Діни сауатсыздық – діни экстремизмнің бастауы

ҚарМТУ

Карибаева Алтынай Нуралтаевна, Адылханова Самал Ерденовна

Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм сөздерін естімеген адам аз шығар. Баспа немесе ғаламтор беттерінен шет елдердегі және Қазақстандағы діни ахуал, соның ішінде діни экстремизм мен терроризм тақырыптарына қатысты мәліметтер жетерлік. Бұл аталған мәселенің ғаламдық деңгейде орын алып отырғандығының белгісі.

Қазақстан әлем елдеріне көптеген конфессиялар мен ұлт өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылғаны рас. Дегенмен, діни экстремизм  мәселесі біздің елімізді де айналып өткен жоқ.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі діни жаңару халықтың басым бөлігінің исламға бет бұруы ата дінімізге үлкен сұраныс туындатты. Кеңестік кезеңдегі діни мамандар дайындаудың тоқтатылуы, сәйкесінше қажетті мамандардың жетіспеуі ұлты, ұстанымы басқа шет елдік ислам мамандары мен уағызшыларының елге ағылуының басты себептерінің бірі болды. Мұндай уағызшылардың арасында радикалды бағыттағы, экстремистік көңіл күйдегі топтардың өкілдері болды.

Жалпы діни экстермизмнің қай аймақта болмасын (Қазақстан бойынша) таралуына себеп болатын бірнеше алғышарттарды атап өтуге болады. Ең алдымен бұл діни сауатсыздық. Дінге толық таныммен келмеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі болып отыр. Бұл жерде Абайдың иманды «якини» және «тақлиди» деп бөліп қарастыруы өзекті болуда. Мұның алғашқысы танымнан, ақыл дәлелінен туындайтын шын иман. Екіншісі «өзі ештемені білмей, еш нәрсе туралы ойламай, дін иелерінің сөзіне еріп, «ел қалай көшсе, мен де солай көштім» деген надандықтан шыққан соқыр сезім, үстірт наным» – бұл қазіргі қоғамға тән, діни сауатсыздықтың көрінісі, діни радикалданудың себебі болып отыр.

Тұрғындардың арасында, әсіресе жастардың өзгелерге еліктеуі, белгілі бір топтың мүшесі болуға деген ынтасы соқыр сенімге негізделген діншілдікке әкеледі. Мұндай соқыр сенім діни фундаментализмнің, сәйкесінше діни фанатизмнің алғышарттары болуда. Фундаменталисттік көңіл-күй экстремизмге апарар жол, өйткені экстремисттік пайымда өзінің ғана діни ұстанымы ең шынайы, ақиқат әрі таза деп ұғынылады. Сәйкесінше, өзге дін өкілдеріне төзімсіздік, қысым көрсету секілді көңіл-күй туындайды. Мұндай ұстаным өз сенімін, көзқарасын мейлінше кең тарату, қажет болса күштеп таңу әрекетіне саяды. Осы жағдайда, діни мотивтегі терроризм көрінісі мен оның өкінішіті салдары орын алады.

Діни сауаттылық дін туралы білім ретінде жалпы сауаттылықтың құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Барлық әлемдік, дәстүрлі, жаңа пайда болған діни ағымдардың тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесінен танып-білу мен жалған діндердің, экстремистік топтардың белгілерін ажырата алу дағдысы қалыптасқан адамда радикалды идеяларға қарсы «ақпараттық иммунитет» қалыптасады. Осы тұрғыдан алғанда жастар арасында діни сауаттылықты қалыптастырудың негізгі құралы ретінде «Дінтану» курсы өзекті бола түседі. Ортаңғы білім беру мектептерінде 2009 жылдан бастап оқытылып келе жатқан аталмыш пән қазіргі таңда жаңарту мен толықтыруды қажет етеді. Өйткені, қазіргі таңдағы діни ахуал күрделене түсті. Сәйкесінше, «дінтану» пәнінің оқулығына әлемдік діндер мен дәстүрлі емес діни ағымдар туралы объективті мәліметтер берумен қоса діни экстремизм туралы түсінік, оның белгілері, ғаламтордағы көріністері секілді күрделі бөліммен толықтырылуы тиіс. Аталмыш пәннен сабақ беретін мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар дайындалып, біліктілікті көтеру курстары ұйымдастырылуы қажет. Мұндай курстарда арнаулы мамандар мұғалімдерге экстремизмнің табиғаты, алғышарттары туралы мағлұматтар беріп, экстремистік сайттарды анықтау, салыстыру жолдарын үйретеді. Бұл шара ұстаздардың оқушылармен жұмыс істеуге дайындығын арттырады.

Дін туралы білім мектеп қабырғасымен шектеліп қалмай, арнаулы және жоғарғы оқу орындарында жалғасын тапқаны жөн. Студент жастар арасында дінтану курсы қабылдауға ауыр, қажетсіз, әйтеуір баға үшін оқылатын курстар қатарында қалмауын қадағалау да маңызды. Осы орайда, рухани-интелектуалды жастар тәрбиелеу үшін дінтану курсының қосымшасы ретінде дінтануға қызығушылар клубтарын құру қажет. Мұнда дін мәселесіне қызығушылық танытатын студент-жастар, дінаралық сұхбаттастықты нығайту, діни сауаттылықты көтеру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын-алу секілді түйткілді мәселелерге өз қарастарын қалыптастырып, оларды шешу бағдарламарының жобасын дайындау секілді мәселелермен айналысады. Клуб мүшелері дінтану курсын оқыту бағдарламасын толықтыру мен жақсарту бойынша да өз ұсыныстарын бере алады. Мұның бәрі дін туралы танымды кеңейтуді қызықты әрі қарапайым ете түспек. Дін туралы білімге ие, сауатты кез-келген адам өзінің рухани бағдарын дұрыс таңдайды, өзгенің дін ұстану, ұлттық, тілдік ерекшелігіне сыйластықпен қарап, құрмет көрсетеді. Яғни, Қазақстанда қалыптасқан дінаралық келісім татулықты сақтау мен келер ұрпаққа жеткізуге өз үлесін қосар болса, өз кезегінде еркін әрі қызығушылықпен жинақталған білім мен тәжірибе өмір соқпақтарында сүрінбеудің кепілі.