Мусеева Г. Н., Садвакасова Н.А., Жұмабай А. Б., Жолмаганбетова Д. К.

Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан

ЕРЕКШЕ БІЛІМДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН БАЛАЛАРДЫ ОҚЫТУДА ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҚОЛДАНУ

Заманауи кезеңде жаһандық ақпараттық кеңістікті құрап отырған қоғамда ақпаратттық ағымдардың таралуын қамтып, адам іс-әрекеттерінің барлық салаларына енуі - компьютерлік технологиялардың қоғамға деген әсерінің қатты екендігімен сипатталады. Білімді компьютерлендіру - бұл процестердің маңызды бөлігінің бірі болып табылады. Қазіргі заманда ақпараттық-білімдік әлемге енуге бағытталған білім берудің жаңа жүйесі құрылып жатыр. Бұл процесс баланың ақпараттық қоғамға үйлесуі үшін, оқу-тәрбиелік процестің педагогикалық теориясы мен тәжірибесінде қажетті өзгерту жасау арқылы, яғни заманауи технологиялық мүмкіндіктерге сай жүргізілуі тиіс. Компьютерлік технологиялар оқытудың қосымша «ақпараты» ретінде емес, білім беру процесінің нәтижесін жоғарылататын, толық және ажырамас бөлігі болуы қажет.

Ақпараттық технологиялар дегеніміз - арнайы техникалық құралдарда қолданылатын (компьютер, аудио, кино, видео) компьютерлік ақпараттық техника. Білім жүйесінде қолданылатын ақпараттық және коммуникациялық технологияларды (АКТ) екіге бөлуге болады: аппараттық (компьютер, принтер, проектор, визуальді және дыбыстық ақпараттарды жазуға арналған құрылғы және т.б.) және бағдарламалық (жаттықтырушы, кешенді оқу жинақтары, эксперттік жүйелер, басқарушы ақпараттық жүйе, виртуальді конструкторлар және т.б.).

Оқу процесіне ақпараттық технологияларды енгізудің негізгі мақсаты - оның сапасы мен тиімділігін арттыру.

АКТ - ның интенсивті дамуы, ерекше білімді қажет ететін оқушылардың білім беру процесінде үлкен маңыздылыққа ие, орнын толықтырушы дағды мен қабілеттерін қалыптастырумен қоса, ақпараттық және білімдік ресурстарға тең құқық беріп, ЕБҚЕ оқушылардың заманауи қоғамға сәтті  әлеуметтенуі мен интеграциялануына септігін тигізеді.

Бұл саланы зерттеген көптеген педагогтар мен психологтардың пікірінше, жаңа информациялық технологияларға жүгіну арнайы білім берудің барлық құрамын жетілдіруге мүмкіндік береді (И. В. Больших, В. И. Голод, Е. Л. Гончарова, Ю. Б. Зеленская, Ю. Н. Кислякова, Е. Л: Королевская, О. И. Кукушкина, Т.В. Лисовская, Н. Н. Малофеев, И. А. Никольская, Е. А. Стребелева, Т. Б. Филичева, Г. В. Чиркина, Л. Е. Шевчук және т.б.).

Арнайы білім беру бағдарламасын жүзеге асыруда АКТ және электрондық оқу құралдарын пайдалану, бұл: білім берудің мазмұнын қалыптастыру мен іріктеу технологияларын, әдістерін жетілдіру; ақпараттық технологиялармен байланысты, коррекциялық сабақтар бағытында, жаңа мамандандырылған пәндер саласын, оқу пәндерін кіргізу және дамыту; АКТ-дың индивидуалдылығы мен дифференциалдылығының арқасында оқытудың тиімділігін жоғарылату, қосымша мотивациялық тетіктерді пайдалану; оқыту процесінің жаңа формаларын ұйымдастыру; оқытушы мен оқушы арасындағы іс-әрекеттің мазмұны мен мінезін өлшеу; білім беру жүйесінің басқару механизмдерін жетілдіру; оқушылардың мотивациясын жоғарылатып, олардың өз іс-әрекеттерінің аясын кеңейту; оқу мәліметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және т.б.

Арнайы компьютерлік технологияларды қолдану - бұзылыс қызметтерін жүйелі түзету мен орнын толықтырушы тетіктерін белсендіруге мүмкіндік береді. Кемшіліктердің клиникалық және психологиялық-педагогикалық көрінуінің көптігі, әр түрлі түзету жұмыстарын қолдануды,  демек әр түрлі компьютерлік технологияларды пайдалануды талап етеді.

Информациялық технологияларды қолдану аясы кең. Білім беру саласында ЕБҚЕ оқушыларда оларды қолданудың 3 негізгі аясын көрсетуге болады.

Орнын толықтырушы, яғни ақпараттық және байланыстырушы технологияларды қолдану ағза қызметінің бұзылыс орнын толықтырып, оқушылардың білімді меңгеру процесін жүйелейді.

Дидактикалық, яғни ЕБҚЕ оқушыларға оқытудың жаңа технологияларының пайда болуына түрткі болып табылады.

Байланыстырушы, яғни әлеуметтік байланыстарын кеңейтіп, өз қабілеттерін жүзеге асыру мен қарым-қатынас процесін жеңілдетеді.

Компьютерді мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктеріне қарай жинақтауға болады, бұл компьютерлік оқу технологияларының басымдықтарының бірі.

Демек, ТҚАБ бар адамдарға пернетақтаның құрылымдарын өзгертуге болады: клавиштері үлкейтілген пернетақта, жоғары сезімталдығы бар мембраналы пернетақта. Арнайы саусақ датчиктері пайдаланылуы мүмкін. Есту бұзылыстары бар адамдарға сөйлеп тұрған адамның дауысын монитордың экранына визуальді белгілерге айналдыратын арнайы компьютерлік технологиялар құрастырылған. Ал көру бұзылыстары бар адамдарға «дауыстап оқушы экран» бағдарламасы арнайы пернетақтадағы клавиштердің көмегімен, ақпарат дыбысталып айтылады.

Соңғы жылдары «инновация» деген терминнің кең етек жайғанын білеміз. «Инновация» ұғымына ғалымдар әртүрлі түсініктемелер берген. Соның арасында «инновация» ұғымына алғаш рет анықтама берген зерттеуші Н. Нұрахметовтің пікірінше: «Инновация дегеніміз білім беру мекемелерінің жаңалықтарды меңгеру, жасау, пайдалануы және оларды таратуға қатысты қызметі.

Қазіргі заман талабына сай білім беру саласындағы жаңашыл ұстазға қойылатын талап та жаңаша болатыны сөзсіз. Ұстаздардың алдындағы басты міндет – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп және жаңа педагогикалық технологияларды меңгере отырып, еліміздің жарқын болашығын жасайтын білімді де білікті, тәрбиелі де бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру – заман талабы.

Инновациялық білім беру пәндердің мәнін тереңдетуге, мұғалімнің (дефектологтың) кәсіптік шеберлігін арттыруға, басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға бағытталған әрекет. Жаңа технологиялардың тиімділігі - біріншіден, мұғалімге сабақты тиімді ұйымдастыруға көмектеседі, екіншіден, оқушының тақырып бойынша танымын кеңейтеді. Білім сапасын арттыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болғандықтан, жаңа технологияларды енгізе отырып, оқыту оқушылардың берілген материалды қажетті деңгейде қабылдауына жол ашады.

Инновациялық құралдарды оқушымен жеке және топпен жұмыс кезінде де қолдану тиімді. Оны қолдана отырып, оқушының белсенділігі жоғарылайды, өз бетімен жұмыс жасау қабілеті артады, іс-әркетінде қызығушылық байқалады, ойын еркін жеткізеді.

Түзету сабақтарында мультимедия технологиясын қолдану нәтижесінде оқушы ақпаратты оңай әрі тез қабылдайды. Сабаққа деген ынтасы мен қызығушылығы жоғарылайды.

Ерекше білімді қажет ететін балаларды оқыту мақсатында инновациялық құралдарды қолдану мынадай әдіс-тәсілдер арқылы жүзеге асады: мультимедиялық презентациялар, оқыту бағдарламалары, мәтіндік редакторлармен жұмыс, графиктік сызбаларға түсіру.

Ж. Аймауытов айтқандай: «сабақ беру жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер». Сондықтан да бүгінгі арнайы оқыту жүйесінде әртүрлі жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, жақсы нәтижелер беруде [1].

Болашақ компьютерлік технологияларда. Міне, бүгінгі күннің өзінде компьютер адам өмірінің барлық аясында қолданылып, ажырамастай бөлігіне айналып жатыр. Бірақ та, АКТ-ды қолданудың қажеттілігіне қарамастан, сабақтың белсенді, шығырмашылы тек ұстаз ғана бола алады, ал компьютер тек оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін пайдалануды «қолдайды».

Әдебиеттер:

1. Абасова, С.Э. Современные информационно-коммуникационные технологии образования / С.Э. Абасова, С.Г. Абдуллаев// Новые информационные технологии в образовании: материалы международной научно-практической конференции: в 2-х ч.: Ч. 1. – Екатеринбург : РГППУ, 2011. – 318 б.