«Жасыл экономика» және акме-қоғамға тән инновациялық шешімдер

 

Қазақстан – әлемдегі экономикасы, әл-ауқаты, әлеуметтік тұрмыс деңгейі планетадағы 50 алдыңғы қатарлы елдердің ішіне енді ғана ендеп кіре бастаған қазіргі заманауи экономикалық және әлеуметтік-саяси инновациялық жетістіктерді кеңінен қолдануға бейім осы заманғы мемлекет. Көптеген позициялар тұрғысынен Қаззақстан Республикасы кемелдік пен жетістіктерге жетті, талай асуларды артқа тастады. Алайда әлі де шешімін күтіп тұрған проблемалар да аз емес. Олардың ішінде аса өзектілерінің бірі «жасыл экономика» және акме-қоғамға тән инновациялық шешімдер тізбегі.

Өйткені әлемде болып жатқан өзгерістердің мазмұны мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді даму перспективасын, стратегиялық тың іс-шаралар ауқымын талап етеді.

Сонымен соңғы жылдары көптеген теориялық-тәжірибелік негіздерде жан-жақты салаларда кеңінен қолданыла бастаған акме ұғымының негізгі мәні неде, оның инновациялық күш-қуаты нендей деген сұрақ туындар болса сөзді алдымен оның қысқа тарихынан бастаған жөн болар. Өйткені

«жасыл экономика», «акмеқоғам» ұғымдарының инновациялық яки жаңашылдығы, сайып келгенде ең бір өзекті мәселелер қатарында тұрғаны сөзсіз аксиома.

Жалпы, акме ұғымы мен түсінігі әуел бастан психологиялық мәндері басымдау термин анықтамасы болатын-ды. Акме – тұлғаның дамуының жетілгендігі және іс-әрекет пен шығармашылықта едәуір жоғары жетістіктерге жетумен сипатталатын оның соматикалық, физиологиялық, психологиялық және әлеуметтік күйі. Бұл күй адамның жасымен байланысты шамамен 30 жастан 50 жас аралығын қамтитыды. Кейбір творчествалық тұлғаларда ол ары қарай да жалғасуы мүмкін. Математика саласында ең жоғарғы жетістіктер 30 жасқа келеді, ал көркем әдебиетте – 50 жастан кейін және т.б. Акме күйінен кейін адамның организмінде инволюциялық процестер пайда болады. Бұл олардың кейбір физиологиялық және психологиялық функцияларының әлсіреуінде, еңбек қабілетінің төмендеуінде және т.б. көрініс табады. Адам жетілуінің жоғарғы  шыңы (акме) – оның өмірінің ұзақ уақыт қамтитын кезеңнен тұратын және әрқашан да оның қаншалықты азамат, белгілі бір іс-әрекет саласының маманы ретінде қалыптасуын білдіреді. Сонымен қатар, акме ешқашан тұрақты болып табылмайды, ол аз немесе көп вариативтілікпен, өзгергіштікпен айрықшаланады. Антикалық өмірбаяндарда «акме» деп өмір мен шығармашылықтың жоғарғы нүктесін, ең жақсы кезеңін атаған. Қазіргі заманғы акмеологияны – «гүлдену кезеңі» жөніндегі ғылымды – ең алдымен, әртүрлі мамандықтардағы адамдар қай жаста оған жететіні және осы деңгейде қанша уақыт тұра алатыны қызықтырады...

Жалпы бүгінде акме ұғымының аясы мейлінше түрленіп, өз шекарасын барынша кеңейтіп, ол қоғам дамуының барша дерлік салаларында инновациялық термин ретінде кеңінен қолданыла бастады.Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2015 жылға арналған Қазақ­стан халқына «Нұрлы Жол-болашаққа бастар жол» Жолдауында. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру мәселесіне қатты назар аударылғаны баршаға мәлім. Ал осыдан бес жыл бұрын "Российская газета" басылымының 2009 жылғы 2 ақпандағы санында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Дағдарыстан шығу кілті" атты мақаласы жарияланғаны және жадымызда. Онда мемлекет басшысының әлемдік экономикалық дағдарысты еңсеру жөніндегі ұсыныстары атап көрсетілген еді. Өте бір қызығы аталмыш мақалада, Қазақстан президенті дүниежүзілік қауымдастыққа акме-капитал немесе акметал деп аталатын әлемдік валютаны енгізуді ұсынды. Осы мақалада мынадай жолдар бар: «Бүгінде елдер мен континенттерді тітірентіп тұрған жаһандық әлемдік дағдарыс - бұл адамзат әлі біліп болмаған айрықша құбылыс. Ол әлем тарихында теңдесі жоқ және әлемдік тәртіпті, барлық экономикалық бастауларды түбегейлі өзгертетін құбылыстар санатына жататыны анық. Сондықтан да оны талдауға, ой-елегінен өткізуге және еңсеруге барлық ескі догмалар мен стереотиптерді қайта қарастыратын жаңаша көзқарас қажет...». [1].

Ал академик Ғарифолла Есім өзінің «Егеменді Қазақстан» газетіндегі «Бесінші жол» - Елдік рух философиясы атты көлемді мақаласында өз пікірін былай білдірген: «2007 жылдың тамызында нақтылы белгілі болған әлемдік қаржы дағдарысына үстіміздегі жылы үш жыл болмақ. Осы жылдары Елбасы әлемдік дағдарыстың мазмұнына сараптама жасап, одан шығудың жолдары туралы екі мақала жазды. Бірі «Дағдарыстан шығу кілті» («Российская газета» 02.02.2009.), екіншісі «Бесінші жол» («Известия» газеті 22.09.2009.). Бүгінгі әңгіме тақырыбы соңғы мақала төңірегінде болмақ.

Н. Ә. Назарбаевтың «Бесінші жол» деген әлемдік қаржы дағдарысына сараптамалық еңбегі мазмұны жағынан «Дағдарыстан шығудың кілті» мақаласының жалғасы. Мақаланы мұқият оқыған адамның санасына салмақ түсіретін ойлар баршылық, мысалы, Елбасы: «Жаһандық дағдарыстың бізге айқын көрсетіп отырғанындай, техника-технологиялық жөн-жосық бүгінгі таңда ел мен әлемнің өркендеуі үшін негізгі нәрсе емес» деген түйін жасаған. Ойланатын жағдай! Неге бұлай дегенді келесі сөйлем анықтап отыр. «Қайта жаһандық дағдарыстың басты көзі мен түйінді себебі дәл осы техникасы мен технологиясы жоғары дамыған елдер болып шықты». Міне, мәселенің айқындығы. Қазіргі әлемдік қаржы дағдарысына бастап әкеліп, оның батпағына өзге елдерді батырып жатқан «өркениетті» деген елдер. Дағдарысты дүниеге әкеліп, әлемдік «кептеліске» салған Батыстың «дамыған» деген елдері. Бұл қалай?..

Қоғам – басты феномен. Прогресс қоғам көрсеткіші. Ал, валюта-қаржылық жүйе ол дерттің, яғни қоғам дертінің көрінісі. Демек, мәселе тағы қоғамға тірелмек. Мұндай жағдайда қоғамдық прогресстің векторы – постиндустриалдық қоғам болуы керек, оны акме-қоғам деп атау жөн. Қоғамның кемелдікке ұмтылысы қарқынды болмаса, қаржы-валюталық жүйе сауығуы қиын іс» сындарлы ой-пікірлер айтылады аталмыш мақалада [2].

Мейлінше кең мағынасында Акме қоғам адамзаттың бағзы замандардан арман етіп келе жатқан коғамы. Алайда ол утопия да емес. Тарихтағы ақыл-ой алыптары Сократ, Құнфудзы, Ұлы пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с. өз топырағымыздан шыққан  Әбунасыр Әл-Фараби, Абай сынды даналарымыз адам бойында болуы тиіс асыл касиеттерді дәріптей келе адам өмірінің мән-мағынасы мен асыл мұрат, мақсатын айқындап бергені мәлім. Жалпы, өткен замаңдардағы барлық ғұламалардың өмірге деген көзқарастары сайып келгенде бір арнаға — адам бойындағы ізгілікті қасиеттер арнасына келіп тоғысып жатады. Солардың барлығы да адамзаттың бақытқа жету жолын осы ізгілік арнасынан іздейді.

Академик ғалым Ғарифолла Есім өзінің көпке бірден мәлім болған алдыңғы бір "Акме — қоғам болмысы"  мақаласында Сократтың 'Ізгілікті білім" идеясың  талдай келе оны "Сократ қағидаты" деп атайды да "Осы қағидат тек білім саласында ғана емес,  акме-қоғамның басты қағидаты болуы керек" деген маңызды ұсыныс жасайды. Ал ізгілікті қасиеттер адамдардың бойына, қоғамымызға  өз-өзінен келе қоймайтыны белгілі. Сондықтан  мемлекет тарапынан идеологиялық кешенді іс- шараларды жүзеге асыру қажет.

         Иә, сонымен сөз болғалы отырған акме-қоғам туралы әңгімеге нақтылы көшсек, айтпағым, бұл бүгінше әлі толық мәнінде шындықта жоқ қоғам. Кезінде әділетті қоғамды армандаған ағылшын Томас Мор әлі орнамаған, бірақ болуы мүмкін үлгілі қоғамды Утопия деп атап еді. Біз сөз етіп отырған акме-қоғам – адамзаттың арманына сай қоғам. Сэр Томас Мордың лексикасында, ол утопиялық қоғам. Утопия туралы маркстік ілім негізінде сана қалыптасқандықтан, біз оны өз мәнінде қабылдай алмай жүрдік. Ең алдымен айтарым, утопия – болашақ туралы сана. Сонда утопия дегеніміз мынандай түсініктерден тұра­тынын нақтылап, саралап, ұғынықты етіп алуымыз қажет, олар: қиял, үміт, арман. Әрбір адамның болашақ туралы қиялы, үміті, арманы бар. Қиял деген сана өрісі, онсыз ой жоқ. Үміт дегеніміз, жақсылық туралы қиял өрісі, арман деген адамның асыл үмітінің өрісі. Әр адамның өз ғұмыры әрі “алтын ғасыры” бар, сол “алтын ғасырдың” есімі – арман. Осы тұрғыдан келсек, акме-қоғам адамзаттың арманы, яғни “алтын ғасыры”. Әрине, мәселені осылай қою арман, бірақ жүзеге асатын арман, оның басты себебі, бүгінгі күніміздің кемшілігі тым айғақты болып, әлем елдері терең дағдарысқа түсіп отыр, бұл кезінде жер бетін жапқан, тіршілікке қауіп-қатер төндірген “Топан суға” ұқсас жағдай. Осындай халден құтқарушы Нұқ пайғамбар керек, оның жан сауғалайтын кемесі керек. Сол кеме акме-қоғам болмақ.

Мәселе, Елбасы айтқандай, Нұқ кемесін қалай жобалауымыз, яғни адамзатқа қажетті акме-қоғамды қалай құруымыз керек, ол үшін не істемекпіз? Жаңаша ойлау керек, орыс халқының “жаңа дегеніміз ұмытыла бастаған ескі” деген сөзі бар, яғни Түбегейлі Жаңару Жоспары дегенді тек қиялдан іздемей, өзіміз басып жүрген қара жер бетінде қалыптасып, сұрыпталған, әдет, дәстүрлерге айналған түсініктерден бастаған жөн. Абай айтқандай, “кісі айтпаған сөз бар ма”.

Қоғам дегенде, жоғарыда айтылған мақалада, оның түрлерін атап айт­қанмын, енді солардың ішінде бесеуіне ерекше тоқталмақпын. Олар: дәстүрлі қоғам, буржуазиялық (капита­лис­тік) қоғам, социалистік қоғам, пос­тин­дус­триялық қоғам және ақпараттық қоғам. Ондағы мақсат осы бес түрлі қоғам болмысынан сөз етіп отырған акме-қоғамға қажетті құрылым, жүйелер, қағидалар, құндылықтар іздеу,-дейді [3].

Қөбіне көп білгір ғалым Ғарифолла Есімге сілтеме жасп отырған басты себеп – акме қоғам мәселелеріне қатысты қазақ тілді басылымдар мен еңбектерде нақ Ғарифолла Есімнің үлесі алдыңғы қатарда тұр. Оған тағы бір дәлел: академик ағамыздың көпке танымал болған: «Саяси философия.Акме қоғам мәселелері» атты туындысы [4,181-197]. Шынында да акме-қоғам болмысына дәстүрлі қоғамнан – дәстүрді, капиталистік қоғамнан – іскерлікті, оның технологиясын, постиндустриялық қоғамнан – өркениет үрдістерін, ақпараттық қоғам­нан – сапалы білімді (ізгілікті білімді) алсақ, акме-қоғам іргесі қаланбақ. Сондықтан акме-қоғам туралы қиял­даймыз, үміттенеміз, армандаймыз. Оның үстіне акме-қоғам мәселелері қазіргі қазақ қоғамында өз көріністерін тауып жатыр, мысалы, Елбасының “Қазақстан-2030” және “Қазақстан-2050” Стратегиялық бағдарла­маларында бұлардың дені нақтыланған. Демек, қоғам – басты феномен. Ал прогресс қоғам көрсеткіші. Ал, валюта-қаржылық жүйе ол дерттің, яғни қоғам дертінің көрінісі. Демек, мәселе тағы қоғамға тірелмек. Мұндай жағдайда қоғамдық прогресстің векторы – постиндустриалдық қоғам болуы керек, оны акме-қоғам деп атау жөн. Қоғамның кемелдікке ұмтылысы қарқынды болмаса, қаржы-валюталық жүйе сауығуы қиын іс. 

Акме-қоғам болмысынана қатысты факторлар мәні алдымен инновациялық стратегиялық бағдарлармен тығыз байланысты. Оның ішінде энергия көздері мен «жасыл экономиканың» орындары ерекше.

Қазір елімізде «Жасыл даму» кешенді жоспары аясында балама энергия көздеріне барынша ден қойылуда. Мәселен, Жамбыл облысында, оның ішінде, Қордай ауданында да соңғы жылдары жел мен күн сәулесінен электр қуатын өндіретін стансалар салынып жатыр. Бұлар өндірістік негіздегі үлкен нысандар болса, биыл оның шағын шаруашылыққа, тіпті, отбасына арналған кішігірім үлгілері де пайда бола бастады. Бұған мемлекеттік «Жұмыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қол жет­кізіліп отыр. Бағдарламаның өз бизнесіңді дамытуға жетіспейтін инфрақұрылымдарды жүргізуге мүмкіндік беретін бағыты бойынша биыл онға тарта қордайлық шаруа қожалықтарының ең шалғайдағы қыстауларына шағын жел және күн электр стансалары орнатылуда. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жүзеге асырылып жатқан шараның тиімділігі зор. Біріншіден, электр желісін тартуға мүмкіндік жоқ алыс мал жайылымдары мен қыстаулардағы малшы қауым тұ­рақты электр жарығымен қам­тамасыз етіледі. Қуаты – 3,2 вольт. Бұдан шопанның үйі мен қора-жайындағы самаладай жарық өз алдына, отбасымен теледидар көріп, тоңазытқышы жұмыс істеп, тіпті, электрмен сүт сауу, сүтті тарту, жем жару агрегаттарын іске қоса алады. Екіншіден, бұл үшін малшының қалтасынан шығын шықпайды, қондырғылардың бағасы да, оны орнатып беру ақысы да мемлекет есебінен төленеді. Мұндай игілікті пайда­лану­дың өзіндік ережесі бар. Шаруа қожалығы өндірісті дамыту, яғни отарлы мал өсіруді кеңей­ту мақсатында шағын несие алатын болса, инженерлік инфрақұрылым үшін қосалқы техникалық жабдықты сатып алуға өтінімді қоса беруіне болады. Ол үшін қыстауы шалғайда орналасқан болуы шарт. Облыстық комиссия ұйғарымымен шағын электр стансасын орнатуға лайық деп табылған шаруа қожалығы үшін техникалық жабдық мемлекет есебінен сатып алынып, бағдарламаға қатысушы ретінде шаруа қожалығының меншігіне беріледі. Бұл жерде сатып алынатын қондырғылардың құны берілетін шағын несие сомасынан ( 3 миллион теңге) аспауы тиіс. Осы мақсатқа биыл ауданға республикалық бюджеттен 30 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл кемінде он шаруа қожалығын шағын электр стансасымен жабдықтауға есептелген. 2010 жылдың маусым айында ауданның төрт шаруа қожалығына осындай шағын жел және күн электр қондырғылары орнатылған болатын. Біз солардың бірі Ноғайбай ауылдық округіндегі «Айбар» шаруа қожалығының қыстауында болдық. Көліктер оңайлықпен жете алмайтын, жолы қиын биік тау бөктеріндегі Беріктас деген жердегі бұл қыстау шынында да желдің өтінде екен. Қора маңына орнатылған жел ебелегі сонадайдан көзге шалынды. Қасында он панельден тұратын күн сәулесінен қуат өндіретін қондырғы және тұр. Әзірге мұндай шағын стансалар бүкіл ауданда санаулы ғана. Кенен ауылындағы «Дарын», Қарасудағы «Данияр» және Масаншы ауылдық окру­гін­дегі «Итішпес» шаруа қожа­лықтарында жұмыс істеп тұр. Әрқайсысы 2 миллион 950 мың теңге тұратын қондырғыларды алматылық «Казахстанские ветроэнергетические технологий» ЖШС әкеліп орнатқан екен. Алма­тылық «SamaL ENERGV» ЖШС әрқайсысы екі миллион теңгеге жуыққа бағаланған үш қондырғыны Масаншы, Қарасай ауылдық аймақтарындағы «Мә­дина», «Бірлік», «Елдос» шаруа қожалықтарының қыстауларына орнатуда... Бір ғана мысалдан көп нәрсе түйуге болады деген осы [5].

         Сонымен, “акме-қоғам” – жаңа ұғым. Сонымен бірге қоғам, ең алдымен, әр­бір адамның азаматтық келісім кеңістігі. Қоғамның іргетасы осы азаматтық келі­сімде, ол дәстүр, заң арқылы мемлекет­тік құрылымда өз үйлесімін таппақ. Тарихтан белгілі бұл үйлесім.

         Қорыта айтқанда, біздің еліміз тәуелсіз Қазақстан – әлемдегі экономикасы, әл-ауқаты, әлеуметтік тұрмыс деңгейі планетадағы 50 алдыңғы қатарлы елдердің ішінен бүгіндеі ғана орын алды. Демек еліміз заманауи экономикалық және әлеуметтік-саяси инновациялық жетістіктерді кеңінен қолдануға бейім осы заманғы мемлекеттер қатарында болуы керек. Олардың ішінда алдыңғы позицияларды иемденетіні, сөз жоқ, «жасыл экономика» және акме-қоғамға тән инновациялық шешімдер табу мәселесі өзінің өзектілігімен ерекшеленеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1.      http://freeref.ru/wievjob.php?id=181666

2.      Егемен Қазақстан.-2010.17.06.                                                                                    

3.      Егемен Казақстан.-2009.18.03.

4.      Есім Ғарифолла. Саяси философия. Акме қоғам мәселелері.-Астана: Елорда, 2009.-376 б.

5.      Айқын.-2010.-15.-07.