Әдебиеттану ғылымындағы автор бейнесі
категориясының зерттелу сипаты
А. М. Жорашова
Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ
қазақ әдебиеті
кафедрасының 2- курс
магистранты, Астана, Қазақстан
Ғылыми жетекші: ф.ғ.к.,профессор С.Ш. Айтуғанова
XX
ғасырдың басында туындаған автор мәселесі бүгінгі
таңда өз маңызын жоғалтқан жоқ. Себебі,
көркем шығармадағы автор категориясының функциялық рөлі, образдық
жүйесіне анализ жасау қазіргі әдебиеттану
ғылымының негізгі әдіснамалық жүйесіне еніп отыр.
Көркем
шығарманы тудырушы тұлғаның, яғни автордың
болмысына қатысты ғылыми зерттеулер мен тұжырымдарға
байланысты парадигмалық шеңберге үңілетін болсақ,
біршама келелі ойлар мен негізгі еңбектерге тоқталып өтуге
болады. Ең алдымен сол еңбектердің негізіне сүйене
отырып ғылыми тұжырымдарды бір арнаға жинақтауды
жөн көрдік.
Зерттеу тақырыбымыздың басты
нысанына айналған автор бейнесі категориясын жүйелеу барысында
әлемдік әдебиеттану ғылымының ілгері дамығанын
көре аламыз. Сондай-ақ отандық ғылыми
мектебіміздің де біршама жетістіктерге ие екенін көруге болады.
Әрине, бұл мәселелермен алдағы зерттеуімізде жете
танысамыз, алдымен автор ұғымына тоқталып өтсек.
Академик З. Ахметов
құрастырған әдебиеттану терминдер сөздігінде
авторға мынадай анықтама берілген: «Автор – (лат. auctor –
жаратушы, негізін қалаушы) – өнертануда, философияда
эстетикалық, сондай-ақ мәдени-әлеуметтік категория
ретінде қарастырылатын ұғым. Қазіргі өнертануда,
әдебиеттануда қалыптасқан түсінік бойынша автор –
өнер туындысын жасаушы, қаламгер, өз шығармасы
арқылы өзінің дара көркемдік танымын әйгілейтін
шығармашылық тұлға» [1;20]. Сондай-ақ,
көркем шығарманы тудырушы автордың өнертанудағы
бірнеше мағынасын анықтаған В. Хализевтің: «... біріншіден
көркем туындыны тудырушы шынайы тұлға, яғни белгілі бір
тағдыры, өмірбаяны, индивидуалды нышан белгісі бар. Екіншіден,
көркем мәтінге шоғырланған автор образы, яғни,
жазушының, мүсіншінің, суретшінің, режиссердің
өзін-өзі сомдауы... үшіншіден (дәл қазір біз үшін аса
қажеттісі), бұл көркем әлемді жасаушы тұлға
яғни имманенті туындының
бүтін бөлігі ретінде қатынасушы» [2;61] – деген
анықтамасына тоқталамыз.
Ғалымның
авторға қатысты бірнеше ұғымдық
қабаттарынан шынайы автор мен оқырманға әсер ететін
автор бейнесі және имманенттік туралы айтқан ойына зер салып
тереңірек тоқталуға болады. Біріншісінде көркем
шығарманың шынайы авторы
туралы айтылса, ал екіншісі мен үшіншісіне қатысты айтылған
пікірге қосыла отырып, автор бейнесі мен имманенттік
хақындағы ойлардың тоғысатынын байқауға
болады. Әдебиеттанудағы автор бейнесі деген ұғым мен
ғалымның имманенттікке қатысты айтқан пікірі
бір-бірінен алшақ емес екенін көруге болады. Себебі автор бейнесі
деген ұғымды көркем туындының шынайы авторынан емес,
шығарманың өн бойынан табуға болады. Яғни, автор бейнесі дегеніміз – көркем
туындымен танысу барысында оқырман санасында қалыптасатын бейне. Ал
имманеннтік деген сөздің мағынасын кеңірек
тарқатсақ, бұл сөз латын тілінен алынған іштей,
жаратылысына тән деген мағынада жұмсалып тұр.
Көркем мәтіннің ішіне, жаратылысына тән баяндаушы немесе әңгімелеуші
ретінде көрінетін автор туралы айтылып тұрғаны анық.
Ғалымның бұл тұжырымынан автор бейнесі мен имманенттік
хақындағы ойлардың көркем шығарманың ішкі
шеңберіне тән бір арнада тоғысып қызмет ететінін
анық көруге болады.
XX ғасырдың алғашқы
ширегінде автор теориясына ғылыми талдау, ерекше тілдік, стильдік
тұрғыдан анализ жасаған лингвист, ғалым В.В.
Виноградовтың «автор образы» терминін әдебиеттану ғылымына
алып келгені аян. Ол өз еңбегінде: «Көркем әдебиет
тілін меңгерудің, оқудың басты мәселесіне
«көркем шығарма тілі (стилі)» және «жазушы тілі (стилі)»
енеді. Екі мәселе де жеке стильге байланысты негізден туындап отыр»
[3;105] - дейді. Жазушылардың стильдік, тілдік ерекшеліктерін
айқындай отырып, көп жылғы ізденістің жемісінен
туындаған автордың стилистикалық айқындылығын
көрсететін шығармадағы бейнесіне үлкен мән
берегені аян. Ғалым көркем
әдебиет тілін (стилін) саралай отырып, ең басты тақырып етіп
«автор бейнесін» [«образ автора»] негізге алып отыр. «Кейбір тарихи жағдайларда және әдеби
мектептерде белгілі бір стильдер тілі түрлі әдеби жанрда берік
араласып, бірігеді; басқа жағдайларда әдеби көркем жанрларға
стильдік және композициялық формалар өзіндік, әр
түрлі стилистикалық характеріне және
әлеуметтік-сөйлеу құралы сапасына қарай енеді.
Содан кейін әдеби жанрлар мен стильдер тілі арасындағы
қатынас, әдеттегіден тыс жаңарады. Барлық осы
жағдаяттар автор бейнесі құрылымына әсер етеді
және көрінеді» [3;107] - деп қорытындылайды. Осы ойларын
ғалым өзінің «О теории художественной речи» (1971)
еңбегінде талдап, автор образына
қатысты мынадай тұжырымға тоқталады: «Автор
образы – бұл жай ғана субъект сөзі емес, ол көркем
шығарманың құрылымында да атала қоймайды.
Бұл – шығарманың іске асырылған концентрленген
мәні, барлық персонаждардың баяндаушы мен
әңгімелеуші арақатынасындағы сөйлеу
құрылымының жүйесін біріктіруші және сол
арқылы идеялық- стилистикалық тұрғыдан
фокустық тұтастығы болады» [3;118].
Ұлттық
әдебиеттану ғылымында автор бейнесіне академик З. Ахметов былай деп
анықтама береді: «Автордың бейнесі – әдеби
шығармадағы жазушының өз тұлғасының
көріну қалпы. Автордың идеялық нысанасы,
көзқарасы, ұғым-түсініктері, наным-сенімдері,
көркемдік принциптері, суреткерлік шеберлігі бәрі-бәрі
кең, толық мағынасында, әрине, шығарманың
өн-бойынан, бүкіл құрылыс-бітімінен,
идеялық-көркемдік сипатынан танылады. Бұл – оның
шығармашылық тұлғасы, жазушылық, суреткерлік
сипаты – өзгешелігі, ал оның өнер иесі ғана емес,
өз тағдыры, өз мінез-құлқы бар жеке адам
ретіндегі бейнесін алсақ, ол жекелеген жанрда (мысалы,
өмірбаяндық, мемуарлық) болмаса, айқын көрініс
таппайды» [1;21] – дейді. Ғалымның ұсынған
анықтамасы көпшілікке ұғынықты. Шындығында
көркем туындының барлығында тегіс автор бейнесі көрініс
табады десек артық болар. Біз мемуарлық шығармаларда
айқын көрінетін автордың тұлғалық
ерекшелігін автор бейнесі деп түсінуден алшақпыз.
Автор образына
қатысты берілген екі анықтамадан шығатын қорытынды,
шығарманың негізгі мазмұнынан көрінетін шынайы автор
емес, автор бейнесінің көріну қалпы жайында екені аян.
Орыс ғалымы
В.В. Виноградовпен қатар, сол кезеңде белгілі әдебиеттанушы,
философ М. Бахтиннің да автор теориясына қатысты біршама
тұжырымдары бар. «Шығарманың ішінде автор оқырман
үшін – шығармашылық принциптер жиынтығы және
оның жүзеге асырылуын болдырушы, трансгредиентті сәттің
бірлігін көруші, қаһарман және оның әлеміне
белсенді қатынасушы» [4;191] – деп автордың тұлғалық
болмысына үлкен мән беріп, мынадай тұжырымды негізге алады.
«Автор өзі жасаған көркем әлемнің белсенді
жаратушысы ретінде шекарадан шықпауы тиіс, шығып кеткен
жағдайда эстетикалық тұрақтылықты жояды» [4; 176]
– дейді.
«Автор әдеби
тіл, әдеби форманы тудырады (находит) – әдебиет әлемін
және одан басқаны емес. Ол бұл әдеби әлемнен
шықпай осы жерде шабыттанады, оның шығармашылық серпіні
жаңа комбинациялар, формалар тудыруға ұмтылады <...>
сонымен бірге оқырман да автордың шығармашылық актін
«сезіну» керек, тек әдеттегі әдеби фонның мәнерінде.
Яғни ол да материалдық әдеби түсінікті контекстен,
тұтас мағыналық құндылығының
шеңберінен шықпауы керек» [4;180-181] – деп автор мен оқырман
арасындағы арақатынасты, нарратология ғылымының негізгі
нысандарына айналған инстанциялық байланысты көрсетіп отыр.
М. Бахтиннің тұжырымдарынан автор категориясына қатысты
айтылған тұстарды да көре аламыз. Оның пайымдауынша
автор бейнесінің функциялық рөлі «көркем
әлемнің ішкі материясында уақыт, кеңістік,
мағыналық бірліктерінің архитектоникалық
тұтастығында көрінетін жасырын нүкте» [«вненаходисмость»] [5;8]. Яғни авторға
байланысты «жасырындық» ұғымын енгізді десек артық
болмас.
Ал
XX ғасырдың 20-30 жылдары ұлттық әдебиеттану
ғылымында А. Байтұрсыновтың автор категориясына қатысты
ұсынған біршама тұжырымды ойлары да бүгінгі таңда
өз маңызын жоғалтқан жоқ. Авторды «әуезелеуші»,
«толғаушы», «сарындаушы» деген ұлттық
дүниетанымға сай терминдермен толықтырды.
«Әуезелеуші
айтатын сөзіне өзін қатыстырмай, өзінен тысқары
ғаламда болған істі әңгіме қылады. Ескерту:
тысқарғы ғалам деудің мәнісі адамда екі
ғалам болады – ішкі ғалам, тысқы ғалам. Ақыл,
көңіл, қиял сияқты адамның рухына
қараған жағы – ішкі ғалам болады да, онан
басқалары – басқа адамдар, мақұлықтар,
нәрселер, бүтін дүние тысқы ғалам болады.
Әуезе тысқы ғалам турасындағы сөз. Ақын
әуезе түрінде сөйлегенде, уақиғаның ішінде
өзі болып, басынан кешірген адамша сөйлемей, тек біреуден естіген
адамша айтады. Уақиғаны бұлайша түрде айтып
көрсету – тысқарғы түрде айту болады» [6;103] – деп
автор, баяндаушы, әңгімелеуші туралы ұғымдарға
түсінік бергенін көріп тұрмыз. Бұл жөнінде
ғалым М. Оразбек өз еңбегінде былай деп қорытады: «Осы
арада көңіл қоятын бір нәрсе – Байтұрсынов
«әуезе» деп әңгіме,
тарихи әңгіме, оқиғалы дастан сияқты көркем
шығарманың нақты бір түріне тоқталып,
сондағы әуезелеушіні [автор] шығарманы қалай баяндап,
әңгімелейтініне, яғни автордың баяндаушы, әңгімелеуші қызметін атқаратын
тұлғасына тоқталған. «Әуезе тысқы
ғалам турасындағы сөз» дей келіп, сол «тысқарғы
ғаламды» өзінше «көрік беріп» тудыратын автордың рөлін
анықтаған. Автор өз шығармасында «тысқы ғаламды»
жайдан жай сөз қылмайды, белгілі бір позициясы
болғандықтан да сөз қылады. Сондықтан
өзінің «ішкі ғаламындағы» рухани және
көркемдік әлемін барынша пайдаланады»[7;22]. Яғни,
«тысқары әлем» және «ішкі әлем», автордың
философиялық болмысы, оның сана, түйсігіне әсер еткен
оқиғаларды сабақтастыру, белгілі бір «позициясын»
көрсету, автордың ішкі және сыртқы әлемі
арасындағы қайшылықтардан туындайтын себеп пен
салдардың көрінісі – диалектиканың заңдылығына
келіп саяды десек артық болмас.
Келтірілген
ғылыми тұжырымдардан мәтін ішіндегі автордың
қызметін атқаратын әңгімеші, баяндаушы
тұлғалары болатынын көріп отырмыз. Бүгінгі
әдебиеттануда автордың қосымша қызметіне «нарратор»
ұғымы да беріліп жүр. Бұл туралы кейінірек
тоқталып өтерміз.
Өткен
ғасырдың 50-60 жылдары
автор образы ұғымын жан-жақты қарастырып жаңа
тұжырым ұсынған ғалым Б. Корман болды. Оның В.В.
Виноградовтың автор образы концептісіне басқа қырынан келгені
анық. Яғни Б. Корман шығармадағы автор бейнесі мен
шынайы автор арақатынасын ажыратып көрсете білді десек артық
болмас. Себебі, чех ғалымы В. Шмид бұл жөнінде былай дейді:
«Виноградов, әңгіменің формаларындағы ««автор образы
әдетте әңгімешімен сәйкес келмейді» дей тұра,
«автор образа бейтарап (нейтралды) баяндаушымен сәйкес» болу мүмкін
деген ойға ерік береді» [8;43] – дейді. Б. Корман Г.А. Гуковскийдің
«Реализм Гоголя» (1959) еңбегіндегі шынайы автор мен көркем
шығармадағы автор образына байланысты талдауларына сүйене
отырып мынадай тұжырымға тоқталады: «Шынайы автордың
өміріндегі кез-келген оқиға көркем автор образын
көрсетуде өзгеріске ұшырауы мүмкін. Көркем
өмірбаянда біз шынайы автордың өмірбаянымен сәйкес
келмейтін детальдарды, фактілерді, оқиғаларды көре аламыз
<...> Автордың көркем образын жасауда, өзгерістер тек
сыртқы келбетінде ғана емес, ішкі әлемі, рухани бейнесі, жан
тұрпаты, эмоционалды реңкті де өзгеріске ұшырайды»
[9;14-15] – дейді.
Б. Корманның
автор образы туралы маңызды ойларына анализ жасаған чех
ғалымы В. Шмид: «Корманның әдістемесі өзіне дейінгі
ізашарларының теориясынан екі маңызды аспектілермен
ерекшеленеді. Виноградовтан
айырмашылығы, оның жұмысындағы «автор образы»
стилистикалық кейіпте бейнеленсе, Корман стилистикалық
қабаттардың арақатынасын зерттемей, әдетте автор
әртүрлі стильдерді бетперде (маска) секілді қолданатын,
әртүрлі сананың арақатынасына ден қояды. Егер
Бахтин автор мәселесін философиялық-эстетикалық
бағдарда басымдылықпен қарастырса, Корман поэтикалық
зерттеуге шоғырландырады. Корман үшін автор «мәтін ішіндегі
құбылыс», яғни «концептіленген автор» («концепированный
автор»), «барлық
мәтіндердің үзінділерінің арақатынасы, осы
туындыда түзілетін, субъект сөзімен яғни мәтін кім
арқылы жазылған (формалды-субъект ұйымы) және субъект
санасымен мәтін кімнің санасымен айтылған
(мазмұнды-субъект ұйымы) көмегі арқылы енетін»
[8;43-44] - құбылысты, автор бейнесіне қатысты
тұжырымын кең тарқатады.
Анықтап кететін бір жайт, мұндағы «субъект
сөзін» Б. Корман былай деп түсіндіреді. Көркем
шығарманың ішкі әлемін ғалым «объект сөзі»
және «субъект сөзі» [9;20] деп екіге бөліп көрсеткені
мәлім. Біріншісі көркем шығарманың бейнеленген
тұтастай бейнесі болса, екіншісі сол бейнені жасаушы тұлға
деп көрсетеді. Яғни, жоғарыда берілген тұжырымнан
ұйғаратынымыз Б. Корман шығарманың объективті бейнесін
жасаушы тұлғаның образына («автор образы»),
мәтіннің пішіндік, мазмұндық тұтастығынан
көрінетін, жазушының жеке өз басына қатысы жоқ
шығарманы жазу барысында қиялы арқылы
қалыптасқан, туындаған «концептіленген автор» [8;44] деп
түсіндіреді. Әрине, ғалым Б. Корманның ғылыми
тұжырымы автор теориясында маңызды болды.
Батыс-Европа, Американдық нарратология
ғылымында автор бейнесі категориясына қатысты «имплицитті автор»
термині қолданылады.
«Имплицитті автор»
терминін әдебиеттану
ғылымына американ ғалымы У.К. Бут енгізген болатын. 1961 жылы
жарық көрген «The Rhetoric of Fiction» еңбегінде Чикаго
университетінің ғалымы кез-келген баяндау (narrative) - бұл риториканың бір формасы
деген тұжырымды ойын білдірген. Басқаша айтқанда
автордың ақиқатқа қатысты беймәлім немесе
анық көзқарасы оқырманның әр қилы
әсерін туғызады. Бұл әсердің бір бөлігін
Бут мораль мен моральдылыққа саятынын мақұлдайды. Баяндаушы
(narrator) автордың өзі, анығында имплицитті автор (implied
author) немесе Буттың пайымдауынша автордың «екінші мені» -
оқырманның саналы немесе санасыз түрде шығарманы
оқу барысында тануы [10]. Яғни, шығарманың авторын тану
оны шынайы автормен емес оқырман санасындағы қалыптасқан
автордың тұлғалық, стильдік ерекшелігінен
туындаған автор бейнесі деп нақтыласақ артық болмас.
XX
ғасырдың 60 жылдарында туындаған бұл концептінің
ғылыми парадигмасында көптеген батыс ғалымдарының
пікірлері жан-жақты талқыға түскен болатын. Оған
дәлелді нарратология ғылымын зерттеуші ғалым Гамбург
университетінің профессоры В.Шмидттің еңбегінен көруге
болады.
«Шынайы автор жазу
барысында тұспалданатын [implied] «өзінің»
нұсқасын жасайды, тұспалдаушы авторлардан ерекшеленетін, біз
басқа адамдардың шығармаларынан кездестіретін. <...>
оқырманның санасында құралатын сол образ, автордың маңызды ықпал
еткен әсері болады. Автор қаншалықты ешқандай
жақта көрінбесе де, оқырман сөзсіз образ
[автордың] жасайды (сол немесе басқа мәнерде жазған
жазушының), әрине, ол
автор басқа да
құндылықтарға ешқашан бейтарап
қатынаспайды» [8;46] – дейді У. Бут аталмыш еңбекте.
Ғалымның қандай да көркем шығарма болмасын, автор
бейтарап болса да, оқырман міндетті түрде өз санасында
жазушының бейнесін құрастырады деген тұжырымы өте
орынды.
Осы орайда тағы бір ғалымның
имплицитті автор туралы пікіріне тоқталсақ. Жоғарыдағы
аталған батыс ғалымдарынан Х. Линктің бұл концепт
туралы пікірін орыс ғалымы И.П. Ильин өз еңбегінде былай деп
көрсеткен: «Ол мәтін мазмұны мен барлық баяндау
тәсілдерінің «интеграциялық нүктесі» болады, саналы
түрде мәтін образының барлық элементтері
мағынаға ие болғанда» [10]. Ия, шындығында
оқырман мен баяндаушының шығармадағы образдардың
белгілі бір мәндегі тоғысуы секілді «интеграциялық
нүкте» десек артық болмас.
Терминологиялық
сөздікте «имплицитная» терминіне «жасырын» [11;370] деген
аударма берілген. Сонда, «имплицитті автор», «жасырын автор», яғни
оқырман санасында қалыптасқан жасырын образ екені анық.
«Нарратология»
(2003) еңбегінде ғалым В. Шмид авторды нақты және
дерексіз инстанция шеңберінде қарастырып, оларды нақты
[конкретный] автор және дерексіз [абстрактный] автор [8;41] деп екіге
бөлген. Ғалым дерексіз [абстрактный] авторға мынадай
анықтама береді: «... Бұл семиотикалық акттың
нәтижесі, нақты автордың өзі емес,
шығармашылық актіге енген туындыны жасаушының образы.
Бұл образ екі негізге ие – объективті және субъективті. Яғни,
туындыда болатын және оқырманмен құралатын образды мен
дерексіз автор [«абстрактный автор»] деп атаймын» [8;42] – дейді.
Бүгінгі
таңда нарратология ғылымы автор мен оқырман арасындағы
инстанциялық коммуникацияға ерекше назар аударып отыр. Себебі,
шығарманың өн бойынан автор бейнесін көруші де,
құрастырушы да тікелей оқырманның санасында орын алары
сөзсіз. Сондықтан бұл байланысты ғалым дерексіз деп
қарастыруында да мән бар.
Жоғарыда
айтылған терминдерді бір арнаға жинақтасақ, бір
ғана автор бейнесіне – «автор образы» [«образ автора» В.В. Виноградов],
«жасырын» [«вненаходимость» М. Бахтин], «концептіленген автор»
[«концепированный автор» Б. Корман], «автордың бейнесі» [З. Ахметов],
«имплицитті автор» [«implied author» У. Бут], «абстрактылы автор» [«абстрактный
автор» В. Шмид] деген атаулар берілген.
Барлық терминдердің функциялық рөлі бір.
Ғалымдардың берген анықтамалары да мағыналас екені
анық. Бұдан кейінгі зерттеуімізде
«имплицитті автор» деген терминді қолдануды жөн
көреміз. Себебі, көркем шығармадағы автордың
бейнесі жасырындық функцияға ие.
Әрине, батыс
әдебиеттану ғылымы ұсынған бұл терминнің
алдағы уақытта зерттеуді талап ететіні анық. Оның
«автор образы» секілді кең қолданысқа ие болуы болашақ ғылым мен
уақыттың еншісінде екені мәлім.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1.
Әдебиеттану терминдерінің
сөздігі. /Құрастырушылар: З. Ахметов, Т. Шаңбаев/ Алматы: «Ана тілі», 1996. – 240 б.
2.
Хализев В. Е. Теория
литературы: Учебник/ В. Е. Хализев. – 4-е изд., испр. и доп. – Москва: Высш.
шк., 2005 – 400 с.
3.
Виноградов
В. В. О теории художественной речи. – Москва: «Высшая школа», 1971. –
240 с.
4.
Бахтин М. М. Эстетика словесного творчества.
– Москва: «Искусство», 1986 – 445 с.
5.
Бахтин М. М. Литературно-критические статьи.
– Москва: «Художественная литература» 1986 – 542 с.
6.
Байтұрсынов А. Әдебиет
танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Атамұра, 2003. –
208 б.
7.
Оразбек М. Автор және
шығармашылық процесс: Монография. – Алматы: Атамұра, 2003. –
488 б.
8.
Шмид В. Нарратология. – Москва: Языки славянской культуры, 2003.–312 с. // Электронды ресурс: http://www.twirpx.com/file/95365/
9.
Корман Б. О. Изучение текста художественного
произведения. – Москва: Просвещение, 1972 // Электронды ресурс:
10.
Ильин И.П. Постмодернизм. Словарь терминов. – Москва:
Инрион Ран (отдел литературоведения) — Intrada . 2001. // Электронды
ресурс: http://terme.ru/dictionary/179/word/implicitnyi-avtor
11.
Терминологиялық сөздік
(әдебиет және лингвистика). Алматы: 2014