Филологические науки/ 8. Родной язык и литература

 

Ахметжанова Ж.Б. филология ғылымдарының кандидаты

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан Республикасы

 

Қазақ халық өлеңдерінің жанрлық түрлерге жіктелуі

 

Қазақ халқы қай заманда болсын өрнекті сөзді жанындай сүйіп, қадір тұтып, қастерлеумен келгендігін өткен өмір бел-белестерінен тануға болады. Бұған осы уақытқа дейінгі қазақтың сөз өнерін зерттеушілердің әр кез, әр шақта жазып қалдырған бағалы пікірлері де жауап береді. Түйіндей айтар болсақ, «ғалымдар қазақтың кестелі өлеңге, сазды әуенге құмар екенін, тіпті әрбір қазақтың бірнеше шумақ өлең шығаруға құдіреті мен қабілеті толық жететінін атап көрсеткен». Сандаған ғасырлардан бізге жеткен халық поэзиясын тұрмыс-салт жырлары, батырлық, ғашықтық, тарихи жырлар, айтыстар т.б. деп жүйелеу қалыптасты. Бұл ежелден қалыптасқан жалпылама атаулар болса, халық поэзиясына қатысты тексерулер нәтижесі әрбір түрдің шығу тегі мен дамуына дейін түбегейлі қарастыру қажеттігін күн тәртібінде ұстады.

Қазақ халқының дарынды ғалымы Ш.Уәлихановтың рухани мұраны жинау, жариялау, зерттеу ісімен айналысқаны мәлім. Соның ішінде халық поэзиясын алғаш рет жүйелеп, тектер мен түрлерге бөліп, жекелей анықтама жасаушы екендігі ғалымдар тарапынан орынды бағаланған. Ғалымның «өлең» атауына қатысты пікірі былайша түйінделген. «Өлең» сөзінің қазақ даласына қолданылуға кіргеніне елу-алпыс жылдан көп аса қойған жоқ», - дейді. Бұған қатысты қазақтың халық өлеңдерін түбегейлі тексеріп, көлемді монографиялық еңбектер жазған, белгілі ғалым Б.Уахатовтың мынадай пікірі бар: «Шынында да, ХІІ ғасыр мен XVIII ғасырдың басында өмір сүрген ақындардың жыр-толғауларында «өлең» терминінің көп кездесе бермейтіні рас. Оның орнына «жыр», «сөз», «толғау» деген терминдер жиі ұшырасады. Демек, бір замандарда «өлең» терминінен бұрын «сөз», «жыр» деген терминдер жиі аталған ба деп қаламыз» [1], - деп жазады. Бұл мәселеге тым терең барып, түрлі пайымдаулар жасаған ғалымдар болған. Мәселен Қ.Жұбанов көне дәуірден жеткен Әбдіқадыр Мұрағидың ХІV ғасырдағы жазылған «Зүбдәтел Әдуар» деген кітабына сүйене отырып, ерте кездегі эпос, музыка, би бір-бірінен айрылмай араласып келгенін, тек кейіндері ғана бөлініп шыққандығын тұжырымдаған. Бұл тұжырымның қисынсыз еместігін өнер зерттеушілері дәйектеп, әсіресе фольклортанушылар жан-жақты дәлелдей түскендігін ғылыми еңбектердің кез-келгенінен кездестіреміз. Анықтай айтсақ, берітіндегі жазылған Е.Ысмайылов, Е.Тұрсыновтың халық ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдеріне қатысты еңбектерінен де, халық поэзиясының бастаулары әмбебап негізде қалыптасқанын анықтай түскен. Асылы бізде «қазақ халқы өлеңге бай», «қазақтың әрбір күні өлеңсіз өтпеген» деген жалпылама өлеңге қатысты ұғым-түсініктер түрлі дәуірлерге қатысты өзгерістерден туған. Ұлы ақын Абайдың өзі «өлең – сөздің патшасы» деуі де бүкіл поэзияға қатысты толық түсінік беріп тұр. Әйгілі Шоқан өзінің қазақ поэзиясына қатысты еңбегінде, «өлең» ұғымын кең мағынада алған. Сонымен қоса, дарынды ғалым «Өлеңді айтушы кімдер?» деген сауалға да жауап берген. «Белгілі өлеңшілер шығарған я бұрыннан бар өлеңдерді домбыраның, қобыздың, болмаса қимыл-қозғалыстың сүйемелдеуімен айтып берушілерді өлеңшілер дейміз», - деп жазғанының өзінде де өлеңге қатысты аса кең танымдық мән-мағына тұр.

Қазақ ауыз әдебиетінің жанрлық түрлері туралы жан-жақты тоқталып, жанрлық классификациясын жасаған зиялылардың бірі Х.Досмұхамедұлы. Оның ауыз әдебиеті үлгілерін 46 түрге бөліп көрсеткені, фольклортану ғылымында бұл үлкен бастама болғандығы орынды бағалана басталғаны тәуелсіздігімізден кейін екендігі де талассыз. Халық ауыз әдебиетіне қатысты Х.Досмұхамедұлы ұсынған классификациясында тарихи өлең атауы тарихи жырларға қатысты қолданылған. Кезінде бұндай жағдай М.О.Әуезов, А.Байтұрсынов еңбектерінде де болғаны белгілі. Солай дей тұрсақ та, Х.Досмұхамедұлы классификациясында тұрмыс-салтқа қатысты өлеңдерді жіктеп келіп, мынадай халық өлеңдеріне тоқталған. «Патша және қоқан үкіметіне қарсы және чиновниктердің бассыздығына қарсы қыздырушы, намыстандырушы өлең» [2], - деп жүйелеп, ол өлеңдер бастауы «Зар заман толғаулардан» алатындығын бөліп көрсеткен. Бұндағы айтылып отырған осы жіктеудің тарихи өлеңге байланыстылығын бүгінгі көзқарас тұрғысынан саралап, толық анықтауға болатыны да мәлім. Рас, халық поэзиясының тек пен түрін тұтастай саралау біздің міндетімізге жатпайды. Біздікі халық өлеңдері қатарына қазақтың тарихи өлеңдері енетінін ескере отырып, халық өлеңдеріне қатысты тексерулер мен халық поэзиясының тек пен түрлеріне жасалған классификациясынан тарихи өлеңдердің орын алғанын немесе орын алмау себептерін айқындау болатын. Егер шолу түрінде айтсақ, тарихи өлеңдер термині XX ғасырдың 70 жылдарына дейін тарихи жырлармен бірге қаралып келген. Жанрлық жағынан ара-жігін бұған дейін шағын көлемді өлеңдер мен көлемді эпикалық шығармалар делінетін жіктеулер орын алған деуге болады. Бұған дәлел келтірейік. 1926 жылы жарық көрген А.Байтұрсыновтың еңбегі ел тәуелсіздігі қарсаңында қайта басылды. Елінің ертеңіне өлшеусіз үлес қосқан айтулы тұлға еңбегінде Ш.Уалихановтан кейін тарихи жырға анықтама беріп, жанрға қатысты былай дейді: «Тарихи жыр деп тарихта бар мағлым оқиғалар турасындағы өлеңмен шығарылған сөздер айтылады. Қазақта өз тілінде жазылған тарих болмағанмен қазақта болған оқиғалар қазақтан шыққан адамдар турасында басқа жұрттардың тарихында жазылған мағұлматтар бар. Халықтың өзінің естен кетпеген, қазақ басынан кешірген оқиғалары толып жатыр. Солар туралы өлең етіп шығарған сөздер болса, солар тарихи жырлар болады. Мәселен: «Орақ-Мамай», «Абылай», «Кенесары-Наурызбай», «Ерназар», «Бекет» өлеңдері – тарихи жырлар болады» [3], - дей отырып, «1879-1880 жылы болған «Қоян» қысының жұты турасындағы шығарған өлең болушы еді. Сонда қыстың қалай болғанын, елдің қандай жұтағанын, қандай аштықтан азап тартқанын айтушы еді. Сол өлең осы күнге дейін сақталған болса, онда тарихи жыр болады. Жанкісі бидің зекетшілері турасындағы айтқан өлеңі қазақтың Қоқанға қараған шақтағы тарихына қатысы бар сөз болғандықтан, бұ да тарихи жыр тобына жатады», - дейді. Мұндағы «Орақ-Мамай», «Абылай», «Кенесары-Наурызбай», «Ерназар», «Бекет» жөніндегі дүниелердің бүгінгі таңда тарихи жырлар екендігі анықталған. Ал екінші –қоян жылы жұтына байланысты туған өлеңдер, тарихи өлеңдер. Үшінші – Жанкісі ақынның атынан айтылған фольклорлық дәстүр негізінде пайда болған тарихи өлеңнің бір парасы. Мұны ақын Қоқан ханы Битемірге айтқан. Ханның зекетшілерінің қаталдығы қарапайым елге қатты батып отырғанын, мәймөнкелемей бірден аттарын атап, бетіне басады. Мысалы:

Біздің елде Жүзбай бар,

Жүзбайдың жүрген жерінде,

Жылау менен ойбай бар.

Қаратамыр Дадан бар,

Еріп жүрген соңында,

Қырық отыздай адам бар.

Бұл өлеңдерді А.Байтұрсынов та тарихи жырларға қосқан. Дәл осындай пікір М.О.Әуезовтің алғашқы құнды еңбегі, Кеңес дәуірінде тыйым салған «Әдебиет тарихында» да ұшырасады. Бағалы еңбекте «Тарихи өлеңдер» атты арнайы тарау беріліп, онда автор тарихи өлеңдер бастауына былайша шолу жасаған: «Нағыз тарихи өлеңдердің басталған кезеңі Абылай заманынан бері деп санасақ, қазірде Абылайдың өз жорығын баяндаған өлеңдер, онан соң Сырым қозғалысын айтатын өлеңдер біздің қолымызға тиген жоқ. Басапаға шыққан өлеңдер жоқ шығар деймін. Жалпы тарих өлеңдері, өз санына қарағанда, ескі батырлар өлеңінен аз болмауы керек», - деп, онан кейін қолдағы бар Кенесары, Исатай, Бекет өлеңдері екендігіне тоқталады.

Сөйтіп келіп, аталған еңбегінде ғалым нақты жанрға байланысты мынадай пікір айтады: «Түр жағынан қарағанда, тарихи өлеңдер, бұрынғы батырлар өлеңімен туысады. Мұнда да сондай елден асып туған ерлердің, ел қамы үшін аттанып, ел тілегін артынан ертіп қастасқан дұшпанға шабуыл жасаған жорықтары жырланады. Осы белгіні алып, одан соң елдің өз бағалауынша Кенесары, Исатайлар кім екенін еске алсақ тарихи өлеңдерді ұлы батырлар әңгімесіне қоспасақ та кейінгі кіші батырлардың ретінде Қамбар, Алпамыстан кейін тіркеуіміз керек. Тарихи өлеңдердің қаһармандарына елдің өзі «Батыр» деп ат қойған» [4], - дейді. Бұдан бірден ғалымның тарихи өлеңдер деп отырғаны тарихи жырлар екендігін түсінуге болады. Ал «Уақыт және әдебиет» атты еңбегінде М.О.Әуезов «тарихи өлең» терминінен басқа, тарихи жыр атауымен ауыстырған. «Қазақ эпосында батырлар жыры мен ғашықтық жырларға қоса тарихи жырлар да мол. Бұл жырлар XVIII және XIX ғасырларда, әсіресе, кең өрістен дамыған», - деп жазады. Демек, бұндай терминдерді қолданыс мәселесінде А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов еңбектерінде де тарихи жырларға қатысты ой-пікірлерде қолданылып келген. Басты себептер Кеңес дәуіріндегі идеологияға қатысты болуы тиіс. Себебі «тарихи жыр» туралы келелі пікір қозғау, ондағы тарихи тұлғалардың бейнесінің фольклорда алғаш жасалғанын айту қиынның қиыны болғаны мәлім. Сондықтан «тарихи өлең» деген терминге жүгінуге тура келген. Өйткені орыс фольклорындағы «историческая песня» терминін қолдану саясат үшін және рухани мұраны жұрт назарына жеткізу үшін қажет болған деп түйіндеуге болатындай.

Тарихи өлеңдер мен тарихи жырлардың арасындағы айырмашылықтар Е.Ысмайылов еңбектерінде ерекшелене бастаған. Тарихи жырларды дәуірлерге бөле отырып, ғалым 1916 жылғы поэзияның өзгешелігі барын аңғарған сты арнайы мақала жазып, 1940 жылдары «1916 жыл» деген жинақ шығарады. Көтерілістердегі  қайғы, мұң-шер өлеңдері пайда болғанын көрсеткен де Е.Ысмайылов болатын.

1916 жыл поэзиясына қатысты Б.Кенжебаев, Х.Ищанов, М.Жармұхамедов еңбектерінің жарық көрулері, тарихи өлең мен тарихи жырлардың шығу тегі мен пайда болу заңдылығын ашуға ықпал еткендігін пайымдауға болады.

«Жанр – тек типологиялық қана ұғым емес, ол – әрі тарихи ұғым, құбылыс, категория. Сондықтан жанрды зерттеу үшін оның қашан, қай дәуірде пайда болғанын анықтау аса маңызды. Өйтпеген жағдайда зерттеп отырған жанрдың басқа жанрлар арасындағы рөлі мен орнын, маңызын ашу. Сондай-ақ, оның өзіндік қасиеттерін анықтау оңай емес» [5]. Шындығында өзіміз қарап отырған тарихи өлеңдердің нақтылы жанрлық ерекшелігін дәл тауып, дәлме-дәл айқындай алмады дегеннен гөрі, жоғарыдағы аталған А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы, М.О.Әуезов, Е.Ысмайылов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов және тағы басқа ғалымдарға негізгі тұжырымдарын ашық айтуға мүмкіндік бермеді дегеніміз дұрыс тәрізді. Себебі, сол дәуірде тарихи өлең мен тарихи жырдың шығу тегі, дамуы, қалыптасуы мен тұрақтануын түбегейлі дәлелдеп шығудың оңай емес екендігі мәлім болатын. Әйтпесе профессор Н.С.Смирнова: «Тек, нағыз тарихи шығармаларға тән негізгі сипаттар тарихи өлеңдердің ең кішігірім түрлерінде ғана сақталған», - деп жазар ма еді. Ғалым еңбегінде көлемді эпикалық жырлардың барлығы мойындалып отырады. Солай десе де, тарихи өлең дегенді үлкенді және кішігірім деп жіктеуге жол береді. Керек десеңіз Н.С.Смирнова тарихи жырларды «поздний героический эпос» («кенже эпос» - Е.Тұрсыновтың аудармасы бойынша) деп анықтама берген. Мұның бәрі фольклордың табиғатын терең түсінетін ғалымдар тұжырымдамасы. Ескертетін бір мәселе осының бәрі, түп төркіні «империялық» саясатта, анықтай айтсақ, билігін жүргізіп тұрған «орыс фольклорына» қарайлаудан келіп туындағаны даусыз. Аты айтып тұрғандай, тарихи өлең мен тарихи жырлардағы тарихтың неге байланысты екендігі, қандай дәуірлердің сыр-сипаты мен елесі бар екендігі сол дәуірде партияның қырағылы арқылы бақыланып, айтылған бетте тосқауыл жасалып бақты. Оның дәлелді жауабын А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедұлы еңбектерінің көзден тасалануы, айтулы М.О.Әуезовтің «Әдебиет тарихы» кітабының табан астында туралып, қайта жарық көруге тыйым салынғандығы береді. Мұның соңы үркіту, рухани қазынаға үңілгісі келгендерді үнемі қадағалап отыруға алып келгендігі бүгін жан-жақты ашылып, шынайы бағасы беріліп жатқаны баршаға түсінікті.

Мәселен орыс және Европа фольклористикасына ерекше үңіліп, қазақ фольклорының болмыс-бітімін сол тұрғыдан қарағандықтан, профессор Н.С.Смирнова тарихи өлеңнің дербес жанр екендігін айта отырып, қазақ фольклорында тарихи өлең жанры кеш туғанын, бұндай өлеңдер XIX ғасырда пайда болғандықтан, толыққанды түрге айналмаған деген түйінге тоқталған. Тарихи жыр мен тарихи өлеңдерге қатысты кейінгі еңбектерге назар аударсақ, мәселе басқаша болып шығады. Себебі тарихи өлеңдер Европа халықтарында кенже қалған шығармалар, өйткені ондай өлеңдер мемлекеттің пайда болу кезеңінде туатын жанр деген концепция қалыптасқан. Ең басты мәселе, нақты ұстаным осылай болса, онда түркі халықтары дүниесіне үңілгенде күні кешегі Кеңес дәуірі түркі әлемі дүниесін жоққа шығарып, бір кезеңдегі түркі халықтары бірлестігінің болғанын мүлдем есепке алғызбай келді. Түркі бірлестігіне жататын көшпелі халықтарды «бұратана халықтар», «қырғыз-кайцах», «жабайы халықтар» деп тұжырымдады. Кеңестік дәуірде «бұл сұрыптау» тарихтың тереңіне бойлатпай, берідегі ғасырлар шеңберімен «дұрыстауға» күш салынды. Мұны түрлі қаулы-қарарлар, партияның қырағылығына қатысты құжаттардың бүгінде бұлтартпай дәлелдей алатындығы белгілі жәйт. Алысқа бармай-ақ елуінші жылдардағы қазақ эпосына байланысты дискуссиялар «халыққа жау», «зиянды» деген ұстанымдарынан бір танбады. 1953 жылғы Алматыда Қазақ ССР Ғылым академиясы Президиумының ұйымдастыруымен өткен қазақ эпосына қатысты дискуссияның қорытындысыда «сұрыптау» және «дұрыстау» дегенге жауап беретіндігін көреміз. Міне, осындай қатерлі өткелдерден өтіп, ұрпақ санасына жетуде сандаған рухани мұраларымыз қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерді. Соның бірі – біз арнайы сөз  етіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі арнайы тақырып етіп алып отырған – тарихи өлеңдер.

Қазақ халқының басынан кешкен ірілі-ұсақты оқиғалар көптігі бүгінгі таңда жан-жақты бағасын ала бастады. Міне, соның нағыз шынайы көрінісі, халықтың түрлі оқиғаларға деген ашу-ыза, көңіл-күйі шағын тарихи өлеңдерде сәулесін қалдырған. Айтылу барысында тарихи өлеңдегі арман-тілек, мақсат-мүдде бірте-бірте өсіп-өркендеу арқылы көлемді эпикалық жырлар туғызуға ықпал еткен. Оның нақты сыр-сипатын ашып, поэтикалық болмыс-бітімін саралаудың ең бір күрделі тақырып бола алатындығын осыдан аңғаруға болады. Себебі шағын тарихи өлеңдегі түйін елдің тағдыр-талайы, бастан кешкен тар жол, тайғақ кешуі екені анық.

Сондықтан тарихи өлең табиғатын тану – қазақ халқының тарихын тану болмақ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.     Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. –Алматы: Ғылым, 1974. -288 б.

2.                     Досмұхамедұлы Х. Аламан. (Құрастырушылар, алғы сөзін және түсініктемелерін жазғандар – Ғарифолла Әнесов, Аманқос Мектепов, Шәмшәдин Керімов). –Алматы: Ана тілі, 1991. -176 б.

3.                     Байтұрсынов А. Шығармалары: өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. (Құрастырған: Шәріпов Ә., Дәуітов С.). –Алматы:Жазушы, 1989.-320 б.

4.     М. Әуезов Әдебиет тарихы. –Алматы, 1991. – 275

5.     Қасқабасов С. Қазақ халық прозасы. –Алматы: Ғылым, 1984. -272 б.