Мұратбекова А.М.,
п.ғ.к., доцент
С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ, Астана қ.
Мешімбаева Б.Ш., п.ғ.к., доцент
Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, Өскемен
қ.
МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВТЫҢ ЭТНОПЕДАГОГИКАЛЫҚ
ОЙ-ПІКІРЛЕРІ
Бүгінгі
таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат
ұрпаққа тәлім-тәрбие мен білім беруді
жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика
ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті
мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан
келешек ұрпақты ұлттық, халықтық
тұрғыдан тәрбиелеу қажеттілігі арта түсуде. Жас
ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі
бағдарлы идеялары Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз өзіміздің ұлттық
мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы
әралуандығымен және ұлылығымен қосып
қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса
да жинастыруымыз керек» деп көрсетілген [1].
Қай
заманда болмасын педагог-ғалымдар тәрбиелеудің
заңдылықтарын зерттеу негізінде тәрбие үрдісінің
құрылымы мен мағынасын ашуға, тәрбиелеудің
жолдары мен тәсілдерін табуға ұмтылды. Бүгінгі жас
ұрпаққа тәрбие беруде педагогика ғылымының
дамуына үлес қосқан
қазақтың белгілі философтары, ағартушы
педагогтары Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынов,
М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаевтың еңбектерін
басшылыққа алып отырудың маңызы зор.
Мәселен,
Мағжан Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте ана тiлi» (1925),
«Сауатты бол» (1926), «Педагогика» (1922) атты оқулықтары
педагогика және әдiстеме ғылымдарына
қосқан тың үлес болып саналады. М.Жұмабаев орыс,
батыс педагог-психолог ғалымдарының еңбектерiн оқи
отырып, тәрбиенiң
ұлттық ерекшелiктерiн «Педагогика» атты оқулығында
былайша сипаттайды: «Тәрбие ғалымдарының пiкiрлерiн (орыс,
батыс ғалымдарын айтып отыр – С.Қ.) таңдап алуға
ұмтылдым. Шамам келгенше
қазақ жанына қабыстыруға тырыстым… Бiзде бұрын
пән тiлi болмағандықтан түрлi терминдерге тап
басқанда қазақша сөз табу көп күшке тидi.
Қалайда курстарда оқыған мұғалiмдердiң
жәрдемiмен таза орыс сөздердi қазақшаға
айналдырылды. Ал ендi жиһан тiлi (интернацианалдық терминдер –
С.Қ.) болып кеткен сөздерi қазақшаға аударам деп
азаптануды тиiс таппадым»[1] .
Оқу
құралының бiрiншi бөлiмiнде педагогиканың жалпы
мәселесiне арналған. Оның
пiкiрiнше тәрбие саласы төртке бөлiнедi. Олар: дене, жан,
ақыл тәрбиесi, сұлулық пен
әдеп-құлық тәрбиесi. Осы тәрбиенiң
төрт түрiн түсiндiре келiп, былай дейдi: «Егер де адам
баласына осы төрт тәрбие тегiс берiлсе, оның тәрбиесi
түгел болғаны. Бала берiк денелi болса, түзiк ойлайтын,
дұрыс шешетiн, дәл табатын ақылды болса, сұлу
сөз, сиқырлы әуен, әдемi түрден ләззат
алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан жаны жиренiп,
жақсылықты жаны тiлеп тұратын құлықты болса
ғана адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам
болғандығы… Баланы келешек заманына лайық қылып
шығару» – деу арқылы М.Жұмабаев тәрбие мақсатын
айқындап бередi [1,100]. Автордың
туған халқының тәлiм-тәрбиелiк бай мұрасын
игеру жөнiндегi бағыт-бағдары да құптарлық.
«Ұлт тәрбиесi – деп жазды ол, –
баяғыдан берi сыналып келе жатқан тақтақ жол
болғандықтан, әрбiр тәрбиешi сөз жоқ,
ұлт тәрбиесiмен таныс болуға тиiс. Сол ұлт
тәрбиесiмен тәрбие қылуға мiндеттi» [1,101].
Мағжан
Жұмабаев ұлт тәрбиесiне сын көзiмен қарап,
тозығынан озығын айыра бiлуге шақырады. «Киiз үйдiң
зиянды жағы болғаны сияқты, – деп жазды ол, – пайдалы
жағы да бар. Әңгiме сол
киiз үйдiң iшiнде баланы ұстай бiлуде. Шын таза ауа сол киiз
үйде болмағанда қайда болады? Ал балаға таза ауа аса
қажет… Малмен бiрге жүрiп, бiрге өскен қазақ баласын
аса нәзiк қылып, үлбiретiп тәрбие қылмағаны
дұрыс болмас… Қазақ баласының тәрбиесi
қазақ тұрмысына қабысуы мақұл» - деп көрсетеді. Яғни баланы жастайынан шыңдау,
өмiрге үйрету қажет екендігін айтады.
Мағжанның
«Педагогикасы» он төрт тараудан
тұрады. Соның он тарауы ұлттық психологияны сөз
етедi. Ол жан көрiнiстерiн ол «бiлу, яки
ақыл, сезiм яки көңiл, һәм қайрат деп
үшке бөлiп қарастырады. Олардың өзара
табиғи үйлесiмiн Абай тұжырымымен байланыстырып,
Абайдың «Ақыл, қайрат,
жүректi бiрдей ұста, Сонда
адам боласың елден ерек» – деуi ақыл
(ми) мен ерiк, жiгердi байланыстыру деп қарайды.
Ол сыртқы
сезiмдердi: көру, есту, иiскеу, тату, сипау (ет сезiмi) деп беске
бөлiп қарастырып, олардың атқаратын қызметiне,
ерекшелiктерiне сипаттама бередi. Оларды дұрыс жетiлдiрудiң
жолдарын көрсетедi.
Бұларды жетiлдiруде
ұлттық дәстүрге сүйене отырып жүргiзудi,
мәселен құлынның кiсiнеуiн, қойдың
маңырауын, түйенiң боздауын ажырата бiлу арқылы
тәрбиелеудi ұсынады. М.Жұмабаев: «Адамның әдемiлiктi сүю сезiмiн тереңдететiн де
осы есту сезiмi», – дей келiп өз пiкiрiн
гректiң Орфейi, қазақтың Қорқыт
күйлерi туралы ойларымен тиянақтайды [1,147]. М.Жұмабаев адам өмiрiндегi
қиялдың (фантазияның) рөлiне тоқтала келiп «Қиялы дамымаған адам мылқау адам… . Қиял адам ойын дамытады… Ол үшiн
балаларға жастайынан қиял-ғажайып ертегiлер айтқызып
үйрету керек» дейдi.
Мағжан Жұмабаев ой-қиялдың
өрiстеудегi тiлдiң рөлiне тоқтала келе: «Бiр
ұлттың тiлiнде сол ұлттың жерi, тарихы, тұрмысы,
мiнезi көрiнiп тұрады… Ұлттың тiлiнiң кеми
бастауы – ұлттың құри бастауы… дегендi айтады.
М.Жұмабаевтың ойынша, тәрбие кең
мағынасымен алғанда, қандайда болса бір жан иесіне тиісті
азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек
көрсету, ал енді, адамзат туралы айтқанда, адамның баласын
кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қолбасшы
болғанша, тиісті азық беріп өсіру деген мағынада
жүргізіледі. Бала тәрбиесі М.Жұмабаевтың айтуынша,
соншама жеңіл нәрсе емес, бала тәрбиесі ауыр өнер, жеке
бір ғылыми иесі болуды тілейтін өнер. Балаға дұрыс
тәрбиені әрбір мұғалім, ата-ана тәрбие жолын
ешкімнен үйренбей-ақ, еш тәрбиені оқып білмей-ақ
өз бетімен бере алмайтынын М.Жұмабаев «Баланы дұрыс
тәрбие қылу үшін әркімнің өз
тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен
танысу керек. Сол басқа адамдардың майданындағы
тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни
тәрбие пәнімен таныс болу керек» деп дәлелдеген [1,99].
Демек, осы ұлы ақынның айтқанынан, болашақ
мұғалімді, болашақ ата-ананы отбасы тәрбиесіне даярлау
қажет деген ой түюге болады. Ғұлама ақынның
ойынша, әрбір ұлттың бала тәрбиесі туралы
бұрыннан келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі
баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан
тақ-тақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз
жоқ ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті, және
әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында,
өз ұлты үшін қызмет қылатын
болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен
тәрбиелеуге міндетті дей отырып, жастарды
тәрбиелегенде ұлт тәрбиесінің негізінде тәрбиелеу
арқылы, ұлттық құндылықты бойына
сіңіре білгенде ғана, ол рухани бай, сол заманға лайық,
елі, Отаны үшін қызмет етуге дайын болып шығатынын
көрсетеді. Ақын сонымен бірге, ұлт тәрбиесін
түгелімен дұрыс деуге болмайтындығын, олардың арасынан
жақсы мен жаманын, алтын мен мысын айырып ала білу үшін
тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен,
түрлі ұлттан, түрлі заманда шыққан тәрбие
ғалымдарының ой-пікірлерімен таныс болуы тиіс деп ойлаған.
Қорытындылай
келе айтатынымыз, Мағжан Жұмабаев өз халқының патриоты ретінде оны
халқының, ұрпағының болашағы үнемі
толғандырып, тәрбиенің басты міндеттерінің бірі бала
бойында ұлттық сезімдерді ерте қалыптастыру оларды
халықтың рухани мәдениетімен, әдет-ғұрпы,
салт-дәстүрімен кеңінен қаруландыру қажет деп
санады.
Әдебиет
1.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың
Қазақстан халқына
Жолдауы «Қазақстан-2050», Астана, 2012 жыл
2.
Жұмабаев М. Жалпы педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992.
3.
Қалиев С. Қазақ этнопедагогикасының теориялық
мәселелерi және тарихы. – Алматы: Бiлiм, 2004.
4.
Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы: Санат,
2001 ж.
5.
Қалиев С., Молдабеков Ж., Иманбекова Б. Этнопедагогика. – Астана, 2005.