Политология/10. Региональные политические процессы

Абдықалық А.А., с.ғ.к., Бисенова А.З., с.ғ.к.

Алматинский университет энергетики и связи, Казахстан

Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының

негізі  -  ұлтаралық келісім

 

          Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан халқы күрделі тарихи кезеңді басынан өткізді. Ұлтаралық қатынастардың дамуы еліміздегі саяси институттардың қызметінің түбегейлі өзгеруімен, экономикалық реформалармен және рухани идеологиялық жаңалықтармен қатар жүріп отырды. Жалпы ұлттық саясат тарихи қордаланған қайшылықтардың және жаңа әлеуметтік экономикалық проблемалардың тигізген зардаптарын азайтуға бағытталды. Негізінен бұрынғы кеңес республикаларынан ажырап қалған диаспораларды жаңа саяси жағдайға бейімдеуге бағыттылып, олардың этномәдени сұраныстарын қанағаттандыруға, мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде білім алуына, сондай-ақ, мәдени – рухани мұраның жаңашалануына мән берілді. Мемлекеттің саясаты тарихи қалыптасқан дәстүрге, ұлттық құндылықтарға қысым көрсетпеуге, төзімділікке және халықтардың ғасырлар бойы бірге өмір сүрген тәжірибесіне сүйеніп келеді. Мемлекет тарапынан жасалған іс-әрекеттер қазақтардың және басқа да диаспоралардың ұлттық сана сезімінің оянуын кертартпа күштердің өз мақсаттарына пайдалануына жол бермеді. Яғни, қоғамдық келісімді сақтауды қамтамасыз етті. Мемлекеттің этникалық құрамын есепке алмай, тиімді ұлт саясаты болуы мүмкін емес. Бүгінде Қазақстан жерінде қазақтардан басқа әр түрлі этникалық қауымдастықтар өмір сүреді. Атап айтсақ, әр заманда әр түрлі жолмен қоныстанған славян және еуропалық тектес этникалық топтар, мәдениеті мен тілдері жағынан қазақтарға жақын шығыс этностық диаспоралар мен бұрынғы Одақтың және алыс шет елдік ұсақ этникалық топтар. Әртүрлі этнос өкілдерінің барлығы жаңа мәдени қауымдастықты және қазақстандық халықты құру процесіндегі өз ролінің маңызын түсенеді. Оның үлгісі еліміздің негізгі заңы Конституция- « Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» [1] деген сөздермен басталады.

   Ел басшылығы қоғамды тұрақтылықта сақтаудың ең маңыздысы этникааралық және дінаралық келісім болып табылатын бірегей тетіктерді дайындады. Қазақстандық мемлекеттілікті құрудың төмендегідей бірнеше қағидалары жасалынды. Яғни, Қазақстанның көпұлттылығы мен көпдіндігін көрсететін, этникалық, көпконфессиялық және тілдік әралуандылығы; этностардың мәдениеті мен тілдерін дамытуға мақсатты түрде жағдай жасау; ішкі және халықаралық қатынастардағы толеранттылық пен жауапкершілік; қазақ этносының біріктіруші ролі және Қазақстан халқының бірлігі. Аталған міндеттерді жүзеге асырудағы айқындаушы рол, Президенттің Жарлығымен 1995 жылы құрылған, Қазақстан халқы ассамблеясына берілді. Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) республиканың барлық өңірлерінде өкілдіктері бар, Президент жанындағы консультативті кеңесші орган болып саналады. ҚХА әр ұлттың азаматын саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардың жаңаруына жұмылдырып отыр. ҚХА Стратегиясының негізгі басымдықтары төмендегідей болды:

ñ халық пен мемлекет мүдделерінің басымдылығы;

ñ нәсіліне, ұлтына,тіліне, дініне, әлеуметтік тегіне қарамастан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының теңдігі, заңның басымдығы;

ñ еліміздің беделін түсіруге қабілетті, сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына кедергі жасайтын әрекеттерге, сөз сөйлеу мен пікір айтуға жол бермеу және алдын алу қоғамдық тұрақтылықтың, ұлт мәселесін әділ шешудің негізі ретінде;

ñ мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне зиян келтіруге, әлеуметтік, ұлттық, таптық және діни алауыздықты шиеленістіруге бағытталған әрекеттердің алдын алу;

ñ халықаралық ұйымдар және азаматтық қоғам институттарымен интеграциялық қатынастарды нығайту[2].

   2008 жылғы конституциялық реформа нәтижесінде, ҚХА Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне депутаттар сайлау құқығын алып, ұйымнан сайланған 9 депутат еліміздегі барлық этностардың мүдделерін жүзеге асырады. Бүгінде ҚХА елдің саяси жүйесінің толық құқылы субьектісі болып табылады. Сонымен қатар, ҚХА-ның жұмысында, оның еліміздің өңірлеріндегі этномәдени орталықтарының бөлімшелерінің қызметі ерекше орын алады. Аталмыш ұйымның жемісті қызмет атқарып келе жатқанына биыл 20 жыл толып отыр. Ассамблея қызметінің басты негізінде, еліміздің және этномәдени бірлестіктер тұрғысындағы азаматтық қоғам институттарының әріптестік ұстанымдары тұр. Дегенмен, ұлтаралық теңдікті сақтау мәселесін тек мемлекеттік мекемелердің күшімен шешу мүмкін емес, мұнда ауқымды қоғамдық сұхбат және азаматтық қоғам тетіктерін жан-жақты пайдалану қажет. Еліміз бастамашы болған, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сұхбат алаңы ретінде әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаға ие болды. ЕҚЫҰ елдері этникааралық қазақстандық үлгіге үлкен қызығушылық танытып отыр.

   Ұлтаралық қатынас пен мәдениет әралуандықтың бірлігін атап айтқанда, ұлттық, жалпыадамзаттықтың бірлігін және күллі өркениеттің бірлігін айқындайды. Бүгінде Қазақстанда жалпыұлттық келісімге қол жеткізудің барлық алғышарттары жасалған. Бұл дегеніміз, барлық халықтың еркін дамуы үшін тең құқықты және тең мүмкіндікті қамтамасыз ететін мемлекет ретіндегі елдің болашақтағы нұсқасын айқындайды.

                               Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы (30 тамыз,1995 ж.). Астана, 2007.

2. Бисембаев А. А. Қазақстан Республикасындағы саяси жобалаудың негізгі элементтері. Астана, 2010.