Досова А.Т. – А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты

       Иргизбаева Қ. - А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің 2-курс магистранты

 

 Фразеологизмдердің көркем мәтіндегі қызметі

 

        Дүниенің тілдік бейнесі ұлт өкілдерінің өмірге деген көзқарасы мен өмірлік тәжірибелерінен тұрады. Сондықтан дүниенің тілдік бейнесі фразеологизмдерден, тұрақты тіркестерден, мақал-мәтелдер мен идиомалардан анық көрінеді. Себебі бұл тілдік қабатта ұлт өкілдерінің дүниеге деген көзқарастары, айнала қоршаған ортаға қарым-қатынасы, сондай-ақ халық даналығы жинақталған. Осымен байланысты дүниені танып-білуде фразеологиялық бірліктердің маңызы ерекше.

Б.А.Ларин фразеологизмдер қоғамдық өмірді, халықтың дүниеге көзқарасын, сол қоғамдағы идеологияны бейнелеп тұрады деп көрсетеді [1, 4].

       Ә.Қайдаров “Қазақ тілінің өзекті мәселелері” атты жинағында фразеологизмдердің қасиеті жөнінде мынадай ой айтады: “Фразеологизмы – весьма сложные лингвистические образования. Сложность их объясняется не только множеством структурных типов и синтаксических моделей, но и тематической и семантической многоплановостью, а также способностью выражать самые различные эмоционально-экспрессивные оттенки мысли ” [2,202]. Демек, академик-ғалымның пайымдауынша, фразеологизмдер – бейнелі ойлаудың жемісі.

        Фразеологизмдердің көркем әдебиет тіліндегі маңызы мен рөлі туралы тұжырымды ойды біз Х.Кәрімовтің жоғарыда аталған еңбегінен кездестіреміз. Автордың пайымдауынша: “Әдеби шығарма тілін көркемдеп, жандандырып, нәр беруші амалдардың бірі – халық тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестер. Олар тілдегі бейнелі экспрессивті-эмоциялы бояуы қанық амалдардың қатарынан орын алады. Олар – ұлттық психикалық өзгешелігінің негізінде қалыптасқан образды ойлау тілінің үлгілері, халықтық даналыққа суарылған өткір құралдар” [3, 134].

       Н.Уәлиев фразеологизмдердің дүниенің тілдік бейнесін берудегі рөлі жайлы былай деп жазады: “Халық тілінде байырғыдан келе жатқан тұрақты сөз оралымдарының (мақал,  мәтел, қанатты сөздер, фразеологиялық тіркестер т.б.) сан алуан сыры бар. Олай болатыны халық өзінің өткен дәуірлеріндегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, арі нәрлі, әрі әрлі етіп ерекше өрнектей білген. Көнелікті ең көп сақтаған “жаны сірі” сөздердің небір шоғырлары алдымен мақал-мәтел, фразеологизмдердің құрамында шегенделіп қалған деуге болады [4, 12].

       “Фразеологизмдер –  ұлттық  психологияны, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бойына сіңірген, соларды баяндайтын лингвокультуремалар [5, 30].

       Қазақ тілі фразеологизмдерге бай тілдердің қатарынан саналады. Бұл рухани байлық қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерінен, фразеологиялық сөздіктерінен, сондай-ақ көркем шығармалардан көрінеді.

       “Қай елдің, қай жазушының қай шығармасын алсаңыз да тілдің осы халықтық элементтерінің сан түрін табуға болады. Яғни қаламгерлердің қай-қайсысы да сөйлеудің халықтық формасын пайдалануға бейім” [6, 41].

       Фразеологизмдер  халықтың өткені мен бүгінгісін  жалғастырушы   көпір іспетті. Көркем образды, терең  мазмұнды сөз өрнектері әр ұлт тілінің ерекше көрінісі  болып табылады.  Мұндай сөз айшықтары  жалпы халық тіліне  айырықша реңк беріп,  ұлттық характердің  айқын белгісін көрсетеді.

       “Фразеологизмдердің  қай-қайсысы болмасын (идиом, фраза, мақал-мәтелдер) бәрі де  ең алғаш халықтық сөйлеу тілі негізінде  қалыптасқан.  Сондықтан олар өмірдің  барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан  өте бай келеді. Фразеологизмдер алдымен адамдардың ой сезімін, ара- қатынасын, өмір  тануын білдіреді” [7, 82].

       Т.Ахтанов халықтың фразеологиялық байлығын өзіне ғана тән  шеберлікпен қолдана білген.  Оның қаламынан  шыққан  афоризм, нақыл сөздер  халықтық үлгімен құрылған.  Мазмұны терең, тұрпаты  көркем  келіп, жазушының өзіндік дара үнін танытады.  Мысалы: Мынау жүдеу тартқан  сұрқай үйге  кеугім  тартқан бей уақытта  жылтырап шам әкелгендей Парашка  келген сайын жабыққан көңілім бір жадырап қалады  (Шырағың сөнбесін, 211-б).

       1) Т.Ахтанов романдарында фразеологизмдер  кейіпкерді  мінездеуде қолданылады. Мысалы,  Түрі анандай болғанмен өзінің тіпті өңі жылы екен. Әсіресе ұясынан томпайып шығып тұрған дөңгелек қой көзі адалдық пен мейірімге толы. Ар жағында бүкпесі жоқ, бір көргеннен-ақ жатырқатпай жақын тартып кететін адамның кескіні” (Боран, 20-б). “Расында Копилкин қаншама жымысқы қу, қалтыраған сараң болғанмен үлкен байлыққа жете алмады. Ол өзі ұсақ қулыққа, тиындап жинауға жаратылған, құлашы тар сорлы еді” (Қаһарлы күндер, 59-б).

       Жоғарыдағы келтірілген мысалдардың алғашқысында автор “өңі жылы екен”, “қой көзі адалдық пен мейірімге толы” сияқты тіркестер арқылы “Боран” романының бас кейіпкері Қоспанның адал, ақжарқын мейірімді жан екенін көрсетіп, жағымды образ жасайды. Екіншісінде жоғарыдағы Қоспан образына мүлдем қарама-қарсы кейіпкер бейнесі берілген. “Қаһарлы күндер” романындағы шағын эпизодта кездесетін Копилкиннің мінезі “тайға таңба басқандай” анық. “Жымысқы қу”, “қалтыраған сараң”, “тиындап жинауға жаратылған”, “құлашы тар сорлы” сияқты есім фразеологизмдер арқылы сараң адам болып мінезделген. Фразеологизмдердің тәрбиелік мәні тұрғысынан келсек, жоғарыдағы кейіпкерлер мінездеуде Копилкиннің бейнесі арқылы оқырмандарын одан жирендірсе, ал Қоспан  бейнесін тәрбиелік мәнде  қолданған. 

       2) Жазушы фразеологизмдерді кейіпкердің  психологиялық күйін суреттеуде қолданады. Көркем туындыдағы  сезім қылын шертерліктей  әсер туғызатын  айшықты сөздердің  қай-қайсысы да  көркем шығарманың  жалпы экспрессивтік  үндестігін күшейтеді,  эмоциялық бояуын  әрлендіреді, күшті сезім әсерін туғызады.  Ұғымды дәлме-дәл, жан-жақты  бейнелеп жеткізуде  фразеологизмдердің  тап басып, дәл түсетін  ұтымдылығы басым. “Көңіл күйді аңғартатын фразеологизмдер кейіпкер көңіліндегі әр сәттегі өзгерістер мен құбылыстарды аңдатады. Олар кейіпкерлердің психологиялық толғанысын: таңдану, қамығу, елжіреу, ашулану, күйіну сәттерін мәнерлі жеткізеді” [8, 8]. Фразеологизмдердің  осындай мүмкіншіліктерін  жазушы өз шығармасында  кейіпкерлердің  психологиялық  күйініш-сүйініштерін,  ой әсерлерін, рухани  жан  дүниесін  нақты да  нәзік бейнелеуге  таңдап, талғап жұмсайды. Мысалы, төменде “Боран” романының кейіпкері  Жаңылдың күйеуі Қоспанның  хабарсыз кеткендігін білгендегі оның  қорқынышы мен үрейін  психологиялық толғанысымен  әсерлі де мәнерлі жеткізген: “Қайда кетті? Неге жоғалады? Не де болса Қоспан  бір жамандыққа  ұшыраған ғой. Апыр-ай, тірі ме екен? Жүрегі зу етіп төмен түсіп  кетті. Кенет өзі де  Қоспанмен  бірге белгісіз  үрейлі  қараңғылыққа  сүңгіп  баратқандай болды”  (Боран, 14-б).

       Жоғарыдағы фразеологизмдер “Боран” романының кейіпкері Жаңылдың күйеуі Қоспанның хабарсыз кеткені жөнінде хабар алғандағы жан ұшырған қорқынышы мен үрейін психологиялық толғанысымен әсерлі де мәнерлі жеткізген.

       3) Кейіпкерлердің қуаныш, шаттық күйін беруде де фразеологизмдер ерекше қызмет атқарады. Мысалы,  “Дүниедегі кісіге бақыт боларлық адам осы Қоспан сияқты да, соған өзі ғана ие болғанына шексіз қуанады. Көкірегіне мақтаныш кіріп, еңсесі көтеріліп, ажарлана түседі. Өңінде ұдайы өшпей, бір рақат күлкінің ізі тұратын болды”(Боран,, 21-б).    “Төрт құбылам түгел, жақсы халде жатырмын, осы рахат сәтімді өзгертпей тәтті қиялға елігіп жата тұрғым келеді” (Шырағың сөнбесін, 9-б).

       Осы мысалдардағы фразеологизмдер шығарма кейіпкерлерінің өмір-тіршілігіндегі сан қырлы оқиғаларға ризалық жан сезімін айрықша мәнерлеп жеткізумен бірге, олардың мінезіндегі қат-қабат қырларын ашып, небір нәзік жайттарды айқындай түседі.

       Жазушы романдарында эмоциялы бояуы күшті фразеологизмдер кейіпкерлердің кейбір ситуацияға қарай болатын көңіл-күй өзгерістерін беруде қолданылған. Мысалы, “Жаңыл ызадан жарылып кете жаздады(Боран, 31-б). “Оның бетіндегі еменсіген жылымшы күлкісіне, жылтыраған кішкене көзіне қарап тұла бойы тыжырынып қалды(Қаһарлы күндер, 169-б).

       Жоғарыдағы “ызадан жарылып кете жаздады” фразеологиялық тіркесі “Боран” романының кейіпкері Жаңылдың қатты ашу үстіндегі көңіл-күйін сипаттаса, ал “тұла бойы тыжырынып қалды” тіркесі “Қаһарлы күндер” романының кейіпкері Раушанның өзіне ғашық болып, айналшақтап жүрген Уәлидің бет әлпеті мен іс-әрекетіне деген эмоциясын, көзқарасын білдіреді.

       4) Мәнерлегіштік-көркемдік  бояуы  айшықты келетін фразеологизмдерді жазушы портрет жасауда  ұтымды қолданады. Мысалы: “Өзі жұмыр денелі әжептәуір ірі жігіт болғанмен ұялшақ бала сияқты. Анау кішкене пісте мұрнын  одан  бетер  кішірейтіп тұрған дүрдиген қалың ерні … Алғашқыда  маған ұнамағаны да  сол  еді. Екі  қалың ерін  бір-біріне  жуыспай ашық тұратын. Ашық ауыз … Адам кейде  көріп тұрып соқыр  болады екен-ау, қазір қарасам содан сүйкімді ерін жоқ. Жиырма бестен асқан  дырау  жігітке  құдды  жас бала сияқты  аңқау кескін беріп, сүп-сүйкімді  етіп тұрған сол ерін”  (Қаһарлы күндер, 9-б).   “Тағы да көз алдына Раушан елестеді. Оның сондай сүйкімді ұш жағы көтеріңкі “тентек” мұрны, сәл түріңкі аңқау ерні, үлбіреген қызыл шырайлы ыстық жүзі ерекше лебімен еліктіріп тартып барады. Үлкен қара көзі кейде көңілді ұшқынмен жарқ ете қалады, кейде мөлдіреп терең қарайды” (Қаһарлы күндер, 71-б).

       Жоғарыда келтірілген фразеологизмдер кейіпкерлердің сыртқы мүсінінің айрықша бір сипатын бейнелейді. Пісте мұрын, дүрдиген қалың ерін, ашық ауыз, қызыл шырайлы, қара көз сияқты халықтық фразеологизмдер болса тентек мұрын, түріңкі аңқау ерін сияқты тіркестер оккозианал қолданыстар болып табылады.

       Т.Ахтанов шығармаларында да фразеологиялық тіркестер мол қолданылған.  Жазушы қолданған фразеологизмдерді синоним және антонимдік сипаттарына қарай топтастыруға болады. Синонимдес фразеологизмдер жазушы шығармаларында төмендегідей қатарда кездеседі. Мысалы, Ашулану - зығырданы қайнау; тарпа бас салу; қадалған жерден қан алатын кенедей; апшысын қуыру; төбе шашы тікірею; ызғар шашу; тас түйілу; кірпідей жиырылу; қаншырдай қату;

       Қорқу - төбесінен мұздай су құйып жібергендей болу; төбесінен жай түскендей болу; зәресі зәр түбіне жету; жан ұшыру; алас ұру; тас төбеден жай түскендей болу; зәресін зәр түбіне жіберу; төбе шашы тікірею; тұла бойы мұздап қоя беру; зәресі ұшу; безек қағу;

       Қуану: қуанышы қойнына сыймау; жерден жеті қоян тапқандай қуану; нұр ойнау;

       Қайғыру: көңілі су сепкендей басылу; қам көңіл; жанын қоярға жер таппау;

       Мейірлену: іші жылу;

       Сақтану: аяқты аңдап басу; аяғының ұшынан басу; сары майдай сақтау;

       Момындық: қой аузынан шөп алмайтын;

       Күту: тағаты таусылу;

       Күш көрсету: қан қақсату; қамшы үйіру;

       Мезгіл мәнді: ымырт үйірілу; өң мен түстің арасында; түн жамылу; қыстың көзі қырауда;

       Мекен мәнді: таяқ тастам жер;

       Құмарту, ынтығу: үйір болу; ұршықтай иірілу; көңілі кету;

       Демалу: аяқ суыту;

       Шамасы келмеу: мұршасы болмау;

       Дағдылану: бойы үйрену;

       Тынышталу: байыз табу; пышақ кескендей тыйылу;

       Алға ұмтылу: лап беру;

       Қырсық мінез көрсету: бүйректен сирақ шығару;

       Ұялу: ұрлық қылғандай қуыстану;

       Қатты айқайлау: құлындаған даусы құраққа жету.

       Жоғарыда берілген фразеологизмдердің синонимдік қатарына қарай топтастырғанда қорқу мен ашулануға қатысты фразеологизмдердің жиі қолданылғанын байқауға болады. Әсіресе, қорқу дағдысына қатысты фразеологизмдердің көп болуы жазушы шығармаларының соғыс тақырыбына арналуымен байланысты. Жазушы романдарындағы қорқу дағдысы, көбінесе, ажал апатымен, ажал сұсымен яғни ажалдан қорқумен байланысты қаралады. Мысалы, “Ол (Уәли) қаптап келе жатқан ажал сұсты дұшпанды көргенде зәресі зәр түбіне кетті(Қаһарлы күндер, 309-б). Бұл фразеологизмдердің мәтін деңгейіндегі тілдік қолданысы диссертацияның келесі тарауларында қорқыныш концептісін талдауда арнайы сөз болады.

       Т.Ахтанов романдарында мағыналары жағынан қарама-қарсы, антонимдік фразеологизмдердің мынадай жұптары қолданылған. Мысалы: кірпідей жиырылу – іші жылу; көңілі су сепкендей басылу – қуанышы қойнына сыймау; ызғар шашу - нұр ойнау; құлындаған даусы құраққа жету– пышақ кескендей тыйылу; жұп жазбау - қақ айрылу; зығырданы қайнау –  қуанышы қойнына сыймау т.б.

       Т.Ахтанов романдарында фразеологизмдерді молынан пайдалана отырып, шығарма тіліне мәнерлегіштік, бейнелегіштік әр берген. Жазушы фразеологизмдерді талдап, таңдап кейіпкердің образын сомдауда, мінезін ашу, портрет жасау, шығарманың идеялық көркемдік жақтарын жетілдіруде тағы басқа толып жатқан мүмкіндіктеріне сай етіп, белгілі бір стильдік мақсатпен қолданады.

      

Пайдаланылған әдебиеттер:

        1 Маслова В.А.  Лингвокультурология.– М.: Академия, 2004. – 208 б.

        2 Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері: Актуальные вопросы казахского языка. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304 б.

       3 Кәрімов Х. Қанатты тіл.– Алматы: Санат, 1995.– 144 б.

Уәлиұлы  Н.  Фразеология және тілдік норма. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998. – 128б.

       4 Уәлиұлы  Н.  Фразеология және тілдік норма. – Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998. – 128б.

        5 Снасапова Г.     Ғ.Мүсіреповтің       “Ұлпан”        повесіндегі лингвомәдени бірліктер: филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы: Тіл білімі институты, 2003. –141б.

        6 Айтбаев Ө. Аудармадағы фразеологиялық құбылыс. Алматы: Ғылым, 1975. – 228б.

       7 Балақаев М.,  Жанпейісов Е., Томанов М., Манасбаев Б. Қазақ тілінің стилистикасы.– Алматы, 1974. –190 б.

       8 Шалабаев Б. Көркем шығарма тілі және оны мектепте оқыту. –Алматы: Мектеп, 1982.–  88 б.