Сыдық Перизат

Алматы, Қазақстан

Болашақ педагогты кәсіби тұрғыдан даярлаудың түрлі жолдары

Қазақстандағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстанда оқитындарды сапалы біліммен қамтамасыз етіп, халықаралық рейтингілердегі білім көрсеткішінің жақсаруы мен қазақстандық білім беру жүйесінің тартымдылығын арттыру үшін, ең алдымен, педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың бүкіл қызметі бойына мансаптық өсуі, оқытылуы және кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, сондай-ақ педагогтердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне үлкен мән берілген. Дәстүрлі білім беру жүйесінде білікті мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықты игерту ғана болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлылық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну – қазіргі таңда негізгі өзекті мәселелердің бірі. Мұғалімге өз ісінің маманы болумен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, оның көзқарасы мен пікірін сыйлау, тыңдай білу қасиеттері болуы шарт.  Олай болса педагогтарды кәсіби тұрғыда даярлау туралы кейбір қағидаларға тоқтала кетсек.

Педагогика адам дамуы мен қалыптасуының мән-мағынасын зерттей отырып, арнайы ұйымдастырылған үрдіс сипатындағы тәрбиенің теориясы мен әдістерін айқындайды. Адам жөніндегі ғылымдардың, теория идеяларын біріктіріп, оларды өз теориясын дамытуда негізге алады. Сондай-ақ педагогика таза қолданбалық қызмет атқарып, адам тәрбиесіне бағытталған практикалық іс-әрекетті, яғни қажетті ептілік, дағды, қабілеттер жүйесін қамтиды.

Қазіргі жағдайда педагог қызметінің ауқымы кең әрі сан түрлі. Оның негізгі бағыттарының бірі – әдіскерлік мәдениетін өзін - өзі дамытуы, кәсіби шеберлігін үздіксіз арттырып отыруы.

Әдіскер педагог өзінің жұмысын жоғары деңгейде жүргізіп қана қоймай, басқалардан өзіне тәжірибелерді игеріп, өзгелермен бөлісу керек; оқу - әдіскерлік проблемаларды танып, талдама жасайды; алуан түрлі әдіскерлік жұмыстарды тиімді тұтастыра білуі керек, бұл жас педагогтардың өзін - өзі дамытуына көмек береді.

Педагогтың кәсіби сана-сезімі – кәсіпқой ретінде өзін, ісәрекет пен педагогикалық қатынаста көрініс табатын өзінің тұлғалық ерекшеліктерін ұғынуы. Кәсіби сана-сезім жалпы алғанда сана-сезіммен ортақ қасиеттерге, белгілерге де, өзінің спецификасына да ие. Ортақ белгілер, жалпы алғандағы сана-сезім секілді, кәсіби сана-сезімнің өзінің құрылымына өзін-өзі тануды, эмоциялық-құндылық қатынасты, өзін-өзі бағалауды, өзін-өзі реттеуді және өзін-өзі бақылауды қосатындығымен анықталады, мұнда сонымен қатар сәйкестендіру және рефлексия механизмдері де міндет атқарады.

Ал педагогикалық такт — оқушылармен қарым-қатынаста педагогтың өнеге құралдарын тиімді пайдалана білуі. Педагогикалық такт адамгершілік қағидасына негізделеді. Оның мәні баланың рухани дүниесіне педагогтың әсер ете білуінде. Педагогикалық тактіні жақсы меңгерген педагог қолданылған тәрбие құралының күтпеген нәтиже беретінін де ескереді. Мысалы, ұжымның ықпалы тиімді пайдаланылмаса баланың белсенділігін, бастамашылдығын дамыту құралы болудың орнына, олардың дербестігін шектеуге, достық көңілдегі әңгіме, мадақтау, күдік пен сенімсіздіктің дамуына себеп болады. Педагог тәрбиеленушілермен қарым-қатынаста туындайтын қиыншылықтарды алдын-ала болжап, оны болдырмаудың жолын таба білуге тиіс.

Педагог позициясы  – интеллектуальды, ерік, эмоционалды-бағалы қатынастардың қоршаған ортаға, педагогикалық шындыққа, педагогикалық іс-әрекетке қатынастарының жүйесі. Ол бір жағынан, қоғам қоятын талаптардан көрінсе, екінші жағынан, белсенділік сапаларынан – педагогтың мотив, мақсат, бағалы құндылықтары, дүниеге көзқарасы, мұраты арқылы көрінеді.

Педагогтың әлеуметтік позициясы жалпы білім беретін мектепте қалыптасқан пікір, түсінік, бағалы құндылықтары жүйесінен туындайды. Кәсіби даярлық негізінде оларда педагогикалық мамандыққа, мақсатқа, педагогикалық іс-әрекет құралдарына деген мотивациялық-бағалы қатынас қалыптасады.

Педагогтың әлеуметтік позициясы кәсіби позицияны да анықтайды. Педагогтың кәсіби позициясының таңдауына көптеген факторлар әсер етеді. Бірақ олардың арасында жеке тұлғаның кәсіби бағдары, дара типологиялық ерекшелік, темперамент, мінезі көп әсер етеді.

Л.Б. Ительсон педагогикалық позицияларға мынадай сипаттама береді.

Егер ол талап, норма, көзқараспен т.б. ғана шектелсе, онда ол – ақпаратшы.

Егер ол бала жанын түсінуге ұмтылса, онда ол – жолдас.

Егер ол тәрбиеленушілердің санасына норма мен бағалы құндылықтарды күштеп игертсе, онда ол – диктатор.

Егер ол байқап сөйлеуді пайдаланса, онда ол – кеңесші.

Егер ол тәрбиеленушінің алдында төмендеп, одан қандай болу керектігін сұраса, онда ол – сұраушы.

Егер ол тәрбиеленушіні мақсат, идеялармен, перспективалармен қызықтырса, онда ол – қолдаушы.

Бұл позициялардың әрқайсысы тәрбиешінің жеке тұлғасына байланысты жағымды және жағымсыз әсер беруі мүмкін.

Сол сияқты А.И. Щербаков маңызды педагогикалық қабілеттерге дидактикалық, құрылымдық, перцептивті, экспрессивті, коммуникативті, ұйымдастырушылықты көрсетеді. Сонымен қатар ол мұғалімнің жеке басының психологиялық құрылымында жалпы адамзаттық сапаны, адамгершілік-психологиялық, әлеуметтік-перцептивті, дара психологиялық ерекшеліктер және практикалық іскерліктер мен дағдыларды бөледі. Олар:

-  жалпы педагогикалық (ақпараттық, мобилизациялық, дамытушы, бағдарлаушы),

-  жалпы еңбек (құрылымдық, ұйымдастырушылық, зерттеушілік),

-  коммуникативті (әр түрлі жастағы адамдармен қарым-қатынас),

-  өздігінен білім алу (білімді жүйелеу және қорытындылау, оларды педагогикалық есептерді шешуде, жаңа ақпарат қабылдағанда қолдана алу).

Мұғалімнің профессиограммасында оның жеке басының бағыттылығы маңызды орын алады. Оның бағыттылығының сипаттамасына: әлеуметтік-адамгершілік, кәсіби-педагогикалық, танымдық бағыттылығы жатады.

Педагогикалық шындық мұғалімнің объективтілігін, адамгершілік тәрбиесінің деңгейін өлшейтін сапа.

Педагогтың кәсіби-педагогикалық бағыттылығын сипаттайтын жеке бас сапасы оның беделінен көрінеді.

Мұғалімнің танымдық бағыттылығының бірі ғылыми-педагогикалық ойлау мәдениеті. Оның негізгі көрінісі – ол диалектикалық бірлікте. Ол кез келген педагогикалық құбылыстың қарама-қайшылықтарынан тұрады. Педагогикалық құбылыстарға диалектикалық көзқарас мұғалімге оны процесс ретінде қабылдауға көмектесіп, жаңа мен ескінің күресі негізінде үздіксіз даму болады.

Педагог - шығармашылықпен өзін- өзі дамытушы тұлға. Педагог – зиялы тұлға және мәдениет адамы. Педагог – рухани бай тұлға. Педагог – адамгершілігі мол, мейірімді тұлға. Педагог – бәсекелестікті тұлға.

Пайдаланылған әдебиеттер.

1. Жаксыбаева А. Ж. Болашақ педагог-психологтардың кәсіби және тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру // Молодой ученый.-2014. №1.2. с. 55-57.

2. Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық Университеті, “Педагогика”, Алматы: “Нұрлы Әлем”, 2003.

3. Бабаев С.Б., Оңалбек Ж.К. Жалпы педагогика. Алматы,2005.

4. Әбиев Ж. Педагогика. Алматы., 2004.

5. Қоянбаев.Р. Тәрбие теориясы. - Алматы, 1991.

6. Хмель Н.Д. Жалпы білім беретін мектептегі педагогикалық процесс. А., 2002

7. Л.И.Рувинский ред. Мамандыққа кіріспе. – А., 1990.

8. Маркова А.К. Психология труда учителя. – М., 1993.

9. Мудрик А.В. Учитель: Мастерство и вдохновение. – М., 1986.