Кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін талдау

э.ғ.к., доцент м.а.  Жорабаева Ж.Қ.

Нархоз университеті, Алматы, Қазақстан

Кілт сөздер: нарықтық экономика,ұлттық шаруашылық, бәсекелестік, бәсекелестікті анықтау критерийлері,өндірістік үдеріс,экономикалық даму.

Ғаламдану жағдайында барлық елдердің негізгі міндеті ұлттық шаруашылық пен жекелеген экономикалық субъектілердің бәсекелес қабілетін қалыптастыру және қолдау болып табылады. Нарықтық эконмика талаптарының ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттің ішкі экономикалық мүмкіндіктері мен өндірістік ахуалын одан ары жақсарту мақсатында жаңа бағыттар белгіленуде. Өндірісті жаңаша құрудың, шығарылатын өнімдердің  сұранысын арттырудың маңыздылығы да артуда.

Мемлекеттің  экономикалық  тұрақтылығын  қалыптастырудың  негізгі бағыты ішкі өндірісті өркендету екені белгілі. Бұл тұрғыда, өнім өңдеудің түпкі кезеңіне дейінгі жұмыстарды қамтитын өндірістік кәсіпорындарға деген жауапкершілік те ұлғая түспек. Осы тектес кәсіпорындардың  қатарына тамақ өнеркәсібіндегі сүт өнімін өңдеумен айналысатын  өндіріс  орындарын  жатқызуға болады. Аталған саланың ел экономикасындағы маңызы оның ішкі нарықтағы азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда, мемлекеттің экспорттық мүмкіндіктерін ұлғайтуда, отандық өзара байланысты  кәсіпорындардың тиімділігін  арттыруда және олардың сыртқы өндірушілерге тәуелділігін төмендетуде, ауыл шаруашылық өнімдерін  мақсатты  пайдалануда  және  бәсекеге қабілетті өнімдер шығару арқылы мемлекеттің әлемдік  нарықтағы беделін  арттыруда көрініс табады. [1]

Өңдеу өнеркәсібінде бәсекеге қабілетті экспортқа шығарылатын тауарлар мен қызмет көрсету өндірісі Қазақстан Республикасының индустриалды–инновациялық  дамуының мемлекеттік бағдарламасының басты мәні болып табылады.

Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясының басымдығына, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі «Экономиканы әртараптандыруды жеделдету» Стратегиялық даму жоспарының маңызды бағыттарын жүзеге асыруға, Қазақстанның дамыған  30 мемлекеттің қатарына кіру Концепциясына, сондай-ақ шетелдік инвесторлар Кеңесінің Қазақстан Республикасының Президентімен өткен XXVI пленарлық отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасы және Қазақстан Республикасының Президентінің 2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан халқына жолдаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының даму шеңберінде жасалған.

Бағдарламаның негізгі мақсаты диверсификацияны ынталандыру және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін келесідей міндеттер белгіленген:

1)      өңдеуші өнеркәсіптің озық дамуы;

2)      нәтиженің жоғарылығы және басымдық секторына қосылған құнның көтерілуі;

3) шикізаттық емес экспорттың жоғарылауы;

4) өніммен қамтылуды сақтау;

5)      өңдеуші өнеркәсіптің технологиялық басымдық секторына жаңа деңгей берілу және алдағы жасалатын инновациялық кластерлердің қалыптасу негізі мен дамуы;

6)      өңдеуші өнеркәсіптегі шағын және орта бизнесті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау.

Қазіргі заманғы кәсіпорындар өздерінің бәсеке бағытын нығайту   үшін әлемдік нарықтың жоғарылап келе жатқан талаптары, тұтынушылық сұраныстың дифференциялануы, инновациялық айналымдардың азаю қажеттілігі және өндіріске ғылыми-техникалық жетістіктерді еңгізу мәселелерімен бетпе-бет кездесуде. [1]

Тек соңғы кездері нақты секторды дамыту бағытындағы басты міндеттер  мен қолайлы ортаны қалыптастыру шараларының нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, халықтың тұтыну қажеттіліктерін қанағаттандыра бaстады.

Әйтсе де, ғаламдық даму үдерісінің қазіргі кезеңінде қол жеткізген  жетістіктерге қанағаттану жеткіліксіз болып табылады. Тынымсыз ізденіс пен нәтижелі іс-әрекетті арқау еткен әлемдік нарық өндірушілері барынша жаңа нарықтарды  игеруге, ондағы  тұтынушыларды  жаулауға  белсене  кірісуде. Нарықтың бұл қатал шарты отандық өнім өндірушілердің бәсекелік қауқарын нығайтуды, өнімдерінің бәсекелік қыспақтарға төтеп берерлік қабілетін арттыруды, ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысы жоғары өнім өндіруге тиімді әсері бар тетіктерді айқындауды және сол арқылы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін шешуді  қажет етеді. Бұл жағдай Республика Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай: «Экономика біздің дамуымыздың басты басымдығы, ал экономикалық өсімнің барынша жоғары қарқынына қол жеткізу – негізгі міндетіміз болып қала береді.Біз бұған өз экономикамыздың бәсекелік қабілетін  арттыру  арқылы, ...қол жеткіземіз». [2]

    Өте маңызды және дәл уақытында ел назарына ұсынылған мақсат болатын. Себебі, әлемдегі барынша өрбіп, қанатын жайған жаһандану үрдісінен тыс ешбір мемлекет болмайды. Соның ішінде ашық әрі демократиялық қоғам құрып жатқан Қазақстан одан шеткері қалмайды. Демек, дүние жүзі мемлекетттерінің ішінде алатын орнымыз осы бәсекеге қабілеттілікке байланысты. Экономиканың даму қарқынын үдетіп, оны ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкіндігі де осы бәсекеге қабілеттілікке байланысты. Халықтың тұрмысын үзбей жақсарта отырып, әлемдегі ең жақсы әлеуметтік  стандарттарға жеткізу мүмкіндігі де осыған байланысты. Қорыта келгенде, ұлттық дамудың келешектегі басты мақсаты да, міндеті де осы бәсекеге қабілеттілік болып табылады. Бұл қазақстандықтар үшін баршамыз іске асыруға жұмылатын шынайы ұлттық идея.[3]

         Бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды қалыптастыруда озық тәжірибелері  мен  жетістіктері бар елдердің қолдануға тиімді нәтижелерін, осы салаға қатысты ғылыми-техникалық және инновациялық ізденістердің  қолданысын  пайымдай  отырып,  бәсекелік қабілетті арттыру механизміндегі негізгі тетіктер ретінде өнімнің тұтынушылық қысиеттерін анықтайтын сапалық көрсеткіштерін, кәсіпорынның баға саясатын, өнімнің тартымдылығын жоғарылатуға ықпал ететін кәсіпорынның маркетингтік жүйесін және өндірістің өркендеуін ынталандыратын мемлекеттік қолдау саясатын қолдану қажеттілігі туындайды

         Қазіргі кезде Қазақстан нарықтық экономикаылқ ел ретінде танылған мемлекет, ол жаңа экономикалық даму кезеңіне жол ашты. Көптеген жылдар бойы қалыптасқан жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға көшуі, экономикада жаңа ұғымдардың пайда болуына алып келді. Сол ұғымдар арасында «Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі» ұғымы қазіргі уақытта кең қолданысқа ие. Өнімнің сапа және бәсекеге қабілеттілігі мәселесі қазіргі жағдайда әмбебап сипатқа ие.

        Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Бәсекеге қабілеттілік – Қазақстанның әлемдік экономика мен қоғам дастыққа табысты кірігуінің кілті» деп айтылған болатын. Бұл – біздің әлемнің бәсекеге барынша қабілетті елу елінің қоғамдастығына қарай жедел жылжуымыз және оның тұрақты мүшесі ретінде Қазақстанның тұғырнамасын нығайту және мұның қажетті шарты – Қазақстан тауарлары мен қызметтерінің озық халықаралық стандарттардың сапалық деңгейіне шығуы деп елбасымыз айтып кеткен еді. [3]

        Қазіргі уақытта еліміз биік белесті бағындыру қарсаңында. Елдің дамуы бағытын анықтайтын және оған қарқын беретін « Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына ену стратегиясы» және БСҰ-ға кіру нағыз ұлттық идеяға айналған болатын. Яғни БСҰ-ға кіруге қол жеткізген бірден-бір жол кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы жүзеге асты.

Нарықтық қатынас жағдайында тиімді еңбек ету бәсекелестік тартымдылықты күрделей түсе отырып, кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне итермелейді. Сапалы бәсекеге лайықты өнім өндіруге барлық өндірістер жұмыс істейді, бұл олардың тұрақтылық пен жаңалаудың бір түрі. Осы қойылған мақсаттарға дету үшін, олар өздеріне ұзақ мерзімді бағдарлама қабылдайды.

   Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі отандық экономикада ғана емес әлемдік экономикада да кеңінен зерттелуді қажет ететін мәселе болып табылады.

М. Портердің пайымдауынша кәсіпорынның бәсеке қабілеттілігін анықтайтын бес бәсекелік күш бар:

- Бір саланың бәсекелес кәсіпорындары арасындағы тартыс;

- Ауыстырмалы тауарлар шығаратын кәсіпорындар тарапынан болатын бәсеке;

- Салаға жаңа бәсекелестердің ену қаупі;

- Тасымалдаушылардың саудаласу мүмкіндіктері;

- Тұтынушылардың саудаласу мүмкіндіктері.

        Кәсіпорының нарықтағы ұстанымын талдау кезінде оның күшті және әлсіз жақтарын ғана емес, сонымен қатар әсер ететін нақты факторларын анықтау керек. Кәсіпорынның бәсеке қабілеттілігіне мынадай бірқатар факторлар әсер етеді: кәсіпорын өнімдерінің сыртқы және ішкі нарықта бәсекеге қабілеттілігі; өндірілетін өнімдердің түрлері; нарықтың сиымдылығы; нарыққа кіру жеңілдігі; осы нарықта жұмыс істеп жатқан кәсіпорындардың бәсекелік ұстанымдары; саланың бәсекеге қабілеттілігі; аймақтың және елдің бәсеке қабілеттілігі. [4]

         Кәсіпорынның бәсеке қабілеттілігі мәселесін толығырақ бағалау үшін оның критерийлері (өлшемдері) мен көрсеткіштеріне баға беру керек. Келесі түрлерін бөліп көрсетуге болады:

      Бірінші критерий кәсіпорынның өндірістік қызметінің тиімділігі. Осы критерий бойынша кәсіпорынның бәсеке қабілеттілігін бағалау мынадай көрсеткіштер тобын қарастырады: өндірістік үрдістерді басқару тиімділігі; өндірістік шығындардың үнемділігі; негізгі еңбекті ұйымдастыру; өнімді өндіру; технологияның жетілгендігі.

        Кәсіпорынның бәсекеге қабелеттілігінің екінші критерийі кәсіпорынның қаржылық жағдайы, яғни: мүліктік жағдайды бағалау; кәсіпорынның өтімділік және қабілеттілік көрсеткіштері; қаржы тұрақтылығы көрсеткіштері; іскерлік-белсенділік көрсеткіштері; кәсіпорын қызметінің қаржылық нәтиже көрсеткіштері.

    Үшінші критерийіне тауар қозғалысы мен өткізуді ұйымдастырудың тиімділігі. Бұл критерий келесі көрсеткіштермен сипатталады: дайын өнімнің жиналып қалу коэффициенті; сату рентабельділігі; өндірістік қуаттарды жіктеу коэффициенті; жарамдылықтың тиімділігі. [1]

   Кәсіпорынның өндірістік қызметінің тиімділігі келесідей көрсеткіштермен сипатталады: қор қайтарымдылығы мен қор сыйымдылығы; материал қайтарымдылығы және материал сыйымдылығы; еңбек өнімділігі мен еңбек сыйымдылығы.

Кәсіпорының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін келесі факторлардың жоғарылату жолдары қарастырылуы тиіс. Бұл факторлар өнімді зерттеуде өзіндік сипаттары бойынша 4 топқа бөліп қарастырылады:

Бірінші топ - өнімнің сапасын арттыру шаралары немесе кәсіпорынның сапа жүйесін жетілдіру.

Екінші топ - өнімнің бағасын қалыптастыру немесе баға саясатын реттеу.

Үшінші топ - өнімнің тартымдылығын арттыру немесе кәсіпорын маркетингті жүйесін жеьілдіру.

Төртінші топ - өнімнің бәсекелік қабілетін қамтамасыз ету немесе өндірісті мемлекеттік қолдау.

   Өндіріске инновациялық және ғылыми-техникалық жетістіктерді енгізу, алдыңғы қатарлы озық технологияларды пайдалану тек өнімнің сапалық қасиеттерінің жақсаруына ғана емес, шикізат пен материалды үнемді пайдалануға, сонымен қатар оның баға бәсекелесу жағдайындағы өтімділігін арттыруға да серпін береді. [4]

Қазіргі экономиканың әлемдік бәсекелестікке шаруашылықтардың тәжірибесінде жалпы мемлекеттік жоспарлау бюджеттік, стратегиялық, индикативті, директивті түрлерге бөлінуде. Соның ішінде экономикасы дамыған елу елдің қатарына қосылу үшін, бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін, Қазақстанға стратегиялық және индикативті жоспарлаудың маңызы айтарлықтай болып отыр.

        Мысалы, біз Рахат кондитерлік компаниясының  бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын көрсеткіштерінің  аталған критерийлер мен талаптарға сәйкестігін тоқталайық. Қазіргі таңда кондитерлік  өнім шығарудағы нарық сұранысын қанағаттандыра отырып, ұлттық өнім өндірудегі көшбасшылар қатарынан көрініп отыр. Себебі бұл акционерлік қоғамның қызметі көне дәстүрді сақтай отырып, қазіргі заманның талабына сай барынша көп адамның қажеттілігін жоғары сапалы кондитер өнімдерімен жоғары деңгейде қанағаттандыруға бағытталған. Қазақстан мен оның шет аймақтарындағы әр адамға өз еліміздің байлығы пен қонақжайлылығын бейнелей отырып, Қазақстандағы және Орталық Азия нарығындағы № 1 компания болуға ұмтылыс жасауда. Акционерлерге бизнестің тұрақты, ашық түрде дамуын қамтамасыз ету және табыс табу үшін компанияны бірлесіп және қаржылық басқарудың тиімді механизмін құру қолға алынуда. Қызметкерлеріне нақты қойылған міндеттер мен жауапкершілікті бөліп беру арқылы қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыру,қызметкерлердің алға қойған міндеттерін орындауы мен компанияның жұмыс нәтижесіне байланысты оларға ынталандыру жүйесін енгізу, бірыңғай мәдениет қалыптастыру, жаңа технологиялар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жолға қойылып отыр. Компанияның бәсекелестері Ресей, Украина елдерінен импортталатын кондитерлік тауарлар, Баян сұлу, Нәзік сынды ұйымдардың қазіргі таңда нарықтағы тұтынушы сұранысы үшін күресетіндігі белгілі. Алайда, егер Рахат АҚ алдына қойған мақсаттары мен стратегиясын қазіргідей тиімді жүргізіп, тұрақты деңгейде ұстап тұра алса бұл ұйымның өмір сүруі әлі талай жылдарға созылмақ. Соның арқасында ,біз отандық өнім өндірудің тиімді механизмін қалыптастыра отырып, шетелден келетін импорт тауарларын қысқартуымызға болады. Қазақстан азаматтары ұлттық өндірушілердің өнімдерін тұтынып, ішкі айналымды қамтамасыз етеді. Демек Отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін одан ары дамытуға септігін тигізбек.

        Қазақстанның әлемдегі дамыған елу елдің қатарынан орын алу үшін, ең алдымен, еліміздегі отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, олардың әлемдік нарықта да бәсекеге түсе алатындай жоғары сапалы өнімдер өндіруіне жағдай жасауға, озық технологияларды енгізуге және қызмет тиімділігін арттыруға мән беруіміз қажет. Яғни, бұл мақсатта отандық кәсіпорындардың мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсету бағыттарын әзірлеуді қажет етеді. Ол бағыт еліміздің аймақтары мен салалары бойынша нақты іс-шараларды қамтығаны жөн.

        Яғни болашақта алға қойған мақсаттарымыз бен міндеттерімізді жүзеге асырсақ, еліміздің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына кіріп, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің арасында болатынына кәміл сенеміз.

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі: оқу құралы / Е. Әмірбекұлы. – Алматы: Экономика, 2009 – 120б.

2. Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2015ж, 30 қараша.

3. Жилқайдарова Г.Б. «Кәсіпорынның нәтижелі жетістігі – бәсеке қабілеттілігі» // ҚазЭУ хабаршысы – 2009 №5 б 117-121