Сыбанбаев  Қ.У. 

философия ғылымдарының  кандидаты, доцент

 

ФИЛОСОФИЯ ТАРИХЫНДАҒЫ  ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ  МӘСЕЛЕСІ

  Қазіргі  біздің қоғамымыздың саяси, экономикалық және әлеуметтік  саласында болып жатқан  өзгерістер және қоғамдық өмірді жан-жақты жаңарту үрдістері  шығармашылық  проблемасын  бірінші  орынға  шығаруда.   Өзіндік ойлау, мәселені шешу, іс-әрекетке шығармашылық тұрғыдан келу  еліміздің әрбір адамының ең қажетті сұранымына айналуда.

Шығармашылық – аса  күрделі проблема. Философияда шығармашылық  төңірегінде  әртүрлі пікірлер, көзқарастар бар.  Шығармашылықтың көрініс беруі көпжақты:  бұл – материалдық өндіріс, саясат, идеология, ғылым, өнер т.б. Мұның  өзі бұл мәселенің аса  күрделі,  көп салалы екенін білдіреді.  Шығармашылық үрдісте  адамның мәндік сипаты, оның дүниетанымдық  табиғаты, қоғамды дамытудағы өзгертушілік іс-әрекеттік ролі терең ашылады.  Сондықтан қазіргі кезеңде адамның белсенділік ролі қоғамдық өмірдің барлық саласында басты орынға шығуда.

Шығармашылықты зерттеуге  деген қызығушылықты  - қазіргі кезеңде елімізді индустриальды дамыту  мақсатында,  адамзат алдында шешімін күтіп тұрған  міндеттердің кеңеюі және күрделене түсуі талап етуде. Сондықтанда  бүгінгі уақытта шығармашылық проблемасымен әртүрлі ғылымдардың өкілдері:  психологтар, физиологтар, кибернетиктер, педагогтар т.б.   Мұның өзі қазіргі қоғамдық дамудың  шығармашылық орны мен ролін  талдауға  үлкен сұраныстың  бар екендігін көрсетеді.

Шығармашылықты философиялық  тұрғыдан  зерттеудің   ерекшелігі қандай? Кеңестік дәуірде философиялық әдебиеттерде жеке - ғылымдар зерттеулері үшін диалектика-материалистік методологиясы болып табылатын шығармашылықтың жалпы теориясын жасау тенденциясы қалыптасқан болатын.  Психологтардың пайымдауынша, шығармашылық проблемасы бойынша  зерттеу нәтижелерін  қорытындалауда интеграциялау функциясын психология ғылымы атқарады.  Олар ғылыми - техникалық, көркем шығармашылық салаларындағы психологиялық факторлардың әлеуметтік  себеп-салдарын өз ретімен   зерттейді.

Давыдова Г.А.  шығармашылықты философиялық зерттеудің шешімі қазіргі қоғамдық дамудың шығармашылық проблемасын тек психологиялық тұрғыдан қараудың дұрыс емес екендігін, тек интуициямен, көркем фантазиямен, елестетумен шектелетінін атап көрсетеді. Мұнда шығармашылық  іс-әрекеттік бір түрі ретінде немесе адамның жеке, өзіне тән көрінісі ретінде қарастырылады. Соған сәйкес шығармашылық проблемасы психологиялық және эстетикалық  іздестіру шеңберінде талқыланады. Ал, оның философиялық ойластыруы абстракты-психологиялық  немесе гносеологиялық талдау  деңгейінде шектеледі. [1].  Әрине, мұндай көзқараспен толық келісуге болады.  Осындай зерттеулерде шығармашылық проблемасының философиялық мәні толық ашылмайды. Шығармашылық табиғатын талдауға философиялық тұрғыдан келудің арнайы – ғылыми зерттеулерден айырмашылығы адам және әлем өзара қатынасы жүйесіндегі оның орны мен мүмкіндігін  айқындауды талап етеді. Философия шығармашылықты адамның мәндік сипаты ретінде қарастыруды көздейді. Өйткені, адам сол шығармашылық үрдісінде өзін адам, тұлға ретінде қалыптастырып дамытады.  Танымда шығармашылық көпқырлы құбылыс ретінде көрініс береді. Одан мынадай әртүрлі аспектілерді, атап айтқанда, шығармашылық үрдіс, шығармашылық  қабілет, шығармашылық жағдай, шығармашылық тұлға т.б.  шығаруға болады. [2].

Сондықтан, шығармашылықты философиялық талдауды әртүрлі ғылымдардың білімінің жиынтығынан шығаруға болмайды және сонымен қатар, әлеуметтік – психологиялық белгілері арқылы ашылатын эмпирикалық феномен ретінде де қарауға болмайды. Өйткені, шығармашылық адамның туа біткен мәнінің сипаты ретінде көрінеді. Шығармашылықты философиялық талдаудың негізгі, шығатын формасы материалды, заттық – практикалық іс-әрекет. Адам табиғи және әлеуметтік әлемді нақты өзгерту арқылы өзін қалыптастырып, дамытады.

Маркстік іс-әрекет теориясы тұрғысынан  адам қоғамдық өмір сүруші ретінде дүниені өзінің мақсатына қарай өзгерте отырып, сонымен бірге, осы өзгерту барысында өзін – өзі қалыптастырады. Шығармашылықты оның тарихи өлшемінде қарастыру қажет.  Адамның шығармашылық табиғаты  мәдениет әлеміне енген. Адамзаттық шындықты жасауға  іске асырылған. Осы шындықтың өмір сүру тәсілі белгілі тарихи әлеуметтік нақтылықты шығару болып табылады. 

Қазіргі заманғы философиялық әдебиеттерде шығармашылық проблемасын зерттеуде әртүрлі көзқарастар  бар.  Бұл проблеманы зерттеудің көпжақтылығымен қоса зерттеушілерден оны түрлі аспектілермен қарастыруды талап етеді.   Зерттеушілердің арасында шығармашылық проблемасы бойынша шығармашылыққа анықтама беру, жаңалық туралы мәселе, оның негізгі көрсеткіші т.б. туралы пікірталастар айтылып келеді.  Философтардан зерттеу объектілерін жан-жақтылық тұрғыдан қарастыруды талап етеді. Шығармашылық мәнін ашуға көптеген философтар сонау  көне антика заманынан бастап  ұмтылыс жасаған.  Философиялық идеализм шығармашылық  сананың немесе Әлемдік ақыл-ойдың, Абсолютті идеяның  нәтижесі  деп санаған.

Ежелгі философтар шығармашылық туралы бірқатар қызықты пайымдаулар, жорамалдар айтқан. Шығармашылық проблемасын қоюда және шешуге алғы шарт жасауда неміс классикалық философиясының өкілдері ат салысты. Шығармашылық үрдісіндегі  саналылық пен бейсаналылық бірлігі туралы мәселені Кант, Шеллинг көтеріп, шығармашылықты адам іс-әрекетінің жоғары формасы деп санады. Жаңа білімді  адамның іс-әрекетінің нәтижесі ретінде қарастыра отырып, И.Кант шығармашылық үрдісінің структуралық компоненті туралы ойларды өзгертеді. Шығармашылық іс-әрекеттің субъектісі мен объектісі, оның сипаты, шығармашылық нәтижесі мәселелерін теориялық тұрғыдан  жаңғартады. [3].

Шығармашылық іс-әрекеттің ерекшелігіне тоқтала отырып, Кант  шығармашылық белсенділіктің принципиалды жаңа түрін – тани алатын және әрекет жасайтын адам белсенділігін табады. Жаңа білім, Канттың айтуынша, еркін өзіндік іс-әрекеттің  барысында күтпеген жерден туындайды.  Оның пәні  іс-әрекеттің және оның субъектісінің өзгеруі. Канттан бастап субъектінің өзіндік белсенділігі принципі шығармашылық диалектикасын түсінудің өзегіне айналады.

Фихтенің айтуынша, шығармашылық  үрдістің бастапқы мәні және негізгі мазмұны  абсолютті субъекттің  өзінің болмысын өзіне сену актісі болып табылады. « Мен – өзімнің ойлауымда таза Меннен бастауым және оны  абсолютті  өздігінен өмір сүретін нәрсе деп ойлауым керек » [4]. Бұлай ойлаудың рационалды мәні, Фихте абсолютті шығармашылықты іс-әрекеттегі субъектінің өзіндік дамуы, өзіндік өрістеу үрдісі ретінде ашады.    Іс-әрекеттік принципті шығармашылық  үрдістің механизмін зерттеуге қолдану  оған шығармашылық    субъектіні өзінің  жеке іс-әрекетінің жемісі және нәтижесі деп шешуіне алып келді.

Шеллинг ілімінің  шығу көзі шығармашылық өзіндік әрекеттің және оның субъектісінің тарихи даму, қалыптасу идеясы.    Шеллинг қоршаған әлемді жасаған шығармашылық субъект әрекеті тарихының идеалистік моделін  шығарды. Шығармашылық проблемасы  іс-әрекет формаларының  тарихи дамуында зерттеу  контекстінде  қойылып шешіледі. Абстракты тарихилық принципі жетекші болады, ал, өзіндік сана тарихы Шеллинг философиясындағы барлық категориялар жүйесін шығаратын негізді құрайды. 

Гегель Г. шығармашылық өзіндік әрекет идеясына  жалпылық және универсальдық статус  береді. Гегель жүйесі шығармашылық іс-әрекет даму тарихын, логикасын және феноменологиясын қамтиды. Гегель алғаш рет шығармашылық өзіндік іс-әрекеттің субстанциональды негізін ашады. Ол өзіндік іс-әрекеттің мәнін рухани-практикалық іс-әрекеттің және мәдениеттің формасында көрінетін шығармашылық субъектісінің қалыптасу үрдісі ретінде ашады. [5].

Шығармашылық үрдістің логикасын, оның ішкі механизін талдау Гегельдің  «Логика ғылымы»  атты еңбегінде қарастырылады. Шығармашылық өзіндік іс-әрекеттің мәнін ашу тәсілі ретінде  абстрактіліктен нақтылыққа өту әдісі қолданылады. Шығармашылық  үрдісі субъектінің абстракті анықтамадан нақты мәндік дамуға өту жолында ашылады. Осы кезеңдік үрдіс – жаңа білімді шығару үрдісі болып табылады.

Шығармашылық туралы теориялық ойлардың дамуының жаңа кезеңі  Фейербахтың антропологиялық материализмімен байланысты болды. Фейербах шығармашылықты адамның күнделікті өмірімен байланыстыруға, оның гуманистік шығармашылық мәнін табуға тырысты. Шығармашылықты өмірден толығымен көрінісін тарату Фейербахтың теориялық зерттеуінің негізгі тенденциясы. Шығармашылық өзіндік іс-әрекеттің  субстанционалды негізін ашуда Фейербах шығармашылық проблемасын жаңаша қояды.

 Шығармашылық белсенділіктің қайнар көзін Фейербах адамның туа біткен өмірлік іс-әрекетінің сипатынан көреді. Туа біткен қасиетті  әмбебапты, шығармашылық ретінде түсінеді. Дүниенің жалпыға ортақ, әмбебапты сипатта болуы, Фейербахтың ойынша, адамға априорлы берілген емес, адамдарды бір-бірімен байланыстыратын қатынастар арқылы болған.

 Адамның өзіндік жетілу үрдісінің мәнін аша отырып, Фейербах адамды шығармашылықтың субъектісі ретінде зерттей бастайды. Бұл проблеманы қарастыруда  адамның мәндік күші концепциясын жасау ерекше орын алады. Адамның шығармашылық іс-әрекетте өзін – өзі жасау үрдісі Фейербахта адамның барлық мәндік күшінің жан-жақты ашылуы ретінде шешіледі. Күш адамның шығармашылық куатының сипаты ретінде өзін іске асыруға, шындықта көрсетуге ұмтылады. «Барлық күш пен мән тікелей өзін - өзі бекітеді» [6]. Осылайша, шығармашылық өзіндік  іс-әрекеттің негізгі мазмұны, Фейербахтың көзқарасы бойынша,  адамның барлық мәндік күштерімен оның толық дамуы болып табылады.

Жалпы, қорыта  айтқагда, неміс классикалық философиясының сіңірген еңбегі жаңа білімнің шығуын адамның іс-әрекетін талдау контекстінде қарастырды. Табиғи және әлеуметтік құбылыстармен қатар шығармашылық үрдісіне іс-әрекеттік тұрғыдан келумен ерекшеленді. Шығармашылық мәнін неміс ойшылдары  рухани-практикалық өзіндік іс-әрекет ретінде, адам дамуымен органикалық байланыста  анықтады. Шығармашылық  механизмі рухани-практикалық   іс-әрекет механизмі ретінде, ал, оның қарама-қайшылығы – шығармашылықтың өзіндік дамуының ішкі қайнар көзі ретінде пайымдалды.

                

 

 

                                Қолданылған әдебиеттер:

 

1. Давыдова Г.А. Творчество и диалектика. – М.: Наука, 1986. – С.13.

2. Қараңыз:   Коршунова Л.С. Воображение и его роль в понимании. –М.: Изд-во МГУ, 1989. – С. 91.

3. Кант И. Соч., В 6-ти т. – М., 1986. – С. 316.

4. Фихте И.Г. Избр. Соч., - М., 1986. – С. 456.

5. Гегель Г.В. Энциклопедия философских наук. – М., 1984, Т.1. – С.414.

6. Фейербах Л.  Избр. филос. произв. – М., 1974. Т.1. – С.126.