Ақтөбе
өңіріндегі аграрлық секторды мемлекеттік қолдау әдіснамасын жетілдіру бағыттары
Сайымова Мейрамкул Дулаткызы PhD доктор, доцент
Балаева Ботагоз 1 курс
«Экономика» мамандығының магистранты
Қ.Жұбанов
атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті
Аграрлық
сектор мемлекеттік қолдау әдіснамасын жетілдіруді аса қажет
етеді. Нарық жағдайында мемлекет нарықты реттеуші,
экономиканың мүмкін коньюнктуралық құлдырауы мен
көтерілуін түзету енгізіп отыратын делдал ретінде жүреді.
Ауыл шаруашылығы мен оған қатысты салаларды реттеу
жүйесінің маңызды элементі мемлекеттік бағдарламалар
болып табылатындығы белгілі. Мемлекеттік бағдарлама
Агроөнеркәсіпті дамытудың жалпы ұлттық
міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттің
өзара байланысқан шаралары мен істері жүйесін
көрсетеді. Бағдарламалар өз мазмұны бойынша сан
түрлі болуы мүмкін:
-аграрлық өндіріс
кәсіпорны жекелеген салалары мен сфераларының проблемаларын шешуге
бағытталған салалық және азық-түліктік;
- аграрлық өндіріс
кәсіпорны мемлекеттік реттеудің негізгі қызметтерін іске
асыруға бағытталған функционалды (инвестициялық
әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және
т.б.);
-мемлекеттің жекелеген облыстар
мен аймақтардың агроөнеркәсіптік өндірісі дамуына
әсер етуінің кешендері шараларын сақтайтын аймақтық
бағдарламалар кешенді сипатта болуы мүмкін.
Мемлекеттік
бағдарламаларды жасау мен орындауды ұйымдастыру
Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігі
мен ауыл шаруашылығының облыстық басқармасына
жүктеледі. Бағдарламаға қатысушылардың экономикалық
мүддесі оларды іске асыруда қамтамасыз етіледі:
-бағдарлама шараларын
мақсатты бюджеттік қаржыландыру;
- бағдарламаға
қатысушыларға жеңілдетілген салық салу.
Өндіріс пен
айналым шығындарын қалыптастыратын өндіріс
қаражаттарына бағаларды субсидиялау өндіруші сатып алатын
өндіріс құралдарының бағаның
төмендеуіне көмектеседі және осының есебінен
өндіріс шығындары мен ұсыныс бағаларын салыстырмалы
төмендетуді қамтамасыз етеді.
Елбасы
аграрлық саланы еліміздің экономикасын дамытудың басым
бағыты ретінде атады. Ауыл шаруашылығын реформалау, дамыту
және отандық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін
мемлекеттік қолдаудың жаңаша әдіс-тәсілдерін
енгізу «Агробизнес — 2020» бағдарламасымен қарастырылғандығы
да белгілі[1].
Осының
негізінде Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығының жалпы
өнім көлемі 2014 жылы 125376,4 млн.теңгені құрап
отыр. Бұл көрсеткішті өткен жылғымен
салыстырғанда 11908,4 млн.теңгеге артқан, оның ішінде
өсімдік шаруашылығы 98,8%, мал шаруашылығы 103,7%
құрады.
Есепті кезеңде
облыстың аграрлық секторына 10,1 млрд. теңге
бағытталды. Оның ішінде 5,9 млрд. теңге көлемінде
субсидия бөлінді және алдыңғы жылмен
салыстырғанда 2,0 есеге артты, оның ішінде өсімдік
шаруашылығын дамытуға 827,7 млн. теңге, мал
шаруашылығын дамытуға 4458,3 млн. теңге субсидия берілді.
Мемлекеттік
қолдаудың жаңа тетігінің бірі — инвестициялық
субсидиялау. 2014 жылы республикалық бюджеттен 49
шаруашылыққа 387,8 млн. теңге төленді [2].
Агробизнес — 2020»
бағдарламасының тағы бір бағыты — несиелік
жүктемелер және банкроттыққа ұшырау қаупін
азайту мақсатында АӨК субъектілерін қаржылай сауықтыру.
Өткен жылы 25 агроөнеркәсіп кешені субъектілері 7,4 млрд.
теңгеге сауықтырылды.
Егіс алқаптары
құрылымын әртараптандыру жүзеге асырылуда. Осы
бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде
бидайдың үлесі барлық дақылдар құрылымында
2011 жылы 71%-дан 2014 жылы 55,5% -ға азайтылды. Есесіне мал азығы
дақылдары 75,5 мың гектардан 136,0 мың гектарға немесе
1,8 есеге артты.
Егіншілік
өндірісінде ылғал қорын сақтау технологиясы мен
тамшылатып суару технологиясы енгізілуде.
Мал
шаруашылығында ірі инвестициялық жобалар іске асырылып, оның
ішінде 6000 басқа арналған 2 мал бордақылау алаңдары
іске қосылды. Бүгінгі күні облыста 17 000 бас малға
арналған бордақылау алаңдары жұмыс жасауда,
жүктемелілігі 75% құрайды.
«Сыбаға»
бағдарламасы бойынша 2011-2014 жылдары 410 фермерлік шаруашылықтар
2,0 млрд. теңгеден астам сомаға 14,5 мың ірі қара
малын, сондай-ақ «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 2,6
мың қой және «Құлан» бағдарламасымен 320
жылқы сатып алды [3].
Фермерлік шаруашылықтар
мен шаруа қожалықтарында 44,0 мың ірі қара мен 125,0
мың қойдың аналықтарының
тұқымының сапасын жақсарту шаралары алынған.
2014 жылы «Ырыс»
бағдарламасымен 2 тауарлы-сүт фермасы құрылды, ал
ағымдағы жылы «Айс» ЖШС-ы өз өндірісін кеңейту
мақсатында қосымша 1600 ірі қара мал алуды жоспарлауда.
«Агробизнес — 2020»
бағдарламасы бойынша шалғай жайылымдықтарды суландыру
жұмыстары жүргізілуде. Бағдарлама бойынша
ұңғыма құдық құрылысын
инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы шаруа
қожалықтарының 80 пайыз шығынын өтеу
қарастырылған. Сонымен қатар, 120 баламалы энергия
көздері мен жел генераторлары сатып алынып, лизингке берілді.
Ветеринарлық
мекемелерді материалдық-техникалық жарақтандыру
мақсатында республикалық бюджеттен бөлінген 385,2 млн.
теңге қаржы толық игеріліп, мал таситын 13 машина және
жануарлардың өлексесін және биологиялық
қалдықтарды өртеуге арналған 13 жылжымалы инсинератор
сатып алынды.
Облыста жабық
топырақтағы көкөніс өндірісі қарқынды
дамуда. Қазіргі таңда жалпы қуаттылығы жылына 4120
тонна құрайтын 12,7 гектар алқапта орналасқан
жылыжайлар бар. Іске қосылған жылыжайлар маусым-аралық
кезеңде облыс қажеттілігінің 52 пайызын қамтиды.
Ағымдағы
жылы, 6,0 га алқапқа қуаттылығы жылына 4,0 мың
тонналық бір жылыжайды іске қосу, сонымен қатар,
қуаттылығын 1,0 мың тоннаға дейін ұлғайту
арқылы қазіргі қолданыстағы 2 жылыжайды кеңейту
жоспарлануда.
Осы нысандарды пайдалануға беріп, жобалық
қуаттылыққа шыққаннан кейін ішкі
нарықтың көкөніспен қажеттілігін 95,2%-ға
дейін қамтамасыз етеді.Ақтөбе өңіріндегі
аграрлық секторды мемлекеттік
қолдау әдіснамасын жетілдіру бағыттарының
негізінде сала көрсеткіштерінің жылма-жылғы өсу
динамикасы байқалды.
Облыста ауыл
шаруашылығының 2015
жылға арналған міндеттер арқылы анықталды[4]:
-Агроөнеркәсіп кешені субъектілерін
дамыту және одан әрі кеңейту мақсатында
көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың тиімділігін
арттырудың оңтайлы шараларын қабылдау;
-ауыл шаруашылығына берілетін
инвестиция көлемін арттыру;
-асыл-тұқымды мал
үлесін көбейтуге және мал шаруашылығын дамытуда
инновациялық жобаларды енгізуге бағытталған шаралар
қолдану;
– мал азықтық және майлы дақылдардың,
көкөністің көлемін ұлғайту мақсатында
тиімді ауыл шаруашылығы дақылдарын егу, егістіктерді
әртараптандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыру
және тұрғындар мен басқа да тұтынушылардың
өсіп отырған тұтыну талабын қамтамасыз ету үшін
астық дақылдарын егудің көлемін
тұрақтандыру;
- астық өндірісінде
ылғал қорын сақтау технологиясын, жабық топырақта
және тамшылатып суару көкөніс өндіру технологиясын
әрі қарай енгізуді жалғастыру;
– «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» және «Ырыс»
бағдарламаларын жүзеге асыруды жалғастыру.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.
Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді
дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған
бағдарламаны бекіту туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052
Қаулысы
2.
2011-2015 жылдарға арналған аумақтық дамыту
бағдарламасының есебі http://auyl.aktobe.gov.kz
3.
Ахметова Г. Әр аймақтың ауыл шаруашылығын
дамытуға қосатын үлесі қомақты // Алаш айнасы 29
қараша 2011
4.
Облыс әкімі
А.Мұхамбетовтің «облыстың 2014 жылғы әлеуметтік-
экономикалық даму қорытындысы және 2015 жылға
арналған міндеттері туралы» есебінің тезистері// Ақтөбе
,2014 жыл 25 ақпан