ӘОЖ 796.012.468

 

ЖОҒАРЫ ШЕБЕРЛІККЕ ЖЕТУ, БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Бекбергенова Жанар Ешеналиевна, Магистрі

Махамбетов Ерик Оралбекұлы, аға оқытушы

Казакстан Республикасы, Тараз қаласы

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті

 

        Адамның өмірлік күші немесе өмірлік қуаты деген түсінік бар. Оның деңгейі адамның денсаулығына, психологиялық және көңіл-күйіне, жалпы ішкі жан дүниесіне тәуелді болады. Дана халқымыз айтқандай, «Дені саудың-жаны сау». Егер адам әр уақытта дене шынықтырумен айналысып, әр уақытта өзінің денсаулығын түзету үшін түрлі спорт жаттығуларын орындап отырса, ол тек дені сау болып қана қоймай, өмірдің барлық саласында табысты болуына мүмкіндік жасайды. Бірақ, спортпен айналысу керек екен деп мөлшерден тыс дене шынықтыру жаттығуларын жасаудың қажеті жоқ. Әр нәрсенің өзінің жөні, реті болады. Қазіргі таңда бізге саламатты өмір салтын қалыптастыру, оған бұхара халықты тарту үшін арнайы ғылыми-зерттеулер негізінде жасалған сауықтыру бағдарламаларын жасау қажет. Сол бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы стратегиялық міндеттердің бірі-дені сау ұлтты қалыптастыра аламыз.

        Саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін оған қажетті инфрақұрылымды дамыту қажет. Әркім өзінің денсаулығына өзі жауапты. Солай бола тұрса да, бүгінгі күні мемлекет бұл мәселеден шет қалып отырған жоқ. Қазір біз саламатты өмір салтын дамыту үшін, жоғарыда айтқанымдай, ғылыми-зерттеулерге негізделген және халықаралық тәжірибеге сай сауықтыру бағдарламаларын жасауымыз қажет.

      «Халық денсаулығы-ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі» деп Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында атап өткеніндей, шынында да, қоғамның дамуы, әр түрлі бағдарламалардың, мейлі ол мемлекеттік, не мемлекеттік емес болсын, қандайда бір жүйелі істердің жүзеге асуы тікелей адамға байланысты. Оның тұлғалық қасиеттеріне, қабілеттеріне, интеллектуалдық, мүмкіндіктеріне, денсаулығына, сайып келгенде, ішкі жандүниесіне және өмірлік күшіне тәуелді.

         Осы тұрғыдан қарағанда, Елбасы айтқандай, саламатты өмір салтын қалыптастыру ең маңызды мәселенің бірі және ол мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып табылады. Елдің денсаулығын көтере отырып, Елбасы халықтың кем дегенде 30 пайызының спортпен айналысу қажеттігін алға тартты. Қалай дегенде де, дене шынықтыру мен спорт, саламатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани тәрбиелеу азаматтар денсаулығын жақсартудағы ең маңызды құралдардың бірі. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдардың бірінші кезектегі міндеті-барлық тұрғындар үшін қолайлы спорт және дене шынықтыру бағытында шаралар ұйымдастыру.

        Әлбетте, ертеңгі күні дамыған, бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көріну үшін халықтың денсаулығын жақсартуымыз керек. Жастарды есірткіден, ішімдіктен, темекіден және басқа да жаман әдеттерден алшақ ұстағанымыз абзал. Бұл әрі әрбір ата-ананың, әрбір отбасының міндеті де. Халықты сауықтыру бағдарламасы адамдардың денсаулығын жақсартуға, әр түрлі сырқаттардың алдын алуға, спортпен, дене шынықтырумен үнемі және тұрақты түрде айналысуға бағытталған. Жобаның тағы бір ерекшелігі, ол халықты тек спортқа баулу ғана емес, денсаулығы мықты азаматтарды қалыптастырумен қатар, ерік-жігері мықты, өзіне сенімді азаматтарды тәрбиелеп шыға аламыз. Ендеше, спорт тек дене шынықтыру емес, сонымен қатар тәрбие.

         Адамның, әсіресе орта жастағылардың қозғалыс белсенділігінің жүйелі барысы жұмыс қабілеттілігінің мезгілінен бұрын жоғалту мүмкіндігін азайтады және қоғамға елеулі материалдық табыс әкеледі. «Шыныға білмеген, тыныға да білмейді», деп халық текке айтпаған. Сондықтан, бұлшық етті шынықтырып, сондай-ақ тынықтырып та отыру керек. Адам ауыр жүк көтергенде қажиды, өйткені бұлшық ет жұмыс істегенде оттегі мен қоректік заттар көп пайдаланылады. Сөйтіп, заттың алмасуы күшейеді. Егер адам үнемі дене еңбегімен және спортпен шұғылданса, таза ауада тынықса оның қан айналымы жаттығып, қажуды тез арада жойып, мүшелердің қызметіне әсер етеді.

        Сондықтан мұндай адамдар төзімді, еңбек өнімі жоғары, сондай-ақ сыртқы ортаның зиянды әсерлеріне және ауру туғызатын микробтарға олардың ағзасы қарсы тұра алады. Олардың бұлшық еттері нағыз, болаттай шыныққан, сүйегі алмастай мықты, көңілі жарқын, денесі мығым, жүріс тұрысы әдемі.

        Дене тәрбиесін ұйымдастыруға кететін шығыннан артық болатын оның тиімділігі осыдан көрінеді. Еңбекшілердің дене тәрбиесімен айналысуы нәтижесінде болатын тиімділікті спортпен айналысатын және айналыспайтындардың күндік еңбек өнімділігін, сонымен бірге осы топтардағы сырқаттанушылардың айырмашылығын біле отырып анықтауға болады. Өндіріс кәсіпорындардағы дене тәрбиесінің экономикалық тиімділігін зерттей отырып, еңбек өнімділігінің арту және сырқаттанудың азаюы секілді екі негізгі себептерінің есебінен құралатындығын дәлелдеп отыр. Мұның өзі дене шынықтыру-сауықтыру шараларына спорт ғимараттары мен өзге де құрылыстарды салуға, қызметкерлердің еңбек ақысын төлеуге кететін қаржының тиімділігін көрсетеді.

         Адамның жоғарыда айтылған дене қасиеттері мен қабілеттерін қалыптастыру  тек қана кәсіби қолданбалы  дене даярлығының барысы және спорттық қолданбалы түрлерімен айналысу барысында  табысты түрде жүзеге асырылмақ. Ал олардың экономикалық тиімділігі жасалынған жинақталған зертеулермен дәленденіп отыр.

        Өндіріс тиімділігінің маңызды көрсеткіші болып өндірістік озық технологиясына, еңбектің үдемелі қарқындылығына байланысты еңбек өнімділігігің арттыру болып табылады. Мұнда дене тәрбиесі құралдарымен қалыптасатын және көтермеленетін адамның дене және психикалық мүмкіндіктері көрініс береді.

        Мемлекетіміздің  аса маңызды міндеттерінің бірі, ол бүгінгі ұрпағымыздың дене күштері мен рухани күштері сайма-сай жетіліп, шынығып өсетіндей етіп тәрбиелеу ісі.

        Ұрпағымыз парасатты, сымбатты да сұлу, денсаулықтары мықты болуы тиіс. Болашағымызды тәрбиелеу, орталық жүйке жүйелерін шынықтыру құралдарының қатарына жататын спорт түрлері: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ болып табылады.

        Адам спортпен шұғылдану барысында, ең алдымен, өзінің ішкі жандүниесімен, осал тұстарымен, әлсіздіктерімен бетпе-бет келеді. Шынығу ол өзінің өмір сүруіне дамуына,  өсуіне кедергі жасап жүрген әдеттерді жеңуге көмектеседі. Сондықтан спортпен айналысуды насихаттау, сауықтыру үрдісін жүзеге асыру мәселелері ерекше назарда. Мемлекеттік органдар, әр түрлі ұйымдар мен жоғары және орта білім беру орындарында тұрақты түрде осы сала бойынша жұмыстар атқарылуда.

         Біздің алдымызда, мемлекеттік орган ретінде, бұқара халықты жаппай дене шынықтырумен айналысуға тарту міндеті тұр. Дені сау ел болу- бұл біздің мүддеміз. Қазіргі таңда бәсекеге қабілетті болу идеясы кеңінен насихатталуда. Ол өзінің бастауын ең алдымен денсаулықтан бастайды. Адам ағзасы әр уақытта қандай да болмасын ауыртпалықтарға дайын болуы тиіс. Дене еңбегімен, тіпті, ой еңбегімен айналысатын адамдар жұмыс барысында бірталай күш жұмсайды.

        Спорт бір жағынан денсаулық кепілі, екінші жағынан төзімділік қалыптастыру себебі болып табылады. Міне, спорттың осы ерекшеліктерін ескерсек, оның адам өміріне, жалпы қоғамға тигізер пайдасы көп. Халқымыздың ділінде денсаулық туралы ауырған кезде ғана ойлау қалыптасып қалған.

         Егер сіз бүгін спорт кешеніне барып, жаттығудан бас тартып, ақшаңызды үнемдейтін болсаңыз, ертеңгі күні одан да көп шығындануыңызға тура келеді.

         Бүгінде мемлекет тарапынан спорт кешендерін, мекемелерін, мектептер ашу мәселелері алдыңғы қатарға қойылуда. 2011 жылы елімізде Қысқы Азия ойындары өтті. Соған байланысты инфра-құрылымды дамыту, спорттық шараларды өткізу жұмыстары атқарылды. Бүкіл әлемге танымал «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені жөндеуден өтті Бұл салада атқарылып отырған жұмыстардың барлығы халықтың мүмкіндігіне сай болатындай жағдайлар жасауға бағытталуда.

  

Әдебиеттер тізімі:

1. Р.Р.Аманбаев. Спорт теориясы мен әдістемесінің жалпы негіздері.(оқу құралы) Алматы 2006 ҚС ж ТА.

2. Е.Қ. Уанбаев, Ф.Ж. Уанбаева Дене мәдениеті және спорттың теориясы мен әдістемесі. Оқу құралы. Өскемен. С.Аманжолов

3. Тәникеев М, Асарбаев А. Қазақстандағы дене шынықтыру мен спорт тарихы. Оқу құралы. Алматы. 2002ж.

4. М.Н. Кошаев. Дене тәрбиесінің әлеуметтік- экономикалық тиімділігін Алматы 2002ж.

5. С.Ш. Әбенбаев Тәрбие теориясы мен әдістемесі (оқу құралы) Алматы «Дарын» 2004ж.