Психология и социология/5.Психолого-воспитательные                                                          проблемы разви­тия личности в современных условиях

 

п.ғ.к., доцент Г.Е. Санай

педагогика магистрі, аға оқытушы М.А. Мырқасымова

Психология мамандығының 2 курс студенті  Н.Орман

 

Тараз Мемлекеттік педагогикалық Институты

 М.Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

Тұлғаның  ақыл-ой қасиеттерін зерттеудің

 психологиялық мәселелері

 

Қоршаған орта мен тұлға арасын бітістіруші іс-әрекет болып табылады. Интелектінің дамуына сөз де, көрнекі бейне де өздігінен ешқандай әсер етпейді. Нақты заттарды белсенді манипуляциялау және зерттеу үшін тұлға өзі іс-әрекет жасауы керек. Тұлғаның ойлау әрекетінің ұйымдастырылу деңгейі қаншалықты жоғары болса, соғұрлым білім игеру мағынасы терең болады. Кез-келген іс- әрекеттің мақсаты- тұлғада жан-жақты білім, білік, дағдылармен қаруландыру болғандықтан интеллект дамуына шешуші ықпал етеді. Тұлға іс- әрекетте ақыл әрекетінің көптеген тәсілдерін игеріп, ойлауға үйренеді. Оларда абстрактілі ойлау дамиды, интеллектте әрекет ету қабілеті, сонымен бірге, таңбалық –белгілік білім мазмұны құрылады. Нақты білімді игеру барысында ие болатын интеллекттік ептілік – бағытталған психологиялық ықпал ету нәтижесі болып табылады.

Кеңес психологтарының еңбектерінде іс- әрекетті дұрыс ұйымдастыру бала интеллектісінің жан-жақты дамуына, когнитивтік әрекетінің ұтымды тәсілдерінің қалыптасу белсенділігін арттыруға, оның креативтілік құрамдас бөліктеріне теориялық жалпылау тәсілдеріне мәнді түрде ықпал ететіндігі тұжырымдалған.

С.Л. Рубинштейн өз еңбектерінде білімдерді игеру және интеллекттік даму –диалектикалық процесс дей отырып, мұнда себеп және салдар үздіксіз орын ауыстырып отыратындығын көрсетті [1]. Сондықтан да іс-әрекеттің мазмұны мен тәсілдері тұлға интеллектісінің үздіксіз дамуын қамтамасыз етуі тиіс.

Өмірлік қажетті білімді игерудің кез-келген кезеңі интеллекттік қабілеттің дамуына алып келуі, сонымен бірге, әрі қарай білімді игеру және қолданудың жаңа мүмкіндіктерін құруы тиіс. Ересектер баланың белгілі бір білімдерді, біліктерді және дағдыларды игертіп ғана қоймай, сондай-ақ іс-әрекет процесінде олардың интеллектісі дамуына саналы түрде басшылық жасап отыруы тиіс.

Балалардың жас ерекшеліктеріне байланысты интеллекттік дамуының үйлесімді жолын табу және олардың танымдық белсенділігі іс-әрекет процесінің қарқынын жоғарлату негізгі жағдайларының бірі. Іс-әрекет – интеллекттік және оқу-мәліметтік икемділіктер мен дағдылардың жетістікке жетуі көбінесе ойлау және естің психологиялық ерекшеліктеріне негізделеді. Сондай-ақ, туылғаннан интеллекттік өрістің дамуымен тікелей байланысты. Интеллекттік өрістің дамуы – баланың психикалық дамуының негізгі буыны - мектеп жылында қарқынды жүзеге асатын, тұлға қалыптасуының маңызды жағдайы бола отырып, баладан белгілі бір белсенділік дәрежесін талап етеді [2]. 

Интеллекттік даму және шығармашылық қабілеттер мәселесін Д.Б. Богоявленская өз еңбектерінде процесс ретінде зерттейді. Автор зерттеулерінде творчестволық интеллекттік белсенділік арқылы сипатталып, өзіне екі компонентті біріктіреді: танымдық (ақыл-ой қабілеттері) және мотивациялық компоненттер, ал оның критерийі- берілген ой тапсырмаларын адамның орындау сипаты. Осы екі компоненттің диалектикалық өзара әрекеті интеллекттік белсенділіктің даралық деңгейін анықтайтын тұлғаның жеке қасиеті болып табылады [3]. 

Интеллекттік белсенділік қасиеті ерекше үш деңгейге бөлінеді:

Бірінші деңгей - стимулды продуктивті;

Екінші деңгей - эвристикалық;

Үшінші деңгей - креативті.

Стимулды продуктивті деңгейдегі тұлға іс-әрекетіндегі интеллекттік белсенділік белгілі бір тапсырманың талаптарын орындаумен ғана шектеледі. Мұның негізінде іс-әрекет қарқынды, күш жұмсау мен қысымда жүргізілсе де, интеллекттік белсенділікті білдірмейді.

Эвристикалық деңгейде - тұлға іс-әрекетті орындаудың жеткілікті жұмыс тәсілдерін біле отырып, олар өз іс-әрекетінің құрамы мен құрылымын талдауды жалғастырады. Сонымен бірге, міндеттерді шешудің жаңа амалдарын табады.

Интеллекттік белсенділігі креативті деңгейдегі тұлға белгілі бір міндеттерді шешуге аса мән бермей, іс-әрекетті жетістікпен орындауға қарағанда, оны шешу өз бетінше мәселе болып табылады. Сондай-ақ, міндеттерді шешудің игерілген тәсілдерінен шығып ғана қоймай, когнитивті әрекетті жүзеге асыра отырып, нақты міндеттерден шығып отырады.

Жалпы ақыл-ой қабілеті интеллекттік белсенділік негізін құрайды, сондай-ақ танымдық қызығушылық кеңдігі мен тереңдігін анықтай отырып, интеллекттік қабілет тікелей көрінбей, тек тұлғаның мотивациялық құрылымы арқылы өзгереді.

Интеллекттік белсенділік таным процестерінің кеңдігі мен тереңдігін айқындайды. Оның көріністерін тежеуі немесе стимулдауы мүмкін. Тұлғаның интеллекттік белсенділігі талаптану деңгейінде, өзіндік бағалау, жетістікке ұмтылуда, өзіндік анықталуда көрініс береді. Творчестволықтың жоғары формасын көрсетуге мүмкіндік беруші, жағдаятты стимулданбайтын продуктивті әрекет механизмі - интеллекттік белсенділік болып табылады.

Эксперименттік зерттеулерге сүйене отырып, тұлғаның дамуына интеллекттік белсенділіктің дұрыс ықпалы танымдық бағдары, ұжымшылдық бағыттылықтың басым болуы, адекватты өзіндік бағалауы және талаптану деңгейіне және өзіндік анықталуға тәуелді болып келеді деген тұжырым жасауға болады.

Н.А. Менчинскаяның теориялық және эксперименттік зерттеулерінде іс-әрекет процесінде баланың нтеллекттік дамуының заңдылықтары талданады. Автор белгілі зерттеуші Л.С. Выготскийдің жетекші іс-әрекет идеясына сүйене отырып, интеллекттік операциялардың қалыптасуы үшін қандай да бір пән және оны оқыту әдістерінде білім мазмұнының маңызын жан-жақты және бірізді ашты. Оның пікірінше оқу іс-әрекеті бұл баланың онтогенезде интеллектінің дамуының барысы және мазмұнын анықтайтын психологиялық ықпал ету жүйесі болып табылады [4].  

Интеллекттік дамуды түсіндіруде Я.А. Пономарев кезеңдік ішкі жоспар қалыптасуы туралы тұжырымды ұсынды. Әртүрлі қабілетке ие топтардағы сыналушылардың ақылды әрекет етуін талдаудан әрекеттің ішкі жоспарының 5 кезеңі ұсынылды:

1.  Фон - әрекеттің ішкі жоспарының дамуын бақылап шығудан басталатын интеллектінің бастапқы деңгейі;

2.   Репродукция - тапсырмалар тек ішкі жоспарда шешіледі. Ішкі жоспарда тек дайын шешімдер репродуцияланады. Осы дайын шешімнің вербалды сыртқы жоспары репродукциялануы мүмкін. Ақылда әрекет етуге тырысу «тапсырмалардың жоғалуына» әкеледі.

3.  Манипуляциялау - заттарды елестетумен тапсырмалар шешілуі мүмкін.

4. Тасымалдау (лат.тілінен transponere – орын ауыстыру)- заттарды елестету манипуляциялануымен шешілуі мүмкін, бірақ содан кейін тапсырмаларға қайта оралғанда қайталау әрекеті жоспарының негізін құрайтын табылған жолына қайта келуге болады, олардың әрқайсысы тапсырмаларға сәйкес келеді.

5. Регименттеу (лат.тілі regimen – басқару) немесе бағдарлама жасау- шешу тәсілі ересектердің интеллекттік даму сипатына тән жағдайда жақындайды. Ең алдымен, әрекет жүйесінің жоспары, бағдарламасы құрылады: әрбір әрекет тапсырма талаптарына сәйкес келеді, бала өз әрекетін саналы басқарады.

Аталмыш ғалым интеллектіні талдау жолдарының жаңа ізденістерінің ерекшеліктерінде, оның ақыл-ой қабілетінің даму критерийінде және осы дамуды басқаруда төмендегідей міндеттерді құрды: ақыл қабілеттері индивид игеретін білімдердің нақты мазмұны емес, индивидтің өзінің логикасындағы құбылысты табу болды. Мұндай құбылыс «әрекеттің ішкі жоспары», яғни, «ақылда» әрекет ету мүмкіндігі болды.

Әрекеттің ішкі жоспарын талдаудың ең басты мәселесі- қоғамдық –тарихи даму процесінде туындайтын және қалыптасатын интеллектінің арнайы психологиялық ерекшеліктерін талдау. Автор интеллектіні нақты ғылыми- онтологиялық тұрмыс бөлігі ретінде қарастырады. Интеллект қоғамдық –тарихи тәжірибені игеру механизмі және қабілеті ретінде түсініледі. Сондай-ақ, интеллект осы меңгерудің бір продуктісі болып табылады.

Оның пікірінше, ойлау – ішкі әрекеттердің жай ғана жиынтығы емес, өзара үйлестірілген операциялардың біртұтас жүйесі. Тұлғаның қоршаған ортамен жасаған іс -әрекет операциялары қалыптасу барысында интеллекттік мінез-құлық жинақтай бастайды. Немесе Ж. Пиаже бойынша интеллекттік перде мақсатқа жетудің көптеген  жолдарын ұсынады.

Интеллекттік даму – бұл стихиялы және өзінің ерекше заңдарына тәуелді операциялық құрылымдардың жетілуі. Ол баланың тұрмыстық және  заттық тәжірибесінің біртіндеп өсуіне байланысты.

Жас келе интеллектінің дамуы іс-әрекеттің жанама тәжірибесінің функциясы болып табылады. Дәлірек айтсақ, интеллектінің дамуы тұлғаның когнитивті дамуына әсері. Өзіндік даму  тұлғаның интеллекттік даму ерекшеліктеріндегі және еріктік бағыт әрекетіндегі қабілеті болып келеді. Бұл қабілет жоғары деңгейде өзін дамыта, ұйымдастыра алатын жеке адамдарда ақыл-ойдың дербестігі, өзіне сенімділігі, табандылық сияқты қасиеттер арқылы творчестволықты дамытады.

Жалпы алғанда тұлғаның когнитивті дамуы бірнеше факторлар арқылы анықталады. Оны атап өтер болсақ, генетикалық фактор, ананың жүктілік кезеңі, қоршаған орта факторлары, отбасылық жағдайы, баланың және ата-ананың жекелік ерекшеліктері болып табылады.

Баланың интеллекттік дамуына әсер етуші келесі факторлардың бірі  жекелік қасиеттері болы табылады. Баланың мектептегі қарым-қатынасы дұрыс орнығуында темперамент пен мінез-құлықтың орны ерекше. Балалар импульсивті және рефлексивті (ойланғыш) болып екіге бөлінеді. Ойланғыш балалар тапсырмаларды тереңірек қарайды, асықпайда, тіпті тапсырма қиын болса да қажет болған жағдайда ұзақ уақыт отырып орындайды. Бірақ, олардың негізгі мотивациясы – сәтсіздіктен қашу. Олардың әлеуметтік белсенділігі өте төмен, олар ұжымдағы өмірді аз сезінеді, кездейсоқ әлеуметтік жағдайлардан қашқақтайды. Оқуда үлгірімі жоғары болып саналады.

Ойланғыш балаларда тапсырманы шешуде түрлі жағдайларды талдап қарауының негізінде шығармашыл тұлға болу мүмкіндігі басым. Ал, импульсивті балалар дұрыс жауап табу мүмкіндігі аз болса да, оларда дивергентті және тұпнұсқалық ойлау дамуы мүмкін.

Сондай –ақ, ата-ананың жекелік қасиет факторлары да интеллекттік дамуға әсер етеді. Жоғары инттелектілі балалардың ата-аналарына өмірге деген жағымды қатынас: өз жұмысын жақсы көру, күш-қуаты күшті және қозғалғыш, жоғары мәдениеттілік таныту қасиеттері тән. Оладың ең басты ерекшелігі- нонконформизм (өзгелердің пікірінен, қоғам шарттарынан тәуелсіз болу). Олар өздеріне сенімді, өздерін еркін ұстайды, өз беделдерін ойлайды.

Интеллектіні дамытудың шарты – баланың сан-қилы іс-әрекетінің тиімді ұйымдастырылуы, әлеуметтік ортаның әсері, адамдардың қарым-қатынасы, тілді меңгеруі, қабылдауы мен түсінуі, берілетін білім сапасы болып табылады [5].

Интеллектіні дамытудың басты мақсаты – жас ұрпаққа мақсат көздей ықпал ете отырып, болмысты шынайы ақиқат тұрғыда танып- білуін, білім негіздерін игеруін қамтамасыз ету, табиғатқа, қоғамға, адамдарға деген дұрыс қарым-қатынасын қалыптастыру. Тұлғаны рухани - интеллекттік жағынан дамыта, қалыптастыру.

Жалпы алғанда интеллект жаңаша, сыни ойлауға, шығармашылық жетістіктерге жетуге, өз әлеуетін толық пайдалануға, өзін-өзі жүзеге асыруға  мүмкіндік береді. Интеллект танымдық іс-әрекеттің жоғары формасы болса, ал творчество интеллектінің жоғары формасы болып табылады.

Сонымен, қоғамды жасаушы ойлар мен идеяларды туындатушы тұлға болып табылады. Еліміздің өркениетті елдер қатарынан орын алуы тұлғаның интеллекттік қабілеттеріне тікелей байланысты. Жоғарыда біз атап кеткен интеллекттік дамуға әсер ететін факторларды төмендегіше топтаймыз:

1. Әлеуметтік-мәдени факторлар- тұлға өмір сүріп отырған жағдайлар жиынтығы;

2. Жекелік  фактор- тұлғаның бойындағы жеке қасиеттер топтамасы;

3. Нейрофизиологиялық фактор- жүйкелік физиологиялық қызметтері.

Осы орайда, психологиялық тұрғыдан алғанда интеллект міндеті -болмыстың объективті талаптары мен индивиттің қажеттіліктерін біріктіре отырып, тұлғаның белгілі бір жағдайларды тәртіпке келтіруі және қоршаған ортаға адаптациялануы.  Яғни, тұлға іс-әрекетінің барлық аумағы - бір нәрсені білу, үйрену, жаңалық ашу, іздену - интеллектінің әрекет аймағы болып табылады. Қазіргі таңда ел саясаты да интеллектік әлеуеті жоғары ұрпақ дамуын көздеп отыр. Себебі, елу елдің қатарынан орын алу үшін интеллекттік ұлт қалыптастыру қажет. Сондықтан, қоғамда тұлғаның интеллекттік дамуы басты шарттардың бірі саналады.

 

Әдебиеттер:

 

1.  Рубинштейн С.Л. Основы общей психологии: в 2- х т. Москва: Педагогика, 1989. Т. 2.- С. 585.

2. Аяғанова А. Ж. Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері. Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2009.

3.Богоявлянская Д.Б. Интеллектуальная активность как проблема творчества. – Ростов на Дону: Рост. ун-т, 1983. – С. 173.

4. Менчинская Н.А. Проблема учения и умственного развития школьника. - М.: Педагогика, 1989. – 218.

5. Аяғанова А. Ж. Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері. Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2009.