Право/ 9. Гражданское право

Рзабай А.И., Тұрғынбек Г.Р., Қожахметова А.А.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Мұраны қабылдау және оның құқықтық салдары

 

Мұраны қабылдау негізінен мынадай жағдайлармен жүзеге асырылады. Егер мұрагер кейін мұрадан бас тартпаса, мұрагерлік құқығынан айырылмаса және оны мұрагер етіп тағайындау туралы өсиеттік өкімді жарамсыз деп танудың салдарынан мұрагерлік құқығын жоғалтпаса, ол мұра ашылған уақыттан бастап өзіне тиесілі мұраға немесе оның бір бөлігіне ие бола алады. Мұра ашылған жер бойынша нотариус мұрагердің өтінішімен оған мұрагерлікке құқық туралы куәлік беруге міндетті. Мұрагерлікке құқық туралы куәлік мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін беріледі. Өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлік кезінде, егер нотариуста куәлік берілуін сұраған адамдардан басқа тиісті мүлікке не бүкіл мұраға қатысты басқа мұрагерлер туралы анық деректер болмаса, куәлік аталған мерзім өткенге дейін де берілуі мүмкін. Болмаған мұрагерлердің құқықтары: Егерде мұрагерлердің арасында тұратын жері белгісіз адамдар болса, қалған мұрагерлер, өсиетті орындаушы және нотариус олардың тұратын жерін анықтауға және оларды мұрагерлікке шақыруға қисынды шаралар қолдануға міндетті. Ал егер тұратын жері анықталса, мұрагерлікке шақырылып, болмай қалған мұрагер заңдарда көрсетілген мерзім ішінде мұрагерліктен бас тартса, қалған мұрагерлер өздерінің мұраны бөлісуді жүргізу ниеті туралы хабардар ету керек. Осының алдындағы бөлікте көзделген хабардар ету кезінен бастап үш айдың ішінде болмай қалған мұрагер мұраны бөлу туралы келісімге қатысу тілегі туралы қалған мұрагерлерді хабардар етпесе, қалған мұрагерлер болмаған мұрагерлерге тиесілі үлесті бөлек шығарып, өзара келісім бойынша бөлісті жүргізуі керек. Егер мұра ашылған күннен бастап бір жылдың ішінде болмаған мұрагерлердің тұратын жері анықталмаса және оның мұрадан бас тартқандығы туралы мәліметтер болмаса, қалған мұрагерлер бөлісті заңда көрсетілген тәртіп бойынша жүргізіледі. Іште қалған, бірақ әлі тумаған мұрагер болған кезде мұраны бөлу тек мұндай мұрагер туғаннан кейін ғана жүргізіледі. Ал егер іште қалған мұрагер тірі туса, қалған мұрагерлер оған тиесілі мұралық үлесті бөліп шығару арқылы ғана мұра бөлуді жүргізуге құқылы[1]. Жаңа туған баланың мүдделерін қорғау үшін, бөліске қатысуға қорғаншылық және қамқоршылық органының өкілі шақырылуы мүмкін.

Жекелеген мұрагерлердің мұраға кіретін мүлікке басым құқығы болады. Мұра ашылғанға дейінгі бір жыл ішінде мұра қалдырушымен бірге тұратын мұрагерлер тұрғын үйді, сонымен бірге, үй-жабдықтары мен үй-іші тұрмысы заттарын мұраға алуға басым құқыққа ие бола алады. Мұра қалдырушымен бірге мүлікке ортақ меншік құқығы бар мұрагерлер ортақ меншікте болған мүлікті мұраға алуына болады. Басым құқықтарды жүзеге асыру кезінде бөліске қатысатын басқа да мұрагерлердің мүліктік мүдделері сақталуы керек. Ал егер өздеріне тиесілі үлестерді беру үшін мұраны құрайтын мүлік жеткіліксіз болса, басым құқықты жүзеге асыратын мұрагер оларға тиісінше ақшалай немесе мүліктік өтемақы беруі керек. Мұрагер мұрадан бас тартқан не заңдарда аталған мән-жайлар бойынша шығып қалған жағдайда мұраның мұндай мұрагерлерге есептелуге тиіс бөлігі мұрагерлікке шақырылған заң бойынша мұрагерлерге түседі және олардың арасында өздерінің мұралық үлестеріне бара-бар бөлінеді. Мұра қалдырушының қайтыс болар алдындағы науқасы туғызған қажетті шығындарды және оны жерлеуге арналған шығындары, мұраны қорғауға, басқаруға және өсиетті орындауға, сонымен бірге, өсиетті орындаушы мен мұраны сенімгерлікпен басқарушыға сыйақы төлеуге байланысты шығындарды өтеу туралы талаптар ол мұрагерлер арасында бөлінгенге дейін мұра есебінен қанағаттандырылуы керек.

Мұра қалдырушының кредит берушілері өздерінің мұра қалдырушының міндеттемелерінен туындайтын талаптарын өсиетті орындаушыға немесе әрбір мұрагерге ауысқан мүлік құнының шегінде ортақ борышқорлар ретінде жауап беретін мұрагерлерге қоюына болады. Ал шаруа қожалығының мүшесі қайтыс болған жағдайда мұра жалпы ережелер бойынша ашылады. Мұрагерлердің мүлікке жалпы меншіктегі оның үлесіне мөлшерлес ақшалай өтемақы алуына болады. Егер өсиет және заң бойынша да мұрагерлер болмаса не мұрагерлердің ешқайсысының мұра алуға құқығы болмаса, не олардың бәрі мұрадан бас тартқан жағдайда мұра иесіз қалған деп саналады. Иесіз қалған мұра мұраның ашылған жері бойынша коммуналдық меншікке ауысады. Мұра ашылған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін мұра ашылған жер бойынша жергілікті атқарушы органның арызы негізінде сот мұраны иесіз қалған деп таниды. Иесіз қалған мүлікті қорғау мен оны басқару Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіптер бойынша жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасында мұрагерлік құқық екі негіз бойынша жүзеге асырылады. Екі негіздердің бірімен мұра ашылғаннан кейінгі алты ай мерзім ішінде мұрагерлер мұраны қабылдауға не болмаса мұрадан бас тартуға құқығы бар. Сонымен қатар, мұра қалдырушының өзінің мұрагерлеріне мұраны бөліп беру мәселелері заңға сәйкес нотариуспен шешіледі. Ал, мұрадан бас тарту мұрагердің мұраның ашылған жері бойынша нотариусқа арыз беру арқылы жасалады. Егер сенімхатта мұрадан бас тартуға өкілеттік арнайы көзделсе, одан бас тартуға болады. Мұрадан бас тартушының мұрадан бас тартудың күшін кейіннен жоюға немесе қайтарып алуға құқығы жоқ. Өйткені, бұл үшін берілген мерзім өткеннен кейін мұрадан бас тарту құқығы жойылады. Егер ол қалдырылған мүлікті іс жүзінде иеленуге кіріссе не оған билік етсе, немесе оның осы мүлікке құқықтарын куәландыратын құжаттарды алуға өтініш жасаса, ол бұл құқықты аталған мерзім өткенге дейін де жоғалтуы мүмкін. [2]

Мұрагер өсиет бойынша немесе заңда көрсетілген кезек бойынша мұрагерлер қатарындағы басқа адамдардың пайдасына мұрадан бас тартқандығын көрсетуге құқылы. Айта кететіні, өсиет қалдырушы мұрадан шеттеткен мұрагерлердің пайдасына мұрадан бас тартуға жол берілмейді. Егер мұрагер өсиет бойынша да, заңды мұрагерлік бойынша да мұрагерлікке шақырылса, ол осы негіздің біреуі бойынша немесе екі негіз бойынша да өзіне тиесілі мұрадан бас тартуға құқылы. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1074-ші бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мұраның бір бөлігінен бас тартуға, шарт қою арқылы бас тартуға жол берілмейді. Бұл мәселеге тереңірек тоқталсақ, мұрадан мына жағдайда бас тартуға болмайды:

-                     өсиет бойынша да, заңды мұрагерлік бойынша да мұрагер болып табылмайтын азаматтардың пайдасына:

-                     мұра қалдырушы өсиетте көрсеткен мұрадан шеттетілген мұрагерлердің пайдасына:

-                     мұрагерлікке құқығы жоқ азаматтың пайдасына:

-                     мұраның ашылуынан кейін алты ай мерзім өтіп кетсе.

Арызды қабылдау кезінде нотариус мұрагерлерге мұраны қабылдаудан бас тартуға байланысты іс-әрекеттерді түсіндіреді және бұл туралы арызда тиісінше жазба жасалады. Егер мұрагер мұрадан бас тарту туралы арызға өзі қол қойғандығын нотариаттық куәландырмай нотариусқа пошта арқылы жіберсе оны белгілі тәртіп бойынша тіркейді. Дегенмен, мұрагердің шын мәнінде рәсімделген арызды пошта арқылы жібергенінен өзінің нотариусқа келгені дұрыс-ақ. Егер мұрагерлікке шақырылған мұрагер мұраны қабылдап үлгерсе (нотариусқа қабылдау жөнінде арыз беру жолымен немесе заңға сәйкес, мысалы, мұра қалдырушымен бірге тұрған болса) немесе өзінің мұрагерлікке құқығын дайындамай қайтыс болса (мұрагерлікке құқығы туралы куәлікті алып үлгермесе), онда оған мұрагерлік мүлік тиесілі деп саналады және ол қайтыс болғаннан соң мұраны қабылдау құқығы оның мұрагерлеріне емес, мұралық мүліктің өзі ауысады [3]. Мұрагерлік құқығы туралы куәлік қайтыс болғаннан соң беріледі.Яғни, бірінші және екінші азаматтың қайтыс болу мерзімінің мәні аз.

Заңды мұрагер мен өсиет бойынша мұрагер мұра ашылған күннен кейінгі алты ай мерзім ішінде мұрадан бас тартуға құқылы. Сондай-ақ, ол кімнің пайдасына бас тартуды бір немесе бірнеше тұлғаның пайдасына шешуге рұқсат етіледі. Тағы бір мәселе, заңды мұрагер мен өсиет бойынша мұрагердің өз үлесі мемлекеттің пайдасына, сондай-ақ заңды тұлғалардың пайдасына шешуге құқы бар. Ал мұрагердің пайдасына мұрадан бас тарту кезінде оның мұрагерліктегі кезектігінің маңызы жоқтығын айта кету керек. Мысалы, заңды мұрагерлік бойынша шақырылған бірінші кезектегі мұрагер өзіне тиесілі үлестен (егер ол бірінші кезектегі жалғыз мұрагер болып табылса, онда барлық мұраны) басқа кезектегі мұрагердің біреуінің пайдасына бас тартуға құқылы. Төмендегі жағдайларға сәйкес, егер:

-өсиет бойынша мұрагердің бірінші мұрагерлерге өсиет етілген мүліктерге сәйкес, өзіне тиесілі болған үлестен өсиет бойынша мұрагерлердің біреуінің пайдасына, сондай-ақ заңда көрсетілген алты кезектегі мұрагердің бірінің пайдасына немесе мемлекеттің пайдасына бас тартуға құқылы;

-мұрагер мұрадан заңды немесе өсиет бойынша мұрагердің пайдасына, сондай-ақ мемлекетттің пайдасына немесе заңды тұлғаның пайдасына мұрагерлік үлесті үлестіре отырып, бас тартуға құқылы (мысалы, мұра қалдырушының баласының пайдасын үлестің үштен бірін, ал мемлекет пайдасына үштен екі бөлігі).

Мұрадан бас тарту кезінде мұрагер мұраны қабылдап қойса, өз үлесінен бас тартқан мұрагер оны қайтадан талап ете алмайды. Демек, мұраның бір бөлігінен бас тартқан мұрагер, мұраның барлығынан бас тартты деп есептеледі. Ал, мұрадан бас тартқан мұрагер өзінің мұрадан бас тартуының заңсыздығын тек сот бойынша шеше алады. Бұл жағдайда заңда көрсетілген, яғни ол келісімнің заңсыз екендігін тану туралы негізге сәйкес (егер бас тарту адасу, күштеу, алдау негізінде жүзеге асса) болу керек. Егер мұрагер мұра ашылған күннен алты ай мерзім ішінде сөзсіз мұрадан бас тартса ол одан кейін (заңға сай алты ай мерзім өткеннен кейін де) бас тартудың мазмұнын өзгертуге және мұраны қайсыбір мұрагердің пайдасына бас тартқандығын көрсетуге құқы жоқ. Мұрадан бас тарту туралы арыз мұрагерлік істер жөніндегі кітапшаға тіркелу керек. Аталмыш арыз бойынша нотариус мұрагерлік істі жүргізеді және бұл әрекет мұрагердің ешқайсысынан мұраны қабылдау туралы арыз болмаған ретте де жасалуы мүмкін. Сот тәртібі бойынша әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған азаматтың арызын оның қамқоршысы бере алады. Яғни, әрекет қабілеттілігі шектеулі азаматтардың мұрадан бас тарту туралы арыздары қамқоршыларының келісімімен дайындалады, ал кәмелет жасқа толмағандардың бұл тұрғыдағы әрекеті ата-анасының, асырап алушыларының, қамқоршыларының келісімімен жүзеге асады. Бұдан басқа қамқоршылық және қорғаншылық органдарынан рұқсат талап етіледі. Мұрадан бас тарту тек әрекет қабілеттілігі бар азаматпен іске асады. Ал әрекет қабілеттілігі жоқ азаматтың орнына оның қамқоршысы ғана бас тартуға құқылы. Мұрадан бас тарту арызында кімнің пайдасына бас тартқандығы, яғни мұра қалдырушы мен мұрагердің туыстық қатынасы көрсетілуі керек. ҚРАК 1076-бабының ережелері барлық мұра немесе оның бір бөлігі мұрагерлерге нақты мүлік көрсетілмеген үлеспен өсиет етілген жағдайда мұрагерлердің арасында мұраны өсиет бойынша бөліп беруде қолданылады. Мүлікті бөлу оларға тиесілі үлестерге сәйкес мұрагерлердің келісімі бойынша, ал келісімге қол жетпеген жағдайда сот тәртібімен жүргізіледі. Мұралық мүлікті бөлу туралы дауды шеше отырып, сот оның құрамын және істі қарау кезіндегі оның нақтылы құнын сол уақытқа сәйкестендіре отырып анықтауға тиісті. [4]

 

Әдебиет:

 

1. Рашидова З. Наследование по завещанию Гражданский Кодекс Республики Казахстан- толкование и комментирование //А., 1998.

2. Диденко А.Г. Гражданское законодательств РК - толкование и комментирование //А., 1998.

3. Смағұлова А. Мұрагерлік құқықтың кеңестік дәуірдегі көрінісі //А., Заң. 2003. № 9.

4. Құдиярова А. Заңды мұрагерліктегі кезек тәртібі //А., Заң. 2003. № 10.