ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ДІНИ
СЕНІМ–НАНЫМДАРЫНДАҒЫ ТӘҢІРШІЛДІКТІҢ ОРНЫ
Ж.
Қ.Мадалиева – Абай
атындағы Қазақ
ұлттық педагогикалық университетінің саясаттану және әлеуметтік-философиялық
пәндер кафедрасының доценті, философия ғылымдарының
кандидаты
Кез-келген халықтың
ұстанатын діні, наным-сенімдері мен көзқарастары оның
тарихына, рухани-мәдени, саяси өміріне үлкен әсер
ететін фактор болып табылады. Дін – руханияттың өзекті саласы. Дін
тарихын білмейінше белгілі бір аймақты мекендеген халықтардың
тұрмысын, өмірін, мәдени болмысының қыр-сырын
терең тану мүмкін емес, яғни кез келген ұлттық
мәдениеттің рухани бастауларын, оның менталитеті мен
дүниетанымын ұғыну үшін мәдени
тұтастықтағы діни жүйелерді терең зерттеп,
зерделеудің маңызы ерекше. Өйткені дін өткен тарихи
дәуірлерде мәдениеттің барлық салаларын қамтып
жатты.
Ежелгі түркілердің ұрпағы болып
табылатын қазақ халқының рухани мәдениетінде
тәңірлік сенім немесе тәңіршілдік айрықша орын
алады.
Тәңіршілдік жан-жақты күрделі
құбылыс ретінде түркі халықтарының рухани
өмірі мен әлемдік мәдениетте маңызды рөл
атқарған. Түркі
халықтарының дәстүрлі мәдени дүниетанымы
этникалық сана ерекшелігін зерделеуге, адамзат қызметінің кез
келген саласындағы ұлттық дәстүр қабатын
тануға мүмкіндік береді. Түркі халықтарының
салт-дәстүрі мен ереже-тәртіптерінің
құрылуы, жалпы түркі қоғамындағы адам,
әлем мәселесі тәңірімен байланысты.
Тәңірі ұлы түркі даласының
басты жаратушы құдайы ретінде шамамен біздің
дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтың соңы мен І
мыңжылдықтың басында пайда болды, оның өрістеген
кезі алғаш біздің дәуіріміздегі Ү-VІ ғасырларда
түрік және моңғол тайпаларының елдік
ұстанымы бойынша тұтасып, далалық империяларды
құрған уақытына сәйкес келетіндігін атап
өту керек.
Көне түркілердің діни наным-сенімдері
негізінен жоғарғы әлем Көк Аспанға
(Тәңірге) және тіршіліктің көзі
ортаңғы әлем Жер мен Суға табыну болды. Құдай
күштерінің бұл жұбында Көк Тәңірге
табыну көне түркі мәдениетінің, танымының
түп негізі ретінде маңызды болып саналады.
Аспан «Көк Тәңірісі»
деп атанып, барлық тәңірлерден жоғары қойылды.
«Дәстүрлі
түркілік дүниетанымның негізгі ұстындары
Тәңірлік діни танымнан бастау алған. «Түріктің Тәңірі» аталар жолын, дәстүрін, яғни дінін белгілеп берген. Түркілік ұстындарда Тәңір – ғарыштың «иесі» мен «киесі», ал «Тәңірлік
бастама немесе Тәңірлік ақиқатқа»
ұласудың кеңістігі – адамның кіндік қаны
тамған туған жері. Дәстүрлі түрік өмір
салтында туған жер
–Тәңірлік жаратудың алғаш жүзеге асырылған
уақыты мен кеңістігінің қайталанған ортасы,
әрі Тәңір тарапынан берілген құт...
Тәңірдің құтының шоғырланған
жері – «Жерұйық». Ежелгі түрік аңыз-әпсаналарында
Жерұйық «орталық, кіндік» мағынасындағы
символдарымен берілген.
Бұл ойлаудың
байырғы жүйесі бойынша көк аспан киелі,
өйткені ол:
− Тәңірдің
мекені әрі сипаты;
− «жер
мен су» қасиетті, тіпті ол –
Тәңірдің құты, несібесі;
− ел-халық
қастерлі, олар – Тәңірдің жердегі
аманаты;
− адам өз
тағдырын өзгерту мүмкіндігіне осы дүниеде-ақ ие;
− қаған (хан)
киелі, ол –
Тәңірдің еркін білдіруші. «Тәңір» идеясы — қағида,
заң, тәртіп, құдірет, кие және Ие ұғымында түркілік көзқарастарды топтастырды,
толықтырды» [1].
Тәңірі туралы пікірлер түрлі
бағытта көрініс тапты: Тәңірі жердегі барлық
тіршілік иесі мен әлемді жалғыз жаратушы ретінде монотеистік
идеяға жақын келсе, көкке, яғни аспанға
және ең жақын көмекшілері күн мен ай,
жұлдыздар, сонымен қатар табиғат құбылыстарына
сиыну тұрғысынан діни жүйе тұрғысынан
айқындалады. Қазіргі таңдағы зерттеулер
Тәңірдің мәнін мәдениет феномені ретінде
айқындауда. Олардың еңбектерінде тәңіршілдік
түркі халқының тұтас дүниетанымы мен санасы
барлық формасында көрініс тапқан, негізгі ұғым,
күрделі тарихи мәдени-дүниетанымдық жүйе болып
табылады. Басқа да
құдайлармен бірге ол әлемді басқарады. Осыған
сәйкес, ежелгі түркілердің сенімі өзіндік ерекшелігімен
айқындалды дейді. Ал, ХІХ ғасырда батыс ғалымдары мен орыс
зерттеушілері Тәңірдің өзіндік діни танымын ескермей,
оны пұтқа табыну дінінің бір түрі, көпқұдайлыққа,
шаманизмге жақын деп Тәңірі, Аспан туралы анимистік
көзқарасты ұстанды. Ол туралы басқа да
тұжырымдарда күрделі діни жүйе ретінде политеистік,
монотеистік, не болмаса оның аралығындағы дін деп санады.
Енді бірқатар зерттеушілер оны онтологиялық концепциямен,
космологиямен (үш әлем туралы концепция), мифология және
демонологиямен (ата-бабалар мен табиғат рухтары) байланыстырады. Кейбір
пікірлерде шаман тәңірлік діннің абызы деген
қағида келтіріледі. Бұл пікірмен қосылу
қисынға келмейді. Себебі Көк Тәңірі бақсы
сияқты рухтарды (аруақтарды) пайдаланбайды, ол тек аспан еркін
ғана хабарлайды. Мәңгілік көк аспан адамдардан
белсенділікті талап етеді. Тәңірлік дінде демонологиядан гөрі
космология мен этикалық-моральдық идеялар тереңірек
ұялаған.
Дегенмен оның басты ерекшелігін монотеизмге
жақындығынан байқауға болады. Сондықтан
тәңіршілдік діні деп атауға болады. Себебі Тәңірі
есімі үнемі бір Тәңірі, жалғыз Тәңірі
эпитетінде жиі қолданылады.
Осыған байланысты Ж.П. Ру мен М. Элиаденің
түркілердің мәдени-дүниетанымдық
ұстындарына берген тұжырымдары біршама ықшамды әрі
нақтылығымен ерекшеленеді: «... Патриархалдық ерекшеліктер
басым, отбасында еркектің орны мен рөлі үстем. Қандастық-генетикалық
туысқандықтың негізі берік қаланған.
Экономикалары аңшылық пен мал шаруашылығына негізделген
көшпелі мәдениет. Діни тұрғыдан «ұлы көк
Тәңірі» сенімі өте
маңызды. Дәстүрлі қоғамда Тәңірдің
елшілерінің (қағанғ қам) рөлі үстем,
оларға өте үлкен мән беріледі. От-қасиетті, аттың да діни
маңызы мен қоғам өміріндегі орны ерекше. Жеке меншік
басты рөл атқарады. Көне түркілерде «жанның
мәңгілігі» сенімі қуатты болғандықтан да
аталардың аруақтарына тағзым етіледі» [2] – деп байырғы
түркілер дүниетанымын айшықтайды.
Тәңірі – көктегі көз жеткісіз
рух, орасан зор ұлы аспанмен қоса, бүкіл әлем. Ол түрлі ғибадаттың
дамуының, дін мен дүниетанымның, айрықша
табиғатқа табынудың феномені, оның сұрапыл
күші мен құбылысы, трансценденттік әлем
болмысының бейнелі көрінісі, ол әрі дене, яғни
олардың бірлігі болды. Тәңірлік дін еуразиялық көшпелі
шаруашылық-мәдени типтің қажеттіктеріне қолайлы
діни жүйе болып саналады. Мұнда генотиптік дүниетаным
терең орын алғанымен, ол монотеистік діни жүйе
деңгейіне көтеріле алғанын көреміз.
С. Ақатай Тәңірді кеңістік, уақыт, форма
және олардың қозғалыс түріндегі өзара
қатынасын білдіретін тарихи-философиялық категория деп
Тәңірдің онтологиялық жүйесін бес
аксиоматикалық қағидаларға бөліп көрсетеді:
«1. Жаратылған құбылыс бар болса, онда
жаратушы да бар.
2. Барлық жаратылған нәрсеге форма
тән.
3. Барлық нәрсе орнымен жаратылған
4. Жансыз жандыны тудыруы мүмкін емес.
5. Адам негіз, ғалам орталығы» [3].
Сонымен қатар, Н.Г. Аюпов
түркі халықтарының рухани мәдениетіндегі ерекше
құбылыс ретінде тәңіршілдіктің мәні мен
мазмұнын саралай отырып, тәңіршілдікті
түркі халықтарының
діни жүйесі ретінде қарастырып, оның төмендегі негізгі белгілерін ұсынады:
«– Тәңірге сену
барлығын жаратушы құдайға (Аллаға) сену
сияқты, бірақ құдай олардың үстінде не
болмаса әлемнен тыс емес, адамдармен бірге олардың жанында, рухында
болады. Ол дамыған діни ілім қызметімен жүзеге асады.
– өмірдің қайнары
көзі ретінде табиғатқа табыну. Тәңірі
біртұтас Адам-Дүниемен (кайнат)
үйлесімділікте.
– өмірлік
күш-құдыретке жалпы Адам-Дүние ретінде, адамның
өзіне тән белсенді бастама ретінде сену.
– Ата-баба рухтарына сиыну,
ақырет өмірге, жанның мәңгілік екендігіне,
Адам-Дүниенің ажыратылмас бөлігі екендігіне сену.
– ұрпақтың беріктігі,
рухани құндылықтардың таратылуы үшін
үлкендерді, ата-аналарды, балалар культін құрметтеу.
– өзара жеке қарым-қатынастардың, адамдар арасындағы
байланыстардың басымдылығы.
– мәдениет дәстүрін жалғастыру,
әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүр, рәсімдерді,
тәртіп-ережелерді, иерархиялық жолды сақтау» [4].
Тәңірді түркі халқының
рухани мәдениетіне сәйкес келетін діни мифологиялық
тұрғыдан ғана емес, дүниетанымдық жүйе
ретінде негізгі белгілері мен сипатын бөліп қарауға болады.
Табиғат туралы көзқарастары, мәдениет
дәстүрінің жалғастығы, салт-дәстүрлер
мен әдет-ғұрыптардың сақталуы, адамдардың
бір-бірімен қарым-қатынасы және қоғамдық
құбылыстарынан дүниетанымдық сипаттарын
айқындауға себепші болады. Осыған орай В.В. Бартольд
«Халықтың психологиясын түсіну үшін оның діни
сенімін білу маңызды... Бұл орайда аспан мен жерге табыну туралы
айтылғанда, кей кездерде «түрік аспаны» және «түрік
жері мен суы» деген сөздер қолданылады. «Тәңір» деген
бір ғана сөз материалдық аспан мағынасында да
және табынып, пір тұту жағынан алғандағы
құдай мағынасында да (яғни идеалды мағынасында
да) қолданылады. Жер мен Су (ар суб) туралы айтылған жерлерден жер
мен су рухтарының жинақтамасы емес, бүтіндей
құдай туралы сөз болатындығы жайында қорытынды шығаруға
болады...» − деп құнды пікір айтады [5].
Тәңіршілдік күрделі дүниетаным
ретінде жалпы сенім, әдет-ғұрыптар мен мифологиялық
сюжеттерден тұрады. Бұл жүйеде әсіресе
Тәңірі культі маңызды орын алады. Мұнда
Тәңірі тек қана сезімдік тұрғыда қабылданатын
ақиқатты тану емес, ол Табиғат мағынасында Аспан, Бір құдай ретінде
қабылданды. Діни санада Аспан жоғары жақтың абсолютті
күші болып, өмір мен игіліктің белсенді күші ретінде
танылды. Тәңірінің мұндай дүниетанымын ежелгі
қытайлар мен шумерлердің діни жүйесінен кездестіруге болады.
Тәңірі культінде Универсумды рәміздік дүниетаным
ретінде қарастырады.
Байырғы түркілердің тарихи
қоғамдық санасында Тәңірге табыну өз
дамуының шыңына жеткенін байқауға болады.
Тәңірі мемлекеттік идеологияның формасын қамтып,
жаратушының аты ғана емес, кеңістік пен уақыттың
континуумы да болып табылды. Тәңірі түріктердің
мемлекетін жаратып, ел басқарушы қағандарын сыйлап,
оларға ақыл-парасат берді. Ол адамдардың тағдырын
анықтайды. Бұл жерде зерттеушілер оны ежелгі гректердің Зевс
құдайы мен үндіевропалықтардың Дейвос
құдайына ұқсастырады.
Тәңірлік дүниетанымның өзіндік ерекше
белгісі адамның қоршаған ортасымен, табиғатпен
тығыз байланыстылығында. Тәңіршілдік табиғат пен
ата-баба рухын дәріптеуден шыққан. Бұл сенім көне
түріктерге білім мен табиғат рухын сезінуге әрі гармонияда
өмір сүруге мүмкіндік
туғызды. Байырғы түркілер сан-қилы мәдениет пен
өркениеттер арасындағы жан-жақты сұхбаттың
негізінде терең өзіндік дүниетанымға ие болды.
Олар манихей, зороастризм, брахманизм,
буддизм діндерімен жақсы таныс болған. Көшпелі түркілер
дәуірінде тәңірлік сенім ресми маңызды саяси рөл
атқара отырып, басқа да этномәдени
құрылымдардың идеологиялық жүйесіне қарсы
тұра білді. Осыған сәйкес Л.Н. Гумилев «түрік
қағанаты өзінің тұрақты, қатаң
саяси идеологиялық жүйесімен, басқа жердің дінін
мойынсұнатын ұлт емес еді» [6]– деген пікір білдіреді. Тіпті,
көне түркілер арасында кейін кірген шамандық сарындар
Көк Тәңіріне деген сенімнің негізгі
қағидаларын, салттарын жоя алмаған. Көк
Тәңірі сенімінде космогониялық, абстрактілік ойлаудың
ғажайып үлгілері бар. Мұны Орхон-Енисей ескерткіштерінен
аңғаруға болады. Әлемнің төрт тарабын
анықтау, күн, ай, жұлдыздар қозғалысындағы
заңдылықтарды білу, жыл маусымдарының ауысуын
қадағалау көне түркілерге осының бәрін
біреу билеп, басқарып, олар деген жалғыз Құдай –
Көк Тәңірі идеясына алып келген. Яғни нақты бір
пұтқа табынбай, әлемдік мәні бар жалғыз Тәңірді
мойындаған. Түркілердің барлық рухани күш иесі Көк Тәңірі деп есептеген.
Байырғы
түркілер қағанатында дін мен
миф мемлекеттік идеология деңгейіне жетсе, ал мемлекеттік
институттар дін мен табыну объектісінің деңгейіне жетті. Бұл
– мемлекет, отан, туған жер, қағандар. Туған
жердің табиғат ұғымымен байланысты екені белгілі. Ал,
ежелгі түркілер оған қоғамдық, саяси мән
берген. Бұл байырғы түркі мифологиясының
классикалық кезеңі еді.
Мұндай реттелген, жүйелі идеология кейін түркі мемлекетінің
ешқайсысында өзінің жоғары деңгейіне жетпеді.
Сонымен, қорыта айтатын болсақ,
тәңір діні немесе тәңіршілдік – бұл бар
әлемді жаратқан Тәңірге, яғни
Құдайға сену, бірақ әлемнен тыс, оның
үстінде тұрмайтын Құдайға емес, болып
жатқан дүниелердің барлығына, оның ішінде
адамның бойында, оның жан дүниесінде болып
жатқандарға да қатысатын Құдайға сену;
бұл – табиғатқа өмірдің жалпы тіршілік көзі
деп табыну; бұл ақыр соңында өмірлік күш –
қуатқа сену; бұл – жалпыға ортақ және
белсенді дара бастау, яғни әрбір адамға тән бастау, ал
осыдан о дүниелік өмірге, ажалсыздыққа сену келіп
шығады. Тәңіршіліктің
жолын қуушылардың рухани – адамгершілік этикасында
бәрі бірігіп, рухани – діни тақырыптың көрінісі деп
санауға болатын ұрпақтардың сабақтастығын,
рухани құндылықтардың берілуін құрайтын
ақсақалдарды, үлкендерді, ата-ананы және
ұрпақтар культін құрметтеп – қастерлеу
үлкен орын алады; тұлғалар арасындағы
қатынастарға, адамдардың бір-бірімен қарым –
қатынас жасауына, дәстүрлерді бұлжытпай
орындауға, тиісті мінез – құлық қағидаларын
сақтауға басым маңыз беріледі.
Әдебиеттер
1.
Молдабеков Ж. Қазақтың халық философиясы. //
Қазақ халқының философиялық мұрасы. Жиырма
томдық. 7-том. – Астана: Аударма, 2006. – 85
б.
2. Кенжетай Д. Дәстүрлі түркілік дүниетаным және
оның мәні // Қазақ халқының
философиялық мұрасы // Ежелгі көшпелілер дүниетанымы.
Жиырма томдық. 1-том. – Астана: Аударма, 2005. – 73 б.
3. Актай С.Н. Философия тенгризма // Қазақ
өркениеті. – 2001. - №1. С.64.
4. Аюпов Н.Г. Тенгрианство. Учебноепособие по философии религии спецкурса для
магистратуры. АГУ им. Абая. – Алматы, 1998. – С.39 .
5. Бартольд В.В. Соченение. В. 9-ти т. – М., 1966. – Т.5. – С.26-27.
6. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. – Алматы: Білім, 1994. – 374
б.