Алшынбекова Г.К., Заркенова Л.С., Тажибаев М.К.

Облыстық даму мүмкіншілігі шектелген балалар үйі. Мемлекеттік мекемесі. Қарағанды қаласы,

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қазақстан, Қарағанды қаласы

 

АҚЫЛ-ОЙЫ КЕМ БАЛАЛАРДЫ ДАМЫТУДА ӘЛЕУМЕТТІК-ТҰРМЫСТЫҚ БАҒДАРЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ

 

       Ақыл-ойы кем балалардың барлық қабілеттерін пайдалана отырып, олардың өмірге қажетті икемділіктері  мен дағдыларын дамытып, өсе келе, олар өз-өзіне жауапты болып, түрлі арнайы жұмыс орындарында аса қиын емес еңбек операцияларымен айналысып, қабілетінше ортада тұспалдануы қажет. Бұл балалардың әлеуметтік-тұрмыстық және еңбекке бейімделуінің баяндамасы болып есептелінеді. «Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау» курсының ақыл-ойы кем балалар мен жеткіншектерге қоршаған өмірде өз жолын таңдауға, бағдар жасауға, әлемге өзінің көзқарасын қалыптастыруға көмектеседі.[1,7]. Ақыл-ойы кем балаларда жетілуіндегі кемістіктің салдарынан ортамен өзара әрекеттесуі қиынға соғады, болып жатқан өзгерістер мен талаптарға көңіл бөлу қабілеті төмендейді. Олар өз мақсаттарына жетуде ерекше қиындықтарды сезінеді де, тепе-теңсіздік реакциялары пайда болып тәртіптерінде ауытқулар байқалынады. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау кемтар балалардың қоғамдық ортамен белсенді араласуына мүмкіндік туғызады, еңбекке қатысуға, ұжымның қоғамдық өміріне қатысуға, әлеуметтік ережелерге, мәдениетке үйренуге, өз тұрмысын мекеме талаптары мен ережелеріне сәйкес құруға көмектеседі [2, 5,6,8]. Л.С.Выготскийдің психология ғылымында ерекше орын алатын теориясы – бала дамуының жақын арадағы аймағы деп аталады. Бұл теорияның түпкі мәні – баланы тәрбиелеп оқыту, оған білім беріп, дүниетанымын қалыптастыру үнемі оның табиғи даму деңгейінен оздырып отыруды талап етеді. Л.С.Выготский теориясының бір ерекшелігі: баланың айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жасауда тарихи тәжірибелерді, тыныс-тіршілік шындығын өзгелердің сөзінен, тәлім-тәрбие өнегесінен жанамалай үйренуі [3,7]. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдар беру - бұл мүмкіндігі шектелген балалардың мақсатқа бағытталған әлеуметтік және медициналық-педагогикалық сүйеу барысында әлеуметтік орта шарттарына, қоғамда тұрақтанған құндылықтарды, ережелерді және мінез-құлық нормаларын меңгеру болып табылады. Зерттеуші психологтар барлық балалардың ересектермен қарым-қатынас жасауы және оқытудың жетекші рөлін растайды. Олигофрен-баланың жалпы дамуының ілгері жылжуы үшін оның білім, дағды мен біліктерді меңгеруі үшін, оларды жүйелеп практикалық тұрғыда қолдану үшін арнайы ұйымдастырылған оқыту мен тәрбие анағұрлым маңызды болып табылады. Ақыл-ойы кем балаларды жалпы дамытуға бағытталған арнайы оқыту ең алдымен оларда жоғары психикалық үдерістердің, әсіресе ойлау үдерісінің қалыптасуын ескереді. Коррекциялық жұмыстың маңызды бағыты теориялық тұрғыда, олигофрен-бала өзінің барлық көріністерінде ойлаудың кемістігі ерекше жарқын көрінеді және өз кезегінде қоршаған ортаны тануды қиындатып, тежейтіндігіне негізделген [4,9]. Ақыл-ойы кем балалардың алған білімдерін ата-ана үйде бекітіп отыру үшін ата-аналарға арналған лекциялар, әңгімелесулер өткізіп отырған жөн. Сонымен бірге әлеуметік-тұрмыстық бағдар беру пәнін жүргізгенде «Тұрмыс пен өз-өзіне қызмет ету» бағытындағы біліктілік, дағдыны балалардың меңгеруі маңызды екенін түсінуі қажет. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау курсын оқыту кезеңінде барлық түзету – тәрбиелік жұмыстар заттарды пайдалану және өзіне-өзі қызмет ету, күнделікті өмір жағдайында өтеді.

Ақыл-ойы кем балалармен әлеуметтік-тұрмыстық бағдар сабағын жүргізу келесідей бағыттармен қарастырылған:

1. Баланың орталыққа бейімделуі.

2. Өзі-өзіне қызмет ету дағдыларын дамыту: балаларды өз бетімен киінуге және шешінуге үйрету; жуынуға, сабынды және сүлгіні қолдануға үйрету; ұқыпты болуға үйрету: бет орамалды, тарақты қолдана білу дағдысын дамыту; әжетхананы пайдалану: қағазды қолдануға, су ағызуды үйрету.

3. Қарым-қатынастың қарапайым түрлерін қолдануға үйрету: қарапайым нұсқауларды орындау; өз ойын мимикамен, ым-ишарамен, сөзбен жеткізе білу.

4. Қарапайым ойын түрлерін үйрету: дидактикалық ойындардың түрлері; баланың жеке ойнауы; баланың топпен ойнауы.

5. Моторикасы мен көру-қимыл координациясын дамыту: өрнекі құралдарды пайдалана отырып, берілген үлгі бойынша іс-әрекетті орындауға үйрету; түрлі тақпақтарды қолдана отырып, саусақ қимылдарын және әртүрлі дене қимылдарын жасау.

6. Қабылдау дағдыларын қалыптастыру: қарапайым геометриялық пішіндерді тани білуге және ажырата білуге үйрету; қатты және жұмсақ заттарды ажыратуға үйрету.

7. Қоршаған орта туралы түсінік қалыптастыру: жануарлар мен өсімдіктер дүниесін таныстыру; жыл мезгілдері мен табиғат құбылыстары туралы түсінік қалыптастыру; киім түрлерін ажырата білу; жемістер мен көкөністерді тану және оларды ажырату; дене мүшелерін білу; заттарды топтастыруға, салыстыруға үйрету [4].

Әлеуметтік-тұрмыстық бағдар дағдысы ақыл-ойы кем балаларға әлеуметтік және психологиялық бейімделуін оңайлатады. «Жеке бас тазалығы» тақырыбы бойынша балалар тазалық, көру, есте сақтау, ойлау қабілеттерін дамыту, өзінің денсаулығын нығайтуға үйретеді. Ал «Тамақтану» тақырыбы бойынша балалардың негізгі тағамдарды өздіктерімен ішіп-жеуге үйреткен әлдеқайда тиімді. Өзіне-өзі қызмет ету үшін «Киім-кешек», «Дене мүшелері», «Аяқ киімдер» тақырыптары бойынша сабақтар, ойындар жүргізіліп, балалардың қабілеттерін; ойлау, есте сақтауды дамытады. «Менің отбасым», «Мамандықтар» тақырыбында ақыл-ойы кем балалар отбасында, топта, қоғамдық жерлерде жеке қарым-қатынас құруға, әдептілік пен мәдениеттілікке тәрбиелейді. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарды оқытуда әр түрлі тәсілдер қолданылады: түсіндіру, көрсету, сюжеттік-рөлдік ойындар, саяхат, топпен серуендер және осы бағдарламада ақыл-ойы кем балалар өздерін еркін сезінулері қажет. Қазіргі заманда еңбек орнын табуға оқушыларға көмек көрсету үшін әлеуметтік-тұрмыстық бағдар беру кезінде тәрбиеші, педагогтар балаларда келесі біліктіліктерді, дағдыларды  қалыптастыруы керек: әңгімеге кірісу, әңгімені бастау, жалғастыру, сөйлеп тұрған адамның көңіл-күйін түсіну іскерлігі;  ситуацияға байланысты ескертулерді ойдағыдай қабылдап, дұрыс түсүнуін, өзінің көңіл-күйін және жүріс-тұрысын реттей алу; көмек сұрау, біреуге көмек көрсету; заңды бұзбау; өзінің достығын, сүйіспеншілігін қолайлы түрде ұсыну және осы сияқты жағдайлар [5].

Аталмыш бағдарламада реттілік пен жүйелілік негізі есепке алынған. Осымен қатар оқушылардың жалпы дамуына қандай мәліметтер берілетіні нақтыланған; қайталау тәжірибелік тапсырмалар арқылы бекітіліп, қалыптастыратын білім, біліктілік, дағдылар көрсетілген.

Ақыл-ойы кем балаларға өзімен жасты балалармен бірігуде, дербес және басқаларымен іс-әрекет жасау үлкен қиындық туғызады. Олардың бірі жақындасуды, достасуды білмейді, сондықтан өзін жалғыз, артық, бөтен сезінеді. Кейбір балалар адамға үйір, көмек бергенді ұнатады, ал кейбіреуі үйір болғанмен агрессияда, өрескелдік көрсетіп, жанындағыларды бағындыруға ұмтылады. Балалар қоршағандарға өшпенді көзбен қарайды, бұл - өз әлемінде өмір сүретін, өзін сүйіспеншілікке лайықты емес деп санайтын балалар болып есептелінеді. Типтік бұзылулардың тағы бір тобы бар: олар өздеріне сенбейтіндер, олардың қызмет негізі - «білмеймін», «жасай алмаймын», «істемеймін» - дейтіндер. Ақыл-ойы кем балалармен әлеуметтік-тұрмыстық бейімделу қиыншылықтарына келсек, олармен әдіс-тәсілдемелерді қолдан отырып, үйрету кезінде балалардың қызығушылықтарын арттырған жөн. Оқу үдерісінде әлеуметтік-тұрмыстық бағдар мазмұнында үзіліссіз білім беру қалпын таңдап алған тиімді: танып-білу; мінез; еңбек; қатынас мәдениеттері.

Жұмысты ұжымдастырудың негізгі түрлері: жалпылау; жеке; қос-қостан; топ-топпен. Оқытудың негізгі әдіс-тәсілдері: әңгімелесу, экскурсия, бақылау; дидактикалық ойындар; кино және диафильмдарды көру; компьютерлік бағдарламалар мен компьютермен жұмыс істеу; берілген тақырып бойынша сюжетті дамыту, көрініс-мақсаттары, жағдайды қалыптастыру; жаттығулар, тренингтер, іскерлік ойындар, т.б. Ақыл-ой дамуының бұзылысын зерттеу жұмысымен тек олигофренопедагог қана айналысып қоймай, сонымен қатар психологтар, невропатологтар, психиатрлар, генетиктер, эмбриологтар да айналысады. Барлық елдің статистикасы көрсетіп отырғандай, аномалияның бұл түріндегі адамның саны азаймаған. Ақыл-ойы артта қалған балалар қоршаған ортаға деген қызығушылықтың төмендігімен сипатталады. Қозғыш балалар белгілі бір әрекетті жасауға болатынын немесе болмайтындығын ойламас бұрын көзіне көрінгеннің бәрін шап беріп ұстайды. Қызба балаларға қарағанда мінез-құлқы салмақты балалар өздерін біршама адекватты ұстайды. Олар жаңа, ашық бояулы заттарға қолдарын созып алады да, біраз уақытқа оларға қарайды, алайда объектіге деген шын қызығушылық танытпайды. Олар ересектерге сұрақтарды сирек қояды, зат туралы жаңа бір нәрсені өз беттерінше білуге тырыспайды.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Березин Ф.Б. Психическая и психофизиологическая адаптация человека. - Л.: Медицина, 1988. 270с.

2. Балл Г.А. Понятие адаптации и его значение для психологии личности //Вопросы психологии. 1989. 92 – 100с.

3. Выготский Л.С., «Педагогическая психология». Педагогика, 1991. - 24с.

4. Заркенова Л.С., Ильясова Б. И. Әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлаудың арнайы әдістемесі. Оқу-әдістемелік кешен . – Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2012. –43-44б.

5.  «Қазақстан Республикасындағы арнаулы  әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері туралы заңдық және нормативтік-құқықтық актілер жинағы» Астана, 2010 жыл.

6. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы. – 2012 жыл.

7. Нұрмағанбетова У., Тебенова Қ.С., Омарова Н.Н. Қарағанды, 2006. –54-55б.

8. Рүстемова Г. Ақыл-ойы артта қалған балаларға психологиялық-педагогикалық сипаттама. ҚР. Дефектология . – 2011.- 13-15б.

9. Тебенова Қ.С., Рымханова А.Р. Арнайы психология. – 2011. – 16б.