ҚАЗАҚ
ХАЛҚЫНЫҢ АМАНДАСУ ДӘСТҮРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай халық. Ананың ақ сүтімен,
әкенің қанымен бойымызға сіңген
салт-дәстүріміздің ғасырдан-ғасырға
ұрпақтар көшімен бірге ілесіп, өз құндылығын
жоғалтпай келе жатқаны да тегін емес.
Халқымыз
амандық сұрауға, сәлем беруге ерекше мән берген.
Сол себептен ата-ана баланы жасынан үлкенге құрмет,
кішіге ізет көрсетуге баулыған. Амандасудың, сәлем
айтудың астарында адамдардың бір-біріне деген ыстық
ықыласы, құрметі, сыйластығы жатыр. Әр
сөзді сәлемдесуден бастайтын халқымыздың осы бір
жақсы қасиеті көпшілікті татулыққа,
сыпайылыққа, мәдениеттілік пен парасаттылыққа үндейді.
Құран Кәрімде: “Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін
одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар” делінген екен.
Бұл да амандасудың адамгершілік сатысының бір биігі
екенін көрсетсе керек. Амандасу салт-дәстүрімізде
ерекше орын алады. Жасы кішінің үлкенге, атты адамның жаяуға,
келе жатқан адамның отырған кісіге амандасатыны ежелден келе
жатқан салтымыз. Бұл мақаланы жазудағы
мақсат–халқымыздың сәлемдесу түрлерін келтіріп,
салыстыра отырып, қазақ халқының тағы бір тамаша салт-дәстүрінің
барын, адам баласының бір-біріне деген сый-құрметінің
белгісі-амандасудан басталатындығын, өзге ұлт
өкілдерінің қазақ тіліне деген
қызығушылығын арттыру. Тіл үйретуде қолданар
таптырмас тәсілдің бірі-төл мәдениетімізді өзге
ұлт өкілдеріне көркемдей, айшықты түрде
көрсете білу, тіліміздің ең мәдениетті де
ұлағатты, бай тіл екенін
көпшілік оқырманға жеткізе білу.
Адамдар бірімен-бірі кезіккенде жылы шырай білдіріп,
аман-сәлем жасап, сый-құрмет танытады, мұның
өзі адамзатқа ортақ қасиет. Амандасудың жалпы екі
түрлі тәсілі бар: оның бірі, ауызша амандық
сұрасу, енді бірі, қол алысу, құшақтасу, бетіне
бетін тигізу, сүю арқылы бейнелеу. Адамзат ең арғы
замандарда бірімен-бірі жолыққанда қолында қаруы
жоқ, қастықсыз, адал екенін әйгілеу үшін
алақанын жайып, қолын көрсетіп, қарсы жағымен
жауаптасатын болған. Мұндай әдеттер ішінара қазірге
дейін байырғы қалпын сақтаған ұлттарда бар.
Мамандар осы әдетті қазіргі адамдар амандасуының арғы
төркіні деседі. Амандасу әдеті барлық халықта бар
болғанымен, әр ұлттың амандасу салты өзгеше болады.
Біздің арғы ата-бабаларымыздың ертедегі аман-сәлем
жасау салты жаратылысқа, тотемге, иеге, киеге, тәңірге
табынумен де байланысып жататыны белгілі. 8-ғасырдан бастап ислам дінін
қабылдағаннан кейінгі жерде аман-сәлем жасау тәсілі
өзгерді. Қазақтың жалпы аман-сәлемінде
«Ассалаумағалайкүм!», «Уағалейкумассалам!», «Шүкірлік»
деген амандасу терминдері қабылданды. Десе де, амандасу жолдары негізінен
өзінің бұрынғы қалпын сақтап қалды.
Ер адам мен ер адам амандасқанда Көбінде қол алысып амандасады.
(1-сурет)
1-сурет
Байырғы заманда ер адамдар, оның ішінде шені
төмендеу адам бай, бақуатты үйге кіргенде «Ассалаумағалайкүм!» деп басын
сәл еңкейтіп, оң қолын сол жақ көкірегіне
қойып амандасатын. [4] (2-сурет)
2-сурет
Ал, салиқалы жастағы адамдар кездескенде,
көбінде,құда-құдағилар бір-бірін
көргенде көкірек
түйістіріп құшақтаса амандасады.
Ерлердің арасында
амандасқанда айтылатын сөздер әйелдерге қатысты
қолданылмайды, сондай-ақ оларды әйелдер бір-бірімен
амандасқанда да қолданбайды. Олармен сәлемдескенде
денсаулығы туралы сұраумен ғана шектеледі.
Тұрмыстағы әйелдер ер адамдармен
амандасқанда бір тізерлеп отырып, көйлегінің
жеңімен оң жақ бетін жоғарыдан төмен бір сипап
өтеді, бұған жауап ретінде ер адамдар басын сәл
ғана иіп, әйелге «көп жаса!» деген сөздермен
ұзақ ғұмыр тілеуге тиіс. Әдетте, ер адам мен
әйел адамның амандасуынде бір шекара болады. Егер жасы үлкен
әкесі құралыптас адаммен әйел адам амандасса,
қарияның қолын алып амандасса әбестігі жоқ.
Қария да өз кезегінде «Бақытты бол, балам!» , «Жасың
ұзақ болсын!» дегендей тілегін тілеп қала береді. Ал
құралыптас ер адам мен әйел адам тек ауызбен сәлемдесіп
өте шығады. Арнайы тоқтап, хал-жай сұрасудың
қажеттілігі жоқ.
Қыз бен ер баланың амандасуы
1.Қызбен қол
беріп амандасу дәретті бұзады ма?
2.Қыз баламен қол беріп амандасуға рұқсат па?
1.Әйелмен қол беріп амандасу дәретті
бұзбайды.
Абдулла бин Аббас (р.а.)
Құран Кәрімдегі: «...яки әйелдеріңе қол
тигізсеңдер...»,-аятындағы «қол тигізу» етістігі
«жақындасу» мағынасын білдіреді. Бұны мынау «...қол
тигізуден бұрын талақ қылсаңдар...»,-аят
түсіндіріп тұр. Алла тағала ұнамсыз сөзді
көркем етіп айтуда,-деп тәпсірлеген.
Сонымен қатар,
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаз оқып тұрып сәждеге
барғанда ұйқыдағы Айша (р.а.) анамыздың
аяғына қолы тиіп кететін көрінеді. Сонда Айша (р.а.) анамыз
аяқтарын лезде жиып алады екен. Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)
сол қалпында намазын оқи береді екен.
2.Етжақын туыс болмаған қыз-келіншектермен қол
беріп амандасуға болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)
өзінің жұбайларынан басқа әйел затының
қолын ұстамаған. Бұл жөнінде мынадай хадистер
бар:
Рақиқақызы
Үмайма (р.а.): «Пайғамбарға (с.ғ.с.) бір топ ансар
әйелдермен бірге келіп, байғат еттік. Біз: Уа, Алла елшісі! Сізге
Алла тағала серік қоспаймыз, ұрлық және зина
жасамаймыз, біреуге жала жаппаймыз, әміріңізге қарсы
шықпаймыз,-деп байғат етеміз (серт береміз),-дедік. Ол кісі:
Шамаларың келген және көтере алатын істе
(бойұсыныңдар),-деп жауап берді. Біз: Алла тағала және
Оның елшісі бізге ерекше мейірімді, уа Алла елшісі! Келіңіз осы
айтқандарымызға байғат етейік,-дедік (ер кісілер байғат
ету әдеті бойынша қолдарын беріп серт етпек болды). Пайғамбар
(с.ғ.с.): Мен әйелдердің қолын ұстап
амандаспаймын, менің бір әйелге айтқан сөзім жүз
әйелге бірдей,-деді»,-деп риуаят етеді.
Айша анамыз (р.а.) риуаяты: «Алла
елшісі ешбір әйелдің қолын ұстамаған.
Әйелдер байғат еткенде тек сөзбен сертін қабыл етуші
еді».
Демек, қыз баламен амандасу керек болған жағдайда тек
ауызша сәлем берген жөн. Ал, туған апа-қарындастармен
қол беріп амандасу шариғатқа қайшы емес. [3]
Хан немесе ірі сұлтандарға төменгі
таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып және төмен
қарай иілмесе оларға жақындай алмайды, ал егер ол
қайырым ретінде оған қолын созса, онда ол бір тізерлеп жерге
отырып, оның қолын екі қолымен қысады. Орта
қолды адам өзінің әміршісіне қолын
кеудесіне қыспай, бірақ басын иіп келеді.
Қазақ салтында аман-сәлем мынадай жолдармен
орындалады: кездесе қалған екі адам бірін - бірі танысын
-танымасын сәлемдеседі. Әуелі «Ассалаумағалайкүм!»,
«Уағалейкумассалам!», кейін, көбінде, денсаулық,
ел-жұрттың, туыс-туғанның, отбасының,
мал-жанның амандығы, елдің тыныштығы сұралады.
Қарсы жақ сәлем алып «Аллаға шүкірлік»,
«Аманшылық» деп барып қарсы жағынан қайтарып
амандық сұрайды. Амандық сұрасқанда, қандай
ауыр хал, нашар жағдай болса да, жамандықты айтпайды,
саулықты, «шүкірлікті» айтады.
Біреулердің
артынан қатты жүріспен келіп, озып кетуге тура келгенде тіл
қатысып, аман-сәлем, жөн сұрасқаннан кейін
асығыс екендіктерін айтып, разылық алып озып кете барады.
Қазақта әдетте жолаушы (жолшы) үйдің
іргесін басып (үйге тым жақын) жүрмейді, іргеге келсе, аттан
түседі немесе ат үстінен сәлем береді. Әдетте
үйдің іргесіне атты адам келгенде үй иесі тысқа
шығып, қонақпен сәлемдеседі. Белдеуге келіп
қонақ түсіп жатқанда, үйден адам шығып,
келген қонақтармен сәлемдеседі. Жасы үлкен адамдар
мен әйелдердің алдынан атын ұстап, аттан
сүйеп түсіріп, есік ашып үйге енгізеді.
Бір адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге, атты адам
жаяу адамға, келе жатқан адам отырған адамға
сәлем береді. Амандасу тәртібінде, атты адамдар түзде
жолыққанда, жасы кіші жасы үлкен адамға сәлем
береді. Ертеректе ат үстінде кезіккен екі адам
жақындаңқырап, қол алысып, немесе көкірек
түйістіре амандасатын.
Бұл амандасу кезіккен адамдардың ара-қатынасының
алыс-жақындығына да байланысты. [4]
Иенде жүрген
жастардың жанынан қария адам не жасы үлкен адам жанап
өтіп бара жатса, онда жастар қарияға, жасы
үлкен адамға әдейі бұрылып барып, сәлем береді.
Үй сыртына таяп келген үлкен адамға аттан
түсіріп алғалы тұрған жасы кіші адам
бұрын сәлем береді. Сырттан кірген адам жасы үлкен
- кіші болсын, үй ішінде отырғандарға өзі бұрын
сәлем береді.(1-сурет)
Үй толы адам отырғанда,
үйде отырғандардың ең үлкенінен бастап кішісіне
дейін алма - кезек қол беріп, амандасып шығады, онан кейін үй
иесі ақсақал мен келген қонақ амандық -
саулық сұрасады. Үй толы адамға бірден қол беріп
амандаспай-ақ, жалпыға Ассалаумағалайкүм!» деп
сәлем беретін әдет те бар.
Кездеспегелі көп жыл
болған тұрғылас, замандас, құрдас,
ағайын-туыс адамдар қауышып амандасады. Қауышып амандасу
(кеуде түйістіріп) үшін, әуелі қос қолдап
амандасып, сонан соң құшақтарын айқара жайып, бір
- біріне төс қағып, оңға бір, солға бір
кеуде тоғыстырып, сонан соң екеуі де артқа бір табан
шегінісіп, қолдарын алақан айырмастан тағы соғысып,
қос қолдап амандасады. Бұлайша амандасу ер азаматтар
үшін ең құрметті саналады. Жастар жай ғана
қол алысып, иық қағысып та амандасады.
3-сурет
Қыз балалар бір - біріне
құшақтасып, бетіне - бетін тигізіп, беттен сүйіп
амандасады. Ал, қыз бен жігіт амандасқанда қол алысып, тіпті,
кейде жақын адамдар болса құшақтаса амандасады.
(7-сурет)
Қазақтың ұлттық дәстүрінде келіндер
ата-енесі, қайын ағалары немесе үлкен кісілер отырған
үйге кіргенде, сол тізесін сәл бүгіп, үш рет басын иіп,
ибалық сәлем жасап, ишаратпен амандасады. Мұның
өзі қазақтың ең тамаша моральдық
қасиеті болып табылады. Осы жерде айта кетер мәселе,
келіннің жаңадан келіп түскен кезіндегі «Беташар»
дәстүрінде сәлем салу салты бар. Ондағы
мақсат-жай ғана амандасу емес. Ауыл-аймақтың жасы үлкен ақсақалдарына,
ел-жұртқа, өзі келіп түсіп отырған отбасы
мүшелеріне сәлем бере отырып, келіндік кішіпейілділігін ізетпен
тізе бүгіп білдіру. Келін
сәлем салғанда екі жағында екі абысыны қолтықтап,
демеп тұрады. Ол біріншіден, жаңа түскен келінге қолдау
білдіру болса, екіншіден, келіннің дұрыс сәлем салып
үйренуіне үлкен көмек. Бұлай сәлем салу
қазіргі қоғамда үлкен орны бар дәстүр
ретінде қайта жаңғырып орындалып келеді.[4]
Қазақтың
ауыл адамдары ұзақ сапардан келген кісіге жиылып келіп амандасады
немесе алыс сапарға аттанғалы жатқан адамға жиылып
барып, «Жол болсын!» деп тілек айтады. «Алты жасар бала жол жүріп келсе,
алпыстағы шал барып амандасады» деген мәтел соның
айғағы. Құрбы - құрдас
қариялардың бірін - бірі әдейі іздеп барып сәлемдесуі –
халқымыздың бауырмалдық дәстүрінің
тағы бір белгісі.
Жастар ауыл аралап
жүріп жасы үлкен қарияның үйіне бас
сұғып, амандаспай кетсе, сол азамат «үлкенді сыйлауды
білмейтін надан екен», «амандасуға да жарамады», «жетесіз» деген
сөгіске қалады.
Ертедегі қазақтың ұзақ жолдан келген
жолаушылары жолдағы үлкен ауылдарға соғып, ондағы
үлкен кісілерге сәлем бере кететіні міндетке айналған.
Қазақ салтында жастардың өзінен үлкенге
сәлем беруі, әсіресе ақ сақалды аталар мен ақ
самайлы әжелерге әдейі іздеп барып сәлем беруі ерекше
инабаттылық саналады. Мұндайда қариялар еңсесі
көтеріліп, бір жасап қалады, сәлем бергелі келген жасқа
бата - ықыласын жаудырады.
Қазақтар бір-бірімен
кездескенде қарсы алып, амандасуы олардың әлеуметтік тегімен,
байлығымен және көңілі жақындығымен
анықталады. Л.Ф. Баллюзек сонау 19-ғасырдың соңында
қазақтың сәлемдесу дәстүрі туралы мынадай
дерек жазады: Сұлтан әулетінен шыққан барлық адамдарды
көрген кезде және олардан кетіп бара жатқанда,
сондай-ақ олар біреуге жылы сөз айтқан кезде, бір
сөзбен айтқанда, оларға: «амансыз ба, сізге
құрмет білдіремін, сау болыңыз, рақым етіңіз,
сізден өтінемін, қайырымдылық жасаңыз, рахмет,
алғыс білдіремін!» және т.с.с. деу қажет болатын жердің
бәрінде оларға «Алдияр - құдай жар болсын!» деген
сөзді айту. Сұлтан өз кезегінде сәлемдескен
адамдарға «Уағалейкумассалам!» деген сөзбен жауап
қайтаруға тиіс.
Сұлтан тұқымына
жатпайтын қазақтар бір-бірімен амандасқанда
«Ассалаумағалайкүм!» және «Уағалукумассалам!» деген
сөздерді қолданады, оның алғашқысын жасы кішілер
әрқашан да бірінші болып жасы үлкендерге айтады да,
үлкендер «Уағалейкумассалам!» деп жауап береді. Осы сөздерді
бір-біріне айтқаннан кейін әрқашанда мал-жанның
амандығын жасы үлкен қазақ жасы кішісінен міндетті
түрде: «Мал-жаның, бала-шағаң аман ба?» деген
сөздермен сұрайды. Бұған жасы кіші
қазақтың тарапынан айтылатын жауап:
«Құдайға шүкір, өз мал-жаныңыз да есен
бе?». Осылай сәлемдесіп, мал-жанның амандығын сұрау
тіпті мүлде бейтаныс, бір-бірімен алғаш жүздесіп
тұрған қазақтардың арасында да міндетті болып
табылады. Тек сұлтанның әйелдерімен амандасқанда
ғана сұлтанға айтылатын сөздер қолданылады. Хан
немесе күшті әмірші, өзінің
қарауындағылардың сәлеміне оның иығына
қолын қойып, сыйластығы болса, қолын қысып
және құшақ айқастырып жауап береді. Егер
қазақ жолда белгілі немесе бай адамды жолықтырып қалса,
аттан түсіп және оның бір қолын ұстап, өзі
қос қолдап амандасады, егер ханды кезіктірсе, онда жолда
тоқтап тұруы керек және оның өтіп кетуін күтуі
керек әрі басын иіп, қолын кеудесіне қойып, дауыстап
сәлем беруі керек. [1]
Дәрежесі тең, бірақ жақын таныс
емес адамдар бір-бірінің бір қолын алып қана амандасады. Бұлай
амандасу қызметтес ер адамдарға да қатысты. (4-сурет) Ал, қызметтес әйел адамдар
бір-біріне тек ауызша сәлемдеседі, немесе қол бұлғайды.
Қол бұлғау дәстүрі шет елден енген
дәстүр болса керек. (5-сурет). Әдетте қол
бұлғау-еркіндіктің, көңілділіктің,
қуаныштың нышанын білдіреді.
4-сурет
5-сурет
Еркіндікті ұнататын
Америка халқының амандасу дәстүрі ерекше. Кейде
қол бұлғап, кейде қолды жұмып, сыртқы
жағын тақастыра амандасады. Бұлай амандасу ешқандай жас
ерекшелігіне қарамайды. Ер адам мен әйел адам. Улкен адам мен жас
адам. Қызметкер мен қарапайым адам. Бастысы-арадағы
қарым-қатынастың жақындығында.
Қазақ
халқындағы тамаша дәстүрлердің бірі-сәлем
айту.
Ол қазақтың қоғамдық қарым-
қатынасына сай, алыста жүрген адамдардың біріне
бірінің көңіл күйін, сағыныш сезімін, бірін -
бірі ұмытпағанын, елеп - ескергенін, аман - есен екенін білдіретін
хабарласу тәсілі. Ерте заманда дала көшпелілері аман-сәлемді,
хал - жағдайды алыстағы жақын адамдарына сәлем айту
жолымен жеткізіп отырған. Қазақ ұғымындағы
«сәлем айту» әншейін жай сөз емес, оның ерте
замандағы мән-маңызы ерекше зор болған.
Қазақта бір адам жолаушы жүрер болғанда, аттанарда ауыл
- аймағы жиналып, «Жол болсын!» айтып аттандырады. Осы жолаушы
арқылы жолаушы баратын жердегі жақын адамдарына сәлемдеме
жолдайды, сәлем айтады. Бұл сәлемді жолаушы елеусіз
қалдырмайды, есінде мықтап сақтайды, оны жеткізуді “аманат”
деп біледі, айтылған сәлем ұмыт қалса, қарыз
болады деп есептейді. Кезіккен адамдарға кезіккен жерінде, кезікпеген
адамдарды арнайы іздеп барып сәлемді жеткізеді. Алыстан жолданған
сәлемді естіген адам да сәлем жолдаушының сағынышын,
көңіл күйін сәлемінен сезіп, амандығын
сәлемінен біледі. Сәлем қабылдаушы сәлем әкелген
қонаққа алғыс - рахметін айтады, жөні келгенде,
үйіне шақырып, дәм татқызып, қонағасы беріп
қайтарады. Сәлем тапсырып алушы келген жолаушы қайтарда одан
қайта сәлем айтып, жөні келсе сәлемдеме беріп жібереді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.
«Қазақ
энциклопедиясы» / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы, I том
2.
«Қазақ халқының
салт-дәстүрлері»/ «Традиции и обряды казахского народа», С.Кенжеахметұлы. Алматыкітап-2007