Дәуренбекова
Ә.К., Баданова А.Т.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,
Қазақстан
ЖЕТІМ БАЛАЛАР ТҰЛҒАСЫН
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУ
Соңғы жылдары
әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты және
әртүрлі себептер тұрғысынан әлеуметтік жетім
балалар саны көбеюде. Осыған орай жетімдер мәселесі
және оларға білім беру тәрбиелеу үдерісі, сонымен
қатар, психологиялық-педагогикалық тұрғыдан
қамтамасыз ету, тек арнайы педагогикада ғана емес жалпы педагогика,
психология, әлеуметтік педагогика және тағы басқа
ғылымдардың ғылыми білім саласында көкейтесті болып
отыр. Бұл жағдайда аталмыш балалар тобы психологтар мен педагогтар,
дәрігерлердің зерттеу объектісіне айналуда.
Қазақстан
Республикасында соңғы жылдары жетім балалар мен ата-анасынан
ажыратылған, яғни олардың қамқорлығынсыз
қалған балалардың жағдайы көпшілікті
толғандыруда. Әртүрлі жағдайларға байланысты
ата-ананың қамқорлығы мен сүйіспеншілігінен тыс
қалғандардың мәселелері өзекті болып отыр.
Бұл мәселе жиырма бір жылдық
тарихы бар тәуелсіз еліміздің ХХІ ғасырдың бір
мүшелігіне аяқ басқан сәтінде қабылданып
отырған жаңа жүзжылдықтың бел ортасына дейінгі
дамуы сипатын белгілейтін «Қазақстан-2050» Стратегиясы
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
Қазақстан халқына
Жолдауында «Бейбіт
өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар -
балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпы
әлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы.
Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз
бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі
балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет» деп жетім
балаларға бүкіл қоғам болып қолдау жасауымыз
қажеттігін көрсеткен
Жетім балалар тәрбиесіне қазіргі кезде ұлттық
тәрбие тұрғысынан да көңіл бөліп, оларды
тұлғалық қалыптастыру мәселесі бүгінгі
күн талабы.
Балалар үйінде
тәрбиеленуші баланың жеке тұлғасының
әлеуметтік қалыптасуының өзіндік ерекшелігі бар.
Айталық, жетім балалар үйінде тәрбиеленушілердің
ерекшеліктерін және олардың педагогикалық-психологиялық
даму өзгешеліктерін Е.М.Рыбиновский Д.Янхольц, И.В.Дубровина,
А.Г.Рузская, Дж.Боулби, И.М.Бгажнова, С.А.Беличева, Ю.В.Василькова және
т.б. ғалымдар қарастырды. Жетім балаларды тәрбиелеудегі дене
мәдениетінің мәнін Н.И.Пономарев, В.И.Жолдак, С.Б.Тихвинский,
И.М.Воронцов, О.Ю.Фадеева және т.б. өзіндік тұрғыдан
ашқан. Бұл мәселені зерттеуде А.М.Прихожан, Н.Н.Толстых
және О.Ажнина отбасында және отбасынан тыс тәрбиеленетін жасөспірімдердің
психикалық дамуындағы ерекшеліктерін қарастырған.
М.В.Осорина жетім баланың жеке дамуын және даму барысындағы
өзгерістер байланысын анықтаса, В.С.Мухин балалар үйіндегі
жетім балалардың мінез-құлқындағы
ауытқушылықтың негізгі себептерін зерттеген. Ал, Л.С.Славина мен Г.М.Сысоева балалар үйінде
тәрбиеленіп жатқан жетім балалардың өз
мүмкіндіктерінің бағасын жоғарылату үшін жасайтын
іс-әрекеттерін сипаттаған. Отандық
ғалымдар арасында, мінез-құлықтың ауытқуын
Г.А.Уманов, В.В.Трифонов, Л.К.Керимов және т.б. педагогикалық
тұрғыдан қарастырған. Мысалы, Л.К.Керімов өз
еңбегінде қиын оқушыны жеке-дара қайта тәрбиелеу
тұжырымдамасын және ондағы педагогтың
іс-әрекеттің белгілі жүйесін жасап көрсеткен.
Ш.Е.Жаманбалаеваның еңбектерінде девиантты
мінез-құлықтың әлеуметтік аспектілері
қарастырылған. Бұл
зерттеулер әрине, біздің мәселеге де қатысты,
өйткені жетім балаларды, девиантты, қиын балалар қатарына да
жатқызады. Қазақстандағы балалар үйі мен
интернаттарда тәрбиеленуші жетім балалардың дамуы мен тарихын
Л.Г.Ақжаркенова зерттей келе ондағы оқыту мен
тәрбиелеудің теориясы мен әдістемесін дамытуға
өзіндік үлес қосты. Ал, ол жердегі дене тәрбиесі
арқылы ұлттық ойындарды ендіру әдістемесін
Қ.Т.Жаңабаев зерттеген. Балалар үйіндегі еңбек
тәрбиесін Н.Н.Семеренко қарастырған. Белгілі психологтар Б.Г.Ананьев,
А.Т.Асмолов, А.А.Бодалев, В.В.Давыдов, М.Кле, А.Н.Леонтьев, отандық
ғалымдар З.У.Кенесарина, М.М.Мұқанов, Ж.Н.Намазбаева т.б
зерттеулерінде жалпы жасөспірімдердің әлеуметтік және
жеке даралық білімдері мен өмір тәжірибелерінде адамзат
қоғамының жетістіктерін, рухани байлықтарын игеріп,
мінез-құлқын, дүниетанымын қалыптастырып,
күнделікті жүріс-тұрыстарын басқарып отыруға
өз биліктері мен бостандығының алатын орнын
айқындаған.
Жетім балаларды жан-жақты әлеуметтендірудің негізгі
мақсаты етіп енді ғана қалыптасып келе жатқан
мемлекеттік құрылыстың демократиялық прин-циптеріне
берілген, білімді меңгерген, келер ғасыр талабына жауап бере
алатын, жоғары рухани ұлттық сезімі оянған, өз
бетімен ғылыми тұрғыдан ойлауға қабілетті, адам
құқығын құрметтеудің маңызын
түсінетін, өздігінен денсаулығын нығайтуға,
эстетикалық талғамын қалыптастыруға, әрдайым
әлеуметтік белсенділік танытуға дайын, нарықтық
қатынастар жағдайындағы әр қилы өмірде
өз бетімен іс істеуге мүмкіндігі мол интеллекті,
мақсат-мұраты және мүдделері, адамгершілік пен
мінез-құлық мәдениеті толық жетілген
дүниеге берік көзқарастағы өзін де, өзгені
де құрметтейтін, өзіне-өзі сенімді жеке
тұлға үлгісіндегі жаңа ұрпақты даярлау
мақсаты қойылады. Бұл міндеттің ойдағыдай
іс-жүзіне асуы үшін, қажетті шарттар туындайды және
оны іске асыру қажет.
Олар:
1.
Жалпы білім беретін мектеп ұжымы, мұғалімдер мен
тәрбиешілер жас ұрпақты әлеуметтендіру
мәселелеріне қатысты тәлім-тәрбиелік шараларды іс-жүзіне
асыру барысында жалпы мемлекеттік, жалпыұлттық мәні бар
және белгілі бір ұлтқа тән әлеуметтік
қасиеттерді, сапаларды, рухани құндылықтарды және
мүдделерді меңгертудің үйлесімді
сабақтастығының сақталу заңдылығын
үнемі басшылыққа алып отыруы шарт.
2.
Жас ұрпақтың адамдық бітім-болмысының,
қадір-қасиеттері мен сапаларының жан-жақты және
үйлесімді қалыптасып, дамуына ықпал ететін әлеуметтік
тәжірибенің озық үлгілерінің, рухани
құндылықтар мен ой-пікірлердің, мен
мақсат-мұраттардың, мүдделер мен
рәсімдердің, адамгершілік пен мінез-құлық
нормаларының алдағы өмір бойы сіңірілуіне түрткі
болып отыратын өзіндік бағыт-бағдары ой
қорытушылық қабілеті бар жетекші қайнар көзі,
ойлау қабілеттерінің жоғары тиімді тәсілі, жан
дүниесінің негізгі деңгеймен ұсынысы ретінде
дүниеге ғылыми көзқарастар, қалыптастырылуы
дұрыс.
3.
Жетім балаларды адамгершілік тұрғыдан әлеуметтендіру
оларға белгілі бір тарихи-мәдени ортада қабылданған
мінез-құлық нормаларын меңгертудің негізгі
бағыттарының бірі ғана емес, бұл күндері
қоғамдық өмірдің төрінен орын алып
нарықтық жүгенсіздік жағдайында зор мәнге ие
екендігін мектеп ұжымы, балалар үйлері мұғалімдері
тәрбиешілер үнемі есте ұстаулары керек.
4.
Жалпы мемлекеттік, жалпы ұлттық мәні бар әлеуметтік
қасиеттер мен сапалардың алдыңғы қатарына
Қазақстанда азаматтық татулық пен ұлттық
келісімді тұрақтандырудың тиімді жолдарының бірі
ретінде әрбір ұлт өкілінің, әсіресе,
олардың ертеңгі күні орнынбасар жас ізбасарларының
бойында ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру
шарт.
5.
Жетім баланың бойында ұлттық сана-сезімді,
қадір-қасиеттерді, рухани құндылықтарды,
мақсат-мұраттарды, мүдделерді, талғамды,
салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды,
жөн-жоралғыларды, ұлттың өзіндік шаруашылық
жүргізу машықтарын, мәдениетті, өнерді және
іскерлікті дарытудың таптырмайтын құралы –
халықтық педагогика арқылы жоғарыдағыдай
құндылықтарды жасөспірімдер бойына қалыптастыру
болып табылады.
Жалпы балалар үйі жағдайындағы
жетім балаларды әлеуметтендіріп, жаңа қоғам
өміріне қосу үшін, келесідей шарттар орындалуы қажет:
- оларға өмір бойы
қызмет ететін, дүниеге ғылыми көзқарасын қалып-тастыруға
және ғылымның негізгі байлықтарын, ұлттық,
жалпыадамзаттық мәдениетті игеруге мүмкіндік беретін,
сондай-ақ, өскелең ұрпақтың өздігінен
ойлау қабілетін дамытуға, алда тұрған өмірлік,
бағыт-бағдарлық және өндірістік міндеттерді
өз беттерімен шешуге, жағдайдың өзгеруіне байланысты
тез бейімдеуді, алған білімдерін нарықтық кезеңдегі
өмірде қолдана білуді қажет ететін қазіргі
заманғы күрделі техникамен және технологиямен байла-нысты
алдағы еңбек жолында керек болатын білім негіздерімен,
дағды-іскер-ліктерімен және біліктілікпен қаруландыруға
үйрету;
- оқу үрдісін барынша
ізгілендіру мен гуманитарландыру принциптерін басшылыққа ала
отырып, тәрбиеленушілерге жалпы адамзаттың қол жеткен
игіліктері мен ұлттық мәдениет, ғылым, тіл,
өнермен ұштастырыла тәрбиелеудің негізінде жеке
тұлғаны ана тілі мен ұлтаралық қатынас тілдерін,
өзінің және басқа халықтардың тарихын,
мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін
білетін әрі қастерлейтін адамгершілігі мен
мінез-құлық мәдениеті жоғары адамзат ретінде
тәрбиелеуге үйрету;
- білім берудің басты
принципі – жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу және
же-тілдіріп дамыту қағидасын басшылыққа ала отырып,
оқытудың барлық саты-лары мен деңгейлерінде жетім
балалардың жеке тұлғасын қалыптастырып, одан әрі
дамытып отыру үшін даралап және саралап оқытуға,
оқыту үрдісінде үнемі жаңадан жетілдірілген
әдістерді және ақпараттық технологияны
мүмкіндігінше пайдалануға, оқытуды политехникалық бағыты
бар түрлі еңбек іс-әрекетімен ұштастыруға,
олардың өздігінен денсаулығын нығайтуына, эстетикалық
талғамын қалыптастыруға, сөйтіп,
қоғамдық өмірде үнемі белсенділік
көрсететіндей, нарықтық қатынастар
жағдайындағы әр қилы өмірде өз бетімен
өзін асырайалатындайетіп,тәрбиелеу;
- ұлттық
мәдениетті, салт-дәстүрлер мен
әдет-ғұрыптарды, ұлттық психо-логия мен
этиканың, өнердің компоненттерін барлық
пәндердің мазмұнына енгізу арқылы ұлттық
тәлім-тәрбие берудің нәтижесінде өз ұлтына
тән ұлттық қадір-қасиеттерді, ұлттық
сана сезімді, мінез-құлықты, түйсік-түсінікті,
көңіл-күйді, ұлттық сезімді, эмоциялық шымырқануды,
ұлттық мақтанышты, ұлттық талғамды,
ұлттық материалдық және рухани
құндылықтарды, ұлттық мүдделерді,
мақсат-мұраттарды, ұлттық өзіндік
шаруашылық жүргізу машықтарын, іскерлік пен тәжірибені,
өнерді меңгерту болады;
- жетім балалардың бойында
ұлтаралық қатынас мәдениетін
қалыптас-тыруға, олардың санасында өзге ұлт
өкілдеріне құрмет пен сыйластық, достық пен
ынтымақтастық сезімдерін сіңдіруге, оларға
азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім принциптерін
үнемі түсіндіріп отыруға міндетті.
Қорытындылай келе жоғарыда айтылған іс-әрекеттер
балалар үйіндегі немесе интернаттық мекемелердегі
тәрбиеленушілерді ақырындап жұмыс істеп тұрған
қоғамдық ұйымдардың іс-әрекетіне
тартқан жағдайда ғана нәтижелі болатыны
дәлелденген. Сонымен қатар, «Балалар үйіндегі» және
салыстырмалы түрде әлеуметтік жағдайы сәтті
балалардың жетім балалармен әрекеттесуі өзара бірін-бірі
толықтыратын қарым-қатынас мүмкіндігін беріп қана
қоймай, сонымен қатар мекеме беріктігіне кепіл болады.
Әдебиеттер :
1. 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан
мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан
халқына Жолдауынан. (www.akorda.kz);
2. Қалиев С. Халық педагогикасының тағылымдары.
//Бастауыш мектеп-1991-№5 – 26 б.
3. Прихожан А.М., Толстых Н.Н. Психологическая помощь в воспитании детей-сирот
М:. 1998г
4. Фрейд А. Разлука с матерью. – М.: Просвещение, 1991.