Магистрант Тлеукенова
М.С.
«Тұран-Астана»
университеті, Қазақстан
АЛАШТЫҢ АСЫЛ ПЕРЗЕНТІ[i]
Сұлтанмахмұт Торайғырұлы –
қазақ әдебиеттінің классигі, ХХ ғасырдың
басындағы бостандық, теңдік идеяларын уағыздаған
ағартушылық, демократтық бағыттағы
әдебиетіміздің аса дарынды өкілдерінің бірі.
«Бүгіндегі
жастарға оқу міндет,
Тек қана оқуменен
өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық,
ар-намысты
Жоятын надандық қой
емсіз індет», - деп өмірдің мәні оқу-білімде екендігін
айтып, қараңғылықтың қамытын сыпырып,
өнер мен мәдениетке, ғылымға ұмтылатын
кез-келгендігін өзінің жалынды шығармаларына арқау
еткен ақынның өмір сүрген уақыты отаршылдық
езгі күшейіп, таптық, әлеуметтік қайшылықтар
шиеленісіп тұрған кезеңге тап келді. Бұл жастайынан
жетімдік пен жоқшылықтың қасіретін тартып өскен
Сұлтанмахмұттың ой-санасының ерте оянуына, алысты
бағамдай білуіне әсер етсе керек. Ол әдебиеттің
барлық жанрында қалам тартып, артында өшпес мұра
қалдырды. Сұлтанмахмұт қоғамдық
өмірге араласа бастаған, ақындық өнерді
өзінің мақсат-мұраты деп түсініп, осы жолға
белін бекем байлап шындап түскен кез – ХХ ғасырдың басы
қазақ даласына үлкен өзгерістер әкелді.
Ғасырдың басында қазақ қоғамында
ұлттық мүдде, елдің елдігі, еркіндігі үшін,
мәдениетке жету жолында күресуді мақсат еткен бағыт,
демократиялық қозғалыс күшіне ене бастады.
Сұлтанмахмұт жасынан кедейшіліктің,
жоқшылықтың ауыртпалығын көп көрсе де,
өзі туған Баянауылда хат танитын әкесінен сабақ алып,
зейіндігінің арқасында сауатын ашады. Онан соң бірнеше жыл
ауылдағы молдадан, кейін медреседе оқып, білім алады. 1912 жылы
Троицк қаласына барып діни оқумен қатар орысша да
үйреніп, білімін тереңдетуге күш салады. Бұрын
анда-санда өлең шығарып жүрсе, енді өлең
жазуға мықтап ден қояды. 1913-1914-жылдар арасында
«Айқап» журналында хатшылық қызметте болған кезінде
бірқатар өлеңдері жарық көреді. Өлең
жазуға саналы түрде кіріскенін өзінің поэзияға
биік талап қойғанынан аңғаруға болады.
1913 жылы «Қазақ тіліндегі өлең
кітаптары жайынан» деген мақаласында ол өлең-жыр
«қарайған көңілімізді жауып, жанымызға пайда,
дертімізге шипа» болса дейді. Сондай өлең ғана «сай
сүйегің сырқырарлық ащы, зарлы бебеулерін
қағып, көңіл толғағын, жүрек
түйінін тарқатады. Мен анық ақ сүйек, аты
жоғалмайтын «өлең» деп соны айтамын. Басқаларға
қарағанда, пайғамбардың жүрегінен
құйылған құрандай, соқыр кісі сыбдырынан
табарлық, аққұла ашық тұрады.
«Марқұм Абай өлеңдері секілді,» - дейді Б. Кенжебаев
[1;68]. Сұлтанмахмұттың «Орнымыз медресе оқып
жатқан», «Жан қайда әділетті іздейтұғын»,
«Балалық күн», «Жылы кеш», «Оқудағы мақсат не?»,
«Талиптарға» секілді ақындық өнерге алғаш
құлаш ұрған кезіндегі өлеңдерінен-ақ
оның талабы зор, дарыны қуатты, тегеурінді екені айқын
сезіледі. Халықтың ортасынан шыққан жас ақынның
елдің жағдайын, мұң-мұқтажын, арман-тілегін
жақсы білетінін, қоғамдық өмірдегі
қайшылықтардың сырын терең түсіне
бастағанын да анық байқай аламыз. Осындай
өлеңдерінен жігерлі, ізденімпаз, қоғамға,
өнерге бар ынта-ықыласымен қызмет етуді азаматтық
борышым деп ұғатын жас ақынға тән
алғырлық пен сезімталдық, мақсатқа жетем деген
зор сенімділікке шақырады.
Сұлтанмахмұт поэзиясы – қазақ
қоғамындағы жаңа дәуір – ұлттық ояну
дәуірі туғызған адамгершілік, әділдік,
өнер-білімге құштарлық идеяларын айрықша
қуатты жігерлілікпен, асқақ үнмен жырлаған,
тақырып идеялары, жанрлық, бейнелілік, стильдік ерекшелігінде
жаңалығы, соны сипаттары мол поэзия, көбіне әлеуметтік,
публицистикалық лирика. Поэмалары мен өлең мен жазылған
романдарында да осы сарын, толғаныс публицистикалық пафос
күшті сезіледі [2;122]. Әдебиет – ұлттың рухани
күші. Әбір әдебиетші, қаламгер ұлттық
руханият кызметкері. Олардың шығармалары, шығармашылық
ізденістері халық игілігіне арналады. Ендеше ұлттық руханият
қызметкерлері қандай ұлттық
құндылықтарға сүйеніп, қандай
көркемдік жанрда жазса да, өз халқының тағдырын,
бақытын жырлап, жырымен елін кемелдікке жетелейді [3;214].
Ақын-жазушы – қоғам көңілінің айнасы. Олай
болса, әдебиет – қоғамның көркем де ашық
бейнесі. Өзге жұртқа бағынышты ұлт әдебиеті
үшін азаттық аңсарынан асқақ арман болмасы
түсінікті. Тарихта бодандықты бастан кешпеген ұт аз.
Сондықтан да барша халық әдебиетінде азаттық идеясын
арқалаған мұралар ұлттық патриотизм мен
ұлтшылдық діңгегі ретінде қастерленеді.
Қазақ әдебиетіндегі еркіндік ұраншылдары дегенде сап
етер ой, әрине Алаш қайраткерлері. Бұл салада
Сұлтанмахмұттың
таланты айрықша танылды. Ол Алашорда көтерген идеяның
жауынгер жақтаушысы болды. Сұлтанмахмұт Алашорда
үкіметі құрылған күндері-ақ «Алаш
ұранын» жазып, онда патшашылдықтың құлауына,
елдің дербес автономия алуына қуана үн қосты.
Өлең әрі қарай Алаш ісіне адалдықты, оны
қолдауды уағыздайды, бірлікке, ел тұтастығы үшін
күреске шақырады. Сұлтанмахмұт сөзінен алаш
зиялыларының арман-тілегі, мақсат-мүддесі сол кездегі
қазақ қоғамының көңіл-күйі
айқын көрінеді [4;294].
«Алаш ұраны» – Алашорданың гимні.
«Алаш ұраны» – «Алаш» партиясының, адамзат баласының
көзі көріп, құлағы естімеген өзгерістерді
басынан өткеріп жатқан исі қазақтың ұраны
еді. Сұлтанмахмұт – елін емірене, жұртын тебірене
сүйген ұлтжанды азамат. Атар таң, батар күнде тек
қана ел қамын ойлап еңіреген, ұлтына жан-тәнімен
қызмет жасауды мұрат еткен Торайғыровтай перзенттің
аласапыран уақытта бұлқынып тарих сахнасына көтерілуі
заңды құбылыс. «Алаш ұраны» – 1917 жылғы
ақпан төңкерісінен кейін іле шала жазылған
шығарма. Рухы биік, мақсаты ізгі, бітімі оқшау туынды. 1917
жылдың 20 наурызында Петроградтан Әлихан, Мұстафа,
Міржақып «Алаш ұлына» атты мақала жолдап, онда:
«Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні
кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам
көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше
ғасырдан бері жұрттың бәрін қорлықта,
құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге
қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас
қара сапарға кетті » [5], - деп көңілдегі
қуанышты зор шаттықпен хабарлады. Осы қуаныш лебі
Торайғыров өлеңінде де жалғасқан.
Сұлтанмахмұт қуанышты хабарды құшақ жая
қуанып қарсы алды. Патшаның тақтан құлауын
бостандыққа, теңдікке жету деп ұқты. «Алаш
ұранындағы»:
Құрт аурудай жайлаған,
Құртпаққа бізді
ойлаған,
Қанымызға тоймаған,
Қолымызды байлаған,
Елімізді лайлаған,
Ерімізді айдаған,
Жерімізді шимайлаған,
Өшті залым қарасы
Жасасын, алаш, жасасын! - деген
шаттыққы толы тіркестер дүйім жұрттың
көңіл-күйін өрнектейді.
Төңкерістен соң
қазақ жерінде кеңінен өріс алған автономия алу,
өз алдына жеке ел болу идеясы – «Алаш ұраны»
өлеңінің өзекті түйіні, кесікті байламы.
Алаш туы астында,
Күн сөнгеше сөнбейміз!
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
Жасасын, алаш, жасасын! – деп
ақынның жігерлене жыр кестелеуі сол заман ақиқатын
көз алдымызға елестетеді. «Жасасын, алаш, жасасын!» рефрені
бостандық, азаттық идеясының жасампаздығына
ақынның қалтқысыз сенетіндігін көрсететін жанды
айғақ.
С.Торайғыровтың қалың
оқырманға бейтаныс «Әлиханның Семейге келуі»
мақаласы «Сарыарқа» газетінің екі санында басылған [6].
Автор мейрамға жиналғандай халық нөпірін суреттеп,
лек-легімен, топ-тобымен ағылған жұртты «елге еңбегін
сіңірген ерін тосып, жиылған қазақтар еді» дейді. «Ол
ері елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит,
бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық
ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет көрген,
басқан аяқ кері кеткен заманда жасымай алашына қызмет еткен,
болса да қалың тұман, қараңғы тұн,
туатын «бақ жұлдызына» көзі жеткен, түймеге
жарқылдаған алданбаған, басқадай бір басы үшін
жалданбаған, «қайткенде алаш көркейер» деген ойдан
басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан
Нұрмұхамбетұлы Бөкейханов еді» - дейді.
«Таныстыру» поэмасында, негізінен, ел
тұтқасы кейіпкерлер тиянақты бейнеленген. Себебі,
лирикалық қаһармандармен қара қазақ пен
оқыған төңкеріс заманында ел-жұртты соңынан
ерте алатын «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей,
біртуар жандарды саусақпен санағандай түгендейді. Ұлтымыздың
өңшең зиялы, зерделі перзенттерімен ұшырасуымыз,
ақын кейіпкерлері, ірі іс-әрекеттің адамы болып көрінуі
С.Торайғыровтың суреткерлік мақсат-мұраты,
көздеген нысанасынан хабар береді. Қаламгердің басты
мақсаты – қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерді
дұрыс түсініп, елді тура жолға бастайды-ау деген
қазақтан шыққан қайраткерлер жайында сыр
аңғарту, ой салу. Десек те, С.Торайғыров жалаң
мақтап, орынсыз мадақтауға бармаған.
«Таныстыру» – С.Торайғыровтың
поэма жанрындағы тұңғыш талпынысы. Ақын
уақыт талабына жедел жауап беріп, төңкеріс тұсында
толқыған ел көңіліне ұялаған жұмбақ
сауалдардың бірін өнер туындысы арқылы пайымдауды міндет
еткен. Төңкеріс пен оның мәнін,
бағыт-бағдарын ажырата алмай дел-сал күй кешкен жұртына
елдікке бастар азаматтарды жарасымды түр, жайнаған тілмен әдемі
таныстырған. Сондықтан да
Сұлтанмахмұттың Алаш
арыстарын шырқау биікке көтере жырлағандығын
айғақтайтын шымыр шумақтары!
Мен – қазақ, қазақпын
деп мақтанамын,
Ұранға
алаш деген атты аламын.
Сүйгенім
қазақ өмірі, өзім қазақ,
Мен
неге қазақтықтан сақтанамын?! [7; 210].
Сұлтанмахмұт –
өршіл өлеңдерімен, сыршыл жырларымен ұлтының
рухын асқақтатқан ақын. «Айқап» журналында
жұмыс істеп жүрген жылдар оның
шығармашылығының шыңдалып, толығуымен
ерекшеленеді. «Қазақ ішінде оқу, оқыту жайы
қалай?». «Өлең және айтушылар» сияқты
мақалалар мен бірнеше өлеңдері көпшілікке тез тарайды.
Солардың ішіндегі ең қомақты, шоқтығы биік
туындысының бірі – «Қамар сұлу» романы.
Аяқсыз қалаған
махаббат, әйел теңсіздігі Семейде жүргенде жазылған
«Кім жазықты?» романында да көтерілген. Бұл –
өлеңмен жазылған тұңғыш роман болатын.
Сондай-ақ, ақынның «Адасқан өмір», «Кедей»,
«Айтыс» поэмаларының қазақ әдебиеті тарихындағы
алар орны ерекше. Ал «Таныстыру» поэма жанрында туған ең
алғашқы шығарма ретінде есте қалмақ. Алаштың үш
арысының бірі-күн, бірі-шолпан, бірі-ай, - десе, «Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз. Енді Алашты ешкімнің,
қорлығына бермейміз», - деп «Алаш ұранын» жазып,
солардың көтерген идеясын жақтаушылардың
қатарында болады. Аз жасаса да әдебиет әлемін дүр сілкіндіріп,
тақырып мазмұнын кеңейтіп, жанрлық ерекшеліктерімен
оқшауланған Алаш ардақтысының есімі
халықтың жадында мәңгі сақталмақ.
Сұлтанмахмұт ақынның
Алаш идеясын бірден іліп әкетіп шығармаларының
арман-аңсарына айналдыруын бөле-жара айтуымыз шарт.
Әдебиеттер:
1. Кенжебаев Б. ХХ
ғасыр басындағы әдебиет. - Алматы, 1993. – 255б.
2. Еспенбетов А. -
Алматы, 1992. – 175 б.
3.
Нұрғали Р. Көкейкесті әдебиеттану. - Астана, 2006. -
255б 2 том.
4. Кенжебаев Б. Асау
жүрек. - Шымкент: Ордабасы, - 2004. -384 б.
5. «Қазақ», 1917, 12 апрель,
№225.
6. «Сарыарқа», 1917, 30 қазан ,
13 қараша.
7. Торайғыров С. Шығармалар. Екі
томдық, 1- том. - А.: Ғылым, 1993.