Кадырова А. Е.,

Тараз мемлекеттік педагогикалық институты,

Көлбаева Д

№36 орта мектебі.

 

МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАҒА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Қазақстан Республикасының «Мектепке дейінгі тәрбие тұжырымдамасында» және жаңа бағдарламаларға сәйкес ересек топ балаларының алдына іскерлік-дағдыларды одан әрі жетілдіре түсу, оны халықтық сәндік ою-өрнекті бейнелеу әрекетіне пайдалану, сәндік-қолданбалы өнермен таныстыру, оның негізінде табиғатпен тығыз қарым-қатынасқа тәрбиелеу міндеттері қойылып отыр.

Балалармен жүргізілетін негізгі жұмыстарды төмендегіше топтауға болады:

- балаларды сәндік - қолданбалы өнермен таныстыруда берілетін табиғат заттары мен құбылыстары элементтерінің алуан түрлілігін анықтау арқылы ұйымдастыру;

- өлі табиғат заттары мен құбылыстарының мәні, сондай-ақ олардың адам өміріндегі маңызы жайлы бала түсінігін қалыптастыру;

-мектеп жасына дейінгі балаларды ұлттық әшекей элементтерімен таныстырудың бірізді жүйесін жасау;

-сәндік әшекейлерді жасау әрекетінде - практикалық іскерлік пен дағдыларды қалыптастыру.

Балаларды табиғат құбылыстарымен және оны сәндік әшекейлер жасау әрекетінде бейнелеу ісі тиімді әдіс-тәсілдерді пайдалану жолдары арқылы жүзеге асады. Оның ішінде белгілі бір түсінікті бала санасына бейнелі жеткізетін көркем сөздің алар маңызы ерекше. Бұл орайда, баланың қабылдауына қызғылықты да жеңіл тиетіні – жұмбак.

Тақпақ, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаштарды тиімді пайдалану жаңа білімді игеру үрдісін жеңілдете түседі  [1].

Табиғатқа қызығушылықты қалыптастыру және оны сәндік әшекейлеу әрекетінде пайдалана білудің шешуші міндеттері мыналар:

- балалардың табиғат құбылыстарының өзара байланысын пайымдай білуі және себеп-салдарын анықтауы;

- әртүрлі әдіс-тәсілдер және әрекет түрлерін пайдалану арқылы мектеп жасына дейінгі балалардың табиғатты танып-білуге ұдайы қызығушылығын қалыптастыру;

-тәрбиешілердің жаратылыстану ғылымдарының негіздерін және оны лайықты түрде бала санасына жеткізу әдістемесін білуі.

Адам өмірі табиғат аясында өтетіндіктен, ол табиғаттың тылсым тынысын, ішкі сырын білуді ғасырлар бойы арман еткен. Тіпті айналадағы ортаның, табиғаттың сұлу да әсем көріністері жас нәрестені де қызықтыратыны, таңдандыратыны бекер ме? Баланың мұндай қызығушылығын байқап, жеткіншектің туған табиғат әлемінін саналуан сырларын ұғынуына, тереңдеп түсінуіне ерте заманнын өзінде-ақ ұлағатты тәлімгерлер зер сала көңіл бөлген.

Табиғаттың ғажайып құбылыстарымен таныстыру, олардың мән-мәнісін ұғындыру арқылы жас жеткіншектерді жан-жақты тәрбиелеуге, нақтырақ айтқанда баланың қабылдауын, зейінін, ойын, тілін дамытуға болады. Сонау ерте замандардан бермен қарай талай-талай ғұламалар, ойшыл педагогтар табиғатты тәрбие құралы деп қарағаны, осы тарапта қыруар енбектер қалдырғаны осының айғағы. Шығыстың екінші ұстазы атанған Әл - Фараби, Ш. Уалиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаевтың мұралары, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев еңбектері ересен қазына. Қазақстан атырабында тұңғыш балабақшалардың ашылуына атсалысқан Нәзипа Құлжанованың мақалалары мен талаптары да назар аударарлық. Арғы - бергі ұлы педагогтардың қай - қайсысы болмасын ақыл – ойдың, тілдің дамуындағы табиғаттың алатын орнын айрықша бағалаған. Солардың бәрі ұрпақ тәрбиесі дейтін ұлы мұратты жүзеге асыруда бізге жол сілтейді, демейді.

Ал егер республикада мектеп жасына дейінгі балаларға табиғат жайында ұғым беру мәселесін нақтылай сөз етсек, бізде бұл мәселе әлі де болса түбегейлі зерттеле қоймағанын, жете дәйектелмегенін мойындауымызға тура келеді [2].

Дегенмен... жекелеген ғалымдардың білім беру, тәрбиелеу мәселелеріне арналған еңбектерінде баланы дамыту жолдары, табиғаттың оқу - тәрбие үрдісіндегі орны мен қазақ халқының психологиясына ғана тән қасиет -табиғатты құдірет көзі деп қараған халық педагогикасының тарихына арналған ғылыми зерттеу жұмыстары жоқ емес.

Табиғат әлемі таңғажайып және керемет. Дегенмен, барлығы бұл сұлулықты, аспан, су, жапырақ түстерінің алуандығын көре білмейді. Табиғат балаға күнделікті әсер етеді. Бірақ балалар көп нәрсені байқай бермейді, үстірт қабылдайды. Табиғат сұлулығы рұхани қайырымдылыққа тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады, яғни, балаларды мейірімділікке, адамгершілікке, жақын адамдарға қамқор бола білуге көмектеседі. Балар үшін табиғат – бұл әр түрлі табиғат құбылыстарды танудың және сөздік қорын байыту көзі. Бұл – балалардың сөйлеу және ойлау қабілетінің дамуына ең қолайлы және пайдалы фактор. Табиғат баланың тұлғалық қалыптасуына зор ықпал етеді. Баланың қандай болып өсуі – бізге, ерексектерге байланысты. Балалар үйі балаларының экологиялық тәрбиесі алуан түрлі ықпал ету құралдарының көмегі арқылы іске асырылады:

1. саяхат;

2. мақсаттық серуендеу;

3. телебағдарламалар, бейнефильмдер;

4. табиғат туралы көркем әдебиеттер;

5. суреттерді, фотосуреттерді, иллюстрацияларды тамашалау;

6. музыка тыңдау;

7. дидактикалық ойындар, мақалдар, мәтелдер;

Ересек және даярлық жастағы балалар “тірі” және “өлі” табиғат деген түсініктермен таныс. Экологиялық тәрбиелеу бойынша балалармен жұмыста экологиялық қауіпсіздікке көп көңіл бөлінеді. Әрбір топта әр түрлі жағдайларды модельдеу үшін құралдар дайындалып ресімделген болатын. Балалар экологиялық ертегілерді, тақпақтарды, әңгімелерді, жұмбақтарды тыңдауды, өз ойларымен бөлісуді жақсы көреді. Балалармен сабақ баланы бізді қоршаған ортаның жағдайы әрбір адамға байланысты екендігін сендіруге көмектеседі [3].

Мектепке дейінгі жастағы балаларға адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты анықтайтын экологиялық тәрбие беруге байланысты мектепке дейінгі тәрбие мекемелердің алдында негізінен мына төмендегі міндеттер тұр. Атап айтқанда:

-педагогикалық мамандардың экологиялық тәрбие беру жөнінде білім деңгейін көтеру;

-балаларды айналамен таныстырудың бағдарламасын олардың ата-аналарына насихаттау;

-әртүрлі жастағы балалар топтарындағы оқу-тәрбиелік жұмыстар;

Қоршаған ортаны аялауға деген адамның саналы көзқарасын қалыптастыру оның бала кезінен ерте басталуы тиіс.

Баланың дүниеге келгеннен кейінгі алғашқы 7 жылы оны тәрбиелеу мен оқытудағы ең басты кезең болғандықтан оны ескерусіз өткізіп алуға болмайды. Баланың болашағы сол кезеңде алған тәрбиесіне өте байланысты. Олай болса, адамзаттың рухани және материалдық жағдайы осы кезеңде алған тәрбие негіздеріне тәуелді.

Балаларды табиғатқа деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу барысында оларды сұлулықты көріп қана қоймай, сол сұлулық жолында еңбектене білуге үйретудің маңызы зор.

Мектепке дейінгі жастағы балаға экологиялық мәдениеттің алғашқы түсініктерін қалыптастыру үшін:

1.Мектепке дейінгі мекемелерде балаларға экологиялық тәрбие берудің алғы шарттарын құру;

2. Балалардың экологиялық сауығуының дамуы үшін атқарылатын жұмыстарға көгалдандырылған зоналар құру және ұйымдастыру;

З.Тірі объектілерді күтіп-баптауға қолайлы ортаны іс жүзінде құру үшін іс-шаралар ұйымдастыру;

4.Сабақта көркем құралдарды, әдістемелік және материалдық құралдарды, ойындарды, ойыншықтарды, түрлі ертегілер кейіпкерлерін жүйелі түрде қолдану;

5.Педагог мамандардың білім деңгейі мен олардың біліктілігін арттыру. Тәрбиеші - педагогикалық үрдістің ең басты тұлғасы және экологиялык тәрбие берудегі шешуші фактор болып табылады. Ол экологиялык ақпараттар және арнайы материалдармен кең көлемде таныс болуы тиіс, сонымен қатар балаларды тәрбиелеу тәсілдерін қолдана білуі керек [4].

Адам баласы Табиғаттың ең ұлы перзенті болумен бірге,ең ұлы қамқоршысы да екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Табиғат озбырлықты көтермейді. Оны мәпелеп  баптап, мейіріммен аялау арқылы ғана қажетті үлесіңді үзбей ала аласың. Табиғат қазынасын қастерлеген адам ғана ұлы мұратқа жетеді. Өз адамгершілігінің салмағын өлшегің келсе, табиғаттың сыр сипатын түсіне білуге әрекет жасап көр. Адам  табиғаттың ең сенімді, айнымас досы, қамқоры, қорғаушысы. Туған жеріміздің баға жетпес қазынасын ысырап етпей, еселеп арттыра беру жолында талмай, жалықпай еңбек ету  барлық үлкен-  кішінің абырайлы борышы, мүлтіксіз атқаратын міндеті. Табиғат-адам үшін жайлы мекен, барлық игіліктің бастауы. Адамзаттың басты міндеті   табиғи қуат көздерін орнымен пайдалану, табиғат әсемдігін сақтау, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүру,мейірімділік нұрын шашу екенін ұмытпайық.

" Адам табиғатқа тәуелді болса, табиғат та оған тәуелді", демекші,барша байлықтың анасы - Жер. Жерді күтіп баптай білу, оның қойнауынан қазба байлықтарын игеріп ала білу, табиғат пен қоршаған ортаны түлетіп гүлдендіре беру өз қолымызда.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

 

1.ҚР Мемлекеттік  жалпыға міндетті  білім  беру стандарты. «1 жастан  6 жасқа  дейінгі балаларды  мектепке дейінгі  тәрбие  мен  оқытудың жалпы  білім беру бағдарламасының  мазмұнының  базалық минимумы». –Астана қ., 2004

2. Балабақшадағы экологиялық тәрбие /Отбасы және балабақша-1996. №11-12/

3. «Балбөбек» бағдарламасы. -Алматы қ.,1999

3. Құлшанова С Табиғатты қорғау. \\ Отбасы және балабақша. – 1993. № 6.

4. Керімбаева Р Табиғат. Бала. Тәрбие.\\ Отбасы және балабақша. – 1997. № 1 – 3.

5. Жұмабекова Ф.И Көркемдік тәрбиені ұйымдастыру ерекшеліктері. \\ Бақшадағы көркемдік тәрбие.