Филологические
науки
Рапишева Жанат Дабыловна (фил.
ғыл. канд., доцент)
Абдуахитова Гаухар (студент)
Академик
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті,Қазақстан
АУДАРМА ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ
СӨЗДІКТЕРДІ ТҮЗУ МӘСЕЛЕСІНЕ
Мақалада термин
жасауда аса маңызды да қажет көздердің бірі - терминологиялық сөздіктерді
түзу мәселесі қарастырылады. Терминологиялық
сөздіктердің аударма саласында қолданылуы, сөздік жасау
мақсаты, әдістері, ерекшеліктері сипатталады.
Термин жасап, оны қолданысқа енгізуде сөздіктердің
(оның ішінде аударма сөздіктердің де) атқарар
қызметі мол. Өйткені аударудың қай тәсілі
арқылы жасалса да, терминдердің баламасы екі немесе үш,
көп тілді сөздіктерде көрініс табатыны анық. Терминологиялық
сөздіктер, біріншіден, ғылым саласының дамығанын
көрсетсе, екіншіден, терминологиялық лексиканың нормалануына,
әдеби тіл деңгейінің де қалыптасуына септігін тигізеді.
Терминологиялық сөздіктер – термин жасауда аса
маңызды да қажеттікөздердің бірі болып табылады. Тіл
материалдары сөздік ретінде жинақталардан бұрын бірнеше
сатылардан өтеді, яғни іріктеледі, сұрыпталады, дамиды. Тіл
де қоғамдағы ірі өзгерістерге байланысты
қырналып, екшеліп ары қарай өріс алуына мүмкіндік
туады. Ғылым, білім, экономика, әдебиет, мәдениет т.б дамуы,
өркендеуі негізінде тіл де дамиды, құрылысында
бұрын-соңды болмаған өзгерістер, жаңа
заңдылықтар пайда болады.
Осы мәселеге байланысты зерттеушілер салалық
терминологиялық сөздіктерді дайындау, шығару
қарқынын бәсеңдетпей, сонымен қатарластыра
сөздікшілердің барлығы бас қосып, барлық
салаға түгел қатысты бірақ бірде-біреуін толық
қайталамайтын, барлығына ортақ қоғамдық өмірде
өте жиі қолданылатын, електен өтіп іріктелген, таңдаулы
(«отборный» мағынасында) терминдерді ғана қамтитын «Базистік терминологиялық сөздікті»шығаруды
ұсынады[1].
Жалпы, терминдерді бір ізге түсірудегі
мақсат – орыс тілі және сол тіл арқылы енген
халықаралық терминдерді зерттей отырып, сонымен қатар
басқа түркі тілдес халықтар ұғымындағы
терминдермен салыстыру, оның баламасын нақты көрсететіндей
қысқа, анық беру.
Аударма
сөздіктердің екі түрі бар: оның бірінде белгілі бір шет
тілдегі сөздер мен фразеологизмдер ана тіліне аударылып беріледі де,
екіншісінде, керісінше, ана тіліндегі сөздер мен фразеологизмдер шет
тілге аударылады.
Әртүрлі
тілдерде жасалған сөздіктердің ішінде ең көп
кездесетіні – екі тілді аударма сөздіктер. Аударма сөздіктер шет
тілді оқып үйренуде, ол тілдің лексикасын меңгеруде,
басқа тілде жазылған әдебиеттерді аударуда айрықша
қызмет атқарады.
Қажеттті
терминдерді беру тәсілдеріне келсек, қазақ терминографиясында
аударма сөздіктер көп болғандықтан, олар, негізінен,
алфавит реті арқылы беріледі.Ал ішкі жүйесіне, ғылыми құрылымына
негізделген оқулық сөздіктер мен идеогрфиялық (мысалы,
тезаурус сөздік) жүйелеуші сөздіктер қазақ
терминографиясында жоқ деуге болады. Мұндай тәсілдермен беру
де терминологиялық бірліктерді сөздік құрылымында
жүйелеу үшін тиімді болмақ.
Сөздіктерде тілдердің орналасу реті тек
терминологиялық аударма сөздіктер үшін ғана емес,
лексикографиялық сөздіктер үшін де маңызды нысан
екендігін атап өткен жөн. Бір қарағанда,
сөздіктерде біз тілдердің орналасу ретіне мән бермеппіз. Ал
практикалық тұрғыдан келгенде олардың сөздік
құрылымында бірінші немесе кейінгі орында тұруы үлкен
маңызға ие, қызметі де жан-жақты екендігін айта кеткен
дұрыс [2].
Негізінен, орысша-қазақша
терминологиялық сөздіктер жасауда осындай басты-басты принциптерге
сүйенер болсақ, олардың сапасының артатыны
сөзсіз.
1998-2000 жылдарға арналған Тілдерді қолдану
мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасында терминологияны
өрістетуге үлкен назар аударылды. Мәдениет, ақпарат
және қоғамдық келісім
министрлігі Білім
және ғылым министрлігімен
бірлесе отырып жасаған салааралық бағдарлама бойынша Бас
редакция құрып, тұңғыш рет ғылым мен
техниканың, білім мен денсаулық сақтаудың,
мәдениет пен өнердің, экономика мен сауданың,
өндіріс пен шаруашылықтың, ақпарат пен байланыстың,
әскер мен қаржының, заң мен
құқықтың, т.б. өмір мен
тұрмыстың барлық саласын қамтитын 31 томдық
орысша-қазақша, қазақша-орысша терминологиялық
сөздік шығарды[3].
Терминологиялық
сөздіктердің сапалық жағынан жақсаруы
терминография саласының дамуымен тікелей байланысты. Сондықтан
бұл саланың дамуы үшін терминологиялық
сөздіктерді жасаудың тиімді әдіс-тәсілдерін зерттеумен
айналысу, әртүрлі терминологиялық сөздік түрлерін
жасаудағы тәжірибелерді жинақтап көрсету, сөздік
түрлерін анықтау және оларға тән ерекшеліктер мен
олардың әрқайсысының мақсаттарын айқындап
көрсету, сөздіктердің құрылымдық ерекшеліктерін
анықтау, терминологиялық сөздіктерді арнайы ерекше тілдік
нысан ретінде қарастыру және терминологиялық
сөздіктерді автоматтандыру (информатика тіліне салып, программалау)
сияқты т.б. толып жатқан бірқатар маңызды
жұмыстарды іске асыру қажет.
Жинақтай келгенде, терминологиялық
сөздіктер жасау ісі де, әсіресе ондағы тілдердің
орналасуы да, терминологиялық мәселелермен тығыз байланысты.
Екінші жағынан, терминологиялық сөздіктерде болсын,
лексикографиялық сөздіктерде болсын мемлекеттік тілдің
бірінші орналасуы мемлекеттік тілдің қызметін жүзеге асыру,
мәртебесін көтеру, ғылым, қоғам аясындағы
айналымын дамыту, тілді үйренушілердің қолдануы үшін де
маңызды. Үшіншіден, тілдің сөздікте бұлай
орналасу тәртібі ұлт тілінің аударма тілге айналмауына,
өзге ұлт, халық тілдері тарапынан да едәуір
қолданысқа ие болуына, іскежарауына ықпал етеді. Терминдерді
жүйелеудің, оларды қалыптастырудың, жарыққа
шығарудың негізгі көзі терминологиялық сөздіктер
екендігі белгілі. Демек, олардың сапасын көтеруге ерекше
көңіл бөлуіміз керек [4].
Сөздіктердің дереккөздері
жөніндегі, сөздікке негіз болатын бастапқы материалдарды
жинақтау мен сақтаудың формалары мен
әдіс-тәсілдері
жөніндегі мәселе – сөздік түзу
жұмысындағы келелі мәселелердің бірі. Жобаланып
отырған сөздікке алынатын дереккөздер корпусын анықтау,
басқа сөздіктерді дереккөз ретінде пайдаланудың сипаты
мен ерекшеліктерін белгілеу, тілдік бірліктің қолданымын
дәйектейтін мәтін бөліктерінің жалпы санын
айқындау – материалды дайындауға қатысты іс-шаралардың
қысқаша тізбесі осындай. Оның үстіне сөздік
материалдарды жинақтайтын картотекалардың түрлері, оларды
толтырудың әдістемесі, сонымен бірге, материалды сұрыптап
алудың инструкциясы, картотека жасау ісін механикаландырудың,
автоматттандырудың жолдары, т.б. мәселелер терминография
теориясында да қарастырылуы керек.
Тіл
арқылы қарым-қатынас жасау барысында сөздікті
түзуші прагматикалық, коммуникативті кеңістікті
анықтайтын тілдік әрекеттердің субъектісі ретінде
көрінеді. Ол коммуникативтік қызмет барысында тілді тұтынып,
осы қатынастарды атап, көрсетіп, білдіреді, ал адресат осы
мағыналарды қабылдап, талқылайды [5].
Қазақ
тіл білімінде терминологиялық сөздіктер, тақырыптық
сөздіктер арнайы зерттеу нысанына айналмаған, тың
мәселелердің қатарында саналады. Мемлекеттік тілді үйрету, қазақ тілін
басқа тілді аудиторияларды оқыту ісінде мұндай
сөздіктердің берері мол. Сол себепті тақырыптық
үлгідегі терминологиялық
сөздіктерді құрастырудың, олардың өзіндік
ерекшеліктерін айқындап, зерттеудің маңызы зор.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1Әбдірәсілов
Е. Қазіргі қазақ терминографиясы // ҚазҰУ
хабаршысы. Филология сериясы. – 2006. –№4.
– Б. 95-98.
2 Жұбаева О. XX ғасырдың басындағы терминологиялық сөздіктер және ондағы
негізгі ұстанымдар // Қазақ терминографиясының
өзекті мәселелері. – Астана, 2004. – Б. 80-95.
3 31
томдық орысша-қазақша, қазақша-орысша
терминологиялық сөздіктер сериясы. – Астана, 1999-2001.
4Көбденова Г.Б. Қазақ тілінің тарихи лексикографиясы:
құрылымы мен ұстанымдары: фил. дисс... авторефераты.–Алматы,
2008. –24 б.
5Әділова А.С., Еркебаева
Г.С. Оқу-терминологиялық сөздік жөнінде //
Қарағанды университетінің хабаршысы. – 2010. №4. – Б. 56-62.