Дәуренбекова Ә.К., Жапарқұлова М.Н.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКА АРҚЫЛЫ БАЛАЛАР ҮЙІНДЕГІ

ЖЕТІМДЕРДІҢ ТҰЛҒАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

 

 

ХХІ ғасырдың бір мүшелігіне аяқ басқан сәтінде қабылданып отырған жаңа жүзжылдықтың бел ортасына дейінгі дамуы сипатын белгілейтін «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына  Жолдауында  «Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар - балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпы әлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет» деп жетім балаларға бүкіл қоғам болып қолдау жасауымыз қажеттігін көрсеткен. Жетім балалар тәрбиесіне қазіргі кезде ұлттық тәрбие тұрғысынан да көңіл бөліп, оларды тұлғалық қалыптастыру мәселесі бүгінгі күн талабы. 

Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру жүйесінің жаңаруына жан-жақты жетілген, ұлттық сана-сезімі, ұлттық психологиялық нышандары қалыптасқан, рухани байлығы дамыған, ғылым мен практика жетістіктерінен хабары бар ертеңгі азаматты тәрбиелеу – жетім балалар үйінің және мектептің үздіксіз жүзеге асыратын міндеттері екені баршаға аян. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, Қазақстан Республикасы бойынша 18 мыңнан астам ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар мен тастанды балалар тәрбиеленуде. Тәрбиеленушілердің 80% қазақ балалары. Олардың 4% ғана әртүрлі тағдыр тауқыметтерімен ата-анасынан айырылғандар болса, 96% ата-анасынан тірідей айырылғандар, яғни әлеуметтік жетімдер (әке-шешелерінің ішімдікке салынуынан, өз балаларын перзентханаларға немесе өзге орындарға тастап кетулеріне байланысты сәбилер үйі мен балалар үйлеріне қабылданғандар). Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің 78% - нан астамында физиологиялық, педагогикалық, психологиялық жағынан дамуында ауытқушылықтар байқалады. Оған себеп ата-ана өлімі, отбасының ұрыс-керістері, күнделікті күн тәртібінің балалар үйіне келгенге дейінгі уақытта дұрыс болмауының әсерінен болады. Мұның барлығы балалар үйіндегі тәрбиеленушілермен жүйелі де, бірізді жылы қарым-қатынасты жағдай жасауды талап етеді. Себебі, аналарының ақ уыз сүтін бір тойып еме алмаған, ананың аяулы алақаны, әкенің жүрек жылуын сезіне алмаған, төңіректеріне тосырқап қарайтын, жандары жабырқау, көкіректері шерменде қаракөз бүлдіршіндердің тағдырын ел болып бір жақты реттейтін уақыт келген сияқты. Тарихқа көз жүгіртсек, бала тағдырын ұлт тағдыры деп қарап, келешек ұрпағының тексіз, түпсіз өсуіне жол бермеген, жесірлерін жерге қаратпаған, жетімдерін жылатпаған елдік дәстүрлер болған. Алайда, бүгінгі қозғап отырған мәселеде Отанымыздың келешек белсенді мүшелері – нәрестелерімізді қорғап, ұлттық тәрбиені ата-баба дәстүрлерінің озық үлгілерін баланың санасына орнықтырып, сәби кезінен бойына сіңіріп, ойына ұялату бүгінгі таңдағы ең басты мәселе ретінде қарастырылады. Сондықтан өмірге келген сәтінен бастап, ұлттық қасиеттерді сәбидің бойына ұялата білсек, сонда ғана біз өз ұлтын сүйетін, рухы дамыған, еліміздің гүлденуіне өз үлесін қоса алатын балалар үйінде нағыз қазақ азаматын тәрбиелеп өсіре аламыз.

Бүгінгі ұрпақтың жеке тұлғасын қалыптастыруда халқымыздың ғасырлар бойы қастер тұтып келген ар-намыс, ождан, атамекен, ана тіліне сүйіспеншілік, әдеп-иба, қайырымдылық, жауапкершілік, үлкенді сыйлау мен құрметтеу қасиетін дарыту - олардың өз еліне өгей тартып кетпеуінің басты шарты.

Адамдар тұлға болып, өзіндік жеке бас ерекшеліктерімен бірден дүниеге келмейді, әрбір жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеп жетілдіру осы заман ағымына лайықты азамат, білімді, ойлы, өмірге құштар болып өсуіне үлесімізді қосуымыз қажет.

Қай заманда болмасын, жас ұрпақтың өнеге тұтар өзіндік ұлттық тәлім-тәрбиесі, үлгі алатыны тарихи жеке тұлғалар екені белгілі. Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, М.Қашқари секілді ғұламалар еңбектерінің, кемеңгерлік сөздерінің балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тұлғасын қалыптастыруда мәні ерекше. Ұлттық тәлім-тәрбие арқылы жеке тұлғаны қалыптастыруда қазақ халқының ағартушы ғалымдары Ж.Аймауытов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев, А.Құнанбаев, Ш.Уәлиханов, тағы басқалардың еңбектерінің орны ерекше.

Қазақстандық белгілі психолог-ғалымдар Ә.Алдамұратов, Қ.Б.Жарықбаев, М.Мұқанов, Т.Тәжібаев, А.Темірбеков, Г.А.Урунтаева, Х.Т.Шерьязданова зерттеулерінде оқыту үдерісіндегі жеке тұлғаның танымдық іс-әрекеті мен қабылдаудағы психологиялық ерекшеліктері туралы құнды ой-пікірлер айтылған.

Ал, ұлы Абай мақал-мәтелдерді жоғары бағалай келіп, оны бала тәрбиесінде талғап пайдалану қажеттігін айта отырып, өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде «Адам», «Толық адам» (кәмил инсап) деген ұғымдарға тоқталады. Ғұлама ақын өткен заман ғұламаларының нағыз адам, кемел адам туралы пайымдауларын сын көзбен тексере келе: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті»-дейді. Олар – «ыстық қайрат», «нұрлы ақыл», «жылы жүрек» деген тұжырым жасайды. Абай осы үш ақыл сипатты (ыстық, нұрлы, жылы) үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) тұтасқанда ғана толық (нағыз кемел) адам болатынын айтып: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Сонда «Толық адам» боласың, елден ерек»-дейді.

Салт - дәстүрлерді жасаушы халық. Сондықтан  салт - дәстүрлер    қоғамдық дамудың  заңдылықтары ретінде  пайдаланылады. Қоғамның  кез -  келген мүшесі сан ғасырлар бойы жинақталған салт- дәстүрлер аясында   өмір сүреді. Сол себепті салт- дәстүрдің пайда болу орнығу заңдылықтары    және даму ерекшеліктерін зерттеудің танымдық қана емес, тәрбиелік мәні   айрықша.      Соңғы   жылдары, жетім балалар үйлерінде  оқу –тәрбие   үдерісінде    халқымыздың   ғасырлар  бойы  жинақтаған    тәрбиелік   әдет-ғұрып,  салт-дәстүрлерін   жас  ұрпаққа   ұлттық  мазмұнда  тәрбие  беру  мен   дамуға  арналған    ғылыми-зерттеулер  жүргізілуде. 

Халық педагогикасы мұраларын пайдалануда заман талабына сай кейбір мәселелерді шешу жолдары: халық педагогикасы материалдарын жинақтап, жүйелеу баланың даму деңгейіне сәйкес ықшамдау, бағдарлама мазмұнына ұлттық сипат беру мүмкіндіктерін қарау, балалар үйінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға баса назар аудару, оқу-әдістемелік құралдарды дайындау қажеттілігі туындап отыр Осыған орай балалар үйінде мектепалды тобында халық ауыз әдебиеті үлгілерін және халық педагогикасы материалдарын пайдалану қажет.

Ұлтымыздың өскелең ұрпақ тәрбиесіне танымал ғалымдар мен ойшылдар, жыраулар еңбектеріндегі тағылым, үлгі, өнегесін өскелең ұрпақ тәрбиесінде қолдану жетім балалар бойындағы өнегелі қасиеттерді қалыптастырып, білімге, қол өнерге, еңбекке тәрбиелеу негізінде жеке адамды дамытуға болады.

 

Әдебиет:

1.        2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауынан. (www.akorda.kz);

2.        Қалиев С. Халық педагогикасының тағылымдары. //Бастауыш мектеп-1991-№5 – 26 б.

3.        Прихожан А.М., Толстых Н.Н. Психологическая помощь в воспитании детей-сирот М:. 1998г

4.        Фрейд А. Разлука с матерью. – М.: Просвещение, 1991.