Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті.

 Философия кафедрасының докторанты

 

Қабул Оралбай Құрманбайұлы

 

Сабақтастық- адамзат дамуының үйлесімділігі

Summary: In this case, the continuity of the process of linking the future and his predecessors regarded as the stability of the entire social system

 

Сабақтастық қоғаммен қоғамды, тарихпен тарихты, өмірмен өмірді, түрлі оқиғалармен жаңалықтарды жалғастырушы, сабақтаушы маңызды рөлін атқарғанмен осы аталғандар ішінен айқын көрінбейді, аса ерекшеленбейді. Бұл ұғымға қазақ тілінің сөздігінде мынадай түсінік берілген: «сабақтастық-сарындастық,үндестік,жалғастық,байланыстылық. Адам мен табиғаттың арасында көрінбейтін сабақтастық бар» Сонымен бірге сабақтастық белгілі бір бағдарды, құндылықтарды анықтауда да өзекті болып табылады. Сабақтастық өздігінен болмайды. Ол үшін мәдениеттер мен өркениеттер арасында өзіндік бір байланыс болуы тиіс. Сабақтастық ұғымы қай саладада маңызды орынға ие,сондықтанда бұл мәселе үздіксіз зерттеуді талап етеді.Сабақтастықты идеологиялық тұтастық және тарихи-мәдени процестегі объективті қажетті байланыс ретінде тануымыз қажет. Сабақтастық қызметінің негізі болып табылатын мәдени-рухани үйлесімділік,ол зерттеу объектісін тереңірек және кеңірек ашуға көмектеседі. Сабақтастықтың құрылымы, әмбебапты тетігімен технологиясынсараптап,тарихи рөлі айқындау сонымен қатар әр кезеңдегі сабақтастық қызметінің деңгейі,оның түрленуі қарастырылып,олардың адам санасына,қоғамдық қызметтерге тигізер ықпалын дәйектеу өмір талабы. Сабақтастық қоғамның барлық кезеңінде және барлық салада аса қажеттілікті туындатып,сан-салалы зертелініп келе жатқан мәселе. Сабақтастық мәселесі ежелден бері түрлі философиялық мектептердің зерттеу объектісіне айналған, алайда сабақтастықты анықтаудың негізгі тікелей даму концепциясына байланысты. Г.В.Ф.Гегель тұңғыш рет дамудың диалектикалық тұжырымдамасы негізінде сабақтастық ұғымына толық талдау жасаған. «Мойындалған сонымен қатар,сақталған,тек өзінің табиғилығын жоғалтқан,алайда осыған байланысты жойылмай қалған сақталған дегенді де білдіреді»[1] Осы тұжырымнан маңызды қорытынды жасауға болады: диалектикалық тұрғыдан түсінілген мойындамаушылық нәтижесінде тек ескірген жойылып,ұмытылып қана қоймай,дамудың осыған дейінгі кезеңінде қол жеткізген оңтайлы нәрсе сақталып тұрады да дамиды.  Г.В.Ф.Гегельдің идеяларын әрі қарай дамыту барысында К.Маркс адам мен қоғамды дамытудағы сабақтастықтың толық сұлбасын ұсынған. Материалистикалық диалектика үшін сабақтастық дегеніміз-бір деңгейден екінші деңгейге қарай бағыт алатын дамудың негізі.[2] Ф.Энгельс қоғамдық дамудағы сабақтастықтың спецификасын айқындаған:«қоғамның даму тарихында санасы бар,белгілі бір мақсаттарға ұмтылатын адамдар өмір сүріп,әрекет етеді;олар ойланып-толғанып әрекет етеді,не болмаса тойымсыз нәпсінің жетегіне ереді».[3] Ол дегеніміз қоғамдық өмірдегі сабақтастықты, адамдардың саналы іс-әрекеттерін,ой талдауынан толыққанды өткізбей түсіну дұрыс емес дегенді білдіреді.Қоғамның дамуымен қатар саналы түрде қалыптасатын және жүзеге асырылатын идеялардың ролі үздіксіз арта түседі. Э.А.Баллердің пікірінше сабақтастық-«болмыстың да,сонымен қатар танымның да түрлі кезеңдері немесе даму сатылары арасындағы байланыс;оның мәні тұтас бір нәрсенің белгілі бір элементтерін немесе тұтастай жүйе ретінде өзгерген жағдайда бір күйден басқа күйге ауысқан кезде,кейбір жекелеген әлеуметтік тұстарының тұтастығын сақтап қалуында. Қазіргі жағдайда өткенмен және келешекпен байланыстыру барысында сабақтастық- біртұтас әлеуметтік жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді».[4] Сабақтастық-бір ұрпақтан келер ұрпаққа әлеуметтік өмірлік тәжірбиені жинақтау,сақтау,оған сыни көзқарас білдіру,іріктеп алу және беру үрдісі. Отандық классик ғалым З.А.Мұқашев «Философиядағы сабақтастық», «Сабақтастық-дамудың бір сәті тәрізді»деген іргелі еңбектерді жарыққа әкелді. Ғалым пікірінше,философиядағы сабақтастықты жүйелеп түсіндірмейінше,оқытылып жатқан диалектикалық және тарихи материализм курсы жекелеген құрамдас бөлшектерге таралып кетеді деген.Ғалымның ойын жалғастырсақ,сабақтастық-біріншіден диалектикалық және тарихи материализм категориясы. Ол болмыстың іргелі негіздеріне мұра ететін әмбебапты процестен көрінеді.Сабақтастыққа негізделген даму барынша күрделі қатынастар жүйесіндегі объектінің белгілі бір денгейіне дейін өседі. Сақталынған объект ұсынылған материалдың сапасына дейін түсіп өзінің даралығын жоғалтады, дегенмен бір нәрсенің қарапайым элементі ретінде қалады. Сондықтан сабақтастық тұтастықтың бір бөлігі іспеттес маңызды қызметтерді атқарады. Серпіліс «өте күшті интеллектуалды одақ және өте тығыз жеке дара араласу»арқылы ғана бір жаннан екінші бір жанға«алаудан шыққан жарық сауле»тәрізді құдіретті күш бере алады деген Платон. Түйіндеп айтар болсақ,философия деген сөздің өзі данышпандыққа ұмтылу дегенді білдіреді,демек ежелгі ойшылдардың бағыты дұрыс. Ал бұл аударманы талдар болсақ,ұмтылу,ұмтылыс-сөзінің өзі үздіксіздікті, әрдайым алға жылжуды, шексіз қозғалысты білдіреді, яғни ол ой сабақтастығының, ой байланыстылығының белгісі. А.Кушнер «Уақыт таңдамайды, онда адамдар өмір сүреді және өледі». Уақыт тек алға жылжуды ғана біледі,ол ешкімді күтіп тұрмайды. Біреулер сол уақыттың жетегіне ілессе,екіншілері қатар жүреді, әлдебіреулер жете алмай қуып жүреді. Бірақ ешкімде уақыттың алдына түсе алмайды. Сондықтанда әр заманның,әр уақыттың, әр қоғамның өзіндік дәстүрлі сабақтастығы бар. Дәстүрлі сабақтастық- ежелгі ұрпақтарды бүгінмен байланыстырады, соның нәтижесінде адамзат дамуы өзінің үйлесімді жалғасын табады. Демек ұрпақтар сабақтастағы қоғам дамуында басты қызметті атқарады. Сабақтастық тізбегі ғасырлар тереңінен тартылып келеді, әлемдегі халықтардың мәдени-рухани үндестік сенімділігін жүргізеді, сондықтанда әрқашан айқын көрінбейді. Өкініштісі тарихи пәндер өздерінің қатып қалған критерилеріне деген адалдығын сақтай отырып үдемелі және инволюционды сабақтастықтардың қандай мағынада қолданылатынын ажырата алмайды. Түсіндіре кетсек үдемелі сабақтастықтың мәні тірі табиғаттың немесе адамдық қоғамның алдындағы тарихи кезеңдерінде қол жеткізген сапалы жаңа денгейдегі жағымды нәтижелердің дамуы мен сақталуынан тұрады. Инволюциондық сабақтастықтың ерекшелігі өзгермелі объектінің белгілі бір сапасының сақталуы,бірнеше нәтижелерден, сол немесе басқа белгілердің айрылуы, жоғалтуымен бірге қоса еріп жүретін бұрынырақ қол жеткізген үдемелі даму процесінен тұрады. Сабақтастық-тарихи мәдени тәжірбие процесіндегі жаңа мен ескінің арасындағы объективті қажетті байланыс. Сабақтастық- әр кезең немесе баспалдақтар арасындағы болмыс,сол сияқты таным мен мән тәрізді дамудың байланысы. «Ескіні»жаңаның ығыстыруы, жаңаның уақытқа қызмет етуі,бұл-мәңгілік процесс. Ибн-Халдун мемлекет туралы ойын алға тарта отырып, оның даму процесін адамдық өмірмен салыстырады.«Білу керек,адамдардың жаратылыстағы жас өлшемі дәрігер мен астрологтардың пайымдауынша жүз жиырма жылды құрайды. Мемлекеттердің жас өлшемі жағдайға тәуелді әртүрлі болып айрықшаланғанымен, көп жағдайда үш ұрпақтың жас жиынтығынан аспайды.[5] Бір ұрпақ-орта жастағы адамның жасы, қырық жыл;бұл уақыт,оның өсуі мен дамуының аяқталатын кезі.(әлеуметтену кезеңі бітіп кемелдену кезеңі басталуы. Қырық пен сексен жас аралығы кемелденуден кеменгерлікке жету кезеңі. Сексеннен жоғары кеменгерліктен даналыққа жету кезеңі-бұл адамға қатысты дүние)». Мемлекеттің жасына ойыссақ олда орта есеппен жүз жиырма жыл,бұл уақыт үш ұрпақтың,династия басқарушысының өмірі.

-бірінші ұрпаққа салыстырмалы теңдік,өнегеліліктің қарапайымдылығы тән. Бұл ұрпақ әлсіз әлеуметтенген дәстүрлерден толығымен арылмаған,үзілмеген.

-екінші ұрпақ,өркениет жағдайында өмір сүріп жатыр,олар енжарлықпен байлық әсерінен өздерін жаудан қорғай алмайтындай қаблетсіз қорқақ күйге түскен,сол себепті жалдамалы күзет пен әскерді қажет етеді.Бұл ұрпақтың кезінде қарапайым,жабайы демократизмнің орнын теңсіздік,өзара қарсылықтар т.с.с қатынастар алмастырады.

-үшінші ұрпақ барлық қатынастар бойынша нақты құлдырауға ұшырайды. Олардың өмір сүру барысында мемлекет күрделі өзгеріске ұшырайды.

Даму алдындағы қазақ қоғамын жас шамамен анықталуы жас өлшемі бойынша  дәл келмегенімен, ұрпақтардың өмір сүру мағынасын анықтағанда біраз шындыққа жақындағандай болады. Тәуелсіздіктің жас өлшемін есепке алмағанда, біздің қазіргі өмір сүріп отырған кезеңіміз үшінші кезеңнің соңына ұқсайды. Қоғамдық даму процесінде қандайда бір бұрылыстар, қалтарыстар, тіпті жарылыстар болса да, әрбір формация өткен кезеңінің жетістіктерін бәрібір пайдаланады.

Сабақтастық ғылыми категория, оның маңыздылығы атқаратын рөлінде, яғни өтпелі кезеңдердегі адам баласының басынан өткерген түрлі оқиғаларының бір-бірімен жалғасуында. Демек сабақтастық тарихты жалғастырушы, адамзатқа бағыт беріп, үлгі  көрсетушісі.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер

1.     Гегель Г.В.Ф. Наука логики//Энциклопедия философских наук. – М.:Мысль, 1975.Т.1.С.25.

2.     Маркс К., Энгельс Ф. Соч. 2-е изд. Т.21. С.288; Т.20. С.140.

3.     Маркс К., Энгельс Ф. Соч. 2-е изд.  Т.21. С 305-306.

4.     Баллер Э.А. Социальный прогресс и культурное наследие. – М., 1987. С.7.

5.     Нұрадин Г.Б. Өркениет: дәстүр және сабақтастық.-Алматы.ТОО «Издательский дом «АСА» -159 б