Психология и социология/9.Психология
развития
п.ғ.к., доцент Г.Е. Санай
педагогика магистрі, аға оқытушы М.А.
Мырқасымова
Психология мамандығының 2 курс студенті А.Б.Зайнуллаева
Тараз Мемлекеттік педагогикалық институты
М.Х. Дулати
атындағы Тараз Мемлекеттік университеті, Қазақстан
Тұлғаның өзіндік бағалауының
психологиялық
ерекшеліктері
Өзіндік
бағалау тұлға өмірінде маңызды
құрылымдылыққа ие қасиеттердің бірі болып
табылады. Өзіндік бағалау психология ғылымында жеткілікті
жан- жақты зерттелгені белгілі. Дегенмен, біздің зерттеулерімізде
өзіндік бағалау интеллекттік дамумен байланыста
қарастырылады. Зерттеудің негізгі мәселесіне тоқталу
үшін ең алдымен өзіндік бағалаудың
теориялық зерттеулеріне талдау жасаймыз.
Батыс Еуропа және
американдық психологтар өзіндік бағалауды
қоршаған ортада бағдарлануды қамтамасыз ететін
және өзінің ішкі талаптарын сыртқы жағдайлармен
үйлестіретін механизм ретінде қарастырады. Бұл жағдайда
әлеуметтік орта адамға, оның қажеттіліктері мен
ұмтылыстарына «жау» ретінде түсіндіріледі. Бұл
көқарасты ұстанушылар З. Фрейд және неофрейдистер К. Хорни, Э. Фром болды. Аталмыш
ғалымдар тұлғаның өзіндік бағалауы ішкі
қозулар мен сыртқы тыйымдар арасында әрдайым шиеленістер
туындатады деп есептеді. Адекватты өзіндік бағалаудың болуы
мүмкін емес деген тұжырым жасады.
Тұлғаның
өзі туралы түсініктері толық емес, яғни К. Хорни
пікірінше өте күрделі және өткір шиеленістер
тұлғаның өзін асыра немесе жеткілікті
бағаламауынан туындайды деген пікір білдірді. Тұлғаның
өзі туралы идеалдағы «Мені» әрдайым көкейкесті
және шынайы «Менмен» ұшырасады. К. Хорни пікірінше, «өзін идеалдандыру» мен «өзін
жүзеге асыру» арасындағы шиеленіс «ішкі
қолайсыздықтың» қайнары болып табылады [1].
Осы
орайда, айта кететін жайт тұлғаның Мен жүйесі
өзіндік бағалау қалыптасуда шешуші жағдайлардың
бірі. Себебі, Мен жүйесі арқылы қоршаған ортамен
өзара әрекеттесу жүзеге асады. Психологиялық әдебиеттерден
Мен-тұжырымдамасы үш жаста қалыптасады деген тұжырымды
көруге болады. Бала Мен жүйесі арқылы қоршаған
ортада өзін бөлектей бастайды. Өз мүдделері мен
мүмкіндіктерін, қызығушылықтары мен
қажеттіліктерін білдіреді. Мұндай жағдайлар баланың
интеллекттік дамуына әсерін тигізуі әбден мүмкін.
Өзіндік
бағалауды түсіндіруде К. Левин [2] мотивтер, қызығушылықтар,
талаптану деңгейі және олардың динамикалық
арақатынасын қарастырды. Осы орайда, түрлі тапсырмаларды
орындаудағы жетістіктер мен сәтсіздіктерге, талаптану
деңгейіне, шағын топтардағы статусқа өзіндік
бағалаудың тәуелділігі туралы фактілер анықтала
бастады. Бірақ, бұл жұмыстарда талаптану деңгейі мен
өзіндік бағалау толық түрде шешілмеді.
Тұлғаның өз алдына қоятын
мақсаттарының мәні мен қоғамдық
мазмұны шеттетіліп қалды. Өзіндік бағалау
әлеуметтік контекстен шығарылып тасталды. Бұл
жұмыстарда өзіндік бағалау дұрыс
әдіснамалық негізді иеленбеді. Дегенмен, тұлғаның
өзіндік бағалауын анықтайтын біршама маңызды
қорытындыларды ұсынды.
Қазіргі
таңда кеңес психология ғылымында өзіндік бағалау
теориялық-эмпирикалық
деңгейде терең зерттелген. Соңғы жылдардағы
эксперименттік зерттеулер өзіндік бағалауды өз беттілік, жеке
тұлғалық феномен, адамның
мінез-құлқын реттеуші деп тұжырымдалады.
Өзіндік
бағалау- еңбектің, танымның және
қарым-қатынастың күрделі продуктісі. Мұның
негізінде тұлға өз мінез-құлығы мен әрекетін,
сондай-ақ, айналасындағылармен мақсатқа бағытты
қатынасын ұйымдастырады.
Өзіндік
бағалау тұлға өмірлік әрекеті процесінде
қалыптаса отырып, оның дамуында маңызды қызмет
атқарады және мінез-құлығы мен іс-әрекетін
реттеуші ретінде алға шығады. Көптеген зерттеулерде
өзіндік бағалауды психика дамуында белгілі қызметті орындаушы
тұлға құрылымы ретінде қарастырды.
Кез-келген
психологиялық зерттеулерге талдау жасап, жүйелі тұрғыда
қарасақ, тұлға өмірінде өзіндік
бағалаудың маңыздылығы айқын көрінеді. Себебі,
өмірлік мақсаттар қою, оған жету жолдарын табу
әрбір тұлғаның өзіне деген қатынасы
арқылы айқындалады деп тұжырымдасақ қателеспеген
болар едік.
Сонымен қатар, біршама
зерттеулерде өзіндік бағалау тұлғада өзін
құрметтеу, өзін қабылдау, яғни «Мен» аумағы
енетін өзіне деген қандай да позитивті қатынастың
туындауы болып табылады.
Өзіндік
бағалау тұлға дамуы барысында құрылады. Біртіндеп
әлеуметтік тәжірибені меңгеру процесінде қайта
құрылып, тұлғаның өзіндік санасын
қалыптастыра отырып, оның құрамына кіреді.
Өзіндік бағалау өзіндік санада көрінеді.
Тұлғаның өзіндік санасы негізінде
қоғамдық сана қалыптасады. Сондықтан, қазіргі таңдағы
түбегейлі бетбұрыстарға орай өзіндік бағалауды
этнопсихологиялық жаңа сипатта зерттеу психология ғылымына жаңа
міндеттерді қояды.
Жалпы
алғанда тұлғаның өзіндік бағалауы
өзіндік сана бөлігі ретінде функционалданады. Өзіндік
бағалау - өзіне қатынасты, индивидтің сыни
тұрғыда қаралатын өзіндік сананың арнайы
функциясы. Өзіндік бағалау тұлғаның
жайлылық немесе жайсыздық жағдайын детерминанттайтын
өзіндік сананың тірек бөлшегі болып табылады. Яғни,
өзіндік бағалау тұлғаның өзі туралы
білімдерінің қайнар көзі.
Р.С.
Пантилеевтың пікірінше, өзіндік бағалау тұлға
дамуында әлеуметтенудің алғашқы
тәжірибесінің әсерінен дамиды. Осыған орай,
өзіндік бағалау – даму барысында биологиялықтың,
психологиялықтың және психоәлеуметтіктің
өзара әрекеттестігінің нәтижесі болып табылады [3].
Өзіндік бағалау тұлға
мінез-құлқының дамуында қоғамдағы
өз орнын қабылдау үшін ерекше маңызға ие.
Тұлға есейген сайын өзіндік бағалау шынайы сипатта
көріне бастайды.
Сондай-ақ,
өзіндік бағалау әлеуметтік ортада өзара
әрекеттесу негізінде қалыптасатындығын тұжырымдайтын
зерттеулер де бар. Яғни тұлға қоршағандармен
өзара әрекеттесе отырып, өз орнын анықтайды да да,
соның негізінде өзіндік бағалау қалыптасады.
Өзіндік
бағалау тұлға психикасының жеткілікті деңгейдегі
күрделі құрылымы. Ол күрделі кезеңдерде
және тұлға қалыптасуының әртүрлі
деңгейінде болатын өзіндік сана процесінің жалпыланған
жұмысы негізінде туындайды. Сондықтан да, өзіндік
бағалау әрдайым өзгереді және өзіндік
кемелденеді. Өзіндік бағалауды анықтау процесі шексіз,
себебі, тұлға әрдайым дамиды, мұнан оның
өзі туралы пікірлері өзгереді.
Өзіндік
бағалау табиғаты бойынша күрделі құрылым және
ол жүйелі болып келеді. Ол тұтас, сонымен қатар, көп
аспектілі, көпдеңгейлі және иерархиялық
құрылымға ие. Өзіндік бағалау басқа да
психологиялық құрылымдармен, іс-әрекеттің
әртүрімен, қарым-қатынас формалары және
деңгейлерімен, тұлғаның когнитивті, рухани және
эмоциялық дамуымен көптеген жүйе астары байланыстарға
қосылған.
Өзіндік бағалау
жүйелік құрылым бола отырып, құрылымдық
–динамикалық модельге ие. Өзіндік бағалау танымның
ерекше объектісі ретінде тұлғаның өзін-өзі бейнелеу
формасын, құндылықтарды қабылдауын, жекелік
мазмұндарды, мінез-құлықтың
қоғамдық талаптарға бағдарлануын,
сондай-ақ, сыртқы дүниені жанама тану, субъектінің
онымен белсенді өзара әрекеттестігін білдіреді.
Өзіндік
бағалау компоненті екі құрылымды білдіреді: 1) когнитивті
және 2) эмоциялық. Когнитивті құрылым
тұлғаның өзін танып білуі болса, эмоциялық
құрылым- бұл өзіне деген қатынасы. Өзіндік
бағалаудың уақыттық қатынасы оның
түрлерін анықтайды.
Тұлғада
адекватты өзіндік бағалау қалыптасуы үйлесімді даму
үшін өте маңызды деп тұжырымдайтын зерттеулер де бар.
Яғни, өз қабілеттерін, түрлі аумақта өз
мақсатына жету деңгейін шынайы көру және бағалай
алу ептілігі болып табылады.
Тұлға
дағдарыс кезінде өзін жақсы сезінбейді, бірақ,
өзіндік бағалауы жоғары адамдар жеңетінін біле отырып,
өз құндылықтарын сақтап қиындықтардан
қашпайды.
Өзіндік бағалау
– бұл тұлғаның өзін-өзі, өз
мүмкіндіктерін, қасиеттерін және басқа адамдар арасында
орнын бағалауы болып табылады. Тұлғаның мінез-құлығы
өзіндік бағалау арқылы реттеледі, ал, өзіндік
бағалау айналадағы адамдармен қарым-қатынас барысында
қалыптасады. Жаңа бағалауларға ие болу,
алғашқылардың мағынасын өзгертуі мүмкін.
Көптеген ғалымдар өзіндік бағалауды түсіну
үшін үш сипатты ерекше бөліп көрсеткен. Біріншіден,
өзіндік бағалау қалыптасу үшін шынайы
Мен-бейнесінің идеалды Мен-бейнесімен салыстырылуы ерекше рөлге ие.
Екінші фактор, сол адамға әлеуметтік реакцияның
интериоризациясымен байланысты. Үшінші фактор, тұлға өз
іс-әрекетінің жетістігін және ұқсастыру
көлеңкесі арқылы оның көріністерін бағалайды.
Өзіндік
бағалауды анықтау процесі шексіз болып келеді. Себебі,
тұлға өзі әрдайым дамып отырады. Мұнан өзі
туралы пікірлер де өзгереді. Мұның бәрі өзіндік
бағалауды төселу тәсілдері мен мазмұнының,
сонымен бірге, мінез-құлықты реттеуде қатыстылық
мөлшерінің өзгеруіне алып келеді.
Тұлғаның
психикалық өмірінде өзіндік бағалаудың негізгі
функциясы мінез-құлық және іс-әрекетті
реттеудің қажетті ішкі жағдайы болып табылады.
Тұлға өзіндік бағалауы арқылы
мүмкіндіктерін саралап, іс-әрекетті соған орай икемдейді [4].
Топ
мүшелері арасындағы тікелей қарым-қатынас өзіндік
бағалау үшін индивидке кері байланысты ұсынады. Мен-
тұжырымдамасы қателіктер мен сынап көру процесі
әдісімен жүзеге асырылады. Мұның барысында
құндылықтар, ішкі бағдарлар және рөлдер
меңгеріледі.
Тұлғаның
Мен-тұжырымдамасы жеке даму барысында қалыптасады. Индивидтің
өзі туралы түрлі елестетулерінен туындаған бағалау
мазмұнының қайнар көзі әлеуметтік –мәдени
ортасы болып табылады. Мәселен, «жабырқаңқылық»,
«жалқаулық» ұғымдары негативті, ал, «ақылды»,
«батыл»- бұл позитивті бағалауға ие.
Мен-тұжырымдамасының
тұтастай алғандағы бағыты тұлғаның
өзіне деген позитивті қатынасымен, өзін
құрметтеумен, өзін қабылдаумен байланысты. Сонымен,
өзіндік бағалау субъективті сипатқа ие болып келеді.
Бірқатар
еңбектерде тұлғаның өзіндік бағалауы
оның әлеуметтік ортаға қосылуы, баланың
ересектермен қарым-қатынасына тәуелділігі көрсетілген.
Тұлға өзгелермен қарым-қатынас жасау барысында
өз мүмкіндіктерін білдіреді де, соның негізінде
айналасындағылардың бағалаулары көрініс береді.
Кеңес
психологтарының еңбектерін теориялық талдауда
көрсетілгендей, өзіндік бағалау дамуына индивидтің
қоршаған ортамен өзара әрекеттестігі және кері
байланысы ықпал етеді. Бұл мәселе тұлғаның
өзіндік бағалауы айналасындағыларға тәуелді
өзгеріп отырады деген тұжырымды жасауға алып келеді. Себебі,
тұлға ең алдымен, өгелердегі кемшіліктерді көре
отырып, өзі туралы бағалаулар туындатып жататын жағдайлар жиі
кездеседі.
Өзіндік
бағалау қалыптасуына отбасы тәрбиесі, индивидтің
әлеуметтік статусы, жыныстық ерекшеліктері де күшті
әсер етеді. Мұндай көзқарастар жетекші кеңес
ғалымдарының еңбектерінде көрініс тапқан.
Өзіндік
бағалау – бұл бағалаушы сипат ілесетін индивидтің
өзі туралы барлық пікірлерінің жиынтығы. Осы
арқылы индивид мінез-құлығын өзіндік реттейді.
Айта кететін жайт өзіндік бағалау дамуының сензитивті
кезеңі жеткіншектік шақ болып табылады. Бастауыш сынып жасында
өзіндік бағалау ересектердің пікірлері негізінде туындаса,
жеткіншек шаққа жеткенде өз жетістіктері мен
сәтсіздіктерін талдау негізінде өзіндік бағалау көрініс
береді [5].
Жоғарыда
атап өткендей, бала өзін өзгелердің, яғни,
ересектердің қатысуы арқылы бағалайды. Біртіндеп,
психикалық дамудың жоғары деңгейіне жеткен сайын
адекватты, тұрақты өзіндік бағалау қалыптаса
бастайды. Тұлға әрдайым дамитындықтан, өзі туралы
пікірлер, өзіндік бағалау мазмұны мен тәсілдері,
сондай-ақ, мінез-құлықты реттеуде оның
қатыстылығы өзгереді. Сондықтан, өзіндік
бағалау әрдайым жетіліп, өзгеріп отырады деген тұжырым
жасауға болады.
Қортындылай
келе, өзіндік бағалау тұлғаның өмірлік
әрекетінде дамитын, қалыптасатын, белгілі бір
құрылымдарға, эмоциялық және когнитивті
компоненттерге ие динамикалық жүйе болып табылады.
Тұлға дамуында өзіндік бағалаудың
маңыздылығын айта отырып, тұлғаның өз
мүмкіндіктерін, қасиеттерін және ортадағы орнын
дұрыс бағалауы өзіне сыни қарауына, талап қоюына,
жетістіктері мен сәтсіздіктерін түсінуіне, өзіндік
сананың дамуы мен қалыптасуына тәуелді екендігін атап
өткен жөн. Сонымен қатар, теориялық талдауда
байқағанымыз өзіндік бағалау дамуында әлеуметтену
факторы маңызды орынға ие. Өз табиғаты бойынша
өзіндік бағалау әлеуметтік феномен болып табылады.
Өзіндік бағалаудың құрылымына когнитивті, эмоциялық және
мінез-құлықтық компоненттер енеді. Когнитивті
компонент-өзін білу, эмоциялық компонент-өзіне
қатынасы, мінез-құлықтық компонент- бұл
өзін білу мен өзіне қатынас негізінде өзін реттеу болып
табылады. Бұл мәселелер біздің зерттеулеріміздің
эксперименттік бөліміне негіз болады.
Әдебиеттер:
1. Хорни К. Самоанализ:
пер. с. англ. под. ред. А. Боковикова. – Москва: Эксмо- Пресс, 2001. – С. 448.; Фромм Э. Анатомия человеческой деструктивности: пер. с
нем. Э. Телятниковой. – Москва: Аст, 2004. – С. 635.
2. Левин К. Определение понятия «поле в данный
момент» / Хрест. по истории психологии: Период
открытого кризиса. Начало 10-х – середина 30-х годов ХХ в. – М.: Изд- во Моск. ун- та, 1980. – С. 131-145.
3. Аяғанова А. Ж.
Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара
байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері.
Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу
үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2009.
4. Абульханова К.А.
Психология и сознание личности (проблемы методологии, теории и исследования
реальной личности) / Избранные психологические труды. – М.: Моск.
психолого- социал. инс., 1999. – С.
224.
5. Аяғанова А. Ж.
Интеллекттік даму мен өзіндік бағалаудың өзара
байланысына этнопсихологиялық түсініктердің әсері.
Психология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация. – Алматы, 2009.