Педагогические  науки”

 

cт. прeподaвaтeль,  Даулетбаева Г.Б.

Костанайский государственный педагогическии институт, Казахстан

 

Жоғарғы оқу орындарында диалогтік оқытуды ұйымдастыру тәжірибесінен

 

Ғылыми зерттеу нәтижелері көрсеткендей, сабақта диалогтік оқытудың маңызы  өте үлкен. «Әңгімелесу – мұғалімдер балалардың оқуға деген ынтасын оята алатын пәрменді тетік»  дегендей, сабақ барысында студент пен студент, оқытушы мен студент арасында жүргізілген диалог студенттердің қызығушылығын, танымын арттырады. Мерсер мен Литлтон (2007) еңбектерінде айтылғандай, диалог студенттердің  сабаққа деген қызығушылығын арттырумен қатар, олардың оқуына және танымдық дамуына, білім  деңгейінің өсуіне, берілген тақырыпты тереңірек түсінуге ықпал етеді. Ал Барнстың (1971) ойынша, студенттер мен оқушылардың білім алуына сыныптағы тілдің қолданылған мөлшері әсер етеді. Выготский -«оқушылар диалог құру арқылы білім алады, яғни оқушылардың өздерінен көрі анағұрлым қабілетті оқушылар мен мұғалімдермен диалог жүргізсе, оқулары жеңіл болады» -деп айтқан болатын [1].

Қазіргі кезде мектеп алдында XXI ғасыр оқушыны қалыптастыру талабы қойылған болатын, ал жоғарғы оқу орындары алдында сәйкесінше сол оқушыларды қалыптастыратын мамандарды оқыту болып табылады. Ал диалогтық оқыту, заман талабына сай болатын және қазіргі қоғамда өз бетімен шешім қабылдай алатын адамдарды қалыптастырудың бірден-бір тәсілі екенін өз тәжірибемнен көрдім.

Cабақтарымда диалогтық оқытуды пайдалану себебім – ең алдымен, қазіргі таңда студенттердің пәндердегі білім мазмұнын меңгеру  деңгейлерін бағалау көбінесе тест арқылы алынатындықтан, студенттер сөйлеуден қалды, өз ойларын толыққанды жеткізе алмайды. Сондықтан сабақтарымда диалогтық оқыту әдісін қолдану мақсатым  студенттер бір-бірімен қалайша диалог жүргізетінін, жаңа материалды бір-біріне қалайша жеткізетіндерін, өзара қарым-қатынасты қалай орнататындарын байқағым келді. Сонымен қатар студенттердің  өз ойын ашық, еркін, анық айтуға итермелегім келді.

Дәріс кезінде диалогтық оқытуды жүзеге асыру мақсатында ең алдымен шағын топтарға тақырып бойынша сұрақтар қойылды. Мысалы: Бүгінгі сабақта әңгіме не туралы болады? Қандай тақырып маңайында өрбиді? Қандай бағдарламамен жұмыс істейміз? Жалпы сабақтың тақырыбы қандай? Студенттер өз топтарында сұрақтарды талқылап, ортақ шешімді стикерге жазып берді, ал сол стикерлердегі жазбалардан сабақтың тақырыбын  тұжырымдады. Ал практикалық сабақта «Күндіз теңіз бетіндегі су асты кемесі перископты түсіріп, түнде  көтеретіндей бағдарлама жазыңыз» тапсырмасын берген кезде, студенттерге өз топтарында ең алдымен су асты кеменің суреті қандай болатынын тор көзді дәптерлерге салу ұсынылды. Тапсырманы орындау барысында студенттер тапсырманы талқылап, өзара диалог жүргізді, ортақ шешімге келіп, тапсырманы орындады. 

Дегенмен, топтық жұмыс кезіндегі диалогтық оқыту әдісіне студенттер бірден үйренісе қойған жоқ, бұрын өз ойларын толық айтып жеткізіп көрмеген студенттер үшін қиыншылық туғызды. Бірақ бірте – бірте сабаққа қызығушылық білдіріп, белсенді қатысып, жұптық жұмыста ашыла бастады. Дәріске қарағанда практикалық сабақта студенттер бір-бірімен диалог жасап үйренді деуге болады, өйткені топ жұмыстарында нақтылық, дәлдік пайда бола бастады, өз ойларын қорғайтын болды. Сабақ кезінде бір – бірімен пікір алмасып, ой бөлісіп, ортақ шешім қабылдап үйренді, топтың атынан сөйлеу оларды жауапкершіліктерін арттырды.

Сабақтарымда ұйымдастырылған шағын топтардағы барлық студенттер бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, өзара диалог құрды, өздеріне мәліметтерді жазып алғанымен ойларын жеткізуге асықты, сабақта өздерінің теориялық білімін іс жүзінде іске асыра білді және өз топтарындағы студенттермен бөлісті, топ ішінде тапсырманы талқылап отырды. Шағын топтарда өзара зерттеушілік әңгіме жүргізілді: «мүмкін», «бәлкім»,«солай емес пе» сияқты сөздер қолданылды.  Ал бұл олардың ойын кеңейтіп, тілін дамытты дегенді білдіреді. Сабақ барысында шағын топтардағы туындайтын диалог студенттердің еркін сөйлеуге ықпал ететінін, өзара қарым-қатынастары нығая түсетінін, сабаққа деген жаңа көзқарастары қалыптасатынын, жаңа идеялармен танысып, білімдерін жетілдіретінін байқадым.

Оқытушының маңызды дағдылардың бірі сұрақ қою болып табылады, өйткені сұрақ дұрыс қойылса ғана ол сабақ берудің тиімді құралына айналады және де студенттердің  білім алуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Сонымен қатар, бір-бірімен сөйлескен кезде де сыни тұрғыда ойлауына ықпал ететіндей сұрақтар қойып отыру керек екенін білдім. Сонымен қатар уақыт шектеулі болу қажет, өйткені студенттердің назарлары басқаға ауысып кетуі әбден мүмкін.

 Сонымен, білімнің басты мақсатын «Үйрету!» емей, «Адами қасиеттерді басқа адамды түсіну арқылы бойға сіңіру үшін қажетті жағдайлар жасау» немесе, басқаша айтқанда, «Диалог пен қарым-қатынасқа үйрету» деп қабылдап, «Диалог – оқу/оқыту процесінің басты құралы» деген қағиданы ұстану керек [2].

Қазіргі мұғалімдерге қойылатын талап күшті болып жатқандықтан біз сол болашақ мұғалімдерді дайындауға үлес қосып жүргендіктен өзіміз сол талаптарға сай болу үшін үнемі ізденісте, жұмысымызды шығармашылықпен жасап, болып жатқан өзгерістерге өзіміз дайын болу керекпіз. Сонда ғана XXI ғасыр оқушысын қалыптастыра алатын мұғалімдерді дайындай аламыз.

 

 

Әдебиеттер:

1. Педагогикалық шеберлік орталығының ресми сайты: www.cpm.kz

2. Әлімов А. Интербелсенді әдістерді жоғары оқу орындарында қолдану. Оқу құралы. – Алматы, 2009. - 263 бет.