Смаилова А.Ш

Е.А. Букетов атындағы Қарағанды

                                                            мемлекеттік университеті.

                                                 Қазақстан. Қарағанды.

 

Ғылыми фантастика мен әлеуметтік фантастиканың кейбір ерекшеліктері 

      

        Фантастика. Аса қиын да, өте күрделі тақырып. Дүниедегі ең шапшаң, ең ұшқыр құбылыс – қиял. Ал адамзаттың бүгінгі таң­дағы зор жетістіктері мен игілікті істерінің дені адам қиялының жемісі .

Жалпы фантастика (гр. phantasіa  – қиялдау, phantastіke – қиялдау өнері) ұғымы  қиялдану өнеріне байланысты пайда болған. “Ғылыми тас” – ескі шығыс тілінде “фан тасы”, батыс елдерінің грек тілінен алып жүрген “фантастика” сөзі осымен байланысты. Бұл жанрда жазылған шығармаларды атауда бірізділік жоқ, яғни фантастика және ғылыми фантастика деген тіркес қолданылады.

      Ғылымдағы секілді, фантастиканың да өзінің мәңгілік тақырыптары бар. Және олар уақыт пен кеңістікке саяхат, жасанды интеллект, жерден тыс әлемдегі өркениет, тіршіліктің басқаша формалары сияқты жұмбақ жайттарды қамтиды. Ең бастысы,  өткенге немесе болашаққа қатысты әлдебір әлемнің, белгілі бір сәттің бейнесін кейіптей отырып, фантаст-жазушылар оқырман қиялының көкжиегін мейлінше кеңейтеді. Фантастикалық шығармалардың міндеті мұнымен ғана шектелмейді. Яғни бұл жанр әлдебір ғылыми жаңалықтың адамның өмірі мен қоғамның дамуына тигізер әсерін көркемдік тұрғыда ұғынуға көмектеседі.

Қазақ фантастикалық әдебиетінің теориясы мен тарихын жазушы, осы жанрдың алғашқы туындыгерлерінің бірі – А. Мархабаев:«Фантастиканың басты міндеттерінің бірі ғылымды насмхаттау екен. Демек, бұл жанрдың басқа әдеби түрлерден ерекшеленіп тұратын оқшау қасиеті болуы тиіс.Ол, фантастика, ғалым, табиғаттану, жаратылыстың құпия  құбылыстарын ел арасына,өз оқырмандары ортасына таратумен қатар, өзі де сол ғылымның арқасында өмірге келеді. Яғни, фантастика ғылымды туғызса, ғылым өз кезегінде фантастиканы қамшылайды. Былайша айтқанда, «фантастика-ғылым» және «ғылым-фантастика» тандемі болып келеді.Осылардың жиынтық ұғымы біздің әдебиеттану ғылымымызда «ғылыми-фантастикалық әдебиет» дегенді қалыптастырады» деп тұжырымдайды.

      Фантастика даму жолында ішкі сипаттары және сыртқы тұрпаттарына қарай әдеби-көркем фантастика, ғылы­ми фантастика, әлеуметтік фантас­тика, экономикалық фантастика, бері келе фентези болып бірнеше түрге бөлінеді.

      Ғылыми фантастика (ағылш. scіence fіctіon – ғылыми туынды) — көркем әдебиетте, сондай-ақ кино, кескіндеме, т.б. өнер салаларында қалыптасқан жанр. «Шындықпен берік байланыстағы жалғыз әдебиет – ол ғылыми фантастика! Ғылыми фантастика нағыз маңызды мәселелерді көтереді.Қиялгерлерді адам тағдыры толғандырады. Бүгінгі күннің ақиқатын бейнелейтін бірден-бір әдебиет жанры», деп  ағылшындық ұлы қиялгер-жазушы Артур Кларк айтқан.

     Ғылыми фантастика жанрының бар табиғатын, мақсат- мүддесін, оның міндетін айқындау үшін қойылатын талаптар өте көп. Мұның өзі оның күрделілігін, қиындығын аңғартады.Бұл жанрдың басқа жанрларға қарағандағы бірден-бір ерекшелігі: ол – «қосмекенді», ол көркем әдебиет туындысы ретінде  оның барлық заңдылықтарын сақтауы тиіс.Бұл-бір. Екінші: ғылыми фантастика есебінде ол міндетті түрде не кешегі өткен ғылым құпиялары, не ертеңгі тұрмыс-тірлігімізге енуге тиісті ғылым мен техника жаңалықтарын әдеби әшекеймен оқырмандарына жеткізе білу.

    Сондай-ақ, қиялгер-жазушы осы жанрдың қыр-сырын ашу үшін елеулі еңбек етіп жүрген Г.И.Гуревич ғылыми фантастика:

1.Фантастика ғылыми болуы тиіс;

2.Фантастика нанымды болуы тиіс;

3.Фантастика танымды болуы тиіс;

4.Фантастика қаһармандық, қызғылықты, тартымды болуы тиіс;

5.Фантастика дәл болжалдай білуі тиіс,

6.Ғылыми фантастикады романтика жатуы тиіс;

7. Фантастика творчестволық процесті бейнелеуі тиіс;

8. Фантастика адамтанушы болуы тиіс;

9. Фантастика қиялшыл, арманшыл болуы тиіс;

10.Фантастика жауынгер  көздеген нысанасына дәл және дер кезінде тигізуі тиіс;

11. Фантастика келешек қоғам мен жан-жақты жетілген адамды сомдап шығуы тиіс.

      Тағы бір фантастикатанушы – Виталий Бугров : «Келісті ғылыми-фантастикалық шығарма  - әдебиетпен әдеміленіп, әдіптелген қызғылықты ғылыми ой»; Екінші: «Фантастиканың нағыз көңілге қонымды гипотезалары техника емес,руханият.Фантастика қаһармандары  -  адамзат сымбаттылығының гипотезалары»; Үшінші: «Келешек туралы ұғымдарды  көркемдік бейнелермен әспеттеу, оның уақыт шымылдығы көлегейлеп тұрған қасиеттерін айқындау – ғылыми фантастиканың қызметі»; Төртінші: «Ғылыми-фантастикалық  туындының мақсаты космос немесе микрокосмосты зерттеу емес, жаңаша көзқараспен қарау жолын іздестіру»; Бесінші: «Фантастика – үстіміздегі заман турасында әдеби мақамда жазылған ертегі»; Алтыншы: «Ғылыми фантастика – жүйелі ойлау, ғылыми творчество мен арман әдебиеті»,- деген пікірлер қосады.

Бұлардың барлығын  әдебиеттің жалғыз-ақ жанрына бағыштайды. Ол – ғылыми және әлеуметтік фантастика. Бұндай дәйектемелер  фантастика жасаушылардың  шығармашылық жауапкершіліктерін арттыруға және идеялық, моральдық ізденісте болуларына пайдасы зор.

      Ал, келесі сөз ететін  әлеуметтік қиял әдебиетінің негізгі міндеттерінің бірі – назарды көбіне әдемілікке, жақсылыққа аудару. Ауыз әдебитетінде ауыздан-ауызға таралып, жырланып жүрген фантастикалық батырлардың атын жұрт әлі күнге жадынан шығармаған.Мұның сыры неде? Ол жағымды қаһарманның әлеуметтік фантастика көрігінде сомдалып, шыңдалып тууында. Олардың жұрт көзіне ұщырайтыны да өз бойындағы күшті дамыған қасиет – батырлықты халық игілігіне жұмсағандығынан. Бұл – қазақ әлеуметтік фантастикасына қойылып отырған талап.

      Әлеуметтік фантастиканың тағы бір міндеті – адамның кісілік  қасиетін қырландыра, күшейте түсуге тиіс және айналадағы жұртқа адамгершілік жасауды ұмытпауы керек. ӘФ-ны, қаншама ұшқыр деген қиял, арман болғанымен, қоғамдағы нақтылы әлеуметтік жағдай туғызады.Осыған дәлел төмендегі қазақ қиялгерлерінің туындылары:

Қазіргі кезде фантастиканы «қатты» және «жұмсақ» фантастика деп бөліп жүр. Қат­ты фантастика – ғылым мен техни­ка­дағы дамуды діттеп, ғылымилық пен дәл­дікті дәріптейді. Жұмсақ фантастика – философия, психология, политика, социо­логия та­раптарына баса мән беріп, ғы­лым мен техника шындықтарына қатты фантастикадай тым жоғары талап қой­май­ды.

      Сонымен, қазір “әлеуметтік”және “ғылыми” деудің орнына, өздерінің де, дүние жүзінің де осы саладағы туындыларын “жұмсақ” және “қатты” деп әдебиеттану қолданысына енгізген. Сонда басты қозғар мәселеміз – алдағы фантастиканың әлеуметтілігін де,  ғылымилығын пайымдау.Олардың ара жігін ажырата білу.

 

Пайдаланылған әдебиет:

1.Абдул-Хамид Ф. Мархабаев. Қазақ фантастикалық әдебиеті. –Алматы: Ана тілі, 1998.-365б.

2.Абдул-Хамид Ф. Мархабаев. Қиялгер қисындары-1. Алматы: Санат, 2002.-232 б.

3.Гуревич Г. Беседа о научной фантастике.-М., 1991.

4.Бугров В. В поисках завтрашнего мира. – Свердл., 1981.