Сейткерова Айдана Арманқызы

Заң факультетінің 2-курс магистранты

 

 Виндикациялық талаптың меншік құқығын қорғаудың әдісі ретіндегі түсінігі

Меншік мәселесі қай қоғам болмасын өзекті мәселелердің бірі және экономикалық қатынастардағы болып жатқан реформалар және құқықтық реттеу аталған институттын тек меншік иесі үшін емес,  қоғам үшін де маңыздылығын рим құқығынан мойындатқан. Меншік құқығы мүліктік айналымның негізін қалайтындығын ескерсек, азаматтық қоғамның анықтаушы факторы ретінде түсінуіміз қажет. Азаматтық құқықта субъектілер ауысқанымен мүлікке біртұтас меншік құқығы туралы көзқарас қалыптасты. Бұл жерде біз қозғап отырған мәселе бұрын меншік құқығының субъектілері жеке меншік институтының дамуына дейін мемлекеттік меншіктің басымдылығы мәселесімен байланысты.

Қазіргі кезде азаматтық айналым меншік иелерінің мүліктік айналымы бола отырып, соның ішінде қозғалмайтын мүліктің азаматтық айналымға терең енуі меншік иелерінің заттық құқықтарын қорғау мәселесін қайта қарастыруды қажет етеді. Себебі азаматтық айналымның көлемінің өсуі меншік иелерінің мүдделерінің тоғысуына әкеледі, яғни сот  дауларының көбеюі. Сот тәжірибесі көрсеткендей, жалпы қаралған істердің ішінде мүлікті табиғи түрде алуға бағытталған талаптардың көптігі, соның ішінде виндикация, реституция, зиянды өтеу, кондикция, шарттық қатынастардан туындайтын талаптар. 

Азаматық айналым қатысушыларының бұзылған мүліктік мүдделерін виндикациялық талап арқылы қорғаудың теоретикалық өзектілігі мен тәжірибелік маңыздылығын анықтап отыр. Бұл мүлікті қайтаруды көздейтін виндикацияның шарттардан туындайтын талаптармен бәсекелестігінде айқындалып отыр. Сонымен қатар виндикацияның маңыздылығы жоғалған мүлкін қайтаруға бағытталған меншік иесінің азаматтық-құқықтық құралы ретіндегі  виндикация мен реституцияның арақатынасына байланысты мәселелер де өзекті болып отыр.

Азаматтық заңнамалардағы меншік иесі емес тұлғадан мүлікті иелігіне алу адал иеленушіні виндикациялық талапты қанағаттандырудан бас тарту кезінде заңсыз иеленуші ретіндегі жағдайға әкеліп соқтырады. Бірақ нақты иелену құқықтық режим ретінде қазіргі азаматтық заңнамаларға таныс емес, соңғысында титульды меншік иесі ретінде танылады және қорғалады.

Виндикациялық талап бойынша мүлікті беруге бас тартқан жағдайда  мүліктің құқықтық тағдары туралы мәселе виндикация мәселесіндегі орталық мәселе, заңсыз иелену режиміндегі мүліктің жағдайы оны азаматтық айналымға қатыстыруға жарамды емес. Бұл жағдай ешбір тарап үшін де тиімді емес, ал олардың арасындағы мүліктік мүдделерінің балансы мүмкін емес болады.

         Виндикациялық қатынастардың қатысушылары ретіндегі меншік иесі мен адал иеленушінің мүліктік мүдделерінің арақатынасы жеке құқық пен жария құқық, қоғамдық және жеке мүдделердің қарама-қайшылығын туындатады.

Виндикация туралы ережеден туындайтын  мәселелерге титулды меншік иелерінің виндикациялық талап бойынша теоретикалық жәрп тәжірибелік негіздемелерін анықтау. Бұл жағдайда виндикация заттық құқықтар мен міндеттемелік құқықтар арақатынасына байланысты мәселені де қамтиды.

 Адал иеленуші өз кезінде  меншік иесінен мүліктен табыс есептелетін уақыттан бастап ол мүлікке жұмсаған қажетті шығындарды меншік иесінің  өтеуін талап етуге құқылы. Ал,  арам ниетті иеленуші мұндай өтемді  иеленушінің  талабын сот негізді деп тапқан реттерде толық немесе ішінара алуға құқылы.

Заңсыз иеленуші өзі жасаған жақсартуларды, егер олар затқа зақым келтірмей  бөлуге келсе, өзінде қалдыруға құқылы. Егер, жақсартуларды бұлайша бөлу мүмкін болмаса, адал  иеленушінің  жақсартуға жұмсаған шығындарын өтеуді талап етуге  құқығы бар, бірақ ол зат құқының ұлғайтылған мөлшерінен аспауы керек. Арам ниетті иеленушінің  мұндай  құқығы жоқ.

Меншік иесі, өз құқықтарының бұзылуы иеліктен айыруға байланысты  болмағанымен, оларды бұзудың  қандайын болса да жоюды талап етуге құқылы.

Виндикация қағидасы ҚР-ң АК-тің 260-бабында төмендегі түрде айтылған: «меншік иесі өзгеден заңсыз иеленген өз мүлкін талап етуге құқылы», яғни меншік иесі өз затын оны заңсыз иемденіп отырған тараптан қайтаруды талап ете алады.

Заңды иелену оның заңды иесімен жасалған келісімге негізделмесе, заңсыз иелену деп аталады. Ал меншік иесінің затын заңды иесінен виндикация жолымен қайтарып ала алмайтын жағдайда бар, өйткені, заттың заңды иесі оны игілігіне жаратып отырғандықтан дәлелді себеппен қайтара алмайды. Азаматтық кодекс «заңды иеленуші» «заңсыз иеленуші», «адал ниетті алушы» деген терминді қолданады.

Затты адал ниетпен иемденген адам деп өзіне зат сатқан адамның ол затты сатуға құқығы жоқтығын, яғни оны өзі сатып отырған заттың иесі емес екендігін немесе меншік иесінің өкілі емес екендігін білмеген және білуге тиісті емес адамды айтамыз. Зат иесі затын виндикация жолымен қайтарып алғанда адал алушының адалдығы өзін қорғап қалады. Егер мүлік оны иеліктер айыруға құқығы болмаған адамнан тегін алып, алушы мұны білмесе және білуге тиіс болмаса (адал алушы), мүлікті меншік иесі немесе мүлікті иеленуші берген адам жоғалтқан не мұның екеуінен де ұрланған, не олардың иеленуінен бұлардың еркінен тыс өзге жолмен шығып қалған ретте ғана меншік иесі бұл мүлікті алушыдан талап етуге құқылы.

Егер мүлік оны иеліктен айыруға құқығы жоқ адамнан тегін алынса, меншік иесі барлық ретте мүлікті талап етіп, алдыруға құқылы (АК-тің 261-бабы).

Виндикация әдетте тараптардың өзара есеп айырысуымен қатар жүреді. Меншік иесі виндикация негізінде  өз мүлкін  талап ете отырып, адал емес иеленушіден бүкіл иеленген кезінде өзі алған немесе алуға тиіс болған табыстардың бәрін қайтаруды немесе өтеуді талап етуге құқылы. Ол адал иеленушіден оның заңсыз иеленуді білген  немесе білуге тиіс болған, сондай-ақ мүлікті қайтару туралы талап қою хабарламасын алған кезінен бастап алынған немесе алуға тиіс болған табыстардың бәрін талап етуге де құқылы.

Адал иеленуші өз кезегінде меншік иесінен мүліктен табыс есептелетін уақыттан бастап ол мүлікке жұмсалған қажетті шығындарды меншік иесінің өтеуін талап етуге құқылы. Адал емес иеленушіден иеленуші мұндай өтемді иеленушінің талабын сот негізі деп тапқан реттерде толық немесе ішінара алуға құқылы. Заңсыз иеленуші өзі жасаған жақсартуларды, егер олар затқа зиян келтірмей бөлуге келсе, өзінде қалдыруға құқылы. Егер жақсартуларды бұлайша бөлу мүмкін болмаса, адал иеленуші жақсартуға жұмсалған шығындарын өтеуді талап етуге құқылы, бірақ бұл зат құқығының ұлғайтылған мөлшерінен аспауы керек. Адал емес иеленушіден мұндай құқығы жоқ.

Виндикацияның объектісі барлық жағдайда сол қалпында сақталған тек дербес күйіндегі белгілі бір зат қана бола алады. Мұндай талап қоюды тек бір мәрте болатын белгілері бар заттарға (мысалы, бір текті тауарларды белгілі бір мөлшерде талап ету туралы немесе сол қалпында сақталмағанға (құрылыстың нақты иеленушісі жай ғана жөндеп қоймай, сонымен қатар түбірімен қайта салуға қатысты) байланысты виндикациялауға болмайды. Өйткені, оның мазмұны оны басқа мүлікпен ауыстыру немесе сондай тектегі әрі сападағы затпен ауыстыру жөнінде емес, нақты мүлікті иеленуді қалпына келтіру туралы талаптан туындайды.

Егер меншік иесі өзінің затын иелену құқығын бұзушының тікелей иелігінде екендігін көрсе, ол жоғарыда аталған талаптарды қоюға құқылы. Бірақ, мұндай жағдайда меншік иесінен немесе уәкілетті тұлғаның иелігінен шығып кеткен зат тек бұзушының ғана емес, затты заңсыз иеленген бұзушының, басқа тұлғаның қарауында болғанда іс күрделене түседі. Бұл арада меншік иесі немесе иеленушінің мүдделеріне сәйкес екі жағдай есепке алынады: біріншіден, аталған талап қою бойынша мүлікті иелену сипаты; екіншіден, меншік иесінің иеленуінен мүлікті шығару әдісі.

Мұндай жағдайлар меншік иесінің талап қоюын қанағаттандырудағы негізгі шарты болады. Виндикациялық талап қою бойынша затты талап етуге меншік құқығы айтарлықтай дәрежеде заңсыз иеленушіні адал ниетті немесе адал ниетті емес деп тануға байланысты болады.

Жоғарыда айтылғандай адал иеленушіден мүлік екі жағдайда талап етіледі: біріншіден, ол аталған мүлікті ақысыз иеленсе (затты кері алу оған мүліктік залал келтірмейді); екіншіден, ақысыз затты иелену жағдайында меншік иесінен немесе басқа да заңды иеленушіден шығару тәсілі қолданылса.

Егер бастапқы мүлік меншік иесінен оның еркінен шықса (мысалы,  жалдауға беру, сосын заңсыз үшінші тұлғаға жалдап алушы арқылы сатылу), ол адал иеленушіден оны талап ете алмайды. Өйткені, соңғысы нағыз меншік иесіне қарағанда контрагентті таңдауға салақтық, жауапсыздық танытады. Әрине, меншік иесі адал ниетті емес тараптың әкелген залалының орнын толтыруды талап ете алады.

Егер мүлік оның меншік иесінің иелігінен еркінен тыс шығып кетсе (мысалы, ұрлату, жоғалту және т.б.), ол адал ниетті иеленушіден талап етіледі. Бұл жағдайда меншік иесінің де әрекеті әлгі айтқан иеленушінің әрекеті сияқты сипат алады, бірақ объективті иеленуші адал иеленуші бола тұрса да заңсыз иеленуі болып есептеледі. Әрине, мұндай жағдайда, адал иеленуші үшін бөтенге берілген мүлікте оған келген залалдың орны толтырылады.

Адал иеленушіде кірістерді талдау күрделі заңи құрам, себебі оған адал иеленумен қатар, күтіп ұстау ауыртпалығы және мүліктің кездейсоқ жйылуы мен бүліну қауіпі, кіріс алуға байланысты шығындары, мүлікті алудың ақылылығы. Бұл адал иеленушінің кіріске меншік құқығын алуға негіз болып табылады.

Виндикациялық талап бойынша талап етілетін бөліп алуға болмайтын жақсартулар меншік иесі үшін негізсіз баю ретінде қарастырылады.  Сондықтан ҚР АК-н арнайы нормамен толықтыру қажет және оған сәйкес адал емес иеленушінің мүлікке жасаған жақсартуларының тағдыры адал иеленушімен жасаған жақсартулардың құқықтық режимінен айырмашылығы болуы тиіс.

Сондықтан азаматық айналым қатысушыларының бұзылған мүліктік мүдделерін виндикациялық талап арқылы қорғаудың теоретикалық өзектілігі мен тәжірибелік маңыздылығы бүгінгі күні, мүлікті қайтаруды көздейтін виндикацияның шарттардан туындайтын талаптармен бәсекелестігінде.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.     Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (жалпы бөлім)

2.     Гражданское право. Том 1. Учебник для вузов (академический курс)/ Отв. Ред. М.К.Сулейменов, Ю.Г.Басин.- Алматы, 2004.-522 с.