Аға оқытушы Ахметова Ж.О.

Студент Жүнісбеков О.П.

Шымкент қаласы, Қазақстан

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты

 

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫН МУЗЫКА САБАҒЫ АРҚЫЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА БАУЛУ

 

Егеменді елдің жас ұрпақтарын тәрбиелеу, талапқа сай білім беру, бүгінгі күннің уақыт күттірмес мәселелерінің бірі болып табылады. Сондықтан да бастауыш мектеп алдында балаға жүйеленіп, дайындалып берген белгілі бір білімді ғана беріп қоймай, оны жалпы дамыту. Сондықтан музыка сабағы - оқушының оқу-танымдық, рухани-танымдық қасиеттерін өсіруге арналған арнаулы сабақ. Басқа сабақтар сияқты, мұнда да оқу-тәрбие жұмысының негіздері: тапсырма беру, мазмұн-мағына, оқыту әдістемесі қолданылады. Әр сабақ өзінің ішкі логикасымен кұрылады. Сабақтың мақсаты - оқушылардың дайындық деңгейімен берілген тапсырманың, мағынаның, әдістеме мен оқыту түрінің сәйкестігімен орындалады. Алдымен сабақтын мақсаты мен мазмұнын анықтап алған ұстаз содан кейін оқытудың формасы мен әдістемесін таңдап алады. Бұл таңдау сабақтың түріне,  мазмұндық ерекшелігіне қарай жүргізіледі. Музыка сабағы негізінен үш бөлімнен тұрады: ән үйрену, музыка таңдау, музыкалық сауатты ашу. Оқушылар, ұстаз, музыка — міне осы үш нәрсе сабақтың арқауын құрайды. Ұстаздың басты міндеті өзі құрған жоспарына сәйкес оқушыларға музыканың мағынасына, айтайын деген көркем ойына терең үңіліп, өмірдің музыка өнерімен байланыстылығын сезінуге, музыкалық білімнін негізін қабылдауға, шығармашылық үрдіске баулуға үйрету екенін тағы да атап өтпекпіз.

Жыр, дастан, терме халық шығармашылығының, халық өнерінің, халық көркем мәдениетінің, көркем шығармашылықтың және көркем өнерпаздық өнердің түрі   ретінде қарастырылады. Әрбір дәстүрлі шығарманың халықтың ой-санасын түзеуде, елдік, ерлік, адамгершілік сезімдерін қалыптастырып оятуда алатын орны зор. Жалпы айтқанда халықтық тәрбие құралының бірі. Ендеше бүгінгі күнгі тәрбие ісіне бағыт беріп, қолданысқа айналдыратындай тәрбиелік мүмкіндіктері бар музыкалық шығырмашылық мәселелерін зерделеп көрейік. 

«Шығармашылық» сөзінің төркіні «шығару», «ойлап табу» дегенге саяды. Демек, жаңа нәрсе ойлап табу, сол арқылы  жетістікке қол жеткізу деп түсіну керек. Философиялық сөздікте  «шығармашылық – қайталанбайтын, тарихи-қоғамдық мәні бар, жоғарғы сападағы жаңалық ашатын іс-әрекет» деп түсіндіріледі. Көрнекті психолог Л.Выготский  «шығармашылық» деп жаңадан ашатын әрекетті атаған.

Шығармашылық пен өнер – егіз ұғымдар. Сондықтан шығармашылық -тың қозғаушы күші - әр алуан өнердің түрі болып табылады [1].

И.Д. Левитовтың пікірінше оқушылардың шығармашылық қабілеттері – деп іс-әрекет қорытындысына жаңа бір нәрсені үйренулері және оқушының даралық бейімділіктерінің, тәжірибелерінің көрінуі болып табылады. Көптеген психологтар оқушылардың жасы өскен сайын жүйке жүйелерінің мүмкіндіктері кеңейіп, қалыптасып отыратындығын, бірақ оқушылардың дамуы үшін ең қажетті құнды қасиеттердің біртіндеп жоғалып отыра-тындығымен де түсіндіре отырып, бала қабілетінің дамуы үшін ең қымбатты кезеңде тиімді пайдаланып қалуға асығу керектігін ескертеді. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне сай қабілет олардың белгілі бір іс-әрекетке  бейімділігі айқын көрінеді.

Бүгінгі күннің өмір талабына сай тұлға тәрбиелеудің ерекшелігі оның үздіксіз жүргізілу қажеттілігінде. Тұлғаның музыкалық шығармашылығын дамыту адамның кішкентай кезінен бастап есейген кезіне дейін жүреді. Үздіксіз білім беру жүйесіне рухани бай, жоғары мәдениетті және мәдени құндылықтарды бағалай алатын тұлға қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік институттар ену керек.

Қазіргі таңда бастауыш сынып оқушыларын жан-жақты қалыптасқан, шығармашыл етіп жетілдіру басты мақсаттарымыздың бірі. Бұл мақсаттарымыздың жүзеге асуына өз септігін тигізетін бірден-бір пән ол музыка пәні болмақ. Адам тұлға болып тумайды,  қалыптасады. Адамның дамуы – ішкі және сыртқы жағдайлардың әсерлерімен қалыптасатын күрделі, ұзақ мерзімді, қарама-қайшылықты үрдіс. Тұлғаның қалыптасуы мен дамуы үш факторға: тегі, ортасы және тәрбиесіне байланысты. Өзін қоршаған ортамен қатынасы арқылы адамның табиғи мәні ашылып, жаңа қасиеттері қалыптасады. Музыка сабағы оқушылардың шығармашыл болып өсуіне бірден бір негіз болатын пәндердің бірі. Музыка арқыла оқушыларға эстетикалық тәрбие беруге болатындығын ғалымдар өз еңбектерінде талай рет зерделеген.  Тәрбиенің сапасы тәрбиешінің жұмысты мақсатты, жүйелі, кәсіби шеберлікпен жүргізуіне байланысты. Музыка сабағанда бастауыш сынып оқушыларына музыканың әсерлі үнімен білім беру арқылы шығармашылыққа баулуға толық негіз бар. Тұлға – біртұтас жүйе. Біртұтас жүйе ретінде адам өзін-өзі дамытып отырады. Музыка пәнінің негізгі мақсаттарының бірі – тұлғаны біртұтас жүйе ретінде тәрбиелеу. Тұлға – сана иесі. Шығармашыл адам – жасампаз тұлға. Өзін, айналасын, қоғамды жаңартып отырады.

Баланың шығармашылық қасиеттері кішкентайынан көріне бастайды, себебі, шығармашылық – бала дамуының қалыпты жағдайы. Алайда шығармашылыққа бейімділік бірте-бірте жоғала бастайды, ол балаға да қоғамға да кері әсер етеді. Шығармашылықпен тұрақты және саналы айналысатын және өз мүмкіндігін жүзеге асыра алатын адам өмір талабына, өзгермелі еңбек шартына, өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі жетілдіруге тез бейімделеді. Музыкалық білімнің өзі осы ұғымдардың жүзеге асуына мол үлесін тигізеді.

Музыка аспаптарына үйрету сабағы музыка сауаты мен ән үйрену сабағы методикасы сабақтары мен тығыз байланысты жүргізіледі. Жеке музыка сабағының оқытушысы график бойынша басқа да оқытылатын пәндермен сабақтастыра өтуі қажет[2].

Музыка эстетикалық тәрбиенің маңызды бір бөлігі бола отырып, жеке тұлғаның ақыл-ойы мен дене бітімін жетілдіріп, жан-жақты өмір тәжірибесін кеңейтуге қызығушылық біліктілігін және ойлау қабілетін дамытуға, шығармашылық іскерлікке тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады, оқушыларды халықтық музыкаға баулиды.

Эстетикалық тәрбиелеу көркемдік әсер етуге тірелмейді, оның құралдары алуан түрлі, ол өнер, оның ішінде музыка сол құралдардың бірі ғана. Бірақ мұнда өнердің, оның ішінде музыканың атқарар рөлі ерекше.

Музыка өнері арқылы шығармашыл тұлға қалыптастыруда халықтық, көркемдік ұстанымдарды негізге алу керек, музыка өнері туралы ғылыми білім негізгі мақсатты жүзеге асыратын құрал болуы керек, тәрбиелеуге ерекше мән берген жөн.  [3].

Музыка сабағының барлық жүйелері бір-бірімен тақырыптық желі бойынша тығыз байланыста болып келетіні белгілі. Осыған байланысты оқытушы әрбір жаңа әнді үйреткен кезде, сабақтың негізгі тақырыбынан ауытқымай, қайта оны тереңдете, өрбіте түсуді мақсат еткені жөн. Түрлі ой салу, бағыт беру, іздендіру, көрнекі құралдарды пайдалану сияқты, балалардың ынтасын арттырып, қызықтыратын тиімді әдістерді көптеп қолданса, ол оқушылардың санасымен жұмыс істеу дағдысын дамытады. Сонда олар зерек, ойшыл, аңғарымпаз болады. Бұл олардың басқа сабақтарды да жақсы үлгеруіне себін тигізеді.

Қорыта айтқанда музыка сабағында бастауыш сынып оқушыларын шығармашылыққа баулу бүгінгі күннің аса маңызды да өзекті мәселе екендігіне көз жеткіздік. Еліміздің болашағы болып табылатын бастауыш сынып оқушыларының жан-жақты дамыған, саналы да білімді ұрпақ болып өсуіне музыка пәнінің алар орны зор екендігі ғылыми талдаулар негізінде анықталды.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

1. Ахметова А.Қ. Мектептегі музыка сабағын оқыту принцптері. Алматы: 2002. -189-б

2. Ғизатов Б.Ғ. Мектептегі ән музыка сабағы.-Алматы., 1968 ж.

3. П. Сағынтаев, А. Шәндібаева. Бастауыш сыныптарда музыкалық тәрбие беру әдістері. - Алматы. Рауан 1996 ж.

4.Дүйсембінова Р.Қ. Музыкалық білім беру педагогикасы. Талдықорған: 2001. -111б.