Токсамбаева А.О, Смайлханова М.
Семей
қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік
университеті, Қазақстан, Семей
ЖОҒАРЫ СЫНЫПТАРДА
ПРОЗАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫ ОҚЫТУ
Аннотация
Аталмыш
мақалада жоғары
сыныптарда прозалық шығармаларды оқыту жүйесі
қарастырылып, жаңа технологиялардың түрлері талданады.
Мектеп бағдарламасындағы романдарды оқытуда
қолданылатын әдіс-тәсілдер баяндалады.
Тірек сөздер: прозалық
шығарма, технология, әдіс-тәсіл, оқыту жүйесі.
Аннотация
В данной статье рассматривается система
обучения в старших классах прозаических произведений, анализируются новые виды
технологий. Излагаются методы, используемые при изучении романов в школьной программе.
Ключевые слова: прозаическое произведение, технология, подход, система обучения.
Resume
This article discusses the system of education in high school prose works, discusses the new technologies. Presents the novels in the training school curriculum, methods used.
Keywords: prose work, technology, approach, training system.
Әдебиет методикасы - педагогикалық
ғылымдардың саласына жататын ғылыми пән. Ғалым
А.Көшімбаев «Әдебиет методикасының қамтитын обьектісі,
қарастыратын мәселелері мектепте әдебиетті оқыту
сабағы кезінде мұғалім мен оқушының өзара
қарым-қатынасы болып табылады. Әдебиет методикасы педагогика
сияқты мектеп, оқу-тәрбие мәселелерін тұтас алып
қарастырмай, тек көркем әдебиетті оқып үйрену
негізінде оқушыларға берілетін білім мен тәрбие
мәселелерін өз шеңберінде алып баяндайды»,- деген пікірінде
әдебиет әдістемесінің жалпы педагогика ғылымымен
байланыстылығын аңғаруға болады.
Кез келген пән бойынша берілетін тақырыптар оқушылардың
жас ерекшеліктеріне байланысты, олардың таным мен түсініктеріне,
қабылдау қабілеттері мен дамуына орай өтіледі. Мысалы әдебиет
сабағында ертегілер мен халық ауыз әдебиеттерінің
үлгілері төменгі сыныптарда оқытылса, оқушы
жоғары буынға көшкен кезде тақырыптар да
күрделене береді. 9-11 сыныптарда оқушылар әдебиет пәні
бойынша тарихи тақырыптарда жазылған романдар, философиялық
ойларды түйіндейтін поэмалар, жыраулар поэзиясының түрлі
үлгілері мен лирикалық өлеңдермен танысады.
Оқушыға сол тақырыптардың күрделілігіне
қарамастан түсіндіру қажет және меңгерту
керек-ті. Әрине, ол бірден бір ұстаздың басты жұмысы.
Енді сол мақсатқа жету үшін «мұғалімге
қандай әдіс-тәсілдерді пайдаланып, технологияларды
қолдану керек?»,- деген сұрақ туындайды. Қазіргі кезде
білім беру мазмұнының жаңаруына сәйкес барлығы
дамып жатқандығы бәрімізге аян.
Прозалық
шығармалардан Міржақып
Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы, Жүсіпбек
Аймауытовтың «Ақбілек» романы, Сұлтанмахмұт
Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы ,Бейімбет
Майлиннің «Күлтай болыс» әңгімесі, «Шұғаның
белгісі» повесі бағдарламаға енген.
Поэзиялық
шығармалардан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Туған еліме», «Сарыарқаның
жаңбыры» өлеңдері,
Мағжан Жұмабаевтың «Жазғы
таң», «Толқын», «Туған жер», «Сен сұлу», «Шолпы», «Мені
де өлім, әлдиле» өлеңдері, «Қойлыбайдың
қобызы» поэмасы,
Сәкен Сейфуллиннің «Сыр сандық» өлеңі,
«Көкшетау» поэмасы, Ілияс Жансүгіровтің «Ағынды
менің Ақсуым», «Жетісу суреттері» өлеңдері,
«Құлагер» поэмасы енген.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы әдебиет
бойынша прозалық
шығармалардан Мұхтар
Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы (үзінді), Ғабит
Мүсіреповтің «Оянған өлке», Ғабиден
Мұстафинның «Дауылдан кейін» романы,Мұқан
Иманжановтың «Алғашқы
айлар» повесі, Тахауи Ахтановтың
«Шырағың сөнбесін» романы, Әбдіжәміл
Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы, Зейін
Шашкиннің «Теміртау» романы,
Әзілхан
Нұршайықовтың
«Ақиқат пен аңыз» романы, Зейнолла
Қабдоловтың «Ұшқын», «Жалын» (романдарынан үзінді), Сәкен
Жүнісовтің «Заманай мен
Аманай» повесі, Қабдеш Жұмаділов «Тағдыр» романы, Әбіш
Кекілбаевтың «Үркер» романынан үзінді, Оралхан
Бөкейдің «Қар қызы» повесі берілген.
Драмалық
шығармалардан
М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз»
драмалары берілсе поэзиялық шығармалардан Сәбит
Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасы, Қасым
Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы берілген.
1960-1990
жылдардағы әдебиет бойынша поэзиялық шығармалардан Әбділда Тәжібаевтың «Портреттер» толғау-эссесі, Жұбан
Молдағалиевтың «Мен –
қазақпын» поэмасы, Сырбай Мәуленовтің «Шөңге», «Қаратау», «Торғай
қақпасы», «Ізгілік», «Ілияс» өлеңдері,
Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогі», «Қайран, Қарасазым-ай»
өлеңдері, «Дариға, жүрек» поэмасы, Қадыр Мырза
Әлидің «Домбыра»,
«Бұлбұл бағы», «Ақ отау» өлеңдері,
Мұхтар Шахановтың
«Ғашықтық ғаламаты» өлеңі,
«Танакөз» поэмасы берілген.
Ал
драмалық шығармадан Қалтай Мұхамеджановтың
«Көктөбедегі кездесу» пьесасы бағдарлама бойынша
оқытылады екен.
«Ғылым
мен көркем әдебиет адамды білімді етеді, мәдениетін
көтереді» - деп Демокрит
айтқандай бағдарламаға енген шығармалар дұрыс
таңдалған.
Белгілі
ғалым Рымғали Нұрғали «Қазақтың
жүз романы» деген анықтамалығында Ж.Аймауытовтың
«Ақбілек» романының көркемдік-эстетикалық
ерекшеліктерін саралай келе: «Романда кейіпкерлер, оқиға көп
емес, ықшамдылық, жинақылық, әсіресе драматизм
принциптері ерекше ескерілген. Бір қарекетке қатысып, үзіліп
қалатын кейіпкерлердің өзін жазушы даралап, есте
қалатындай етіп сомдап соғып береді. Кескін, сөз
мақалы, қимыл-қозғалыс - бәрі образ жасауға
аса қажет көркемдік құралдар, персонаждардың
өзін-өзі сипаттауы Жүсіпбек Аймауытов жиі қолданатын
әдеби тәсілдердің бірі. Романның алғашқы
үш бөлімі тиянақты, шебер көмкерілген, үзіліп
қалатын, аяғына жетпеген ситуатция сирек, негізінен, Ақбілек
басындағы психологиялық күйлер реалистік қуатпен
сенімді, дәл беріледі де, төртінші, соңғы бөлімде
публицистиқалық, очерктік сипат бел алған.
Ақбілек-Камила арасындағы ұзақ сыр, оқудағы
жәйттар, зиялылар хикаясы, Балташ-Ақбілек арнасы - бәрі де жалпылама
көрсетіледі. Стильдегі көтеріңкі леп, оқырманға
тікелей тіл қату романның көркемдік қуатына
салқынын тигізген. Жас ғұмырында ақ жүрегіне
балта тиген Ақбілек сынды әйелдің Балташ қатарлас
азамат, өмірлік жар тауып, азаптан туған перзенті - Ескендірін
қайта сүйіп жазушы басқа өмірдің бір белгісі,
мезгіл мінезінің сипаты деген көркем ой тастайды», -деп
романдағы тартыстың өрбу сәттеріне назар аударта отырып
оның жаңа қырларын ашады.
Оқушыларға
осы романның жазылу тарихынан, терең мазмұнынан, биік
идеялық мақсат-мұратынан орнықты білім беріп,
көзқарасын қалыптастырамыз. Жүсіпбек Аймауытовтың
«Ақбілек» романына шолу жасау арқылы шығарманың идеясы
мен тақырыбын ашу, жастарды ұлтжандылыққа,
өмірді, өнерді сүйе білуге, қиындықпен
күресе білуге, білімділікке баулу біздің мақсатымыз.
Шығармадағы кейіпкер бейнесін ашуға, шығарма желісіне
арқау болған тарихи оқиға шындығын
ұғынуға ой-түйін
жасату үшін еркін пікір
қалыптастыру қажет. Аталмыш романды оқушыларға
оқыту барысында түрлі тәсілдерді пайдалануға болады.
Оқушыларды топқа бөліп, сол кездегі теңсіздікті
қарастыра отырып дебат ұйымдастыруға болады. Романда орын
алатын кейіпкерлердің мінездеріне, жасаған қимыл,
іс-әрекеттеріне суреттеулер жүргізу арқылы
оқушыға жағымды және жағымсыз
тұлғаларды анықтатуға мүмкіндік беруімізге
болады. Бас кейіпкер қыздың тағдырын тарихи
оқиғалармен байланыстырып, пәнаралық байланыс
жасауға тұп-тура негіз бар. Ақтар мен қызылдар
арасындағы соғыс кезін тарихтан суреттеп келіп, интербелсенді
тақта арқылы бейнефильмдер көрсетудің нәтижесінде
оқушының өзі-ақ сараптама жасап алады.
11-
сынып бағдарламасында Ұлы Отан соғысы жылдарындағы
әдебиет бойынша прозалық
шығармалардан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы»
роман-эпопеясы (үзінді), Ғабит Мүсіреповтің
«Оянған өлке», Ғабиден Мұстафинның «Дауылдан
кейін» романы, Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесі
оқытылады. Енді осы Мұқан Иманжановтың «Алғашқы айлар» повесіне
тоқталайық.
«Алғашқы
айлар» повесіндегі басты тұлға – Жақыпбек мектеп
мұғалімі қандай болу керек деген талапқа жауап
бергендей. Жақыпбек оқушылардың әрқайсысымен
жақындасып, бала мен мұғалім арасындағы
сенімсіздіктің жігін жойып, тіл табыса білу қияңқы
баланы тәрбиелеуде бірден-бір дұрыс жол екенін дәлелдейді.
Рас, бала жүрегіне жол табу оңай емес, Жақыпбек осы жолда
табандылықпен күресіп, мақсатына жетеді. Жазушы
Жақыпбекті балалардың жақсы көріп, үйір
болуының себебін ашады. Ол бала табиғатына тән,
әр нәрсені білсем деген құштарлық мінезін
қолдап, оқушыларды колхоз шарушылығымен де етене
жақындатып, көп мағлұмат береді. Немесе
экскурсияға апару секілді қызықты жұмыстар
жүргізеді.
Жазушы
баланы еңбекке баулып өсіруді тәрбиенің басты шарты деп
қарайды. Мектеп білім беруді ғана мақсат етпей, ата-анамен
ынтымақтасып, қайткенде нағыз азамат тәрбиелеп
өсіреміз деген мақсатты алына қою керек. Осы ойын кейін бір
жас талапкерге жолдаған хатында Мұқан: «Біз балаларды
оқы деп қана үгіттей бермей, еңбек етте, өмірді біл, колхоз
шаруашылығын сүй дегенді де құлақтарына
сіңіріп, қажетті жерінде дәріптеп отырумыз керек», - дейді.
Міне,
«Алғашқы айлар» повесінде осы идеяны негізгі нысана етіп
ұстайды жазушы. Уақыт тынысын әрдайым қадағалап,
тамыршыдай тап басып отырған жазушы қоғамның даму процесін, болашағын сол
кезеңнің биігінен қарап бағалайды. Берілген
шығарманы оқушыға түсіндіру барысында қазіргі
кездегі мұғалім мен оқушы образдарын суреттей келе
Жақыпбектің образын ашуымызға болады. Сын
тұрғысынан ойлау технологиясын пайдалану арқылы
оқушылардың ойларын жеке-жеке біліп алуымызға мүмкіндік
туады. Немесе оқушыға «кейс» әдісін пайдалану арқылы
оған жай ғана ой тастауға болады. Жалпы «кейс»
сөзінің өзі проблемалық тапсырмаларды ашуға
негізделген болып есептелінеді.
Сын
тұрғысынан ойлау бағдарламасы қызығушылықты
ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерінен түзіледі.
Үйрену үдерісі – бұрынғы білетін және жаңа
білімді ұштастырудан тұрады. Үйренуші жаңа
ұғымдарды, түсініктерді, өзінің
бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады,
кеңейте түседі.Сондықтан да сабақ
қарастырғалы тұрған мәселе жайлы оқушы не
біледі, не айта алатындығын анықтаудан басталады. Осы арқылы
ойды қозғату жүзеге асады. Осы кезеңге қызмет
ететін «Топтау», «Түртіп алу», «Ойлану», «Болжау», «Әлемді шарлау»,
т.б әдістер (стратегиялар) жинақталған. Қызығушылықты
ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушілік
белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену – енжарлықтан
гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз.Оқушы
өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады,
көршісімен бөліседі, тобында талқылайды. Яғни, айту,
бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады. Осылайша
шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды.
Оқушы бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап,
оны байырғы біліммен ұштастырады. Мысалы М.Әуезовтің
«Абай жолы» романы. Оқушы мектеп табалдырығынан
бұрын-ақ Абаймен таныс болады және кем дегенде бір
шумақ өлеңін жатқа біледі. Бастауыштағы
және 5-8 сынып аралықтарында өткен Абайдың
өлеңдерін немесе қара сөздерін еске түсіру
арқылы осы тәсілдерді пайдалануға болады. Ал білмейтін
тұстарын ұстазы айтқан кезде түртіп алуға негіз
бар. Жоғары сыныптарда бір тақырыптың өзі бірнеше
сағатқа берілгеннен кейін алдымен сол кейіпкердің
өмірімен танысу алға қойылады да, ары қарай
композициялық құрылымға негізделеді.
Ойлау
мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның
екінші кезеңі – мағынаны тану (түсіне білу). Бұл
кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады,
тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды.Оның
өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай
жасалады. Оқушылардың тақырып бойынша жұмыс жасауына
көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі – INSERT. Ол
бойынша оқушыға оқу, тақырыппен танысу барысында V –
«білемін», - «мен үшін түсініксіз», + «мен үшін жаңа
ақпарат», ? – «мені таң қалдырады» белгілерін қойып
отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге,
өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін
ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына
тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну
– күрделі жұмыс. Сондықтан да оқушылар арасында
оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне аламау,
өмірмен ұштастыра алмау кездеседі. Мағынаны түсінуді
осылай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың
бірден-бір кепілі. 9-сыныпты алып қарасақ толығымен жыраулар
поэзиясын оқытады, хандық дәуір қаралады. Асан
қайғы, Доспамбет, Бұқар, Жиембет, Шалкиіз,
Қазтуған жыраулардың шығармаларын талдау кезінде сын
тұрғысынан оқытудың элементтерін пайдалануға
әбден болады.
Еліміздің
алдында тұрған басты мүдде- өркениетті, қуатты
елу елдің қатарына қосылуға қол жеткізу. Ол
үшін, ең алдымен, білімді жетілдірудің тәуелсіз
жүйесін құру және оқушылардың
біліктіліктерін арттыру, әлемдік білім кеңістігінен орын алумен де
өлшенеді. Бүгінгі таңдағы көкейкесті бұл
мәселе оқытудың инновациялық технологияларын пайдалану
арқылы білім сапасын арттыру, оқу үрдісін жетілдіру, білім
мазмұнын жаңарту, жан-жақты дамыған рухани жан
дүниесі бай жеке тұлғаны қалыптастыру, тәрбиелеу
ісімен тығыз байланысты. Біз ұстаз ретінде тіліміздің
құдіретін, көркемдігін, әдебиетіміздегі ұлы
тұлғалар қалдырған жазбаларын бала жүрегіне
жеткізіп, әдебиетке деген құштарлықтарын, сезімін
оятып, жан жүрегіне әсер етіп, сүйіспеншілігін тудырып,
оған тәнті етуге және шығармашылық
қабілеттерін арттыруға жол ашуымыз керек.