Филологические науки/1.Методика преподавания языка и литературы

Турганова Т.

Аркалыкский государственный педагогический институт

имени И.Алтынсарина

Ағылшын тілі сабағында ойын элементтерін пайдалану арқылы оқушылардың сөздік қорларын арттыру

Ойын дегеніміз – жас ерекшеліктеріне қарамайтын, адамның көңіл-күйін көтеретін, ойландыратын үрдіс. Ойын – төзімділікті, алғырттықты, тапқырлықты, ұқыптылықты, ізденімпаздықты, іскерлікті, дүниетаным өрісінің көлемділігінің, көп білуді, сондай-ақ, басқа да толып жатқан сапалылық қасиеттердің қалыптастыруға үлкен мүмкіндігі бар педагогикалық тиімді әдістердің бірі.

Ағылшын тілін оқытуда ойын түрлерін қолдану оқушының тілді үйренуге деген ынтасын арттырады. Ағылшын тілін үйрету кезінде ойын элементтерін пайдалану оқушының шет тіліне деген қызығушылығын арттырып, жаңа тақырыпты жақсы түсінуге, сөздік қорларын байытуға әсер етеді.

Ойын арқылы балалар ағылшын тілінде жеңіл қарым-қатынас жасай алады және ойын кезінде оқушылар шаршағандығын сезбей, әсерлене, қызыға отырып ағылшын тілін тез үйренеді.

Мұғалім ағылшын тілінің әр сабағында ойын әдістерін пайдалануы тиіс. Ойын қызметі оқушылардың сабақтағы жұмысын түрлендірумен қатар жұмыс нысандарын, әдіс-тәсілдерін саралауға мүмкіндік береді.

Ойынның сабақ барысындағы басты мақсаты – білім беруді ойынмен ұштастыру. Баланың ойынға белсенді түрде қатысуы оның ұжымдағы басқа да әрекеттерін айқындайды. Ойын бір қарағанда қарапайым құбылыс не әрекет сияқты болғанымен, ол ұжымдық әрекет.

Сабақ барысында оқушының зейінін сабаққа аудару, ауызша сөйлей алу және жазу дағдысын қалыптастыру, пәнге деген қызығушылығымен өз бетінше жұмыс жасай алу қабілетін дамытуда дидактикалық ойындардың үлесі зор. Мәтінді мазмұндауға үйрету, жоспар құруға, белгілі бір суретке қарап тақырып қоя білуге, сол суретке қарап сөйлем құрауға, мұғалімнің көмегімен өздерінің ойларын, қызықты іс-әрекеттерін әңгімелеуге үйрету дидактикалық ойындарды ойнау барысында қалыптасады.

Ағылшын тілі сабағында әрбір оқушының сабаққа белсенді қатысуының, ауызекі сөйлеуге құлшындыратын, ағылшын тілін оқып үйренуге талпынысы мен қызығушылығын арттыратын әдіс-тәсілдер түрі ерекше орын алады.

Ойынды мынадай мақсаттар қойып пайдалану керек: алфавитті және лексиканы меңгерту, қарым-қатынас жасай алуға үйрету, тілдік материалдарды есте сақтау, белгілі бір тілдік білімді дамыту, қажетті психикалық қызметтер мен қабілеттілікті дамыту, білім беру.

Сондай-ақ, ойын арқылы қызықсыз тақырыптарды жеңіл, оңай меңгертуге болады. Ағылшын тілінде жұмбақтар, сөзжұмбақтар, лото, лингвистикалық ойындар, бөлмедегі жиһаздарды орнына қою, дүкендерді аралау, телефонмен сөйлесу, т.б. түрінде де ойналады. Ойынның түрлері: лексикалық, орфографиялық, дидактикалық және грамматикалық, рөлдік болып табылады.

Сонымен қатар, ағылшын тілінде сөйлеуге және жазуға үйрететін арнайы ойындар да болады. Ойынды сабақтың әр кезеңінде пайдалануға болады. Мысалы, ұйымдастыру бөлімі кезінде фонетикалық рифмовка алуға болады. Жарыс түрінде өткізсеңіз (Кім өлеңді бірінші жаттайды?), оқушылар өлеңді жарыса отырып қалай жаттап алғандарын байқамай қалады.

Ағылшын тілі сабағында қолданылатын ойындар: «Let’s draw a Rainbow!»ойыны.

Мақсаты: түстерді үйрету. Ойынға қажет құралдар: түрлі –түсті қарандаштар, кемпірқосақ салынған сурет.

Ойын барысы: біріншіден мұғалім кемпірқосақ салынған суретті тақтаға іледі. Оқушылар 7 түрлі қарандашты партаның үстіне қояды. Мұғалім: This is a rainbow. I can see red colour (суретті көрсетеді, балалар сол түсті қарындашты көтереді), orange colour, yellow colour, green colour, blue colour, dark blue colour, violet colour. The rainbow is colourful. It’s beautiful. Let’s draw a rainbow!

Сосын мұғалім балаларға кемпірқосақтағы түстерді реттілігімен есте сақтап алуларына уақыт береді де, суретті тақтадан алып тастайды. Балалар кемпірқосақты салып болғаннан кейін, мұғалім суретті тақтаға іледі. Балалар өз суреттерімен салыстырады. Суреттер салынып, салыстырылғаннан кейін, мұғалім кемпірқосақтың түстерін көрсете отырып сұрайды. What colour is it? Балалар сұраққа жауап береді.

«Доппен ойын» - балалар допты бір-біріне лақтырып, тез заттың атын немесе түсін, яғни жалғастырып айту керек.

«Сұрақ қой» ойынында үстелдің үстінде бірнеше заттар жатады, оқушылар әр затқа сұрақ қою керек.

«Затты тап» ойынында мұғалім әлдебір затты газетпен жауып, сұрақтар қою барысында оқушылар ол не зат екенін шешу керек.

«Сөз құрау» - суретке қарап атын атау және осы сөздің бірінші әрпіне сөз құрау керек.

Қорыта келгенде, ойын әрекетінсіз ағылшын тілі лексикасын оқушының есінде қалдыру тиімділігі аз және ақыл ой күшін көп қажет етеді. Оқу үрдісіне енгізілген ойын ағылшын тілі сабағында оқутыдың бір түрі ретінде қызықты, жеңіл және жанды болуы керек. Ойын оқу үрдісін жеңілдететінін ескеру қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кулмырзаева А. Х. Ағылшын тілі сабағында ойын элементтерін пайдаланудың тиімділігі //Молодой ученый. — 2015. — №7.2. — 50-52 бб.

2. Рақымжанова С.Қ. «Шетел тілін оқыту әдістемесі», 2007ж, №5.–78 б.

3. Сақтағанова М.С., Алиева Н.Қ., Айтбаева Н.Қ. « Ағылшын тілін оқытудың әдістері», Білім, №3, 2006ж. 43-бет.

4. Шетел тілін оқыту әдістемесі №3/17 2007ж 21 бет