БАЙКЕНЖИНА ДИНАРА САҒАТҚЫЗЫ

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы

К.Байсейітова атындағы  ЖББО мектеп психологы

 

Ұялшақтықтың алдын-алу жолдары

 

   Ұялшақтық – өте жасырын ұғым және өз алдына жеке мәселе. Ғылыми тұрғыдан қарастырсақ, зерттеушілердің пікірінше, осы жағдаймен жастардың тең жартысы азап шегуде.

   Ұялшақ болу бұл – ішкі жан дүниесін аша алмау, қорқу, қоршаған ортамен байланысқа түсе алмау, соған бола қобалжу. Ойын еркін түсіндіре алмау. Ол әр адамда болады деп ашық айта алмаймын. Себебі әр тұлғаның психологиясы әрқилы, табиғаты да бөлек. Біз білетіндей, мінезі жұмсақ, момын, тым ойға берілгіш келетін кісілер өмірде өз жолын табуда қиналады. Бұл адамдардың достары аз, қоршаған ортасы тар, өзінің жан дүниесі сияқты мұңлы болып келеді.

   Бұдан шығатын қорытынды, барлық айналадағы болып жатқан құбылыс адам баласымен өте тығыз байланысты. Яғни, тұлға өзін қалай көрсетеді, әлеуметтік орта да оны солай қабылдайды. Мұндағы басты мақсатымыз, қоғамда белсенділік таныту. Сіз мүмкін адамдарды танып білуде, қатынас жасауда қиналарсыз, өйткені, адам баласы біз білетіндей  бірдей болмайды. Сондықтан, қандай қиын жағдайды бастан өткерсеңіз де, яғни кикілжің, күйзеліс, түсінбестік, шатасу сияқты мәселе болса, ымыраға келуге тырысыңыз. Мейлі, сіздің ойыңызды дұрыс түсінбей, пікіріңізге шалыс сөз айтуы мүмкін. Бірақ, мұндай жағдайда керісінше, өз еңсеңізді түсірмеңіз, себебі қазақта «жаңылыспайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» демекші, әрқашан ортада пікіріңізді айтып, ашық болуға тырысыңыз. Қанша дегенмен, бұл сіздің пікіріңіз екенін ұмытпағайсыз!

  Көптеген психологтар, әлеуметтанушылар және тағы да басқа мамандар ұялшақтықты кең түрде зерттеуге тырысты. Олар ұялшақтықтың неден туындайтынын мүмкіндігінше түсіндірді.

   Жеке адамды тұлға ретінде зерттеушілердің пікірінше, ұялшақтық адамда ата-тектен тараған, яғни, тұқымында бар деп сараланады.

   Бихевиористердің айтуынша, ұялшақтық қоғаммен тіл табыса алмайтын немесе өмірге бейімделуден қашқандықтан қалыптасады.

   Психоаналитиктердің ойынша, өзіне сенімсіздіктен ойын сырт ортаға шығара алмаудан.

   Әлеуметтанушылар немесе балалар психологының тұжырымдауынша, ұялшақтықты белгілі бір жеке термин ретінде қарастыра келе әлеуметтік ортаның қалыптасуына байланысты туындайды деп көрсетеді.

   Қ.Б.Жарықбаевтың айтуынша, ұялу – басқа адамдардың, әдетте жақындарының қылығымен не тұлғалық мінездерінің көрініс берумен байланысты болуы мүмкін. Ұялшақтықты өзіне-өзі кемелдендіру, білім мен біліктілікке жету, өз қабілеттерін арттыруға бағытталған мінез-құлықтың қуатты қозғаушы күші арқылы жоюға болады. Ұялудың бастапқы шегі әркімнің құндылық бағдарына, әрбір жеке тұлғаның қасиеттеріне, айналасындағы адамдардың өзі жөніндегі пікірлеріне сезімталдығына байланысты.

   Жоғарыда атап көрсеткендей, ұялшақтық әр адамда болатын жағдай. Оны танып білу оңай емес. Себебі ол әр түрлі болады. Мысалы, адамдармен байланысқа түсуде көңіл толмаушылық, көзін үнемі төмен түсіріп жүру, жай сөйлеу, қоғаммен қатынасқа түсуден қашу. Ұялшақтың басты көрінісінің бірі – епсіздік немесе шорқақтық. Бұндай белгілер көбіне тым ойға берілетін, тұйық адамдарда болады. Егер бір жерден қателіктер жіберіп жатса, сол ісі үшін біреулер алдында өзін ұятты сезініп жерге кіріп кетуге дайын тұрады. Өздерін дәрменсіз, ақымақ, ешкімге керексіз сезінеді. Қатты ырғақты дауыстарымен олар өз бойындағы ұялшақтықты жойғысы келеді. Алайда ішкі сезімдері сыртқа айдан анық көрінеді, қорқыныш, қобалжу, адамдармен қатынаста қолайсыз сезіну, біреулердің пікірлеріне тәуелді болу, мұның бәрі өздеріне деген сенімнің жоқтығы. Бұлар осының әсерінен өмірде еш мақсатсыз өмір сүреді.

   Баланы дұрыс мақтау керек

   Ең басты – баланы мақтай білу! Мұғалімдер, тәрбиешілер, ата-аналар жұмысты бастамастан бұрын оған ынтамен, қуанышпен берілу керек. Қандай тәрбиеші болмасын, баланы ісімен баурап тұруы тиіс.

   Әр тәрбиеші күн сайын, сағат сайын бір тапсырманы орындауы тиіс. Мүмкін баланы мақтау, ынтасына көңіл бөлу, істеген ісін бағалау (сурет, ән айту және т.б.)

   «Егер сіз баланы мақтай білмесеңіз, оны ойлап табыңыз!», - дейді кеңес беруші психиатр В.Леви. бастысы қалай мақтасаңыз да, шын көңілмен беріліп айтыңыз.

   Баланы қай жағдайда мақтамау керек.

   Егер тумысынан бұл қасиет бар болса. Мұнымен сіз мақтамайсыз, керісінше, зияныңыз тиіп кетуі мүмкін.

   Үнемі себепсіз мақтай беру. Бұл баланың еңбегімен келмегендіктен, өзімшілдікке алып келеді. Біреуін мақтап, екіншісін жамандау да зиян.

   Адам баласы өмірге бір-ақ рет аяқ басады. Сол өмірді дұрыс нәрсеге арнау керек. Сіз – табиғат жаратқан толыққанды жеке тұлғасыз. Бүкіл адамдармен, яғни, қоғаммен байланыстасыз. Бойыңызды босаңдыққа, керексіз ойларға салмаңыз. Көз алдыңызға биік мақсат қойып, соған жетуге тырысыңыз. Өмірді өзгерту, әрине өз қолыңызда! Ешқашан шаршамаңыз, жетістікке оңай жету ешкімнің әлі қолынан келмеген. Біреу кемшілігіңізді бетіңізге басса, ренжімеңіз. Керісінше «мен түзелем» деген ойда болыңыз. Үнемі ұялшақ болып, жүре берсеңіз өмірдің өзегінде уақыттың қалай зыр еткенін білмей қаласыз. Өмірдің әр сәті бағалы. Сондықтан еш нәрсеге қарамастан, ұялшақтықты жеңе біліңіз.