Политология/10. Региональные политические процессы

 

Абдықалық А.А., с.ғ.к.

Алматинский университет энергетики и связи, Казахстан

 

Халықты әлеуметтік қорғаудағы кейбір өзекті мәселелер

 

 

Қазақстандағы әлеуметтік саланы реформалау үрдістері обьективті түрде әлеуметтік саясаттың консервативтік бағытына қарай жақындады. Мемлекет белгілі бір дәрежеде тұрғындар алдындағы жауапкершіліктен бойын аулақ салып, бұл міндетті азаматтардың өз мүмкіндіктері мен ынта-ықыласына аударды. Бұл әлеуметтік саясаттың өзін-өзі ақтамаған социалистік жүйесінің нәтижесі және қоғам өмірінің басқа да салаларын терең реформалаудың салдары болып табылады. Жекеменшік институтын енгізу, азаматтардың материалдық тәуелсіздігінің маңызды кепілдіктерінің бірі болды. Ал, мемлекет тұрғындардың неғұрлым аз қамтылған топтарына ғана әлеуметтік қорғау кепілдігін бере алады да, оны адресті түрде жүзеге асырады. Мемлекеттің әлеуметтік кепілдігі төмендеп отырған қазіргі жағдайда Қазақстанның әлеуметтік саласының өзі либералдық дәстүрлер рухында елеулі реформаларға душар болды. Мәселен, мектепке дейінгі білім беру мекемелері заңды кәсіпкерлер мәртебесіне ие бола отырып, өз бетінше қаржы қызметін жүргізуге көшті, сөйтіп қосымша пайда табу мүмкіндігіне ие болды. Барлық жоғары оқу орындарында қосымша ақылы оқыту енгізілді, тұрғындарға медициналық қызмет көрсету саласында ақылы қызмет түрлерінің үлесі артты.

Қазақстан Республикасының Конституциясында біздің еліміз әлеуметтік мемлекет деп жарияланған[1].Дегенмен, қазіргі даму бағытымызға көз салсақ, біздің мемлекетімізде әлеуметтік мемлекет белгілері де, ішінара либералдық бағыттың кейбір белгілері де қалыптаса бастағанын байқаймыз. Қазіргі мемлекеттердің барлығы дерлік әлеуметтік және либералдық болып екіге бөлінеді. АҚШ осы либералдық жолды таңдады. Ондай мемлекеттер азаматтардың экономикалық өміріне қол сұқпауды басты міндеті деп санайды. Ондай либералдық мемлекеттерде тұрғындар шаруашылық саласында мемлекеттен тәуелсіз өмір сүреді. Ал мемлекет тұрғындарға қандай да бір әлеуметтік көмек көрсетуге міндетті емес. Әлеуметтік мемлекеттерде керісінше, әрбір тұрғын мемлекеттің назарында, оның қолдауы мен көмегіне иек артуға құқылы. Бұған айырбас ретінде, ол белгілі бір экономикалық еркіндіктерден бас тартуы керек. Яғни «прогрессивті салық» төлеуге, бәсекелестік күресті шектеуге, нарықтық стихияда табысты қысқартуға дайын болуы қажет. Бұндай жағдайда, мемлекет адамдардың шаруашылығына араласып, материалдық байлықты теңдей бөлуге мүмкіндік алады. Сондай кезде, аса байлардың қаржысын кедейлерге бөліп беруге құқылы. Демек, бұл мемлекеттерде аса байлар мен аса кедейлер болмауы тиіс. Оны мемлекет байларға салық салу арқылы реттеп отырады. Дәл осындай мемлекеттің үлгісін Еуроодақ жасап отыр.

Жыл сайынғы бюджетті жоспарлағанда әлеуметтік мәселелерге көбірек мән беріліп келеді. Елбасының дәстүрлі Жолдауы да әлеуметтік төлемақыларды көбейтуден басталады. Бірақ бұның барлығын, инфляция жұтып қояды. Дегенмен, мемлекет жыл сайын әлеуметтік төлемақыларды көбейту арқылы осы бағытта әлеуметтік саяси іс-әрекеттердің тұрақты жүргізіліп келе жатқандығын дәлелдейді. Бірақ, кейбір көрсеткіштер бойынша либерализмнің көрсеткіштері басым болуы заңды құбылыс екенін жоққа шығармайық. Жалпы, әлеуметтік саланы соншама түбегейлі реформалауды жүзеге асыру бірқатар кемшіліктерге ұрындырды. Олардың белгісі халықтың негізгі бөлігінің жаңа лепке деген психологиялық дайындығының жоқтығынан айқын аңғарылды. Тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғаудың нормативтік базасы бола тұра, оны іс жүзіне асыру, өтпелі кезеңнің заңды бюджеттік зәрулігіне келіп тіреліп жатады. Мұндай жағдайда, әлеуметтік салада өз еркімен қызмет атқаруға қолайлы жағдай жасау, қалыптасқан тұйықтан шығудың бірден-бір жолы болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда әлеуметтік саясатты жүзеге асырудың экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси мәні де жоғары болғандықтан оны мемлекеттік қолдаудың көмегінсіз, өз дәрежесінде жолға қою мүмкін емес. Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясат саяси жүйені бейтараптандырудың құрамдас элементі, ал оның теориялық негізінің мәні жағынан либералды-консервативтік үлгі болып қала бермек.

Сонымен елімізде 1995 жылдан бастап әлеуметтік салада мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұзақ мерзімді бағдарлама іске асырылып келді. Оның негізгі міндеттері – әлеуметтік инфрақұрылымдарды жекешелендіру, медициналық қызмет көрсетудің мемлекеттік жүйесін реформалау, шағын бизнесті өркендету, білім беру мен мәдениет саласын нарыққа бейімдеу, зейнетақы реформасын енгізу болды. Әлеуметтік саланы дамыту проблемаларына жете көңіл бөлмеу, оны жеткілікті дәрежеде қаржыландырмау экономиканың өсуі мен оны реформалауды тереңдету мүмкіндіктерін тежейді. Мұның өзі үкіметтің әлеуметтік саясатының түпкі мақсаты – ел Конституциясы жария еткен әлеуметтік мемлекет құруды ұзаққа созуы мүмкін. Сондықтан, «Мемлекет тиімді экономика, әлеуметтік саясат, күшті билік сияқты үш құрамдас биліктің өзара тығыз байланысы жағдайында ғана әлеуметтік-пәрменді мемлекетке айналады» [2].

Қазақстан Республикасының жаңа әлеуметтік саясатының стратегиялық мақсаты бүгінде, мемлекет пен адам арасындағы өзара жауапкершілік арқылы тұрақты әлеуметтік дамуға өту негізінде анықталады. Республикамыздың тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен нарықтық экономиканың дамуы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеудің жаңа формаларының пайда болуына әсерін тигізді. Бүгінгі таңда бізде негізінен әлеуметтік әріптестік үлгісі құрылып отыр. 1995 жылдан бастап жоғарыда атап өткеніміздей Қазақстан Республикасы Үкіметі мен республикалық бірлестіктер, кәсіподақтар және жұмысберушілер арасында Бас Келісімге қол қою тәжірибесі жұмыс жасап келеді. Дәл осындай саясаттың арқасында, өнеркәсіптік Батыстың демократиялық әлеуметтік мемлекеттері нарықтық экономиканы әлеуметтік нарықтық экономикаға айналдыруға қол жеткізді. Сонымен қатар, Батыс мемлекеттері демократияны нығайтуда және қоғамды шоғырландыруда үлкен рөл атқарды, әлеуметтік ақиқатқа қол жеткізуді озық салық жүйесі арқылы және оны қайта бөлу нәтижесінде қамтамасыз етті. Бұл саясат әсіресе, өмір сүру деңгейінің жоғары дәрежесіне жеткен Еуропа елдеріне оң әсерін тигізді. Үлкен бизнестен өндіріп алынған жоғары салық әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қызмет көрсетудің негізін қалады, әлеуметтік сақтандыру жүйесі мен қоғамдық секторлардың дамуын қамтамасыз етті. Әлеуметтік мемлекеттегі ынтамақтастық - адам құқығы және жыныстар теңдігі үшін күрес ұғымымен бара-бар анықталды.

Қазақстандағы қоғамдық, әлеуметтік бағыттағы бірлестіктер қазір де тек шетелдік қорлардың және халықаралық ұйымдардың есебінен қаржыландырылады. Азаматтық қоғамы бар әлеуметтік мемлекет құру үшін, елде үкіметтік емес ұйымдардың қайырымдылық қоры, коммерциялық құрылымдарға қаржылық қолдау көрсету ұйымы, жеке шаруа қожалықтары секілді әртүрлі қорлардан, сондай-ақ мемлекеттік бюджет тарапынан қаржыландыруға жағдай жасалынуы керек. Батыста бұл мәселелер өнеркәсіпті қоғамнан жаһандануға өтуге байланысты туындады. Қазақстан әзірге дамудың бұл сатысына жете қойған жоқ, бізде «шикізаттық экономика» әлі де алдыңғы қатарда келеді. Өнеркәсіптік дамудың бұл сатысында қала тұрып, біздің мемлекет Батысты, саясатты жаңғыртуды басып озатын үлгіні жасап шығара алмай отыр. Қазақстанда мемлекеттіліктің баламалы түрі жаңғыртылған азаматтық қоғамы бар әлеуметтік мемлекет емес, керісінше азаматтық қоғамы бар әлеуметтік, демократиялық, индустриалды мемлекет болуы, оның қалыптасуына бұрынғы социалистік тәржіибенің де әсері болуы мүмкін.

Сонымен, қазіргі кезеңдегі Қазқастан Республикасының әлеуметтік саясатындағы саяси мәселелердің өзектісі кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін мемлекеттік тұрғыдан негіздеу болып табылады.Сондай-ақ, әлеуметтік саясатының көкейкесті саяси мәселелеріне оның орта тапты қалыптастыру мен әлеуметтік бағдарлы экономика құруы жатады. Өйткені, шынайы нарықтық экономикасны қалыптастырудың алғышарттарының бірі әлеуметтік тұрғыда белсенді орта тапты орнықтыру болатын. Орта тапты қалыптастыру бәсекеге қабілетті экономиканы құруға да, әлеуметтік бағдарлы экономиканы қалыптастыруға да негіз бола алады. Яғни, әлеуметтік саясаттың саяси мәселелерін шешу мен халқымыздың әл - ауқатын одан әрі арттыру, азаматтарымыздың денсаулығы мен білім беру сапасын жақсарту қоғамымыз үшін үкімет қабылдаған кешенді мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалармен, қажетті қаржымен, жауапты әрі білікті мамандармен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондай-ақ, әлеуметтік мемлекетті қалыптастыру барысында әлеуметтік саясаттың әдістерін жетілдірудің саяси тетіктері іске қосылуы керек. Бұл шараларды жүзеге асырмайынша Қазақстанның әлеуметтік саясаты ішкі және сыртқы экономикалық дағдарыстарға тәуелділігінен құтыла алмайды. Әсіресе, жұмыссыздыққа қарсы күрестің арнайы бағдарламасының тиімділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған іс-шаралардың пәрменділігін арттыру қажет. Сонымен бірге, еңбек нарығын ұйымдастыруда халықаралық нормаларды басшылыққа ала отырып, жұмысшылар мен қызметкерлерге жасалатын әлеуметтік қолдаудың жүйесін, нормаларын бекіту кезек күттірмейтін іс болып табылады. Сол жағдайда ғана мемлекетіміздің әлеуметтік қауіпсіздігіне кепілдік жасалады.

                           Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасы Конституциясы (30 тамыз,1995 ж.). Астана, 2007.

2. Әшітов Б. Әлеуметтік қорғау әл жиып келеді. // Ақиқат. - 2003.