БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ПСИХИКАЛЫҚ
ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Қазақ инновациялық-гуманитарлық
заң университеті
«Әлеуметтік –гуманитарлық сектордың»
оқытушысы
Мұратханова Айжан Мұратханқызы
«Психология» мамандығының 4 курс студенті
Акашов Серік Қайратұлы
Бастауыш мектеп -
өскелең ұрпаққа білім берудің бастамасы.
Қазіргі қоғам талаптарының өзгеруіне байланысты,
еліміздің көркейіп-өркендеуіне, ел талап-тілектерінің
бетбұрыстарына байланысты жаңа ұрпақтың
психологиясы да айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, оны
неғұрлым өмір талабына қарай өрістету міндеттері
қойылды.
Еліміздің
егемендігі мен тіліміздің тәуелсіздігі де өскелең
ұрпаққа жаңа талаптар қояды. Бала психологиясын
жан-жақты зерттеп, оны терең білу, оның даралық
ерекшеліктерімен үнемі санасып отыру мектеп пен мұғалімдерге
жауапты да құрметті міндеттер жүктейді.
Бастауыш мектеп
оқушысының психологиясы тек жас ерекшелігіне ғана байланысты
емес, сонымен қатар тұрған, өскен ортасына (қала,
ауыл) балабақшада болу-болмауына, тұрмыстық жағдайына,
табиғи ортаға, әлеуметтік ортаға, т.б.
жағдайларға байланысты.
Бастауыш мектеп
кезеңіне 7-10 жас аралығындағы балалар жатады. Бұл
кезеңде баланың денесі едәуір дамып, бұлшық
еттері мен шеміршектері, сүйектері нығайып, табаны
сүйектенеді, омыртқасы барлық мойын, арқа бел
бүгілістері дамиды. Бұлшық еттері шапшаң өседі.
Мидың маңдай бөліктерінің жетілуі баланың
психикалық іс-әрекеті мен жүйке қалыптасуына
үлкен роль атқарады.
Жекелеген
психикалық үрдістердің қарқынды дамуы
баланың бастауыш мектеп шағында жүзеге асады.Бұл кезде
қабылдау қабілеті жетіледі. Көру мен есту қабілеті
түстерді айқын ажырата алады. Қабылдаған
заттардың қасиеттері мен сапаларын меңгереді. Қоғам
өміріндегі жаңа негіздерге бақылампаздығыартып,
қабылдауын басқарып, оны қажетті мақсатқа
бағыттай алады.
Бала зейінін негізінен
өздері тікелей қызығатын нәрселерге аударады. Бала
біртіндеп енді жай сырттай жартымды заттарға ғана емес,
қажетті нәрселерге зейінін бағыттап, оны
тұрақтандыруға үйренеді. Ырықты зейінінің
дамуында сыртқы әсердің тартымдылығы,
ұнамдылығы, көрнекілігінің мәні зор.
Зейіннің дамуы, сондай-ақ оның көлемінің
кеңеюі баланың қазіргі кездегі ойын әрекетінің
алуан түрлерімен танысып, оларды меңгере алумен байланысты.
Бастауыш мектеп
кезеңінде негізгі іс-әрекет оқу болғандықтан,
баланың барлық психикалық үрдісіне өзгеріс енеді.
Іс-әрекетке белсенділігін көрсете отырып, ақыл-ой
еңбегін зейін арқылы жүзеге асырады.
Оқу
іс-әрекеті балаға өзінің есте сақтау
үрдісін басқаруды талап етеді. Мектептегі оқу
үрдісінің талаптары мен өзіне тән мазмұны
бұл үрдісті едәуір дамытады; есте сақтау
мықтылығы беки түседі. Есте сақтау деңгейі – есте
сақталынатын материалдың мазмұнына, іс-әрекет сипатына,
материалды есте сақтау және қайта жаңғырту
тәсілдері мен әдістерін меңгеру деңгейіне байланысты
болады.
Бастауыш мектеп
кезеңінде сөздік материалды есте сақтау мүмкіншілігі
күрт жоғарылайды, меңгерілетін оқу материалы
үнемі оқушыдан елестетеу үрдісін талап етіп отырады. Есте
сақтау мен елестету баланың күш-жігерді керек ететін
мотивтерге байланысты өзгеріп отырады. Бастауыш мектеп кезеңінде
алған білімдерді бала өз іс-әрекетінде қолдануға
машықтанады. Баланың ақыл-ой әрекетінің дамуы
үрдісінде орындау практикалық әрекетінен ішкі ақыл-ой
әрекетіне көшу көрінеді. Дегенмен, практикалық
әрекет жоғалмай, керісінше, оқушылардың жаңа,
қиын тапсырмаларды орындау негізінде байқалады. Ойлаудың ішкі
жоспарға көшуі арқылы ізденіс, негізгі сипаттағы
практикалық әрекетті орындауды үйренеді.
Оқу үрдісінде
ой операциялары да іске асады. Елестету бойынша заттарды дұрыс әрі
оңай салыстыра алады. Абстрактылы ұғымдарды салыстыру
байқалады. Логикалық ойлауының даму ерекшелігіне ой
қорытындысын жасай алу, себеп-салдар анықтау, түсінік беру
сияқты түрлері анық көріне бастайды.
Оқушыларға жоғары дәрежеде, жүйелі түрде
және нәтижелі ақыл-ой әрекеті дамып жетіледі. Бұл
өзін қоршаған орта туралы, қоғамға еніп
жатқан жаңа техника туралы, танымдық қатынастарды
меңгере алуынан көрінеді. Осы арқылы баланың
ақылы және оның танымдық
қызығушылықтары қалыптасады. Еліміздегі тіл туралы
заң жыл сайын әрбір Қазақстан азаматына үлкен
жүктеме артып отыруға байланысты тек ересектердің
сөйлеу әрекетінен ғана нәтиже байқалмайды,
сонымен қатар бастауыш мектеп жасындағы балалардың тіл дамуы
– ана тілін терең әрі ұлттық ерекшелікте меңгерілгендігі
байқалады. Оқушы енді өз ойын, өз қалауын,
өз сезімін ана тіліндегі сөз байлығын қолдана отырып,
грамматикалық түрде өте дәйекті тұрғыда
түсіндіре алады.
Бала тілінің
дамуының мотивтеріне құрбыларымен, ересектермен
қарым-қатынас жасау, қоғамның жаңа
талаптарына сәйкес нәрселерді білгісі келетіндігі,
түсіндіруге тырысушылық, әңгімені эмоциялық
тұрғыда жеткізе білуі жатады. Бала бойында кездесетін әр
түрлі жағдайларда ішкі сөйлеу қалыптасады.
Сөйлеудің коммуникативтік, сигнификативтік функцияларын
қолдана алады. Өзін қоршаған орта туралы,
қоғам өзгерістері жайлы, бірқатар ұлттар
арасындағы өзара қатынастар мен өзгешеліктер туралы
тыңдау, оқу, әңгіме, пікірталас, талдау сияқты
түрлерді меңгере бастайды.
Бастауыш мектеп
жасындағы көркем жазу бала ойына едәуір өзгешелік
енгізеді. Көркем жазу сабағы ана тілінің грамматикалық
табиғатын ашады және ана тілін еркін меңгеруге
мүмкіндік береді. Баланың алғашқы мектеп табалдырығын
аттауы – оның бойында күрделі сезімдер туғызады. Бұл
балалар арасындағы, әр үйдегі, әрі мектептегі
жаңа талаптарға негізделеді.
Бұл
жастағылардың негізгі әрекеті бұрын ойын болса,
оқуға кіргеннен кейін оқу қызметі шешуші роль
атқарадаы. Сөйтіп, оқу негізгі қызметке айналып
баланың психикалық дамуын билейтін болады. Осыған орай бала
психикасы елеулі өзгерістерге ұшырайды. Мұның себебі
ойынға қарағанда оқу талабының бала үшін
қиындығында. Әуелгі уақытта мектептегі жаңа
жағдайға бала әлі беймделе алмағандықтан,
оқу үстінде мына қиындықтарға кезігеді: 1-ші:
баланың мектеп жағдайына бейімделуі, -2-ші: мұғалім,
құрбы-құрдастарымен қарым-қатынасы.3-ші: 1
сынып оқушыларына беретін тапсырмалар тым жеңіл болып,
қызығу жоғалып кетуі мүмкін. Алайда, барлық
қиындықтар бала психикасы дамуына байланысты шешіледі,
жаман-жақсыны ажырата бастайды.
Бастауыш мектепте
тапсырма мынандай 2-түрлі жолмен беріледі: 1-ден, берілген тапсырманы
орындау үшін жауапты бала өздігінен іздестіреді. 2-ден, тапсырма
жауап іздестіру ретінде берілмейді. Оны орындау үшін баланың
қолында үлгісі болуы керек. Мысалы тақпақ берілсе
оның тексті болуы керек. Тапсырманың соңғы түрі
өте сирек кездеседі. Баланың оқу әрекеті деп
тапсырманың шарты мен танысу және проблемалық
мәселелерді орындай білу жатады. Осыған әр түрлі
пәнге, айталық, грамматикалық, географиялық,
математикалық есептер шығару жұмысы жатады. Кость және
оның жақтаушылары оқу әрекеті барысында 6 түрлі
ой әрекеттерімен даму сатыларын көрсетті. 1) ес, 2) қайта
жаңғырту, 3) негіз салу, 4) пайда болған жаңа
ситуацияға мүмкіндігінше шешіле іздеу, 5) бұрынғы
және жаңа білім қарым-қатынасы, 6) рефлексия,
яғни ой толғаныс. Әдетте, оқу өзінше бала
үшін әрекеттену, яғни проблемалық мәселені шешу
дегенд, осының мынандй үш сатындан тұратынын айтады. 1.
берілген тапсырма шартымен танысудан, 2. оны орындаудан, 3. осының
қалай орындалғанын тексеруден.
Әр оқу
әрекеті кезінде берілер тапсырма алдында мұғалім кіріспе,
яғни түсінік беруі керек. Осыдан кейін барып оны орындау
нәтижелі болады. Ал 3-ші сатыға келсек, оған үлкен
мән беру керек. Баланы кішкентайынан тапсырманы орындаған соң
соның қаншалықты дұрыс орындағанын тексере білуге
үйретсе, бала қатесін түзетуге, таба білуге үйренеді.
Кіші оқушының
негізгі таным процестері мектепке кіргеннен кейін едәуір
өзгерістерге ұшырайды.
7 жастағы
баланың қабылдауы мектепке дейінгіге қарағанда жақсы
қалыптасады (көзі көргіш, естігіш, байқағыш).
Бірақ әлі де болса, қабылдаудың кей жеткіліксіз
жақтары да кездеседі М.Орыс тілінен алынған ұқсас
дыбыстарды ф-п, б-в фонемаларын дұрыс ажырата алмайтын болады. Бұл
сияқты ажырата алмаушылықтардың бір себебі 7-9
жастағылардың талдау қызметінің әлі жете
қалыптаспағанынан. Жалпы алғанда кіші оқушыағ не
қызықты немесе не қажетті, соған мән беріп, осыны
қабылдауға икем келеді. Оқу барысында мұғалім
оқушыға нендей нәрсеге назар аударып, қандай
нәрсеге назар керек еместігін айтып отырса жақсы болады.
Осныың нәтижесінде бала оқуға керекті объектілерге
ғана назар аударуды үйренеді. Кіші оқушының зейіні де
қабылдау сияқты әуелгі кезде терең дамымаған.
Зейін, әдетте, ерікті, еріксіз болады. Оның еріксіз зейіні ерікті зейіннен
басым келеді. Оның еріксіз зейіні әсем бояулар, заттар,
қызықты дыбыстарға аударады. 2-3 сыныпта ерікті зейін пайда
бола бастайды. Ол қызық емес, бірақ қажет деген
сабақтың бөлшектеріне зейінін бөле бастайды.
Баланың ерікті зейінін дамыту үшін оның істейтін
жұмысын нақты етіп тапсырманы орындаудың жоспарын
көрсетіп отыру қажет.
Әдетте, ес пен
жадқа байланысты өзінше міндеттер шешу керек. Мұны
мнемоникалық міндет дейді. М.бір жағдайда берілген тапсырманы сол
түпнұсқасынан айнытпай жадта қалдыру қажет. 2-ші
жағдайда тапсырманы өз сөзімен мән-мағынасын
ғана айтып беруге болады. Осныың өзі әр түрлі
мнемоникалық міндет және әр түрлі психикалық
әрекетті қажет етеді. Егер түпнұсқасынан айнытпай
есте қалдыру жадқа жатса, өз сөзімен айту еске жатады.
Өкінішке орай,
жақсы оқуға мүмкіншілігі толық жететін
оқушыны, оның кейбір ақыл-ой енжарлығына қарап,
қабілетсіз деп есептейтін жағдайлар да ездеседі. Бұл
оқуға қызығушылықтың
жоқтығынан, ақыл-ой жұмсаудан қашу ниетінен, онда
қалыптасқан сенімнен, яғни ілім – баланың
қабілеті жетпейтін, өте қиын нәрсе дегеннен келіп пайда
болады. Мұндай балаларға қозғау салып, оны
белсенділікке бастап, бейімділік көрсеткен нәрселерінен
мағлұматтар беріп қызықтыру қажет. Оған
қосымша қызықтыратын материал беріп, білім алудың
қуанышын бастан кешруге (мысалы, бұрын оған қиын
көрінген, есепті дұрыс шығару кезі) жағдай
туғызған пайдалы. Бұл мектеп оқушысының өз
күшіне деген сенімін туғызады, сөйтіп басқалардан
қалыспай тәуір оқи алатындығына көзін жеткізеді.
Мұғалімнің, ойлы, қабілетті балаларға
төнген қауіпті де ұмытуына болмайды. Олар оқуды
жеңіл меңгереді, сондықтан да олар еңбектенуге
дағдыланбаған және қажетті ықыласы жоқ.
Ақыл-ой күшін жұмсаудың болмауы мынандай
жағдайға әкелуі мүмкін: мұндай балалардың
бірте-бірте қабілеттіліктері жойылады, талантты мектеп оқушысынан
еңбекке жарамсыз, орта, тіпті нашар жұмыскерлерге де айналып
кетеді.
Әдебиеттер тізімі
1.
Аймауытов Ж. Психология. Қызылорда-Ташкент. 1926.
2.
Алдамұратов Ә. Жалпы психология. Алматы, 1996.
3.
Ананьев Б.Г. Избранные психологические труды. М., 1980.
4.
Әбенбаев С.Ш. Тәрбие теориясы мен әдістемесі. Алматы,
2004.
5.
Байжұманова Б.И. Оқушының психикалық даму
ерекшеліктері. // Бастауыш мектеп. №12, 1998.
6.
Байжұманова Б.И. Бастауыш мектеп оқушыларының танымдық
қабілетін дамыту // «Қазақстан мектебі» №2, 1999.
7.
Базымова З. Ой белсенділігін дамыту // Бастауыш мектеп. №9-10, 1997.
8.
Волокитина М.Н. Төменгі класс оқушыларының психологиясы
туралы очерк. Алматы, 1986.