Нурлыбаева Ж.Н, Жумабекова Р.К.
Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін
мектеп, Қазақстан, Семей
ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҒЫНДА ЖОБАЛАП
ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНУ
Аннотация
Аталмыш мақалада орта білім беретін мектептерде
қазақ тілі сабағында жобалап оқыту технологиясын
қолданудың ерекшелігі туралы айтылады. Мектеп бағдарламасынан
тақырыптарды таңдай отырып, әрқайсысына жеке-жеке
тоқталады. Технологияның тиімді тұстары сөз болады.
Тірек сөздер: технология, білім, қазақ
тілі, оқыту, әдіс-тәсіл
Аннотация
В данной статье говорится об особенностях применения
технологии проектного обучения на уроках казахского языка в общеобразовательных
школах. Выбирая темы из школьной программы рассматривает каждое по отдельности.
Говорится эффективное части технологии.
Ключевые слова: технология, образования, казахский язык,
обучение, подход
Resume
This article refers to the features of the use of
technology project-based learning at lessons of the Kazakh language in
secondary schools. Choosing topics from the curriculum considers each
separately. Says effective technology.
Keywords: technology, education, the Kazakh language,
teaching, approach
«Өмір бойы
білім алу әрбір
қазақстандықтың жеке кредосына айналу керек»,- деген
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің халыққа жолдауында.
Ал өмір бойы білім алу үшін оқушы да мұғалім де
үнемі ізденіс үстінде болуы шарт. Ал оған бізге жаңа
технологиялардың тигізер пайдасы зор. Біз сөз еткелі отырған
жоба әдісі 1920 жылдары Америкада жасалған, негізінен, белсенді
оқуға негізделген. Бұл кезде оқушы белсенді
қызмет етеді, өзінің қызығуын танытады, білімін
пайдалана алуына мүмкіндік туады. Мәні бар проблемаларды не
үшін, қайда, қалай пайдалануға болады деген сұрақтарға
жауап іздейді, алған білімін пайдаланады, жаңасын іздейді,
мұғалім оған жол көрсетеді.
Мұғалімнің қызметі – оқушыны уақтылы
дұрыс бағытқа, дұрыс ақпарат алатын
жаққа қарай бағыттау, ал оқушы қызметі –
өз бетімен, өз күшімен әртүрлі білімдерін
пайдаланып, проблеманы шешуі тиіс, дұрыс қорытынды шығару.
Шынайы ізденіс үшін оқушыда байыптылық,
аңғарымпаздылық, ойлылық, зерделілік, талдай, саралай
білуе сыни көзқараспен қарай білу дағдылары болуы
керек. Үстірт оқу, баға үшін
оқулықтағы немесе ұстаздарының айтқанын
қайталап шығу ізденіске жетімсіз. Мәселен, 5- сыныпта
қазақ тілінен оқушыларға тапсырмалар, ізденіс
жұмыстарын, бір сөзбен айтқанда жоба беруге болады. 5-
сыныптар бастауыштан енді ғана шыққаннан кейін оларға
оңай әрі қызықты тақырыпты алу жөн деп
есептеледі. «Атамұра» баспасымен өңделіп шыққан
Г.Қосымова мен Ж.Дәулетбекованың еңбегінің ішінде
берілген тапсырмалар өзі-ақ ғылыми жобаларға
сұранып тұрғандай. Мысалы, «Әдеби тіл туралы
түсінік» тақырыбы бойынша 13-жаттығу берілген. Аталмыш жаттығуда
берілген тапсырма төмендегідей:
§ Төмендегі
тыйым сөздерді оқып, жаттап алыңдар.
·
Олар сөйлеудің қай түріне
қатысты екенін дәлелдеп айтыңдар.
1.
Көп сөйлеме. 2. Сөйлеп
тұрғанда есінеме. 3.Аузыңа тамақ салып алып
сөйлеме. 4. Сөйлегенде тыңдап отырған серігіңе
тым жақындама. 5. Даусыңды тым бәсеңдетпе, тым екпіндеп
те кетпе.
Енді осы
жаттығуды негізге алып, оқушыға «Тыйым сөздердің тәрбиелік мәні» деген
тақырыпта бір жыл көлеміне жоба беруге болады. Ол үшін
оқушыға алдымен әдебиеттер тізімін беріп тастаймыз.
Пайдаланатын әдебиеттер қазақ халқының
ырым-тиымдары, мақал-мәтелдері туралы болмақ.
Оқушының өзіне оқыту не үшін керек?
Болашақта оқушы ғылыми
жобаны қорғау кезінде өзін еркін сезінуіне, ойын еркін
жеткізуіне мүмкіндік жасайды.
Себебі, оқушы берілген кітаптардың барлығын дерлік
оқиды, яғни көз алдында оқыған дүниелері
қалып қояды.
Бала
берілген алғашқы тапсырманы болғаннан кейін, оған
келесі тапсырма беріледі. Ұстазы екеуі бірігіп жоспарын
құрады, ары қарай сол жоспар бойынша жұмыстарын
жалғастыра береді. Жобаның басым көпшілігін ұстаз
өзі жазғанмен оқушыға да тапсырма беріп қою
керек. Мысалы, компьютерлік беттерге теріп қою керек, слайд жасату
сияқты т.б. Оқушының негізгі мақсаты тыйым сөздер
не үшін айтылады, тәрбиеге қаншалықты септігін тигізеді
сынды сұрақтарға жауап беру болып табылады. Бұл жобаны
жазу барысында оқушы тек тәрбиелік мәнге ғана
қарамайды, сонымен қатар тыйым сөздердің
жазылуындағы ерекшеліктерге тоқталатын болады.
Дәл
осы параграф аясында берілген 19-жаттығуға зер салайық. «Шоқан мен әжесі» деп
аталатын тақырыпта мәтінді оқып, автордың нені
әңгімелегенін айтуға тапсырма беріледі. Ал берілген
мәтіннің соңында:
·
Шоқан мен әжесі әдеби тілдің
қай формасында әңгімелесті? Мәтіннің түрін
(ғылыми мәтін, көркем әдебиет мәтіні немесе
ауызекі сөйлеу мәтіні, т.б.) ажыратып айтыңдар.
§ Мәтіндегі
Шоқан мен әжесі әдеби тілдің көркемдігін
танытатын қандай тапқыр сөздерді пайдаланғанын айтып
беріңдер.
v Мәтіндегі
автор сөзін бөліп көрсетіңдер. Ол қандай
мақсатпен қолданылып тұр?, - деген тапсырмалар беріледі.
Бұл берілген жаттығудан бізге қандай
жоба құрауға болады?
Шоқан
–қазақтың ұлы ғалымы, ХІХ ғасырдың
екінші жартысында Қазақстанда туған демократтық,
ағартушылық мәдениеттің тұңғыш
өкілдерінің бірі, шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф,
георграф, ағартушы екендігін білеміз. Енді жұмысымызды да
соған байланысты зерттеушінің өмірі мен
шығармашылығы туралы беруге болады. Сонымен қатар
оқушыларға омоним, синоним, антоним сияқты тақырыпты
меңгере алатындай жобалар беруге болады. Көркем шығармаларда
кездесетін осы лексикалық ұғымдарды да
қарастыруға болады. Мысалы, Б.Соқпақбаевтың
«Менің атым Қожа», М.Әуезов «Жетім» т.б.
Қоғам дамуына орай тіліміздегі
қолданыстан шыққан сөздерді көнерген сөздер
деп айтатыны белгілі. Көнерген сөздер мағынасына қарай
тарихи – қолданылған дәуірі өтіп, ескі заманның
өзімен бірге көнерген тарихи атаулар және архаизмдер –
халықтың тұрмыс-тіршілігіне, салт-сана,
әдет-ғұрпына қарай әр дәуірде
өзгеріп, басқа сөздермен ауысып отырған немесе ескіріп
кеткен сөздер болып бөлінеді. Осы тақырып бойынша
149-жаттығуда мынадай бір тапсырма беріледі:
v Үлкендердің
көмегімен Кеңес өкіметі кезінде жиі қолданылған
қандай сөздер қазір көнерген сөздерге
айналғанын көшіріп жазыңдар.
Дәл
осы тапсырманы үйде бастап ары қарай кішігірім жұмысқа
айналдырып жіберуге толықтай болады. Немесе 153-жаттығуда былай
дейді:
§ Оқып
шығып, М.Қашғари жазып қалдырған
тағамдардың қалай әзірленетінін айтыңдар.
·
Қандай тағамдардың атаулары
көнерген? Қазір олар қалай аталады?
Қара етмек – нан
тағамның бір түрі. Ол былай әзірленеді. Ет
сүйектен ажырап түскенше қайнатылып, езілгенше пісіреледі.
Содан кейін үстіне ұн, май, шекер салып, қоюланғанша
қайнатады, содан кейін жейді.
Жөргемеш – ішек-қарынды,
бүйрек-бауырды турап, жіңішке ішекке тығып қақтап
не қайнату арқылы пісіріп жейді.
Қағұт – тарыдан
істелетін тағамның түрі. Оны былай әзірлейді:
әуелі тарыны қайнатып алып, кейін қуырып
құрғатады. Одан кейін диірменге тартып, ұнға
айналдырады. Соны май мен шекерге араластырады. Ол – дәмді, сіңімді
тағам.
Сым сымрақ – тамақтың
бір түрі. Пісірілген бастың құйқасы
ұсақтап туралады да, тұздық қосылып,
араластырылады. Оның үстіне ашыған қатық
қосады. Ол сіңгеннен кейін жей беруге болады.
Оқушыға
дәл осы тапсырманы жоба ретінде беруге болады. Бұл жерде білім
алушы көнерген сөздердің мағынасын этимологиялық
сөздіктерден қарап анықтайды. Қазіргі жеп жүрген
тамақтары бұрын қалай аталғаны жайлы біле отырып,
сөздікпен жұмыс жасауды үйренеді. Тура осы сияқты
жаңа сөздер мен кірме сөздерді де қарастыруға
болады. Қазіргі кезде ғылымда диалект сөздер туралы
зерттеулер өте ауқымды болып отырғаны белгілі. Жалпы, диалект
сөздер – белгілі бір жердегі (аймақ, облыс, аудан)
тұрғындардың сөйлеу тілінде ғана
қолданылатын сөздер. Оқушы егер диалект сөздерді
қарастырып жатса, батыс пен шығысты, оңтүстік пен
солтүстіктің айтылуы мен жазуындағы ерекшеліктерді жинастырып
алуға болады. Кәсіби сөздер мен термин сөздерді де
дәл осы мақсатпен зерттеу жұмысына айналдыруға негіз
болады. 5- сыныптың оқу бағдарламасында «фонетика» тарауы
бар, осы тарау негізінде оқушыларға көбінесе тапсырма ретінде
ребустар мен метаграммалар беріледі. Әдетте олар «Әріптер
әлемінде» кітабынан алынған. Бір ғана мысал, 235-
жаттығуды алып қарайық:
Егер т-дан бастасаң,
Биіктердің биігі.
Егер д-дан бастасаң,
Қиындардың қиыны.
Екеуін де алып тастасаң,
Балықшының бұйымы. (тау, дау, ау)
Оқушы
бұл метаграммаларды шешу барысында логикалық ойлау
қабілеттерін арттырады және сол көмек беретін өз
қажеттіліктеріне жаратып жатады. Бұл талдаған талдауларымыз
тек фонетика, лексика тарауларын
қамтитын 5-сыныптар үшін жазылған қазақ тілі кітабы.
Бүгінгі күнде мектеп түрлі атап айтсақ, «Арман-ПВ»,
«Атамұра» сынды баспалармен оқиды.
Сонымен, жобаның тиімділігі – көзбен
көріп, құлақпен естіп, есте сақтай отырып,
оқушыны ізденіске, іскерлік пен танымдыққа, ынтаға,
шығармашылық қабілетті жетілдіру арқылы түрлі
мәселелерді шеше білуге, тапқырлыққа, жаңа
ғылыми ізденіске жетелейді.
Жобалау технологиясының негізінде оқушының
жұппен, топпен бірігіп шығармашылық жұмыстарды орындауы
жатыр, ал бұл ерекшелік оқушының қоғаммен
жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
Пайдаланылған
әдебиеттер
1.
Қосымова Г,Дәулетбекова
Ж,. Қазақ тілі. – Жалпы білім беретін мектептің 5-сыныбына
арналған оқулық- А.,
2016
2.
Кәтенбаева Б.
5-6 кластарда қазақ тілін оқыту// Қазақ тілі мен
әдебиеті, 2004, №5
3.
Кішібаева Д.Ж., Н.Есмұрзаев.
Жаңашыл педагогтардың шығармашылығын оқу-
тәрбие үдерісінде қолдану жолдары. Білім беру және
ғылым: даму көкжиегі. Алматы. – 2010 ж
4.
Шаймарданова Г. Қазақ тілін оқып – үйренудің
мәселелері мен шешу жолдары. Қазақ тілі мен әдебиеті.
2008 ж №12
5.
Бағдарламалар. Қазақ тілі /5-11 сыныптар/. Алматы, 2015ж.