Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Қабатаева К.Т.

І курс Э-11 тобының студенті Шәйтемиров К.

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті

Лауазым және әскери атақ – дәрежеге байланысты атаулар

«Шыңғыснама» мен «Түркі Шежіресінде» нөкер «жасақшы», мырза «билеуші топтың уәкілі», баһадүр «ер жүрек адам, батыр» сөздері осы мағыналарда кездеседі. Ортағасырлық тарихи жазба ескерткіштерінің ішінде Қадырғалидің «Жамиғат-Тауарих» атты туындысының ерекшелігі әскери құрылысқа байланысты сөздердің көбі маңғол сөздері болып келеді, мыс.:нойан, гүрген, түмен, боқаул, нөкер сөздермен тіркесу арқылы әскери атау білдіреді. Он бегі «он кісінің басшысы», йүз бегі «жүз кісінің басшысы», мың бегі «мың кісінің әміршісі», түмен бегі «он мың кісінің әміршісі», чора ағасы «хан күзетшілерінің басшысы», гөйәң «ұлы әмірші», аңшы «түменнің әміршісі» және т.б. Нөкер сөзі парсы тілінің ләшкер сөзімен бірге жарыса қолданылса және Өтеміс қажының «Шыңғыснамасында» да нөкер, ләшкер және қарауыл сөздері жиі кездеседі, мысалы: Әммә Йожы хан барча оғланларыдың улуғрақ ерді. Әзім ләшкер қошуб Дешті Қыпчақ уалайатыға салғап йіберді...Ол йүрүшде Шайбан ханға отыз мың кіші қошуб қарауыл иіберді... Булар қайтып келгүнчә Ежен ханны нөкерлері иесіге [...] болуб Ежен ханны тамам оғланлары бірлә өлтүрүб ерді... (Жошы хан барлық балаларының ең үлкені еді. Көп әскерімен Дешті Қыпшақ даласына жорыққа шықты... Осы жүрісте Шайбан ханға отыз мың кісі қосып, қорғаушыларын жіберді... Олар қайтып келгенше Ежен хан мен әскерінің барлығын өлтіріпті...).

Енисей ескерткіштерінде баһадүр сөзінің батур формасында «батыр» мағынасында ал Орхон ескерткіштерінде «лауазым» мағынасында, Тойок ескерткішінде жалқы есім ретінде қолданылған.

Әбілғазының «Түркі Шежіресінде» нөкер, баһадүр, нойан сөздері жеке келмей кісі аттарымен тіркесіп қолданылады. Хандардың жорықтарында әр түрлі қызмет атқаратын боқауыл «ханның ас-суын басқарушы», ереуіл «шабуылда жекпе-жекке шығушы», йортағұл «ел шауып келуші», қарауыл «қорғаушы, оққағар», чапұғұл «шабуылшы», сұрауыл «жау жақтан хабар әкелуші» және т.б. мыс.:Әууел беш йігіт ереуілге барды... Бір күн йігірмә кіші һазарасыбға йортұғыл йібердім... Елге сұрауыл йібердім... Кәндімкан текен кендіне чапұғыл йібердім... (Әуелі біздің бес жігіт жекпе-жекке шықты... Бір күні һазарасыбқа жиырма шапқыншыларымды жібердім... Елге хабар әкелушіні жібердім... Кандімкан деген қалаға шабуылшы әскерлерімді жібердім...).

«Жамиғат-Тауарихта» сұлтан сөзі жалқы есімдерден келетін титул ретінде қолданылғанда тек қазақ хандарының өкілдеріне қатысты айтылған, мыс.: Жәнібек сұлтан, Келімберді сұлтан және т.б. «Түркі Шежіресінде» бұл сөз, яғни сұлтан сөзі дәл осы мағынада қолданылған, мыс.: Ғали сұлтан, Манқышлақ сұлтан, Дінмұхаммед сұлтан және т.б. Бұлардан басқа хандықта әр түрлі қызмет атқарған әмір, уәзір, даруға «қала, аймақ билеушісі» хакім «басқарушы, әкім», сардар, бек, аталық «ханзадалардың тәрбиешісі», сеид «мырза», боқаул «ас суды басқарушы адам», қарауыл «қорғаушы», йортағұл «ел шауып келуші» сияқты лауазым атаулары кездеседі. «Түркі Шежіресіндегі» хакім «сайланған қала, аймақ билеушісі», даруға «ханның өзі тағайындаған қала, аймақ билеушісі» мағынасын береді. Ал аталық «ханзадалардың тәрбиешісі», сеид, имам, шеих сияқты сөздер дін басылардың атақтарын білдіреді. Сонымен қатар, хатұн сөзі жалпы «әйел» мағынасында, белгілі бір ыңғайда лауазым ретінде де қолданылған. Әмір, әмірші, қолбасшы сөздері үш жазба ескеткіште де кездеседі. «Жамиғат - Тауарихта» лауазым атауларына жататын йарғұчы «қазы, судья», сеид «дін басы», нойан «әмір», гүрген «батыр, сал, сері», сечен «сөз тапқыш, дана», гөйәң «аса қадірлі, құрметті» сөздері жалқы есімдермен тіркесіп, титулды кісінің әлеуметтік жағдайын білдіреді, мыс.: Буқай йарғұчы, Бөләк сеид, Мұқа гөйәң, Куки нойан,Буту гүрген және т.б. Алайда бұл сөздердің қай тілден енгендігін және нақты мағынасын анықтау келешектің ісі және бұл сөздерге этимологиялық тұрғыдан назар аудару керек деп білемін. Қарачу «ханның кеңесшісі», қорчы «садақ атқыш, мерген», казик, чора «әміршінің күзетшісі», боқауыл, баурчы «ас-суды басқарушы», нөкер «жасақшы», мырза «билеуші топтың уәкілі», баһадүр «ер жүрек адам, батыр» сөздері де молынан қолданылған, мысалы: Бартан баһадүрның улуғ хатуны қауым барқут ерді... Чыңғыз хан аны нөкерім теб айтұр ерді... (Бартан батырдың үлкен әйелі Барқут қауымынан еді... Шыңғыс хан оны жасақшым деп  айтар еді...).

«Түркі Шежіресіндегі» лауазым, атақ-дәрежеге байланысты хан сөзі «ел, жұрт билеуші» мағынасында ертедегі Орхон-Енисей жазбаларынан бізге жеткен сөз екені белгілі. Шежіреде хан сөзімен қатар падшаһ сөзі де қолданылған. «Шыңғыснамада» хан титул сөзі жалқы есімдермен тіркесіп келетін еркін тіркес ретінде қолданылған: Сайын хан, Йочы хан және т.б. «Түркі Шежіресінің» Демезон нұсқасында қаан түрінде кездеседі. Парсы сөзі падшаһ «Жамиғат - Тауарихта» да «билеуші» мағынасында кеңінен қолданылған, мысалы: Қауым ойрат ның падшаһы Қутуқа беки атлығ ерді... (Ойрат халқының билеушісі Қутуқа беки деген кісі еді...).

Сонымен ХV-XVII ғасырлардағы ескі қазақ жазба тілінің лексикалық сипатын қысқаша былайша көрсетуге болады: сөздік қазынаның негізі қыпшақтық (қазақтық), ішінара оғыз сөздері мен көне ұйғыр элементтері қолданылса, ол – жазба тіл дәстүрінің жалғастылық принципіне қарай болған құбылыс, ал дәстүр жалғастылығы  ортағасырлық түркі жазба тілдерінің барлығына тән заңдылықтардың бірі болды. Араб және парсы тілдерінен алып қолданылған лексикалық қабат мол болды, олардың бір тобы халық тіліне  енген кірме сөздер болса, екінші итобын көпшілік қолданысқа жоқ, бірақ сол кезеңдегі мұсылманша сауатты оқырмандар үшін түсінікті болатын сөздер құрайды. Бұл да ортағасырлық түркі жазба дүниелеріне тән лексикалық норма  болып табылады. Осы екі ерекшелік жазба ескерткіштердің мәтінінде  лексикалық жарыспалылықтың пайда болуына әсер етті. Бұл заңдылықтардан қазақ жазба тілі де тысқары қалмады.