Право/13. Международное
право
Магистрант II курса Кайриева А.А.
Университет КазГЮУ, Казахстан
Қолданбалы
құқықтың әрекетін шектеу тәсілі – жария тәртіп туралы ескерту
Қазіргі таңда мемлекеттер арасындағы
құқықтық, әлеуметтік, экономикалық
қарым-қатынастың дамуы нәтижесінде, бір
мемлекеттің территориясында екінші бір мемлекеттің
құқығын қолдану қажеттілігі туындап жатады.
Шетел элементімен күрделенген қарым-қатынастарды реттеуде
шетел құқық нормаларының қолданылуы
мемлекеттің егемендігін бұзу болып саналмайды. Себебі, мұндай
қолдану мемлекеттің заңнамасында келесідей көрініс
табады: а) коллизиялық норма шетел құқығына
сілтеме жасауы мүмкін; б) халықаралық шарт нормалары; в) құқықтық
қарым-қатынаста тараптардың қолданбалы
құқық ретінде шетел құқығын
таңдауы.
Алайда, барлық дерлік мемлекеттердің
заңнамаларында шетел құқық нормаларының
әрекетін шектейтін нормалар бекітілген. Сондай шектеулердің бірі –
жария тәртіп туралы ескерту.
Жария тәртіптің мазмұны мен пәні туралы әр
мемлекеттің заңы, әр автордың көзқарасы
әр түрлі. Көптеген мемлекеттердің
құқығы, сонымен қатар халықаралық
шарт нормалары жария тәртіпке жалпы, абстрактілі ұғым береді.
Мұндай тәсіл Греция, Ресей, Венгрия заңнамаларында
көрініс тапқан. Ал, Аргентинаның Азаматтық
кодексінің 14 бабында шетел мемлекетінің нормалары
қолданылмайтын жағдайлар көрсетілген: 1) норма жария
тәртіпке қарсы келсе; 2) оны қолдану азаматтық
кодекстің негізіне қайшы келсе; 3) қандай да бір
артықшылықтарды беретін заңдар туралы болса; 4) шарттың
заңи күшіне қатысты сұрақта шетел
мемлекетінің қолданбалы құқығынан
аргентиналық құқық қолайлырақ болса
[1, 237-238 б.].
П.Манчини жария тәртіп туралы ескертуді халықаралық жеке
құқық үшін шектеу ретінде емес, оның
негізгі қағидаларының бірі ретінде қарастыруды
ұсынды. Манчинидің бұл теориясы 1865 жылғы
Итальяның азаматтық кодексінде көрініс тапқан
және Францияның, Бельгияның және т.б.
мемлекеттердің халықаралық жеке құқық
бойынша доктриналарының қалыптасуына әсер етті [2, 26 б.].
Л.П. Ануфриева жария тәртіп туралы ескертуді шетел
құқық тәртібінің және
коллизиялық норма әрекетінің табиғи шектеушісі деп
атайды. Автор Наполеон Кодексінің 6 бабының ережелері, -
«Қоғамдық тәртіп пен әдет-ғұрыпқа
қатысты заң әрекеттерін жеке келісімдермен шектеуге
болмайды», халықаралық жеке құқықтағы
жария тәртіп туралы ескертуге, шетел элементімен күрделенген
қарым-қатынастарға уақыт өте келе тарай бастады
деп жазады [3, 219 б.].
М.М. Богуславский жария тәртіптің
көптеген мемлекеттер доктриналары мен сот тәжірибелерінде
белгісіздігін атап отыр [4, 105 б.]. Г.К. Дмитриева коллизиялық
норманың әрекетін белгісіздікке беттеуін салыстыра отырып,
халықаралық сипаттағы жеке
құқықтық қарым-қатынастарды
құқықтық реттеу механизмінде жария тәртіп
туралы ескертудің маңызды рөлін көрсетеді.
Қалыңдыққа құн төлеу міндеті, ер
адамның көпнекелікке кіру
құқығы, әйел адамға жаңа некеге
тұру құқығын белгілі бір мерзім өткенше
тыйым салу сияқты нормалар, сот мемлекетінің
құқықтық тәртібіне қарсы келетін
шетел заңнамаларының нормалары тудыратын салдарды алдын алу
қажеттілігін тудырады. Г.К. Дмитриева ескертудің екі түрін
келтіреді: позитивті, - мемлекеттің
құқықтық жүйесінің кейбір нормалары
ерекше маңыздылыққа ие; бұл нормалар тіпті отандық
коллизиялық норма шетел
құқығына сілтеме жасап тұрса да, осы
мемлекеттің қоғамдық және дәстүрлі
қағидаларын қорғауда
қолданылады. Негативті ескерту шетел
құқығының мазмұнынан көрініс табады:
шетел құқығының отандық коллизиялық
норманың қолданылуы мемлекеттің жария тәртібімен
сәйкессіздігіне байланысты қолданыла алмайды. Мысалы,
Ресейдің құқықтық тәртібінің
негізі ретінде келесідей элементтерді қарастыруға болады: 1)
құқықтың негізгі қалаушы
қағидалары; 2) әдет-ғұрыптың жалпы
қалыптасқан қағидалары; 3) мемлекеттің негізгі
мақсаты болып табылатын отандық тұлғалардың
мүдделері; 4) халықаралық құқықтың
танылған нормалары мен қағидалары [5, 159-162 б.].
В.Л. Толстых жария тәртіп мазмұнының
кешенділігін әр түрлі салада ашып көрсетеді. Жария
тәртіп – құқықтың өзі сияқты
аса күрделі және кешенді категория болып табылады, ол мемлекеттік
және моральдық мүдделерді қорғайды,
азаматтық қоғамды және т.б. құруға
септігін тигізеді. Қоғам мен мемлекет әралуан негізде
құрылады, олардың аса маңыздысы жария тәртіп
туралы ескертумен қорғалады. Халықарылық жеке
құқық саласында әсер ете отырып, жария
тәртіп – азаматтық, отбасылық және мұрагерлік
құқық қағидалары мен негізгі
құндылықтарын өз бойына сіңіреді. Азаматтық
құқық саласында бұл – шарт бостандығы,
азаматтық құқық субъектілерінің
теңдігі, меншікке қол сұқпаушылық және
т.с.с. Отбасылық құқық саласында ол – неке бостандығы,
жұбайлардың теңдігі, балалардың мүддесін
қорғау және т.с.с. Мұрагерлік
құқық саласында – заң бойынша
мұрагерлердің белгілі-бір құқықтарын
мойындау, мұрагерліктің кезектілігі, мұрагердің еркін
сыйлау және т.с.с [6, 313-314 б.].
Жоғарыда аталған салалардағы
қарым-қатынастар шетел элементімен күрделенген жадайда,
басқа мемлекеттердей Қазақстан Республикасы да осы
қатынастарды қорғауда жария тәртіп туралы ескертуді
қолдануды көздейді. Бұл норма Қазақстан
Республикасының Азаматтық кодексінің 1090 бабының 1
тармағында көрініс тапқан: «Шетел
құқығы оны қолдану Қазақстан
Республикасы құқықтық тәртібінің
негіздеріне (Қазақстан Республикасының жария тәртібіне)
қайшы келерлік жағдайларда қолданылмайды. Бұл
жағдайларда Қазақстан Республикасының
құқығы қолданылады» [7].
Осылайша, жария тәртіп туралы ескертуді шетел
мемлекеттерінің заңдарын қолдануды шектейтін немесе осы
мемлекетте белгіленген жария тәртіпке қарсы келетін шетел
мемлекетінің құқық нормасын шектейтін
қорғаушы құрал ретінде қарастыруымызға
болады.
Жоғарыда көрсетілген анықтама
толықтыруды қажет етеді деп есептейміз. Себебі,
құқықтық тәртіп негіздеріне не жататыны
анық емес. Бұл өз кезегінде норманы бұрмалауға,
белгілі бір пайданы көздеу мақсатында қолдануға
әкеліп соғуы мүмкін.
Жалпы мемлекетермен жария тәртіпке берілген
анықтаманың анықсыздығы оны қолдануда
күмән тудырады. Сондықтан, қолданбалы
құқықтың орнына мемлекет үшін маңызды
мүдделерді қорғауда қолданылатын бұл шектеу
түрінің мазмұның толықтыру қажет.
Сонымен, жария тәртіп туралы екерту - сот мемлекетінің
құқықтық тәртіп негізіне шетел
құқығын қолдану қарсы келген
жағдайда, соттың өзінің материалдық
құқығын қолдануға негіздеме.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Бендевский Т. Международное частное право. М.: Статут, 2005. 351 с.
2. Кудашкин
В.В. актуальные вопросы международного частного права. М., Волтерс Клувер,
2004. 140 с.
3. Ануфриева Л.П. Международное частное право. Учебник. М.,
Издательство БЕК, 2002. 415 с.
4. Богуславский М.М. Международное частное право: Учебник.
М.: Юристъ, 2004. 250 с.
5. Дмитриева Г.К. Оговорка о публичном порядке //
Международнео частное право: Учебник /
отв. ред. Г.К. Дмиртиева. 2-е изд., перераб. И доп. М.: ТК Велби, Изд-во
Проспект, 2008. 315 с.
6. В.Л.
Толстых, международное частное право: коллизионное регулирование.
Санкт-Петербург Издательство Р.Асланова «Юридический цент Пресс» 2004. 402 с.
7.
Қазақстан
Республикасының Азаматтық кодексі (ерекше бөлім), 1 шілде
1999