Право/6.Борьба с экономическими преступлениями.
Саркенов Д., магистрант
Қазтұтынуодағы Қарағанды
экономикалық университеті, Қазақстан
ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНТРАБАНДА ҚЫЛМЫСЫНЫҢ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ
ҚАУІПСІЗДІК КӨРСЕТКІШТЕРІНЕ ТИГІЗЕТІН ӘСЕРІ
Қазақстан
Республикасының егемендік алуы одақтас елдер спектрін
кеңейтіп алыс жақын шетелдермен және дамыған елдер мен
дамушы елдердің көбісімен экономикалық байланыстарды
құруға, бұрынғы жақтастарымен
экономикалық құқықтық қатынастарды
өзгертуге, халықаралық нарықтық интеграциялау жолында
одан әрі даму
мүмкіндіктерін нығайтты.
Сыртқы экономикалық қызметтегі өрлеу осы саладағы
мемлекеттің монополиядан бас тартып, кәсіпорындар, фирма мен жеке тұлғаларға
шетелдік серіктерімен бәсекелік
негіздегі қатынастарға еркін түсуге мүмкіндік
берді.
Еліміздегі сыртқы экономикалық қатынастарды либерализациялау
процесі мемлекеттің бұл
салада монополиясын қысқартты, заңды және жеке
тұлғаларға еркін түрде халықаралық
қатынастарға түсуге мүмкіншілік берді. Алайда,
Қазақстандағы жаңа экономикалық байланыстар, жаңа
қылмыстардың болуын тудырып, жаңа сыртқы
экономикалық қатынастарға өту тәжірибесі
өзінің жағымсыз жақтарын да көрсетті. Соның
ішіндегі ең қауіптісі Қазақстанның
экономикалық, ұлттық, әлеуметтік қауіпсіздігіне
үлкен зиян келтіретін қылмыс - контрабанда өріс алды.
Контрабанда глобальді, әлемде бірнеше мың жылдықтар
бұрын пайда болған және жыл сайын дамып келе жатқан улы
қылмыс.
Контрабанданың
өсуі мен ол үшін жауапкершілікті жоғарлату қажеттілігіне
байланысты Қазақстан Республика Президентінің
«Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне
өзгертулер мен толықтыруларды енгізу туралы» 17.03.1995 жылғы
заң күші бар жарлығымен Қылмыстың кодекстің
64 бабының жаңа басылымы енгізілді. Онда контрабанда түсінігін
ашуда «кедендік шекара» ұғымы пайдаланылды. Сонымен қатар,
контрабанданың саралаушы белгілерінде де біршама өзгерістер
болды [1,б.45].
1997 жылдың
16-шілдесінде қабылданған және 1998 жылдың
1-қаңтарында күшіне енген жаңа Қылмыстық
кодекс контрабанданың екі түрін бекітті: 209 бап
экономикалық контрабанда және
250 бап айналымы
шектелген немесе айналымнан алынған заттар есірткі контрабандасы.
Экономикалық контрабанда «Экономикалық қызмет саласындағы
қылмыстар» 7-тарауында, ал айналымы шектелген немесе айналымнан
алынған заттардың контрабандасы «Қоғамдық
қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қарсы
қылмыстар» 9- тарауында қарастырылған.
«Контрабанда»
сөзі итальян тілінен шығып қазіргі тілдердің
көбісіне енді (contra) қарсы және (banda) үкімет
жарлығы дегенді білдіреді. Ол өзіне мемлекеттің заңдары
мен үкімет жарлықтарын бұзу түсініктерін енгізді.
Сонымен, контрабанда - сөзі мемлекеттік шекарадан заңмен шек
қойылған товарларды немесе өзге заттарды жасырын
өткізуді білдіреді.
Жоғарыда
айтқанымыздай контрабанда ең көп таралған және
қоғамдық қауіпті қылмыс болып табылады.
Қазақстан
Республикасының шекарасынан кедендік бақылаудан жасыру жолымен
немесе алдамшы құжаттарды пайдаланумен немесе кедендік
идентификация құралдарын алдамшы жолмен пайдаланумен немесе белгілі
құралдарды, заттарды, товарларды жеткіліксіз жариялау арқылы
ірі көлемдегі товарлар мен басқа бұйымдарды алып өту
контрабанда деп аталады.
Олар мынандай тауарлар
мен бұйымдар:
- есірткі заттары;
- психотроптық,
күшті әсер етуші, улы, естен тандырушы заттар;
- радиоактивті немесе
жарылғыш заттар;
- жарғыш
қондырғылар, ататын қарулар немесе оқ-дәрілер,
жаппай қырып-жоятын ядролық қарулар;
- химиялық,
биологиялық және басқа қару түрлері;
- қырып-жою
құралдарын жасауда қолданылатын материалдар мен
жабдықтар, сол сияқты Қазақстан Республикасының
кеден шекарасынан өткізуге арнайы рұқсат етілмеген тауарлар.
Қазақстан
Республикасында контрабанда үшін Қазақстан Республикасы
қылмыстық Кодексінің 209 бабына сәйкес
қылмыстық жауапкершілікке белгіленген. Қазақстан
Республикасының кеден шекарасы арқылы товарларды заңсыз
жолмен алып өту барысында сыртқы экономикалық қызметті
реттеудің мелекеттік тәртібі бұзылады, ал жекелеген товарлар
мен бұйымдардың тобы бойынша
оларды шекарадан өткізудің арнайы тәртібіне
нұқсан келеді.
Контрабандаға
байланысты қылмыстар бойынша мынандай зиян келеді немесе қатер
туады:
- Экономикалық
қауіпсіздікке (стратегиялық маңызды шикізат товарларын
заңсыз алып өткенде);
-Қоғамдық
қауіпсіздікке (есірткі заттарын, психотроптық және басқа
заттарды, атылатын қаруларды және т.б. заңсыз жолмен алып
өткенде);
- Мәдениет
мүдделеріне (мәдени байлықтар).
Мәселен,
КСРО-ның құлдырауынан кейін ТМД елдерінің шекараларынан
әлемдік нарыққа үлкен көлемде
контрабандалық тауардың, түсті металдар, мұнай
шикізаты, бидай, қару-жарақ, атомдық заттардың
бөлшектерінің заңсыз
өтуіне алып келді. Бұл біздің мемлекетіміз үшін
контрабанданың, соның ішінде
экономикалық контрабанданың аса өзектілігін туғызып
отыр. Себебі
экономикалық контрабанда мемлекет экономикасын
тұрақсыздандырады, еліміздегі реформалардың өтуін
баяулатады, лауазымды тұлғаларды заңсыз әрекеттерге
итермелейді.
Бүгінгі
күні экономикалық контрабанданың объектісіне қатысты
ғалымдардын әр түрлі пікірлері қалыптасқан.
Мәселен, профессор А.Н, Ағыбаевтың пайымдауынша,
экономикалық контрабанданың тікелей объектісі кеден шекарасынан
өткізілетін тауарлар мен өзге заттарды (ҚР ҚК-нің
250-бабында көрсетілгендерді қоспағанда) реттейтін
қоғамдық қатынастар. Ал Е. Алаухановтың
көзқарасынша, негізгі тікелей объектісі - мемлекеттің
қаржылық қызметі, қосымша объектісі -
Қазақстан Республикасының кедендік шекарасын кесіп өту
ережесі, факультативтік объектісіне контрабанданың затына және
субъектісіне қатысты қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік органдардың
қызметі, Қазақстан Республикасының саяси мүддесі,
Қазақстан халқының денсаулығы, тарихи,
мәдени мұралары, қоғамның моральдық бастауы
жатады [2,б.45].
Біздің
пікірімізше, контрабанданың ең
алдымен мемлекеттің
экономиалық
мүддесіне
нұқсан
келтіретінін, яғни әкелінетін және
шығарылатын тауарларға белгіленген
алымдар мемлекеттік бюджетке
түспейтінін ескере отырып бұл қылмыстың негізгі тікелей
объектісі ретінде Қазақстан Республикасының экономикасының дұрыс қызметін, ал стратегиялық мақсаттағы шикізат
шығарылған
уақытта тікелей факультативтік объектісі ретінде
қоғамдық қауіпсіздікті қарастырған
дұрыс.
Осы экономикалық контрабанда
қылмысын дұрыс саралау үшін
қылмыстың заттарын
анықтаудың маңызы зор. Себебі біз осы қылмыстың
ҚР ҚК-нің 250-бабында көрсетілген қылмыстан
айырмашылығын аталмыш қылмыстардың заттарына сүйене
отырып білеміз.
Қазақстан Республикасының Кеден
кодексінің
7-бабының 39-тармақшасына
сәйкес, тауар дегеніміз
- Қазақстан Республикасының
кедендік шекарасы арқылы өткізілетін мүлік, оның
ішінде ақпарат таратушылар, валюталық
құндылықтар, энергияның электр, жылу және
өзге де түрлері, сондай-ақ көлік құралдары,
бұған осы баптың 43-тармақшасында көлік
құралдары кірмейді.
Осы баптың
43-тармақшасына сәйкес көлік құралдары -
халықаралық тасымалдауларды
жүзеге асыру үшін
қолданылатын
және осы көлік
құралдарымен бірге тасымалданатын болса, олар үшін
техникалық паспортпен немесе техникалық формулярмен көзделген
қосалқы бөлшектерді, керек-жарақтары мен
жабдықтарды, олардың конструкциясында көзделген май
құю ыдыстарындағы жанар-жағармай материалдары мен
салқындату сұйықтарын қоса алғанда, теңіз,
ішкі су, әуе кемесі, механикалық көлік құралы.
Кедендік шекара
арқылы алып өтуге тыйым салынған заттардың тізбесі
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993
жылғы 19 ақпандағы «Қазақстан
Республикасының шекарасы арқылы алып өтуді декларациялау оның
тәртібі туралы» қаулысының №5 тіркемесінде берілген.
Оған мемлекеттік және қоғамдық
құрылысты күйретуге бағытталған, соғысты,
террорды, зорлықты, нәсілшілдікті насихаттайтын баспа және
бейнелеу материалдары, сондай-ақ порнографиялық мазмұндағы
материалдар, өнер туындылары, көне заттар және басқа
едәуір көркемдік, тарихи, ғылыми немесе мәдени
құндылығы бар заттар кірген.
Қазақстан
Республикасының кедендік шекарасы арқылы алып өтуге шектеу
салынған заттар тізбесі сол қаулының №6 тіркемесінде
берілген. Оған ғылыми, көркемдік, тарихи немесе мәдени
құндылығы бар заттар, есірткі затына жатпайтын
дәрі-дәрмектер, радиоэлектрондық құралдар,
байланыс құралдары және жоғары жиілікті
құрылғылар, жарқырауық тастардың
(құнды тастардан
басқа),
коллекциялық
және сирек
минералдардың, палеонтологиялық қалдықтардың
үлгілері, автомотокөлік құралдары және
басқалар кірген.
Ал
қылмыстық жаза қолданылатын контрабанда жөніндегі
заңды дұрыс не бірегей қолдану мақсатында 1997
жылғы 18 шілдеде қабылданған Жоғарғы Сот
Пленумының "Контрабанда үшін қылмыстық
жауапкершілік жөніндегі
заңдарды қолдану тәжірибесі туралы" №10 қаулысында, контрабанда
мүлкі ретінде кез-келген материалдық дүниенің
қозғалмалы заттарын оның ішінде валюта, валюталық
құндылықтар, электр, жылу энергияның басқа да
түрлері мен көлік құралдары, сондай-ақ
халықтың көркем, ғылыми, тарихи және
археологиялық байлығы ретінде мәні бар мәдени
құндылықтарды - өнер шығармалары, көне
заттар, осындай мәні бар нәрселер, интеллектуалды меншік нысандары, құрып кету қаупі бар жануарлар мен өсімдіктердің
түрлері, олардың бөлектері мен ауытқуы (содан туындайтындарды) жатқызған. Сонымен
қатар, контрабандаға
қатысты кейіннен
өзгеріс кіргізген 1999
жылы 30 сәуірдегі №3 Қазақстан
Республикасының Жоғарғы сот пленумының қаулысында
ҚР кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілетін
тауарларға, сонымен қатар айналымнан алынған заттарды
және айналымы шектелген заттарға (мысалы: тағам өнімдері, киім, аяқ киім,
парфюмерлік бұйымдар және т.б.) жатқызған.
Экономикалық контрабанданың
айналымнан алынған заттардың немесе айналымы шектелген
заттардың контрабандасынан, сондай ақ, әкімшілік
жауапкершілік пен жауаптылыққа тартылатын контрабандадан
айырмашылығы да осы қылмыстың заттарына қатысты,
яғни әкімшілік
жауапкершілік
қарастырған
контрабандаға қарағанда қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін аса ірі
мөлшерде тауарларды өткізгенін анықтау керек. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 209-бабының
ескертуінде көрсетілгендей, ірі мөлшерде деп өткізілген
тауарлардың құны мың айлық есептік
көрсеткіштен асқанды айтамыз [3,с55].
Экономикалық контрабанданың заты болып табылатын
тауарларды алып өту ҚР
ҚК-нің 209-бабының диспозициясына көрсетілген мына тәсілдер
арқылы жасалады:
1) кедендік
бақылауды жанай өту;
2) кедендік
бақылаудан жасырын өту;
3) кедендік теңдестіру
құжаттарын немесе құралдарын алдап пайдалану;
4) декларацияланбау;
5) не кедендік шекара
арқылы алып өтуге тыйым салынған немесе өткізуге шектеу салынған заттар мен
құндылықтарды күмәнді декларациялау.
ҚР
ҚК-нің 209-бабының диспозициясы бланкеттік, яғни
кедендік шекара, кедендік декларация т.б. ұғымдардың
түсінігі Қазақстан Республикасының Кеден кодексінде
берілген, ал қандай тауарлар мен заттардың,
құндылықтардың кедендік шекарадан өткізілу немесе
өткізілмеуі немесе оларға шек қойылуы арнаулы нормативтік
актілерде белгіленген.
Қазақстан
Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар
мен көлік құралдары Қазақстан
Республикасының кеден заңдарында көзделген тәртіпте
және шарттарда кедендік рәсімделуге тиіс.
Контрабанда
затының құны мемлекеттік реттеу бағаларына негізделеді,
ал басқа жағдайларда -
кылмысты жасаған кездегі кедендік
құнмен ақталады. Осы
тәртіппен құнын анықтау мүмкін болмаса (мысалы,
занды спирттік ішімдіктерін, басқа да жасалған тауарларды) кеден
ісі туралы заңнамасымен бекітілген ережелерге сай сарапшы
қорытындысымен белгіленеді. Ал есірткі заттарды, психикаға
әсер ететін, улы күшті әсер ететін, уландыратын, радиоактивті
немесе жарылғыш заттарды, қару-жарақты, соғыс
техникасын, жарылғыш қондырғыларды, оқпен атылатын у мен
оқ-дәрілерді, ядролық, химиялық, биологиялық
және қырып-жоюға пайдаланылуы мүмкін басқа да
қарулардың, материалдар мен жабдық орнынан әкетілуі
контрабандалық заттардың мөлшері мен сыртынан тыс
жауаптылыққа апарып соғады.
Ал енді аталмыш
қылмыстың объективтік жағы - Қазақстан
Республикасының Қылмыстық кодексінің 250-бабында
көрсетілгендерден тауарларды
және басқа заттарды ірі мөлшерде кедендік шекара арқылы
алып өтуге бағытталған белсенді әрекетпен сипатталады.
ҚР ҚК-нің 209-бабының ескертуіне сәйкес, егер
тауарлардың құны бір мың айлық есептік
көрсеткіштен асса, контрабанда ірі мөлшерде жасалған деп
танылады [4,б.77].
Қазақстан
Республикасы Кедендік кодексінің 18-бабының 9-бөлігіне
сәйкес Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы
арқылы алып өту дегеніміз - «тауарларды және көлік
құралдарын кез келген тәсілмен Қазақстан
Республикасының кедендік аумағына алып кірумен немесе сол
жинақтан алып шығумен байланысты әрекет жасау, оған
халықаралық тексерулер мен өткізу, құбырмен
тасымалдау көлігін және электр жүйесін пайдалану да кіреді.
Көрсетілген әрекеттерге мыналар жатады: Қазақстан
Республикасының кедендік аумағына тауарларды және көлік
құралдарын алып кіру, оның ішінде, еркін кедендік қоймалардың
аумағына Қазақстан Республикасының кедендік
аумағының, қалған бөлігіне алып кіру
Қазақстан Республикасының кедендік аумағынан тыс
жаққа, не еркін кедендік зоналар аумағына, немесе еркін
қоймаларға тауарлар мен көлік құралдарын алып шығу
ниетін жүзеге асыруға тікелей бағытталған
әрекеттер жасау, атап айтқанда - кедендік декларация беру».
Сонымен, тауарларды
немесе басқа заттарды алып кіргенде Қазақстан
Республикасының кедендік шекарасы іс жүзінде кесіп өтіледі,
ал алып шыққанда - кедендік декларация беріледі. Сондықтан
да, Қазақстан Республикасының кедендік аумағына алып
кіргенде, оның ішінде еркін кедендік зоналар аумағы мен еркін
қоймалардан кедендік аумақтың басқа бөлігіне алып
кіргенде тауарлар мен басқа заттардың кедендік шекараны іс кезінде
кесіп өткен кезінен бастап, ал тауарларды кедендік аймақтан алып
шыққанда, сондай-ақ оларды Қазақстан Республикасы
кедендік аумағының қалған бөлігінен еркін
кедендік зоналар аумағына және еркін қоймаларға
алып кіргенде - кедендік декларация
берген кезден бастап контрабанда ұсталған қылмыс болып
саналады.
ҚазақстанРеспубликасыЖоғарғы
Соты Пленумының «Контрабанда үшін қылмыстық
жауапкершілік туралы заңдарды қолдану тәжірибесі туралы"
қаулысына сәйкес, контрабанда жасаудың бірінші тәсіліне
-контрабанда заттарын кеден бекеттерін, өткізу пункттерін және
кедендік рәсімдеу жүргізу үшін Қазақстан
Республикасының заңдарымен және кеден органдарымен
белгіленген басқа орындарды айналып өтіп немесе рәсімдеу
жүргізетін уақыттан басқа кезде жібереді немесе алып
өтеді.
Қазақстан
Республикасының Кеден кодексінің 9-бабында берілген тауарлар мен
көлік құралдарын Қазақстан Республикасының
кедендік шекарасы арқылы өткізу тәртібінде тауарлар мен
көлік құралдарын Қазақстан Республикасының
кедендік аумағына әкелу кезінде тауарлар мен көлік
құралдарын өткізудің шарты кедендік шекарадан іс
жүзінде өту және Қазақстан Республикасының
кеден заңдарында белгіленген іс әрекеттерді жасау болып табылады.
Контрабанда
жасаудың екінші тәсілі - тауарларды немесе өзге
құндылықтар мен заттарды жасыру, оларды құпия
жерге тығу немесе табуды қиындататын басқа әдістер
қолдану немесе затқа басқа заттың түрін беру [5].
Заттарды табуды
қиындататын тәсілдер - өткізіліп жатырған заттарды
жасыру, яғни кедендік бақылау жасап отырған адамның
жолаушылардың таурларын және көліктерін қарау барысында
жай көзбен байқамауын немесе сондай заттарды тауарларды
тасымалдайтын орындардан басқа жерге салу, киімдердің астарларында,
адам денесінің жасырын қуыстарында, пойыздың тамбурында,
самолеттің артқы қуыс жақтарына жасыру. Яғни
заттарды кеден бақылауынан жасырып қалу үшін
қолданылатын айланың түрі көп. Заттарды, мысалы,
киімге, аяқ киімге, бас киімге, қобдиша түбіне, таяқ
шатыр саптарына, тағам ішіне тығады. Затқа басқа
заттың түрін беру деп заттардың сыртқы сипатты
белгілерін елеулі өзгерту арқылы оның басқа затқа
жатқызуын айтамыз, мысалы тарихи бағалы құны бар
антикварлық чашаны балшықпен жаға отырып, оны арнайы
өрнектеу. Осы тәсілге қатысты айта кететін жай,
бұрынғы ҚазКСР-ның 1959 жылы қабылданған
Қылмыстық кодексінде контрабандалық заттарды арнайы
сақтағыштарда тыққаны ауырлататын мән жай
есебінде қаралып, кейіннен алып тасталғаны да бәрімізге
белгілі. Сондай-ақ, осыған қатысты қылмыстық
құқық теориясында ғалымдардың әр
түрлі пікірлері бар, мәселен, осы түсінікті кең
көлемде түсінетін ғалымдардың көзқарасынша,
өткізіліп отырған заттарды мұқиятты тығуға
мүмкіндік беретін кез келген икемделгіштер (приспособление). Басқа
көзқарасты бетке ұстайтын ғалымдар, арнайы
сақтағыштарға арнайы икемделген қоймалар,
пойыздағы, кемедегі және басқа да көлік
құралдарындағы жасырғыштарды жатқызған.
Олардың ойынша, оған заттарды жасырып чемоданмен, киіммен алып
өткізу жатқызылмауы керек.
Тағы да
басқа ғалымдардың пайымдауынша, кедендік бақылаудан
тауарларды немесе бағалы заттарды жасырын түрде алып өту
әкімшілік жауаптылық туғызатын және
қылмыстық тәртіпте жазаланатын контрабанданың міндетті
белгісі болғандықтан, қайда және қалай
тығылған контрабандалық заттың ерекшелігі жоқ,
маңыздысы не жасырылған және қандай көлемде. Біз
соңғы айтылған пікірдің бүгінгі күні
қолданылып отырған қылмыстық заңымызда
көрініс тапқанын көріп отырмыз.
Контрабанданың
үшінші тәсіліне кеден органдарына, сондай-ақ шекара
бақылауын жүзеге асыратын адамдарға жарамсыз, заңсыз
жолмен алынған, жалған мәліметтер кірген құжаттар
жатады, жасанды мөрлер, мөртабандар, пломбалар, кедендік
ұқсастырудың басқа да сондай құралдарын
пайдаланады немесе басқа объектілерге жататын шын ұқсастыру
құралдарын ұсынады.
Бұл тәсіл
контрабанданың ең көп тараған және қауіпті
түрлерінің бірі, себебі құжаттарды алдамшы жолмен
қолдану арқылы шетелге әр түрлі құнды шикізат
пен материалдарды, қуат көздерін (мұнай, бензин, мазут), т.б.
көптеп алып кетуге мүмкіндік туады. Мұндай ірі
көлемдегі операциялардан мемлекет ондаған, жүздеген мың
доллар зиян шегеді.
Контрабанданы осы
тәсілмен жасағанда айыптының әрекетін
құжаттарды бұрмалағандығы немесе қолдан
жасағандығы үшін қосымша саралаудың
қажеттілігі жоқ, себебі бұл әрекеттер контрабанда
жасаудың осы тәсілінің міндетті нышандары болып табылады.
Контрабанда
жасаудың төртінші және бесінші тәсілдерінде алып кетуге
тыйым салынған немесе шек қойылған, не айналымнан
алынған, немесе басқа құндылықтар мен
заттарға қатысты, заңда белгіленген ережелерге сай кедендік
декларация беру міндетін орындамайды немесе дұрыс орындамайды. Мысал
ретінде төмендегі қылмыстық істің материалдарынан келтіруге
болады: Азаматтар Ч. және Қ. Қазақстан
Республикасының кедендік шекарасын өту барысында
«Ұбаған» кеден бекетінде 590 тонна астықтың орнына
рәсімдеу кезінде 90 тонна (1604000 тенге) астықты кедендік
бақылаудан жасырып қалып, 500 тонна астыққа жалған
тауарлы-көліктердің құжатын көрсеткен. Олар
ҚР ҚК-нің 209-бабында көрсетілген қылмыспен
кінәлі деп танылған.
Алып кіру және
шығару деп кез келген тәсілмен (поштамен жіберу, әуе
көлігімен алып өту және қайта жіберу, қолмен,
қалтаға салып, қол жүгі түрінде тасымалдау
және т.б.) контрабанда заттарын өткізуді түсіну керек.
Заңсыз алып
өту, өткізу бекеттерінде және шекарадан өтуге
заңмен белгіленген (ашық алып өту сыңайымен)
басқа жерлерде де, сондай-ақ бұл жерден тыс та (жасырын
жолмен) жүргізіледі.
Экономикалық
контрабанда қылмысы өзінің құрылымы жағынан
формальдық құрамға жатады. Аталған
санаттағы қылмыстарды жасау кезінде қандай да бір
қылмыс зардаптарының басталуы қажет етілмейді. Демек
қылмыс:
- жасырын алып кіру
және шығару жүргізілген кезде тікелей шекараны қиып
өткен сәттен бастап;
- ашық алып
өту сыңайымен алып кірген кезде - кеден рәсімдеуі
аяқталған сәттен бастап, ал арнайы ереже белгіленген заттар
үшін - шекара бақылауы рәсімі біткен кезден бастап;
- ашық алып
өту сыңайымен алып шыққан кезде - кеден рәсімдеуі
біткен сәттен бастап аяқталған деп саналады.
Қазақстан
Республикасы облыстары мен қалаларындағы Кедендік бақылау
департаменттерінің экономикалық контрабанда бойынша
статистикалық есептеріне- сараптамаларға тоқталсақ:
Павлодар облысы Ресей
Федерациясының үш аймағымен шектеседі -Омбы, Новосібір
облыстары және Алтай өлкесімен. Аймақтың
географиялық орналасуына байланысты қызметкерлер өткізу
пункттерін, кедендік бақылау бекеттерін айналып өту арқылы
Ресейден валюта және әртүрлі тауарлар контрабандасын
өткізбек болған қылмыскерлер анықталды. Департамент
алыс шетелдермен экономикалық
қылмыстардың жолын кесу және анықтау бойынша
жұмыстар атқарып келеді. Бұл бағытта жыл басынан бері
31 рет қымбат автокөлік құралдарының
экономикалық контарбандасы анықталды, қазір
қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, Сібір кеден
басқармасымен бірлескен жұмыс нәтижесінде тауарлардың
жалған транзитінің және қылмыстық
схемалардың жолы кесілді.
Павлодар облыстық
кеден басқармасында шетелдің құқық
қорғау органдарымен жедел ақпарат алмасу,
халықаралық есірткі тарату, экономикалық контарбанданы
анықтау, халықаралық терроризмге және экстремизге
қарсы әрекет ету мақсатында бірлескен жедел-іздестіру
шараларын өткізудің тетіктері әзірленген.
Павлодар облысы бойынша
Кедендік бақылау департаменті
экономикалық
контрабандамен, есірткі, қару және оқ-дәрі
контрабандасымен күресу бойынша
жоспарлы жұмыс жүргізуде. Биылғы жылы 58
қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 34 іс
Қылмыстық кодекстің 209-бабы 1-бөлігі бойынша
қозғалды. Экономикалық контрабанда бойынша 13
қылмыстық іс қаралды. Қылмыстық кодекстің
250-бабы бойынша 11 іс есірткі заттары контрабандасы бойынша
қозғалды, ал, 2 іс қару және оқ-дәрі
контрабандасы болды. Заңсыз айналымнан 7066 гр. түрлі есірткі
заттары алынды, оның ішінде 6951 гр. героин. Қылмыстарды
анықтау және жолын кесу саласында іске асырылатын шаралардың
тиімділігін жоғарылату мақсатында депар¬тамент Павлодар
облысының құқық қорғау органдарымен
бірлескен шаралар өткізуде. Мәселен, жыл басынан бері
ұйымдасқан қылмыстық топ құрғандармен,
есірткі, қару контрабандасымен және экономикалық
қылмыстармен күрес жүргізді. Нәтижесінде заңсыз
айналымнан 11 кг түрлі есірткі заты алынды.
Заң бойынша
Қазақстан Республикасының кедендік шекарасынан
валюталық құнды заттарды өткізудің арнайы
тәртіптері, яғни, үш мың АҚШ доллары
көлемінен астам шетел валюталарын арнайы өткізу тәртіптері
бекітілген.
Контрабандамен
күрес қызметкерлері еліміздің аймағынан шетел
валюталарын алып кету әрекеттерінің жолын кесуде үлкен
жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Мысалы, шетел валютасын елімізден
заңсыз алып шығу әрекеттері 2009 жылы ерекше белсенділікке ие
болса, сол уақыттен бері кеден өкілдері 393 миллион шетел валютасын
тәркілеген.
2010 жылдың 20
маусымында сағат 03:55-де Оңтүстік Қазақстан
облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері
жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында ірі көлемде валюта
заңсыз өткізбек болды деген күдікпен ҚР екі азаматшасы
ұсталды. Екеуі де Жамбыл облысы Мерке ауданының
тұрғындары, Түркия мемлекетіне «Шымкент-Анталья» авиа-рейсімен
жол тартқан.
ОҚО бойынша
Кедендік бақылау департаментімен ұсталған
азаматшалардың үстінен ҚР Қылмыстық
Кодексінің 209 бабының 1-тармағы «Экономикалық
контрабанда» бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.
Аталған бап бойынша 200-500 айлық есептік көрсеткіш
көлемінде айыппұл салу немесе үш жылға дейін бас
бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Атап айтқанда,
азаматша Ф., Қазақстан Республикасынан шығып бара
жатқанда пассажирлік кедендік декларациясына 10 000 АҚШ
долларым бар деп көрсеткен
болатын. Алайда, кедендік бақылауды жүргізу барысында осы
азаматшадан декларацияланбаған 60 000 евро валютасы табылған.
Дәл осындай жәйт оның жолсерігі, азаматшаны жеке тексергенде
де анықталды. Оның сөмкесінен декларацияда
көрсетілмеген 22 850 АКД 1
доллары, 1300 евро және 1200 теңге табылды. Осы азаматтардың
ірі көлемдегі валютаны Қазақстан Республикасының
кедендік шекарасынан заңсыз өткізіп, яғни ҚР
«Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы»
Заңының талаптарын бұзды.
Астана қаласы
бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері
елорданың халықаралық әуежайынан «Астана - Франкфурт»
халықаралық рейсіне кедендік бақылау жүргізу кезінде
С.Е. деген Қазақстан Республикасының азаматшасын
ұстады. Астана қалалық Кедендік бақылау департаменті
баспасөз қызметінің мәліметтеріне
қарағанда, кедендік рәсімдеу кезінде аталмыш азаматша
өзінде 12 мың АҚШ доллары сомасында шетел валютасы бар
екендігін айтқан. Алайда тексерген кезде 20 мың 300 еуро, 1
мың 354 АҚШ доллары, 5 Қытай юані мен 40 мың 400
теңге сомасындағы шетел және ұлттық валюта бары
анықталды.
Аталмыш
азаматшаға қатысты ҚР ҚК-нің 209-бабы
1-бөліміне (экономикалық контрабанда) сәйкес
қылмыстық іс қозғалды.
2009 жылдың 4-ші
мамырында Алматы қаласының Халықаралық әуежайында
№875 әуе рейсін тіркеу кезінде «Алматы-Москва» қатынасымен Алматы
қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің «Жетісу»
кеден бекеті қызметкерлерімен Ресей Федерациясының азаматы Ч.
ұсталған, тексермелеу барысында одан шетел валютасы табылған.
Санаған кезде, ұсталған азамат контрабандалық жолмен, мәлімдемей,
мемлекеттен 23 000 АҚШ долларын алып шықпашы болған, ол 3 450
000 теңге тең. Осыдан бір жетіден аз уақыт бұрын, 10
майда осы рейспен заңсыз 15135 евро және 102710 ресей рублін шығармақшы
болған тағы бір «бейшара-контрабандист» Ресей Федерациясының
азаматы М. ұсталған.
Содан екі күн
өткен соң, 12 майда № 887 әуе рейсін тіркеу кезінде
«Алматы-Пекин» қатынасымен кеден бекеті қызметкерлерімен тағы
бір контрабандист ұсталған, ол Қытай Халық
Республикасына 50 000 АКДІ долларын алып шықпақшы болған.
Осындай заңсыз
қаржы қаражаттарын Қазақстан аумағынан алып
шығу фактілерінің жолы Алматы кеден бекетінің
қызметкерімен кесілген. Тек осы жылдың 4 айында 411 943 АҚШ
доллары және 15 135 евро мөлшерінде, экономикалық
контрабанданың 19 фактісінің жолы кесілген. Сонымен қатар, 59
кг. салмақта заңсыз, ешқандай құжатсыз
ресімдеусіз зергерлік бұйымдарын Қазақстаннан алып
шықпақшы болғанда ұсталған.
Ақтау теңіз
айлағында шикі мұнай құйылған жиырма цистерна
ұсталды. Бұл кеден тарихындағы ең ірі
контрабандалық шикі мұнай оқиғасы болып табылады.
Еліміздің кеден саласының қызметкерлері Ақтау
теңіз айлағынан құны 63 миллион 589 мың 355
теңге болатын контрабандалық тауарды ұстады.
Маусымның 5-і мен
8-і аралығында «Нұртау КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Ресей Федерациясынан елімізге шикі мұнай алып келген. Тиісті
құжаттарға сәйкес, бұл мұнай елімізде
өңделіп, Иран мемлекетіне жөнелтілуі тиіс болатын. Алайда
серіктестік өкілдері шикі мұнай құйылған теміржол
цистерналарының пломбыларын ауыстырып, оны шикі мұнайды
өңдеу барысында пайда болатын және құны
әлдеқайда арзан жеңіл мазут пен ойлбленд отынын алып бара
жатырмыз деген желеумен кеденнен алып өтпек болған. Яғни
елімізге жеткізелген шикі мұнай Қазақстан аймағында
өңделмеген. «Кедендік рәсімдеу ережесіне сәйкес, 20 цистерна
шикі мұнайды алып өту үшін 14 миллион теңгеден астам
салық төленуі тиіс. Ал осынша көлемдегі жеңіл мазут пен
ойлбленд отынына салынатын салық әлдеқайда аз. Осыған
байланысты Кедендік бақылау комитетінің контрабаңдамен
күрес басқармасының қызметкерлері аталған
оқиға бойынша экономикалық контрабанда жасады деген айыппен
қылмыстық іс қозғады.
Автокөлік
контрабандасына байланысты 106 қылмыстық іс қозғап,
құны 239 миллион теңге көлеміндегі тауарды
тәркіленді. Сондай-ақ жүн, теріден жасалған тауарларды
контрабандалағаны үшін 17 қылмыстық іс
қозғап, 66 миллион теңгенің заттарын тәркіленді.
Ал кеден органдары
тарапынан анықталған әкімшілік істер негізінде бюджетке 5
миллиард 936 миллион теңге түскен. «Мемлекет қоржынына
сондай-ақ 925 миллион теңге тәркілеу шаралары арқылы
түскен. Бұған қоса тағы 2,07 миллиард теңге
түрлі тауарлар мен валюталардың және көлік
құралдарының заңсыз айналымынан түскен.
Өткен жылы
Кедендік бақылау комитетінің Контрабандамен күрес
басқармасының қызметкерлері 969 қылмыстық іс
қозғады, бұл көрсеткіш оның алдындағы
жылмен салыстырғанда 193 іске көп.
Мәліметтерге
қарағанда кеден бекеттерінде әсіресе экономикалық
контрабанда әрекеттерінің саны 43 пайызға өскен [6].
Пайдаланған
әдебиеттер тізімі:
1. Контрабанда үшін қылмыстық
жауапкершілік туралы заңдылықты пайдалану тәжірбиесі
туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот
Пленумының Түсініктері 2005ж. №10. Егемен Қазақстан.
2. Кочубей А.П. Обеспечение экономическую безопасность как
одна из главных целей таможенной политики Республики Казахстан. Таможеная
политика. 2008.
3. Ағыбаев А.Н. Қылмыстық
құқық. Ерекше бөлім. - Алматы: Жеті Жарғы,
2000.
4. Алауханов Е. Қылмыстық
құқық. Ерекше бөлім. - Алматы: Жеті Жарғы,
2001.
5. Комментарий к Уголовному Кодексу РК под редакцией
Борчашвили И.Ш. Караганда 2008г.
6. Қазақстан Республикасында
бақылауға жататын есірткі заттар, жүйкеге эсер ететін заттар
мен прекурсорлар туралы" Қазақстан Республикасының
Үкіметінің қаулысы. 1998ж. 9 наурыз № 186 (өзгертулер
мен толықтыруларды ескере отырып) Қазақстан Республика
Парламентінің Жаршысы 2007 ж. № 10.