Право/9. Гражданское право
З.ғ.к.Тлебаева
Г.М., құқық магистрі Рзабай А.И.
М.Х.Дулати атындағы Тараз
мемлекеттік университеті, Қазақстан
ҚР сақтандыру қызметін
құқықтық реттеу механизміндегі
құқықтық мәселелер
Сақтандыру
қатынастарын реттейтін
азаматтық-құқықтық сипаттағы нормалар
сақтандыру қызметін құқықтық реттеу
жүйесінің құрылымдық бөлігі болып табылады.
Бұл сақтандыру қызметін ұйымдастыру мен іске
асырудың барлық кезеңдерінде айқын көрініс
табады.
«Сақтандыру
қызметі туралы» ҚР Заңының 2 бабының ережелері
сақтандыру қызметінің аясы мынадай
құқықтық қатынастарды қамтиды деп
бекіткен:
а)
сақтандыру ісі субъектілерінің қатысуымен орын алатын
қатынастарды. Бұл жерде сақтандыру шартын жасасу және
орындау бойынша сақтандыру ұйымдары мен сақтанушылардың
арасында туындайтын қатынастар жөнінде меңзеліп отыр.
ә)
сақтандыру ісі аясында қызметтің өзге де түрлерін
жүзеге асыратын тұлғалар арасындағы қатынастар,
яғни қайта сақтандыру мен ортақ сақтандыру
бойынша сақтандыру ұйымдарының арасында туындайтын
шарттық қатынастар жөнінде айтылып отыр.
Аталған
заңның нормативтік ережелері сақтандыру қызметін
жүзеге асыру барысында туындайтын қатынастарды толық
көлемде реттеймей отыр, бұл өз кезегінде сақтанушылар
мен сақтандыру ұйымдарының жеке
құқықтық мүдделеріне кері әсер етуде.
«Сақтандыру қызметі туралы» ҚР
Заңының 11-1 бабы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан сақтандыру қызметін (қайта
сақтандыру жөніндегі қызметті) жүзеге асыру
құқығына лицензиясы, сақтандырудың
белгілі бір түрі бойынша жүзеге асырудың жалпы талаптарын
айқындайтын сақтандыру қағидалары және ішкі
қағидалары болғанда ғана сақтандыру қызметін
жүзеге асыруға құқылы екендігін бекіткен. Осы
баптың 3 бөлігіне сай сақтандыру қағидалары
және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының
ішкі қағидалары директорлар кеңесінде бекітілуі қажет [1].
Лицензияны алудың үрдісін реттейтін «Сақтандыру қызметі туралы»
ҚР Заңының 37 бабы сақтандыру қызметін
жүзеге асыру бойынша сақтандырудың ішкі ережелерін
уәкілетті органға ұсынуды міндеттейді.
Заңшығарушы
лицензия алу үшін сақтандыру қызметін жүзеге
асырудың ішкі ережелерін ұсынудың негізділігі мен
мақсатқа сәйкестілігін ашып көрсетпейді.
Сақтандырудың ережелері сақтандырушының ішкі
құжаттары болып табылады, ҚР АК 825-1 бабына сәйкес ол
ережелер сақтанушының қатысуынсыз,
сақтандырушының дербес өзімен қабылданып, бекітіледі.
Сақтандыру ережелерінің
құқықтық бағыты - олардың негізінде
сақтандыру шарты бекітілуі мүмкін сақтандыру талаптарын
анықтаудан тұрады. Бұл ретте ҚР АК 825-1 бабының
4 бөлігі сақтандыру тәртібінің кейбір ережелері
сақтандыру шартында толықтырылуы, өзгертілуі немесе шарттан
алынып тасталуы мүмкін, деп бекіткен.
Сақтанушы үшін сақтандыру
ережелерінің талаптары мүлдем міндетті емес. Ол тек қана
сақтандыру шартында көзделетін өзге талаптарда
сақтандыру шартын жасасуға құқылы.
Демек, сақтандыру ережелері-бұл
азаматтық-құқықтық
қатынастардың элементі, ҚР АК 380 бабымен жарияланған
шарт еркіндігі принципі ескеріле отырып бекітілетін, сақтандыру шарты
тараптарының келісімдерінің пәні. Ал, сақтанушыға
ықпал ету, соның ішінде ерікті сақтандырудың
түрінде, алдын-ала сақтандырушымен әзірленген
сақтандыру ережелерінің (яғни, сақтандыру
шартының бір тарабы әзірлеген) негізінде сақтандыру шартын
жасасуға мәжбүрлеу-ҚР АК жоғарыда
көрсетілген ережелерін өрескел бұзу және
сәйкесінше сақтанушының құқықтарын
шектеу ретінде қарастыруымыз қажет.
Сондықтан сақтандыру қызметін
жүзеге асыруға лицензия алу үшін уәкілетті органға
сақтандырудың ережелерін ұсынуды бекіткен императивті норма
заңи тұрғыдан ақталмаған деп айтуға болады,
өйткені ерікті сақтандырудың түрлерінде шартты жасасу
барысында сақтандыру ережелерін қолданбау «Сақтандыру
қызметі туралы» ҚР Заңының ережелерін бұзу
ретінде қарастырылмайды.
Біздің көзқарасымыз бойынша,
көрсетілген ситуация-сақтандыру қызметін
құқықтық реттеудегі мәселелердің бірі
және сақтандыру түрлерін лицензиялау мақсатында
сақтандыруға қадағалауды жүзеге асыратын
органға сақтандырушының сақтандыру ережелерін
ұсынудың мақсатқа сәйкестілігі туралы
мәселені қарастыру үшін негіз болып табылады.
Сақтандырудың ерікті түрлеріне
қатысты сақтандыру ережелерін қолдану жөніндегі
«Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңы нормаларының
талаптары императивті емес, диспозитивті сипатты иеленуі қажет екендігі
сөзсіз. Сақтандыру ережелерінің тәжірибелік
бағыты сақтандырушы қызметінің
азаматтық-құқықтық аясын реттеуден
тұрады. Ал, сақтандырушы қызметінің
азаматтық-құқықтық аясы
сақтандырушының сақтандыру қызметін жүзеге асыру
барысында сақтанушымен келісілген талаптардағы сақтандыру
шартын жасау және орындаумен байланысты болып келеді.
Жоғарыда айтылғандарды ескерсек,
сақтандыру қызметінде жеке-құқықтық
қатынастарды реттеуде туындайтын жария
құқықтық, яғни әкімшілік кедергілерді
жою қажеттілігі туындайды. Жеке-құқықтық
нормалармен салыстырғанда жария-құқықтық
сипаттағы нормалардың мұндай
құқықтық артықшылығы сақтандыру
қызметін құқықтық реттеуде
сақтанушылар мен сақтандырушылардың белсенділігін
төмендетеді және сақтандыру нарығы дамуының
тежелуіне ықпал етеді.
Сақтандыру қатынастары
жеке және жария құқық нормаларын үйлесімді
келістіретін салааралық заңнамамен реттеледі, оның шегінде
реттеудің арнайы принциптерін, амалдары мен әдістерін қолдану
жолымен сақтандыру қызметін құқықтық
реттеудегі заңи тұтастық сақталады. Бұл міндетті
іске асыру тек қана
сақтандыру заңнамасының біртұтас жүйесінде
жеке-құқықтық және жария
құқықтық
сипаттағы нормалардың арасында
құқықтық гармонизацияны нормативті бекіту жолымен
жүзеге асырылуы мүмкін.
Осыған байланысты ҚР АК
814 бабын мынадай ережемен толықтыруды ұсынамыз: «Сақтандыру
қызметін ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәртібін
анықтайтын заңдар, Кодекстің осы тарауының негізгі
ережелеріне қайшы келмейтін бөлігінде сақтандыру
қатынастарына қолданылуға жатады».
Заңды
сақтай отырып, сақтандыру ұйымдары барлық уақытта
әрбір іс-әрекеттерін қадағалау органымен келісу
қажеттілігімен шектеліп отырады, ал бәсекелестік процесінде аман
қалуы үшін заңды бұзуға мәжбүр болады
және соның нәтижесінде фактілі тұрғыдан
әлсіз субъектке айналады.
Көрсетілген
құқықтық мәселе бойынша аталған
ықпал ету шараларын қолдану сақтандырушылардың ҚР
Конституциясының 26 бабында көзделген, кәсіпкерлік құқықтары
мен бостандықтарын шектеу бөлігінде, конституциялық
құқықтарының бұзылуына әкеп
соғады
Қалыптасқан
құқықтық коллизиялардың
себебі-сақтандырудың ерікті түрлерінде сақтандыру
ережелерін қолдану мәселесі бойынша ҚР АК мен
«Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңы нормаларының
арасындағы қарама-қайшылықтар болып отыр.
«Сақтандыру
қызметі туралы» ҚР Заңының 37 бабымен көзделген
сақтандыру ережелерін ұсыну міндеттілігі туралы (соның ішінде
сақтандырудың ерікті түрлерінде) императивті норма,
сақтандыру ережелері тек қана сақтандыру шарты
тараптарының өзара келісімі бойынша қолданылады деген
ҚР АК 825-1 бабының диспозитивті ережелеріне сай келмейді.
Сақтандыру
қызметін жүзеге асыру барысында туындайтын қатынастарды
құқықтық реттеудің негізгі
міндеттерінің бірі бұл- сақтандырудың ережелері мен
шарттарын келісу кезінде шарт еркіндігі принципін іске асыруды ескере отырып,
сақтандыру құқықтық қатынастары
қатысушыларының өздерінің субъективтік
құқықтарын толыққанды іске асыру үшін
қажетті құқықтық жағдайларды
қалыптастыру болып табылады.
Алайда
«Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңының 37 бабында
көзделген сақтандырудың ерікті түрлерінде
сақтандырушылардың лицензиялау ережелерін қолданудың
міндеттілігі туралы нормативті талабы сақтандыру шарты
қатысушыларын сақтандыру мәмілесін бекітуде сақтандыру
жағдайларын еркін келісу мүмкіндігінен айырып отыр, демек
сақтанушыларды сақтандырушылармен алдын-ала дайындалған
сақтандыру ережелеріне қосылуға мәжбүрлейді.
Сақтандырудың
қандай да бір объектісін жүзеге асыру үшін
сақтандырушының заңмен көзделген жарғылық
капиталдың мөлшерін төлеуі жеткілікті болады және
бұл ретте уәкілетті органнан қандайда бір рұқсат
алудың қажеті жоқ. Демек, егер сақтандырудың
әртүрлі объектілерін сақтандыру бойынша сақтандыру
қызметін жүзеге асыру үшін рұқсат талап етілмесе
(мұндай талап ҚР АК де, «Сақтандыру қызметі туралы»
ҚР Заңында да көзделмеген), сәйкесінше саралануы
бойынша сақтандырудың әртүрлерінде
сақтандыруға рұқсат алудың қажеттілігі
болмайды. [2]
Сонымен
қатар, сақтандырудың түрлері де, сақтандыру
объектілері де сақтандырылуға жататын мүліктік
мүдделердің жиынтығы ретінде қарастырылады.
Нормативтік-құқықтық тәртіпте алдын-ала
адамзат иелене алатын барлық мүліктік мүдделерді
анықтау немесе бекіту мүмкін емес. Қоғамның мүліктік
мүдделерінің аясы, соның ішінде тәуекел элементтерімен
байланысты мүдделер аясының ауқымдылығының
дәрежесіне орай оны «Сақтандыру қызметі туралы» ҚР
Заңының бір нормасына сыйдыру мүмкін емес деп пайымдаймыз.
Біздің
көзқарасымыз бойынша, сақтандыру қызметін
құқықтық реттеуде көзделген
сақтандыру түрлерін лицензиялаудың тәртібі
мүліктік мүдделерінің ауқымы шексіз сақтандыру
қызметін тұтынушыларға бейімделмеген, яғни оның
сұраныстарына бейімделмей сақтандыру ұйымдарының
мүдделеріне қызмет етеді. Сақтандырудың қандайда
бір түрін жүзеге асыру бойынша сақтандыру
ұйымдарының қызметі міндетті түрде лицензиялауға
жатады.Осыған байланысты сақтандыру түрлерін
лицензиялаудың қолданыстағы тәртібін
оңтайландыруға деген және сақтандыру
қызметтерінің қажетті түрлерін алуға
қатысты сақтанушылардың сұраныстарын
қанағаттандыру мақсатында көрсетілген мәселелерді
шешу қажеттілігі туындап отыр.
Сақтандыру қызметін
құқықтық реттеуді, жоғарыда көрсетіп
өткеніміздей, жария-құқықтық
сипаттағы және жеке-құқықтық сипаттағы
нормалармен жүзеге асыру мақсатқа сай болады. Осыған
байланысты аталған нормаларды сақтандыру заңнамасының
біртұтас жүйесінде ұтымды үйлестіруге
(арақатынасын анықтауға) деген объективті қажеттілік
туындайды.
Сақтандыру
қызметін құқықтық реттеу механизміндегі
мәселелердің тағы бірі-бұл сақтандыру
ұйымдары лицензияларының күшін тоқтата тұру
және лицензияны кері қайтарып алу процедурасының, яғни
тәртібінің нақты құқықтық
реттелуінің жоқтығы, бұл да өз кезегінде
сақтандыру қызметтерін тұтытынушылардың азаматтық
(мүліктік) құқықтарының бұзылуына
әкеп соғады. Осыған байланысты Ю.Б. Фогельсон былай деп көрсетеді: сақтандыру лицензияларының
күшін тоқтата тұру және лицензияны кері қайтарып
алу процедурасын, соның ішінде тексеру жүргізудің
тәртібін, мерзімдердің бекітілуі мен есептелу тәртібін
уәкілетті орган өз бетінше анықтайды. Бұл
қатынастарды реттеуден шет қала отырып, заң шығарушы,
мұнымен тиісті өкілеттіктерді уәкілетті органға
жүктеген. [3]
Сақтандыру қызметін
құқықтық реттеудің қолданыстағы
жүйесіндегі жоғарыда көрсетілген мәселелері
сақтандыру заңнамасын түзетуді талап етеді. Сақтандыру
ісі субъектілерінің лицензияларын шектеу, тоқтату немесе лицензияны
кері қайтарып алу өкілеттіктері сот органдарына берілуі
қажет. Бұл, сақтандыру нарығын қалыптастыру
және оны сұранысқа ие сақтандыру қызметтерімен
толықтыру секілді сақтандыру қызметінің негізгі
міндетін толыққанды шешуге мүмкіндік береді, ал тиісті
міндетті іске асыру сақтандыру қатынастарын айрықша
жеке-құқықтық әдістермен және реттеу
құралдарымен жүргізілуі тиіс.
Жария-құқықтық сипаттағы процедуралар
тиісті міндетті іске асыруға ықпал етуі қажет.
Сақтандыру қызметінің
заңмен көзделген анықтамасында жүйелі сипаттағы
кемшіліктер байқалады; онда сақтандыру қызметін
құқықтық реттеудің салааралық сипаты
ашылмаған. Оның нормативтік анықтамасында сақтандыру
қызметінің-жария-құқықтық
сипаттағы нормалармен ғана емес, сонымен қатар
жеке-құқықтық сипаттағы нормалармен
реттелетін кәсіпкерлік қызметтің мамандандырылған
түрі екендігіне сілтеме жоқ.
Сақтандыру қызметінің
толыққанды нормативтік-құқықтық
анықтамасының жоқтығы сақтандыру заңнамасы
нормаларын іске асыру процесінде басымдықтарды айқындауда
қиындық туғызады.
А.С. Пиголкин көзқарасымен келісеміз,
оның пайымдауы бойынша, заң мәтіндері экономды әрі
қысқа болуы тиіс деген талаптар реттелетін
қатынастардың толық және анық сипаттамасына кедергі
келтірмеуі тиіс, яғни барлық заңи маңызы бар белгілер
заң мәтінінде көрініс табуы қажет. Бұл
құқықтық мәселе, сақтандыру
қызметін оған тән барлық ерекшеліктерін сипаттайтын
негізгі белгілерін ашу мақсатында «Сақтандыру
қызметі туралы» ҚР Заңының 4 бабының ережелерін қайта қарау-түзету
қажеттілігін куәландырып отыр. Бұл сақтандыру
қызметінің негізгі мақсаттарын, міндеттері мен функцияларын
нақтырақ анықтауға, сонымен бірге сақтандыру
заңнамасының біртұтас және үйлесімді
жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. [4]
Сақтандыру қызметін кездейсоқ
орын алатын шығындардан азаматтар мен заңды
тұлғалардың мүліктік мүдделерін
қорғау мақсатында-сақтандыру,
қайта сақтандыру,өзара сақтандыру, брокерлік және
актуарлық қызмет шарттарын жасасу мен орындау бойынша
азаматтық-құқықтық қатынастарды орнату
арқылы жүзеге асырылатын кәсіпкерлік
қызметтің лицензияланатын түрі ретінде анықтауды
ұсынамыз.
Әдебиет:
1. Қазақстан Республикасының«Сақтандыру қызметі туралы» заңы 18.12.2000 ж
2. Қазақстан Республикасының
Азаматтық кодексі 27.12. 1994ж
3.
Фогельсон
Ю.Б. Введение в страховое право. - М., 2001.
4.
Пиголкин
А.С. Язык закона. - М., 1990.