Момынова С.Н.,  Қабанбаева А.А., Қазбекова А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҚАРТТЫҚ ӨМІРДЕ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ

 

 

Адам өмірінің соңғы, қарттық кезеңінде қарым-қатынас өзге жас кезеңдерімен салыстырғанда жоғарғы мәнге ие болады. Қартаю бұл жаңа әлеуметтік ролдер жүйесіне, яғни топтық және тұлғааралық қатынастың жаңа жүйесіне өту кезеңі. Халықаралық классификация бойынша қарттық кезең 60 жастан басталады. Геронтологияда («герон» - қарт, «логос» - ілім) қарттық кезең-адамның өмірлік цикл жүйесіне ерекше роль атқаратын кезең ретінде қарастырылады.

Бұл кезең жеке тұлға дамуының нәтижесін қорытындылау кезеңі және ол ұрпақтармен уақыт байланысын қамтамасыз етеді. Тек қарттық позиция  арқылы ғана өткен және келер ұрпаққа өмірді бір бүтін ретінде, оның мәні мен мағынасын толық түсіндіруге болады. Сонымен қатар, қазіргі таңда қарттық кезеңге, қарттарға деген түсінбеушілік, өшпенділік арқылы көрініс алатын жағымсыз қатынас қалыптасқан.

Қазіргі таңда психология ғылымында қартаю-ерекше бейімделу процестерін сақтай отырып, ағзаның өзіндік қайта құрылуы ретінде қарастырылады. Бұл кезеңді психологияда қарастырған ғалымдар: Э.Эриксон, Д.Б.Бромлей, А.А.Богомолец, Ф.Гизе, И.С.Кон, К.Рощак, П.Балтес және т.б. Қазіргі уақытта қарттық кезеңді қарастыру мәселесі туындады, бірақта геронтопсихология – даму психологиясының ең жас саласы (даму психологиясының 80 пайызы балалар психологиясын қамтиды).

Психологияда қарттық мәселелерін қарастырудың бірнеше себептері бар.

Біріншіден, ғылымда қартаю толық сөну процесі болып табылмайтындығы жайлы мәліметтер жинақталды. Б.Г.Ананьевтің пікірі бойынша геронтология қарттық кезеңде инволюциялық (кері даму) процестерімен қатар оған қарсы тұрушы өзге де процестер мен факторлар болатындығы жайлы қорытындыға келді.

Екіншіден, бұл кезең адам онтогенезіндегі маңызды кезең болып табылады және оны жан-жақты қарастырмастан психикалық даму концепциясын құру мүмкін емес.

Қарттық кезеңге тән негізгі белгі – қартаю процесі. Қартаю процесі ағзадағы нақты жас кезеңдік өзгерістермен сипатталатын генетикалық бағдарламаланған процесс. Қарт адамдардың әлеуметтік ортадағы ролдерінің өзгеруіне байланысты олардың қарым-қатынас аумағы күрделі өзгерістерге ұшырайды. Бұл кезеңде адам терең байланыс жасау қабілетінен біртіндеп айырылып, оның қарым-қатынас жасау аумағы міндетті түрде таралады деген көзақарас қалыптасқан. Қарт адамдардың қарым-қатынасы бір жағынан жастық кезеңдегі негізгі қарым-қатынас тенденциясының жалғасы болып табылады, ал екінші жағынан қарым-қатынас қарттық кезеңдегі бейімделу жетістігі, яғни қазіргі сәтке қанағаттанушылығымен сипатталады.

Зейнеткерлікке  шығуына байланысты  егде адамдар көбіне жұмысынан айырылады, ал жұмыс оның өмірінің мәні болуы мүмкін. Содан егде адам қарт шағында психикалық тұрғыдан қарусызданады. Оның өмір салтының бірден өзгеруі психикалық денсаулығының өзгеруіне, өмір салтының ауысуына әкеледі. Мұның өзі оған үлкен сілкініс тудыруы мүмкін.

Жас ерешелігі құрамының оның басқа сапасы жақтарынан сипатталуы үшін осы кезеңде өмір сүріп жатқан түрлі ұрпақтар жиынтығы қарастыру керек. Осы ұрпақтардың әрқайсысы белгігі бір әлеуметтік санаға ие. Олар былай құралады: біріншіден: өткен өмір қорытындысы, сол ұрпақтың жеке өмір тәжірибесінің сомасы; екіншіден, осы ұрпақ қоғам өмірінде қандай нақты тарихи оқиғаларды бастан кешіргеніне байланысты.

Қарттықтың басталуы денсаулық пен тән күшінің нашарлауы, әлеуметтік-кәсіби рөлдер құрылымы сананың азаюы және өзгеруі, отбасының өмірден айырысуымен сипатталады. Адамның есеюі де, қартаюы да біркелкі жүрмейді. Бұл оның сана-сезіміне де әртүрлі қалыптасады. Өкінішке орай, отандық геронтологияда психо-физиологиялық процестер және әлеуметтік жағдайлардың өзгеруі жақсы зерттелінеді де, ал олардың өзіндік санасы мен ішкі дүниесі  аз зерттелген.

Кең тараған түсінік бойынша, - деп атап өтеді И.С.Кон, - егде адамдар өздерінің әлеуметтік және жеке иденттілігіне назар аудара бермейді.  Әрине, өмірге деген көзқарас жас өскен сайын өзгеріп отырады. Егде жастағы адамдар өз жеке пікірлерін, сондай-ақ әлеуметтік мәселелерін жастарға қарағанда шешілуі қиын деп ойлайды. Тағдырға пассив түрде бағынады. Сондай-ақ мұны ақылдылықтың пайба болуы, гармонияға талпыныс, табиғат пен адамның гармониялық бірлігі деп есептеуге болады. Сонымен қатар, шаршау күштің сарқылуы, субъективті уақыт перспективасының  қысқаруы да көрініс табады. Көп жағдайда егде адамдар өздерін орта жастағы адамдардан төмен санамайды. Өзін төмен санау жолы болмайтындар мен ыңғайсыз әлеуметтік жағдайға тап болғандарға тән.

Адамдардың қажетті болудағы ең маңызды фактор ретінде қарттардың көп көргендігі мен өмір тәжірибесінің мол болуын айтуға болар еді. Жастарға, кейінгі ұрпаққа сол өмір тәжірибесін үйрете отырып, тәрбие беруі зор маңызға ие және сол ақыл-парасат арқылы көпшілікке қажет болады.

Жалпы алғанда, қарттық шақтағы қарым-қатынас бөлектену, оқшаулану емес. Бұл кезеңдегі қарым-қатынастың өзіне тән өрнегі бар, өмірдің бір кезеңіндегі көпшілікпен, қоғаммен, қауыммен қарым-қатынастың бір түрі екендігін есте ұстаған жөн.         Бүкіл әлемде қарт азаматтардың саны айрықша өсуде, ал қарттық және қартаю мәселесі өзекті мәселе болып отыр. Адамның қартаюының өзіне назар аудартуының жоғарылауына қарамастан көптеген сұрақтар осы уақытқа дейін өңделмеген. Қазіргі уақытқа дейін қартаю ұғымының дәл анықтамасы жоқ.

Қартаю бұл - адамзат тарихының әртүрлі тарихи-эволюциялық кезеңдерімен және әртүрлі экологиялық манипулияциялық әлеуметтік алмасушы биопсихологиялық және әлеуметтік ұғым.

Қарттық кезең – қартаю процесі айқын байқалатын онтогенездің соңғы кезеңі. Адамның бүкіл тұлғалық даму тарихымен байланыста бола тұра қарттық кезең тек жас кезеңі ғана емес, оның өмірінің соңғы нәтижесі болып табылады.

Көптеген мыңжылдықтар бойы адамзат қартаю құпияларын ашуға ұмтылды. Аристотель өзінің «Жастық және кәрілік жайлы» еңбегінде қартаю себептеріне ғылыми түсінік беруге ұмтылды. Оның пікірі бойынша қартаю әрбір ағзада туылғаннан бастап болатын табиғи жылулықтың жойылуынан туындайды. Осы жылулықтың орталығы жүрек болып табылады. Оны қан тамырлары барлық денеге таратады және осыған байланысты ол барлық жасушылар мен организмдердің тіршілік етуіне мүмкіндік жасайды.

Қарттық кезеңді психология саласында адамның бүкіл тіршілік ету барысында биологиялық және психологиялық даму факторларының арасында өзара байланыс орнатуға негізделген объективті – ғылыми мәнге ие. Қарттық кезеңдегі адамға тән қарым-қатынас аумағының тарылуы, жаңа жағдайға ауысудағы қиыншылықтар, ригидтіліктің жоғарылауымен байланысты компенсацияны жүзеге асырудағы қиындықтарды ескермеуге болмайды. Компенсация жүзеге аспау негізінде психикалық өмірдің шеттетілу, агрессия секілді жағымсыз механизмдері басым болады. Сол себептенде қарттық шақтың жағдайында психолгиялық қолдау қажет екені танылып отыр.

Қазіргі кезде қазақтардың ата-бабаны қастерлеуге деген ұлттық сана-сезімінің дамуы өзінің рулық тегін ең құрығында жеті атаға дейін білуге деген құлшынысымен байқалады. Қазақтар үшін шежірені білу жерге, елге деген ерекше көзқарастан туындайды және ол айналасындағылардың өзіне деген құрметін айтады. Мұның бәрі түптеп келгенде қазақ халқының ұлттық сана-сезімін дамытады. Ал өз ата-тегін, тарихын, тілін білмегендерді өзінің тарихи түп-тамырынан мақұрым қалған мәңгүрт деп атайды. Ю.В.Бромлей ұлттық сана-сезім – «адамның өзінің осы ұлттың өкілі екендігін, ұлт мүддесі мен құндылықтарын және басқа ұлттарға көзқарасын сезініп-түсіну, өзінің кешенді ұлттық ұғымын қалыптастыру» деп білгірлікпен атаған.

Қазақстанда қарттарға ерекше құрмет көрсетілген. Ата-анаға сүйіспеешілікпене қарау, оларға құрмет көрсету, сыйлау әр-бір қазақ жастарының ата-ана алдындағы міндетті болып табылады. «үлкенде құрмет, кішіге қызмет», «Жұмақ ана табанында» деген нақыл сөздердің өзі баланы жастайынан тәрбиелеу негізделіп отыр. Қарттық шақтағы қарым-қатынасқа келетін болсақ өз қатарындағы тұлғалармен байланыс орнату. Алайда қарымқатынас кеңдігімен емес аздығымен ерекшеленеді. Қазақ қарттарына сипатама беретін болсақ көбінесе акцентті бала-немеремен қатынасына ерекше мән береді. Қазақстанда «Ардагерлер мен қарттар үйі кеңіне ашылып жатыр. Мұндағы мақсат зейнеткерлікке шыққан қариялардың бос уақытында жастарды тәрбиелеу ісіне жұмылдыру. Жастарға ұлағатты насихаттарын қалдыру. Жас ұрпақ тәрбиесіне мән беру. Сонымен қатар қарттық шақта орнайтын психологиялық тосқауылдардан арылуына үлкен себепші болмақ. «Қажет емес» сезімінің жойылуына да осындай орталықтардың ашылуы оңды нәтиже береді.

 

Әдебиет:

1.       Краснова О.В. Адаптация пожилых людей и современной социальной ситуацией в России – М., 1996

2.       Марцинковая Т. «особенности психического развития в позднем возрасте //Психология развития зрелости и старения» 1999, №3

3.       Шахматов Н.Ф. Психическое старение: счастливое и болезненное / Н.Ф. Шахматов. - М.: Медицина, 1966..

4.       Ш.Сатиева Даму психологиясы «Фолиант» баспасы, 2012ж.