Жүсіпов А.Е. ф.ғ.к., Аманжолова А.А., Абдулла Ж.,

Ертаева п.ғ.м., Жүсіпова Ә.Р.

 

 «С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті» АҚ

Астана, Қазақстан

 

Қазіргі тіл біліміндегі бағалауыш сөздердің ғаламның тілдік

бейнесіндегі орны

 

Ғаламның тілдік бейнесіндегі ұлттық болмысты сипаттайтын осындай бағалауыш етістіктер - қоршаған орта туралы таным-түйсігін бейнелейтін ұлттық бейненің құнды белгілерінің бірі.

Құндылық пен бағалау қатысына байланысты мәселе А.Ивин, М.Каган, Л.Столович, З.Темірғазина, Н.Арутюнова және т.б. еңбегінде шешімін тапқан. Құндылық пен бағалаудың бөлінбес байланысы жөнінде В.Телия тұжырым айтқан болатын: «Когнитивное содержание рациональной оценки – это мнение субъекта оценки о положительной или отрицательной (негативной) ценности обозначаемого в целом или какого-либо его свойства, основанное на неписаных, но узуальных нормах ценностей картины мира, сложивщейся в данном языковом коллективе и на его жизненной философии» [1,167].

Зерттеуімізде құндылыққа қатысты пікірге тоқталуымыз маңызды, себебі ол бағалауыш сипатты сөздің қазақ халқының ұғымына қалыптасуын ашып беруші. Әр халықтың құндылық жүйесі әрқилы болады: «Ғаламның құндылық әлемін нақты қоғамда таралған, уағыздалған түрліше құндылық жүйесі құрады, ол иерархия бойынша тәртіпке келтіріліп отырылады. Ол өз ішінде бар халыққа тән жалпыхалықтық құндылық мәні бар инвариант түріне және халықтың әлеуметтік-тарихи даму ерекшелік, ұлттық мәдениетінің ерекшелігімен негізделген құндылығы бар вариативтік түрге бөлінеді» [2,11].

Құндылық жүйесі, баға, құндылық бағыты әр этнос тілі мен мәдениетінде өзіндік көрініс табады. Құндылық мәдениеттің рухани және әрекет еттіруші діңгегі болады. «ХХ-ХХІ ғасырлар шенінде  адамзаттық қоғамның дамуына құндылықтың тигізетін мол септігін түйсіну нәтижесінде көптеген философ халықтардың нақты тарихы мен оның рухани психикалық ойлау ерекшелігіне негізделген құндылық пен идея жүйесін мәдениеттен таба, көре бастады» [3,26]. Зерттеуімізде сараптамаға түсетін сөздердің бағалауыш мәнін анықтаудың бір түрі ретінде қазақ, кең мағынада түркі, халқының мәдени мұрасына жүгінеміз.

Біз «дәл сол затты таңдаған эталонымен салыстыруға сүйенген зат туралы танушы субъектінің көзқарасы» [4,81] деген тұжырымға сүйенген бағалауыш /бөліну, таралу, түрлену/ кеңінен түсінуге қатысты айтылған пікірлерге қарағанда бағалауышқа беріліп жүрген көпшілікке танымал жақсы/жаман қасиетімен тығыз байланысты «тар» анықтаманы қолдап жүрміз.

Осы көрсетілген ілімдік тұжырым «бағалауыш етістік» деген түсінікке анықтама беруге негіз бола алады. Етістіктің бағалауыш қатарына жатқызудың негізгі қағидасы семантикалық құрылымында жақсы/жаман компонентінің болуы деп санаймыз. Қазақ тіліндегі бағалауыш етістікті бөлуге қатысты тіл білімінде түрліше көзқарас бары бәрімізге белгілі.

Етістік лексикасын семантикалық аспектіде бөлуде негізінен үш принципке сүйену тенденциясы бар: денонатив (тақырыптық); парадигма-тикалық; синтагматикалық.

Психолингвистикада сонымен бірге ассоциатив (баламалы) принциптің кеңінен пайдаланатыны белгілі.

Етістік семантикасы соңғы жылы көптеген ғалым назарын аудартып отыр. «Қазақ тілінің негізгі сөздік қоры мен сөздік құрамы және граммматикалық құрылысында етістік ерекше орын алатын сөз табы екені аян. Оның синтаксистік қызметі тек баяндауыш болу ғана емес, жай және құрмалас сөйлемдердің сөйлем мүше мен сөз тіркестерінің жасалуына тікелей және жанама түрде ықпал етіп отыратыны белгілі» [5,11].

Структуралық лингвистика сөздер тек басқа сөзбен байланысу нәтижесінде ғана лексикалық мағынаға ие болады деген идеяны ұстанған. Структуралық лингвистика сөз мағынасы бірнеше элементтен (семадан) құралатындығын атап өтеді.

Семаларды В.Гак негізгі үш түрге бөліп қарастырады: бірнеше сөзге ортақ қасиетті анықтайтын архисема; жеке сөздердің түйінін (ядросын) /Ә.Ж.ауд./ ұйымдастыра, шоғырландыра отырып, басқаларадан айырмашылық, өзгешелегін ашатын – дифферциал сема; жанама, қосымша мағыналы – потенциал сема.

Сөздердің лексикалық семантикалық тобын анықтауда сема көмегі мол. М. Оразов сөздер лексикалық семантикалық топқа бірігу үшін келесідей негізгі талаптарға бағыну қажеттілігін айтады: «Қандай да бір нақты мағыналық элементтерімен /семасымен/ өзара байланыста болуы қажет; бір сөз табы класына еніп, нақты парадигматикалық қатар түзуі тиіс; өзінің даралығын, жекелігін сақтай отырып, басқа да сөз таптарымен байланысқа енуі керек; үздіксіз мағыналық қатарды құрай отырып, бір-бірін мағыналық тұрғыда толықтырып отырулары қажет; дифференциалдық семаның өзара әсеріне орай топ ішінде шағын семантикалық топшаларға бөлінуі тиіс; бір ЛСТ-қа өзара қатысты антонимдер мен синонимдер енетіндігін де ескеру қажет» [6,124].

Лексикалық семантикалық топтар жайлы А.Османова келесідей пікір айтады: «...өзара белгілі бір мағыналық элементтері арқылы байланысып жатулары керек; белгілі бір парадигматикалық қатар жасай алатын бір текті сөз табынан болуы керек; ЛСТ-тың лексикалық семантикалық элементі болып саналатын сөздер өздерінің дербестігін сақтай отырып, басқа сөзбен байланысуы керек; Бірін-бірі мағына жағынан толықтырып, ұштасып жатулары керек[7,21].

Қарап отырғанымыздай, А.Османова ойы М.Оразовтың пікірімен ұштас болып отыр.

Денотатив дәстүрлі принциптің бірінен саналады. Осы принципке сай етістікті түрліше топқа бөлетіні белгілі. 1953 жылы түркі тілдеріндегі етістіктерге алғаш семаникалық талдау жасаған Н.Дмитриев болатын. Ол етісіктерді сөйлеу етістіктері, ойлау етістіктері, қозғалу етістіктері деп топтастырды. М.Оразов «Н.Дмитриев алғаш рет етістіктерді сөйлеу, ойлау, қозғалу етісітері деп бөлгенде ертеден келе жатқан дәстүрге сүйенген, солардың үлгісі бойынша топтастырған; семантикалық топтарға бөлудің ғылыми негізін, принципін жасамаған, әр топтың жекеленетін белгісін көрсетпеген, оны автор мақсат тұтпаған», - дей келе, етістіктерді жеке семантикалық топ ретінде бөліп алуын ерекше табыс деп атап өтеді [8,4].

Өзбек тіліндегі етістіктерді М.Садықова төртке бөледі, Г.Кулиев түркі тілдеріндегі етістіктердің сегіз тобын қарастырған. Жоғарыда пікірлерін келітіріп отырған белгілі ғалым М.Оразов қазақ тіліндегі етістік семантиксын зерттеген алғашқы адам. Ол етістікті: іс-қимыл; қозғалыс; қарым-қатынас; хал-жай; сезім; ойлау; эмоциялық; даму; дыбыс; табиғат көріністерін белгілейтін; субъективті реңкті білдіретін етістіктер [6,124] деп он екіге бөледі.

И.Маманов мағыналық белгісіне қарай сегіз топқа бөліп қарастырады. Етістіктің алты семантикалық тобын А.Хасенова бөліп көрсеткен. А.Ысқақов етістіктің он бір лексикалық семантикалық тобын атап өтеді.

Жоғарыда келтірілген деректерді қарайтын болсақ, қазақ тіліндегі етістік біршама еңбекте қарастырылған екен. Біздің нысанымызға легіп отырған бағалауыш етістіктерді зерттеу барысында біздің алғашқы есепке алатынымыз – бағалауыш жағдаяттың коммуникативтік ерекшелігін сипаттау болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиет тізімі:

1.       Телия В., Русская фразеология: Семантический, прагматический и лингвокультурологический аспекты. –М.: Школа «Языки русской культуры», 1999. – 284с.

2.       Темиргазина З., Оценочные высказывания в русском языке. –Павлодар: 1999г.

3.       Кертман Л., История культуры стран Европы и Америки. М.: Мысль, 1987. – 246с.

4.       Кругликова Г., К семантике количественной оценки // Языковые единицы в речевой коммуникации. Л., 1991. – С.80-94.

5.       Салқынбай А., Абақан Е., Лингвистикалық түсіндірме сөздік. – Алматы: Сөздік-Словарь. -1998. – 305б.

6.       Оразов М., Семантика  казахского глагола: дисс. канд. фил. наук, - Алматы: 1981г.

7.       Османова А., Синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі. – Алматы: 1991ж.

8.       Оразов М., Қазіргі қазақ тіліндегі қалып етістіктері. – Алматы: 1980ж.