттеу мен нәпсісін  тояттау үшін небір қитұрқы  әрекеттерге, адам жанын былғайтын тірліктерге барады. «Халықтың әл-ауқатын жақсартамыз, өркениетті дамытамыз» деген жалған ұрандарымен жас балалардың жүрегіне қайғы әкеліп, обалына қалды. Үлкендердің көмегіне сүйенбей, аз нәрсені қанағат еткен балалар өмірдің ауыр жүгін, өз  қайғысын қабырғасы қайыспай  жалғыз көтереді. Жазушы табиғаттағы, қоғамдағы күрделі қайшылықтарды кішкентай балалардың тағдыры арқылы шебер бейнелейді.

Ересектердің жат әлемі балалар әлеміне олардың санасынан тыс түстер, жағымыз естеліктер, үзік-үзік елестер кейпінде «кенеттен» кірігіп,  араласып кетсе де, балалар бір-біріне ол жайында тіс жармауға тырысады. Баяндау барысында жазушының балалар тағдырына алаңдауы байқалып қалады. Адамдар астамшылығының, өркениеттің жемісі болған тәжірибелердің, даму бағытындағы түрлі сынақтардың  табиғат үшін, адамдардың өздері  үшін, әсіресе, балалардың өмірі  үшін қаншалықты қауіпті, залалды, зардабы мол екенін автор күрделі, көп желілі баяндау мен сана ағымы  тәсілі арқылы  шебер бейнелейді. Адамдардың ойлау жүйесіндегі соғыс психологиясының, жаппай қаруланудың мифологиялық аспектілері ашылады.

Романдағы өзек ой Ф. Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романындағы Алеша Карамазовтың «байлыққа, бақытқа жету жолында қоғам  дамудың қандай биік деңгейіне жетпесін,  ол үшін баланың нақақтан төгілген бір тамшы жасына тұрмайды» деген  идеясымен сабақтас. Романдағы баяндау желісіне Батыс Қазақстандағы сәбилер өлімінің ұлғайып, өскендігі туралы деректік мәліметтер де араласып кеткен.

Тұжырымдай айтсақ, А. Жақсылықовты суреткер ретінде қоғамдағы ғылым мен техниканың, өркениет дамуының жетістіктері, зор табыстары емес, сол жетістіктердің зардабын тартқан, қоғам ағысынан тыс қалған күнәсіз балалардың тағдыры алаңдатады. А.Жақсылықов өз қаһармандарының күрделі жан әлеміне терең психологиялық  барлау жасап, адам табиғаты туралы ауқымды философиялық жинақтауларға бой ұрады. Романдағы негізгі ойды ашуға қызмет еткен антитезаларда, қиялдың шарықтауында, фантастикалық желілерде жазушының романтикалық дүниетанымы аңғарылады. Модернистік сипат пен көркемдік қиялдың тоғысуы арқылы жазушы романдағы адам мен табиғат қарым-қатынасына жаңа философиялық мазмұн берген. Авторлық баяндау мәнері гротескілік деңгейге дейін көтеріледі.

 

Әдебиеттер:

1          Жаксылыков А. Сны окаянных: Трилогия.- Алматы, 2005.- 513 с.