Право/ 9. Гражданское право

Тұрғынбек Г.Р.,Рзабай А.И.,Қайназарова М.Б.

Тараз мемлекеттік университеті,Қазақстан.

ҚР сақтандыру қызметін құқықтық реттеудің негіздері

 

Сақтандыру қатынастары азаматтық-құқықтық қатынастардың бір түрі ретінде арнайы нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. «Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңының 1 бабының 1 бөлігінде Қазақстан Республикасының сақтандыру iсi және сақтандыру қызметі туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен,«Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңымен Қазақстан Республикасының өзгеде нормативтік құқықтық актілерінен тұрады деп бекітілген. Сәйкесінше сақтандыру қатынастарын реттейтін жоғарыда көрсетілген барлық нормативтік-құқықтық актілер сақтандыру заңнамасының негізгі бөлігі болып табылады. Бұдан шығатыны, сақтандыру заңнамасы сақтандыру қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің біртұтас және толық жүйесін құрайды. Сақтандыру заңнамасының негізін екі нормативтік құқықтық акт құрайды: «Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңы және ҚР Азаматтық кодексі, бұл нормативтік құқықтық актілерде сақтандырудың негіз қалаушы институттары, элементтері мен санаттары бекітіліп анықталған. [1]   

Қазақстан Республикасының сақтандыру заңнамасы бүгінгі күнге дейін қалыптасу сатысында. Соңғы кезеңдерде қабылданған және күшіне енгізілген сақтандыру саласындағы бірқатар заңнамалық новеллалар, соның ішінде  көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру, жекеше нотариустардың, адвокаттардың, туроператордың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру, қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру және т.б. секілді заңдардың қабылдануы мұның айқын көрінісі болып табылады.

Сақтандыру қызметін құқықтық реттеу жүйесінде заңдармен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен қатар, сақтандыру қызметін құқықтық реттеу туралы теориялық тұжырымдарды қамтитын сақтандыру құқығының ғылымы маңызды рөл атқарады.

Бұл қызметті құқықтық реттеудегі ғылымның рөлі мыналарды қалыптастырудан тұрады: нормалардың бәсекелестігі кезіндегі сақтандыру заңнамасындағы олқылықтар мен қарама-қайшылықтарды жоюға бағытталған түпкілікті доктриналды тұжырымдарды қалыпастыру; сақтандыру заңнамасы нормаларын біртекті қолдану бойынша теориялық тұжырымдарды қалыптастыру.  

Аталған тұжырымдар, сақтандыру заңнамасында туындайтын даулы сұрақтарға біртекті әрі нақты жауаптар болмаған жағдайда қалыптастырылуы тиіс. Мәселен, сақтандыру заңнамасында сақтандыру шартын тәуекелді мәміле ретінде сипаттайтын белгілер көрсетілмеген, бұл өз кезегінде сақтандыру шартын іске асыру үрдісінде тәжірибелік сипаттағы мәселелердің туындауына негіз болады.

Сақтандыру қызметінде қайта сақтандырудың орны мен рөлін анықтау және оны тағайындау мәселелері бойынша даулар мен пікір-таластар жиі туындайды. Сақтандыру заңнамасындағы қайта сақтандыруға қатысты түсініктердегі қарама-қайшылықтар сақтандыру тәжірибесінде қайта сақтандыруды және жоғарыда аталған сақтандыру санаттарын түсіндіруде біртектіліктің жоқ екендігін көрсетуде.

Мұндай жағдайларда сақтандыру құқығы туралы ғылым-сақтандыру заңнамасын сақтандырудың азаматтық-құқықтық негізін реттеу үрдісіне біртұтас және жүйелі ұстанымды қалыптастыруға бағытталған белгілі-бір «құқықтық камертон» рөлін атқарады. Сақтандыру қатынастары қатысушыларының жүріс-тұрыс ережелері мен қажетті нормаларын қалыптастыратын, сақтандыру тәжірибесі де бұған ықпал етуде. Кез-келген құқық-қоғам деп аталатын біртұтас жиынтықтың бір бөлігі және ол қоғамнан құқық өзінің мазмұнын әрі өзінің әрекет ету негізін алады. Әрекет етіп отырған құқықтың минималды бір бөлігін ғана көрсететін және барлық мәселелерді көздей алатын бір ғана заң оның қайнар көзі бола алмайды. Заң ақиқатында тек қана өткен шақты және бұрын орын алған мән-жайларды ғана қорытындылайды, ал оның қасында болашақта орын алуы ықтимал оқиғалардың бар екендігін естен шығармауымыз қажет.

Бір жағынан, қолданыстағы сақтандыру құқығы нормаларының жүйесі көпсатылы және нормативтік актілердің салалық тиесілігі бойынша әрқилы болып келеді, бұл сақтандыру заңнамасының саларалық сипатта болатындығын көрсетеді. Екінші жағынан, сақтандыру заңнамасының ішкі құрылымдық мазмұны жүйесіз әрі біртекті емес, бұл мән-жай ғылыми зерттеулер мен пікір-таластардың пәні болып табылады.  

Аталған мәселеге қатысты сақтандыру доктринасында назар аударуға тұрарлық әрқилы көзқарастар мен пікірлер бар. Оларды қарастыру сақтандыру қатынастарын құқықтық реттеудің анағұрлым тиімді жүйесін анықтауға мүмкіндік береді.

Ресейде, сонымен қатар батыс мемлекеттерінің бірқатарында (мысалы, Германияда) сақтандыру нарығын құқықты реттеудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасуда (А.П. Архипов и В.Б. Гомеля):

-                     бірінші деңгей – Азаматтық және Салық кодексі, кодекс мәртебесі бар жекелеген заңдар мен құқықтық актілер;

-                     екінші деңгей – сақтандыру қызметі және онымен сабақтас қызметтердің түрлері бойынша арнайы заңдар;

-                     үшінші деңгей – сақтандыру ісі бойынша министрліктер мен ведомстволардың нормативтік актілері [2] .

Абрамов В.Ю. көзқарасы бойынша, жоғарыда берілген сақтандыру заңнамасының жүйесі жалпыланған сипатта-мұнда сақтандыру заңнамасының нормативтік-құқықтық актілердің иерархиясы бойынша бөлінуі ғана көрсетіледі және әрбір деңгейдің, сонымен қатар жалпы алғанда құқықтық реттеудің бүкіл жүйесінің ішкі мазмұны ашылмаған әрі бағаланбаған[1]. Сондықтан әрбір деңгейді сақтандыру қатынастарын құқықтық реттеудің пәні мен әдісі бойынша бөліп қарастыру қажеттілігі туындайды. Мысалы, бірінші деңгейде азаматтық және салық заңнамаларының арасын бөліп қарастыру қажет. Бұл аталған нормативтік актілермен реттелетін қатынастардың пәндері мен реттеу әдістерінің әрқилы болуымен түсіндіріледі. Мәселен, салықтық заңнама жария-құқықтық қатынастарды реттейді, сәйкесінше азаматтық заңнамамен бір деңгейде болып жеке-құқықтық қатынастарды реттейтін рөлді атқара алмайды, ал сақтандыру қатынастарының мұндай сипатты иеленетіндігі сөзсіз [2].

Сақтандыру қатынастарын нормативтік-құқықтық реттеуде халықаралық құқық нормалары, сақтандырудың типтік ережелері, сақтандыру құқықтық қатынастарында қалыптасқан іскерлік айналымдағы әдет-ғұрыптар мен сот тәжірибесі маңызды рөл атқарады.

Сақтандыру қатынастарының жоғарыда көрсетілген жүйесінде сақтандыру қызметін реттейтін әртүрлі нормативтік құқықтық актілерді салалық тиесілігі бойынша қажетті бөлінуі жүргізілген. Мұның нәтижесінде жеке құқықтық нормаларды жария құқықтық сипаттағы нормалармен оңтайлы үйлестіру жолымен сақтандыру қатынастарының заңи тұрғыдан өзара байланысты және логикалы жүйесі қалыптастырылған. Көрсетілген арақатынастың бар екендігі туралы мәселе сақтандыру құқықтық қатынастары қатысушыларының өзара мүдделерді – жеке және жария мүдделерді сақтау қажеттілігімен негізделеді, сонымен бірге сақтандыру қатынастарын құқықтық реттеу әдістерінде бірізділікті қалыптастыру қажеттілігімен түсіндіріледі.

Тиісті арақатынастың мәні, біздің көзқарасымыз бойынша, жария құқықтың қайнар көздері қадағалау және бақылау қатынастарын реттеуден өзге сақтандыру қатынастарының қатысушылары өз құқықтары мен міндеттерін тиімді іске асыру үшін құқықтық жағдайларды қалыптастыруға бағытталған қамтамасыз етушілік функцияларын орындауға бағытталуы тиіс.

Өз уақытында Г.Ф. Шершеневич сақтандыру құқығы не жария немесе жеке сипатты иеленуі мүмкін деп көрсеткен. Бұл ретте біріншісі мемлекеттің сақтандыру ісіне деген қатынасын анықтайды. Мемлекеттің сақтандыруға қатынасы сақтандыру нарығын дамыту мен нығайтуға ықпал етуі тиіс, өйткені бүкіл сақтандыру механизмі арқылы өтетін қаражат ағымы ақша функциясын белсендіре түседі, яғни оларды жинақтау құралынан айналым құралына ауыстырады, ал бұл өз кезегінде мемлекеттің инвестициялық және қаржылық климатына оң әсер ететіндігі сөзсіз [2].

Заманауи экономикалық жағдайларда сақтандыру қатынастарын бекітуге және реттеуге бағытталған заңи актілердің жүйесін қалыптастырмай, тиісті құқықтық базасыз сақтандырудың дамуы мүмкін емес. Нормативтік актілер бір-бірімен өзара қатаң иерархиялық бағыныстылықта болады, ал бұған сақтандыру қатынастарын реттейтін нормативтік актілердің немесе нормативтік актілердің жүйесінің заңдық күші тәуелді болып келеді.

Конституциялық, әкімшілік, салықтық және өзге де құқық салаларын қамтитын сақтандыру заңнамасы жүйесінің салааралық сипаты жалпы алғанда сақтандыру құқығының жүйесін құрайды.

Сақтандыру құқығын жүйелеуге қатысты доктринада сақтандыру қызметін құқықтық ретеуде «заңи сепаратизмнің» бар екендігі туралы пікір қалыптасқан, бұл өзінің нормативтік дамуына ие болып отыр. 

Зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру, сонымен қатар міндетті сақтандырудың өзге де түрлеріне қатысты арнайы заңдар қабылданған. Сондықтан сақтандыру заңнамасы саласында қалыпты иерархиялық жүйе жоқ деп айтуға болады. Қазақстан Республикасында, ТМД мемлекеттерінің бірқатарында, соның ішінде Ресей Федерациясында сақтандыруға, сақтандыру қызметін құқықтық реттеуге арналған кодификацияланған заң жоқ.  

Кодификациялауға қатысты заңнаманы жүйелеу бойынша ресейлік тәжірибеге жүгінуге болады: соңғы онжылдықта кодекстердің үлесі арта түсті- екі ондықтан асатын кодекстер әрекет етуде (соның ішінде кедендік, әуе кодекстері, федерация субъектілерінің өз кодекстері бар-кітапханалық, мұражайлық, сайлау; білім беру, әлеуметтік және экономиканы мемлекеттік реттеу туралы кодекстер дайындалу үстінде).

Т.М. Рассолованың пайымдауы бойынша, сақтандыру заңнамасының жүйесі мен сақтандыру құқығы жүйесінің «түйісуін» қарастырылып отырған заңнаманы кодификациялау барысында, сонымен қатар Ресей Федерациясының Сақтандыру кодексін құрастыру үрдісінде (мысалы Франция секілді) жоққа шығаруға болады, өйткені бұл ретте сақтандыру бағытындағы заңдардың жүйесі аталған кодекс пен өзге де актілерде негізі қаланатын құқық нормаларының жүйесімен сай болар еді [].

Қазақстан Республикасының сақтандыру заңнамасын кодификациялау назар аударуды талап етеді, өйткені қолданыстағы сақтандыру заңнамасында мынадай мәселелер бар: нормалардың қарама-қайшылығы мен бәсекелестігі, сақтандыру қатынастарын реттеудің жеке-құқықтық мәселелеріне қатысты құқықтағы олқылықтар. 

Қазақстан Республикасында сақтандыру қызметін ұйымдастыруға және сақтандыруға қадағалауды жүзеге асырумен байланысты жария-құқықтық сипаттағы мәселелерге келер болсақ, сақтандыру заңнамасында оларға жеткілікті көлемдегі нормалар арналған. ҚР «Сақтандыру қызметі туралы» заңының екінші тарауы сақтандыру қызметін ұйымдастыру мәселелеріне арналса, сегізінші тарауы-сақтандыру қызметін мемлекеттiк реттеу, бақылау мен қадағалауға, жетінші тарауы-сақтандыру қызметін лицензиялауға арналған.

ҚР «Сақтандыру қызметі туралы» заңымен қатар, сақтандыру құқығы қайнар көздерінің жүйесіне сақтандыру қатынастарын реттейтін мынадай нормативтік құқықтық актілер кіреді:

-                     «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы № 30 Заңы, қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және оны жүргізудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді;

-                     «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 1 шілдедегі № 446 Заңы, көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді және оны жүргізудің құқықтық, қаржылық және ұйымдастырушылық негіздерін белгілейді;

Сақтандыру қатынастарын құқықтық реттеу жекеше нотариустардың, туроператорлар мен турагенттердің және т.б.азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруын анықтайтын өзге де заңдармен жүзеге асырылады.

Сауда мақсатында теңiзде жүзу саласындағы мiндеттi сақтандыруды жүргiзудiң талаптары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.

Сақтандыру қызметін тиімді құқықтық реттеу үшін ҚР АК нормаларының  сақтандыру заңнамасының өзге нормаларымен үйлесімі мәнді маңызға ие. ҚР АК 3 бабының 2 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарында қамтылған және осы Кодекстiң нормаларына қайшы келетiн азаматтық құқық нормалары Кодекске тиiстi өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады.

Қорытындылайтын болсақ, сақтандыру қызметін құқықтық реттеу- сақтандыру заңнамасының біртұтас жүйесін құрайтын-саларалық құқықтық құрылым ретінде салалық тиесілігі бойынша әртүрлі нормативтік құқықтық актілермен жүзеге асырылады.

 

Әдебиет:

 

1.Абрамов  В.Ю. Комментарий  к  страховому  законодательству- М., 2008.

2.Шершеневич Г.Ф. Курс торгового права.Том 2.- М., 2003В.П. Крюков

3.Қазақстан Республикасының«Сақтандыру қызметі туралы» Заңы 18.12.2000 ж