Политология/10. Региональные политические процессы

 

Абдықалық А.А., с.ғ.к.

Алматинский университет энергетики и связи, Казахстан

 

Әлеуметтік саясатты жетілдірудегі әлеуметіік - саяси институттардың ролі

 

Мемлекеттің әлеуметтік саясатты жүргізуі қоғамдағы өзгерістерге, олардың материалдық және рухани қажеттіліктерінің қанағаттандырылуына байланысты болып келеді. Орталық және аймақтық билік органдары өзара көмек көрсету мен қорғауға, әлеуметтік қамсыздандырудың қажетті құрылымын құруға қабілетті әлеуметтік топтарды қолдауға өз күштерін жұмсауға міндетті. Мұндай топтар кәсіби құрылымдарды, жергілікті қауымдастықты, кәсіподақтарды, аймақтық ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді тағы да басқаларын біріктіреді. Мемлекеттік билік органдары әлеуметтік саясатты негіздегенде жеке адам өзі өмір сүріп отырған қоғамның мүдделеріне, онда орын алатын кейбір проблемаларға немқұрайды қарай алмайтындай етіп жасақтауы қажет. Ол үшін Қазақстан жағдайында, әлеуметтік саясат мемлекеттік биліктің барлық деңгейінде өзара тығыз байланыста жүзеге асырылуы тиіс және әрбір билік органы мемлекет алдындағы әлеуметтік саяси жауапкершілігін терең сезінуі шарт. Сонымен, мемлекеттік заң шығарушы билік әлеуметтік саясаттың басым бағыттары мен құқықтық негізін айқындап, тиімді әрі орнықты жұмыс істейтін заңдар қабылдауы керек. Әсіресе, мемлекеттік бюджетті қабылдаған кезде оның әлеуметтік бағдарлануын ерекше қадағалауы тиіс. Өйткені, әлеуметтік саясаттың қаржылық бастауларын да негіздейтін осы заң шығарушы билік болып табылады. Ал, атқарушы билік мемлекеттік әлеуметтік саясат бойынша қабылданған заңдардың шеңберінде негізгі іс-шараларды жүзеге асырады, әлеуметтік саланың экономикалық тетіктерін реттеп отырады және әлеуметтік төлемдерді жүзеге асырудың тәртібі мен тиімді жолдарын анықтайды. Сондай-ақ, институционалдық құрылымдардың жұмыс бағытын тиімді әрі оңтайлы ұйымдастырады. Келесі деңгейде жергілікті әкімшілік билік органдары мемлекеттік әлеуметтік саясаттың нақты іс-шараларын жергілікті жерлердің ерекшеліктерін ескере отырып жүзеге асырады. Жұмыс беруші ұйымдар мен өндіріс орындарынан мемлекеттік әлеуметтік саясатқа қатысты қабылданған заңдардың қатаң орындалуы, еңбек нарығының талаптарын орындау, еңбек ақының деңгейінің төмен болмауы, сақтандыру шараларын жүзеге асыру талап етіледі. Жұмыс берушілер жаңа жұмыс орындарын ашуға және өзіндік қаржылық ресурстардан «әлеуметтік пакет» ұсынуға немесе ыстық тамақ, жеңілдетілген несие, демалыс т.б. ұйымдастыруға мүдделі болуы керек. Кәсіподақтар, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарының мүдделерін қолдайды, яғни олар идеологиялық қызмет атқарады. Үкімет пен жұмыс берушілер арасындағы диалогқа мұрындық болады. Бұл жерде үлкен саяси іс-шаралар алдында саяси партиялардың әлеуметтік саяси ролі артатынын ерекше атап кеткен жөн. Мәселен, Президент немесе парламент сайлаулары қарсаңында саяси партиялардың бағдарламаларында әлеуметтік саясатқа қатысты ұстаным алдыңғы қатарға шығып, электоратты өз жағына тартудың саяси технологиялары іске қосылады.

1919 жылы АҚШ-ң бастамасымен үкіметаралық Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ) құрылғаны белгілі. Оның мақсаты әлемдегі еңбек жағдайын жақсарту мен әлеуметтік әділетсіздікті жоюға әрекет жасау болатын. Тәжірибе жүзінде барлық дамыған мемлекеттер әлеуметтік саясатқа жүйелілік және стандарттық сипат беруде, яғни, тиімді әлеуметтік саясатты қалыптастырады, оның құқықтық базасын орнатады, халықты әлеуметтік қолдау жүйесі мен үлгісін жасақтайды. Дамыған елдердің басым көпшілігінде міндетті бастапқы білім беру, қартайған кездегі зейнеткерлік пен тегін емделу, төтенше уақиғалардан зардап шеккен мүгедектерді қолдау, ұзақ мерзімдік еңбек күнін шектеу, әйелдер мен балаларды ауыр жұмыстарға тартуға және түнгі уақыттағы жұмыстарға жол бермеу туралы заңдар қабылданды. Сонымен қатар жалдамалы жұмысшылардың мүдделерін қорғаумен айналысатын кәсіподақтардың құқықтары мойындалды [1].

ХХ ғасырдағы мемлекеттік саясаттағы ерекше өзгерістер көпшілік индустриалды елдердің саяси институтарында және әлеуметтік саяси үрдістерде жаңа қоғамның талаптарына жауап бере алатын кәсіподақтардың орнығуымен байланысты болды. Индустриалды елдердегі саяси билік әлеуметтік мәселелердің өзектілігіне негізгі басымдықтар беріп отыр. Осыдан кейін, алдыңғы қатарлы саяси партиялар көпшіліктің, қарапайым азаматтардың көңіл-күйлері мен мүдделеріне назар аудара бастады. Сөйтіп, көптеген елдердің қоғамдық саяси үрдістерінде және «үлкен саясатта» социал-демократиялық бағыттағы партиялардың белсенділігі арта бастады. Олар ең алдымен кәсіподақтардың көмегіне жүгінеді. Партиялар кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін, жаңадан әлеуметтік қатынастарды реттейтін заңнамалардың қабылдануына қол жеткізіп отырады. Ал, бұл мәселелерді Қазақстан жағдайында алып қарастыратын болсақ, әлеуметтік саясаттың ортақ мүддеге бағытталған қызметін жақсарту үшін саяси билік пен кәсіподақтар әлеуметтік серіктестік ұстанымына ерекше маңыз беруде. Бұл біздің ойымызша, Қазақстандағы саяси институттардың әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелері бойынша шешімдер қабылдауда қоғамдық диалогқа басымдық беретінін көрсетеді. Әлеуметтік серіктестік - билік, еңбек және капитал келісімдерінің маңызды құралы. Үкімет, жұмыс беруші мен ұйым арасындағы диалог орталықтанған, жоспарлы экономикадан әлеуметтік саланың тұрақты жолымен нарықтық экономикаға көшудің маңызды құралы болып табылады. Үшжақты серіктестік тең құқықты келісім принципіне, мемлекеттік билік өкілдерінің, жұмысшылардың, жұмыс берушілердің арасындағы ымыраға, әлеуметтік жанжалдарды тоқтатуға негізделген, қарым-қатынасты реттейтін әлеуметтік-саяси механизм. Қазақстан Республикасындағы жұмысшылар бірлестігі болып Қазақстан Республикасының кәсіподақ федерациясы, еңбек етушілердің қызығушылығын қамтамасыз етуді мақсат еткен Қазақстан еңбек Конфедерациясы саналады. Ал, жұмыс берушілердің Республикалық бірлестігі болып Қазақстан республикасының жұмыс берушілер Конфедерациясы, Еуразиялық өнеркәсіп ассоциациясы, тауар өндірушілер Одағы, Қазақстан кәсіпкерлері Конгресі мен Қазақстан сарапшылар Одағы, Кәсіпкерлердің жалпыұлттық Одағы мен «Атамекен» жұмыс берушілерінің жалпыұлттық Одағы саналады.

Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік серіктестік төмендегі міндеттерді атқаруға бағытталған: әлеуметтік және еңбекпен байланысты басқа да қарым-қатынастарды реттейтін тиімді механизм жасау; қоғамның барлық топтарының мүдделерін есепке алу негізіндегі қоғамдық келісімдер мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ат салысу; жұмысшылардың еңбек құқықтарына кепілдік беру және олардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету; барлық деңгейдегі әлеуметтік серіктестік арасындағы келісімдер мен кеңестер үрдісіне атсалысу. Ұйым деңгейіндегі әлеуметтік серіктестік Қазақстан Республикасы Заңнамасымен реттеледі[2]. Міне, бұл әлеуметтік саясатты қоғамдық саяси институттармен бірлесе отырып шешудің халықаралық тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттегі қоғамдық тұрақтылық пен жалпыұлттық консенсусқа жетудің тиімді саяси құралы ретінде айтуға толық мүмкіндік бар екенін көрсетіп отыр.

                     Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Жаркынбаева Р.С. О сущности и функциях социального государства // Евразия.- 2005.- 5.- С.53-61.

2. Әлеуметтік серіктестік міндеттері мен ұйымы //www.enbek.kz.