ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ - ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ МЕН БІРЛІГІНІҢ НЕГІЗІ

 

Қ.А. Сарбасова

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Астана қ.

А.Ж. Бекмағамбетов

«Өрлеу» БАҰО АҚФ Астана қаласы бойынша ПҚ БАИ, Астана қ.

 

 

Адамзаттың асыл мұраттары қайта гүлдеп, мәдениет дәрежесі демократия мен қоғамдық прогрестің одан әрі дамуының өлшеміне айналып отырған бүгінгі шақта отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығы ерекше арта түседі. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінеді. Қазіргі кезде Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері мен ұлыстар өзінің тума мәдениеті мен тіліне, өнері мен дәстүріне сүйіспеншілікпен қарай отырып, өз Отаны ретінде Қазақстанға деген құрметін арттыруда, мұның өзі жалпықазақстандық патриотизмнің көрінісі болып табылады. Әрине, бұл дамудың жаңа үдерістерінің бастамасы, оның жалғасын тауып, нығая түсуі үшін әлі де атқарылар шаралар көп. Республика халықтарының өзара ұлттық келісімі мен достығын нығайтуға, 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың жалпықазақстандық патриотизмінің кемелденуіне бірқатар тарихи мерзім керек екендігі туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдарламасында: «...біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» - [1, 16 б.] деп жазғанда, бұл процестің жеңіл, әрі қысқа мерзімде аяқтала қоймайтындығын ескергені сөзсіз. Сондықтан әрбір қоғам мүшесіне патриоттық тәрбие бере отырып, оның ұлтжандылығын, отансүйгіштік санасын, басқа ұлт өкілдеріне  сыйлы қатынасын және халқына деген құрмет сезімін қалыптастыру талабы жылдан жылға күшейіп отыр.

Қазіргі қоғамның патриоттық санасы үш түсінікті құрайды: ұлттық-этникалық; жалпыадамзаттық және әлеуметтік-таптық. Ұлттық-этникалық дегеніміз – ұлттық намыс сезімі, Отанға деген, ұлт мәдениетіне, тіліне, т.б. деген сүйіспеншілік, Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, жалпықазақстандық патриотизм республикадағы ұлттар өкілдерінің бәріне дерлік ортақ түсінік болу керек.

Қазақстандық патриоттық тәрбиенің мақсаты - жеке тұлғаның, әлеуметтік, ұлттық топтың патриоттық іс-әрекетке саналы түрде ұмтылуын анықтайтын саяси-моральдық, кәсіби, денешыңдау қасиеттерін  қалыптастыру.

Қазақстандық патриотизм қазақ ұлтының республикадағы басқа да ұлттармен өзара қатынасы негізінде мына принциптер бойынша жүзеге асады: өзара түсінушілік; материалдық және рухани құндылықтармен өзара алмасу; өзара көмек; ортақ мақсат, идеялар негізінде өзара қарым-қатынаста болуға саналы талпыныс; ұлттық және жалпыадамзаттық мүдденің табиғи үйлесімділігі; тең құқықтық, т.б. Бүгінгі жағдайда бұл принциптер қазақстандық патриоттық тәрбиенің негізгі бағыттарын жүзеге асыруға ықпал етеді [2, 11 б].

Патриоттық тәрбиенің мазмұны өзара бір-бірімен тығыз байланысты екі негізгі компоненттен тұрады. Оның біріншісі кең әлеуметтік-педагогикалық бағыттылығымен сипатталады. Ол мынадай элементтерге негізделеді: негізгі әлеуметтік, тарихи, адамгершілік, саяси, әскери және басқа мәселелер бойынша оң дүниетанымдық көзқарастар мен ұстанымдар, маңызды рухани адамгершілік, әрекеттілік сапалар (Отанға деген сүйіспеншілік, заңнамаларға сыйлы қатынас, конституциялық міндеттерді орындау және азаматтардың қауіпсіздігін сақтау алдындағы жауапкершілік, т.б.).

Патриоттық тәрбие мазмұнының әлеуметтік-педагогикалық компоненті оның өзегін құрайтын басты компонент болып табылады, өйткені бойында өзіне тән құндылықтары, көзқарасы, бағдары, қызығушылақтары, ұстанымдары, мотивтері бар қазақстандық азамат пен патриоттың тұлғасын қалыптастырмай, Отан қорғау, әскери және басқа да мемлекеттік қызметке қатысты нақты міндеттердің табысты шешілуі мүмкін емес.

Бүгінде патриоттық тәрбие мазмұнының өзіне тән арнайы компонентінің мәні артып отыр. Бұл компонент патриоттық тәрбиені алға қойылған нақты міндеттерге сәйкес саралап, негіздеп, әрі жан-жақты жүргізуді көздейді. Патриоттық тәрбие мазмұнының өзіне тән арнайы компоненті неғұрлым нақты және әрекетті бағыттылығымен сипатталады. Қазіргі жағдайда патриоттық тәрбие мазмұнында басымдық танытатын рухани адамгершілік құндылықтар ретінде мыналарды бөліп көрсетуге болады:

- Отанды қорғауға даяр болу;

- моральдық-саяси оптимизм;

- ізгілендіру;

- бейбітшілік сүйгіштік, бейбіт өмір мен әлеуметтік прогресс;

- ерлік, отансүйгіштік қызметте көрінетін белсенділік;

- өз Отанына деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезім;

- өз халқына, туған өлкеге, тіліне, мәдениетіне берілгендік;

- өзге ұлт өкілдеріне, олардың тіліне, мәдениетіне құрметпен қарау;

- ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, бүгінгіні тәрбиелеу үшін ерлікке толы өткенімізге, әскери, еңбек пен озық халық дәстүрлеріне адал, әрі берілген болу [3, 12 б.].

Жоғарыда айтылғандар негізінде қазіргі таңда оқушыларға патриоттық тәрбие беру мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

1. Рухани-адамгершілік – тұлғаның жоғары құндылықтарды, мұраттар мен бағдарларды, әлеуметтік маңызды процестер мен шынайы өмірдің құбылыстарын саналы түсінуі, оларды күнделікті іс-әрекеті мен мінез-құлқында негізгі принциптер, ұстанымдар ретінде басшылыққа алу қабілеті.  Бұл бағыт жоғары мәдениеттілік пен білімділікті дамытуды, Отанға адал қызмет етуге даяр болуға итермелейтін идеяларды саналы түсінуді, мінез-құлықтың жоғары адамгершілік, кәсіби-этикалық нормаларын, шыншылдық, жауапкершілік және ұжымшылдық қасиеттерін қалыптастыруды көздейді.

2. Тарихи – біздің ата-бабаларымыздың тарихын танып-білу, Отанның, оның тағдырының қайталанбайтындығын саналы түсіну, ерлікке толы өткендегі төңкеріс, әскери, еңбек және халық дәстүрлеріне аялы көзқарас. Бұл бағыт Отанымыздың көпғасырлық тарихын, әлемдік тарихи процесте Қазақстанның алатын орны мен атқаратын ролін оқып-үйренуді, біздің халқымыздың менталитетінің, әдет-ғұрыптарының, наным-сенімдері мен дәстүрлерінің ерекшеліктерін түсінуді, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен өткен дәуірлердегі батырларымыздың, қайраткерлеріміздің, билеріміз бен хандарымыздың, халық құрметтеген азаматтарымыздың ерлік істерін дәріптеуді көздейді.

3. Саяси-құқықтық -   мемлекет пен ар-ожданның бағынышты күшіне негізделген адамдар арасындағы нормалар мен ережелердің жиынтығы. Оның негізгі мақсаты - қоғамдық меншікті қорғау, халық үкіметін, демократияны, мемлекеттік заңдылық нормаларын, адамның құқықтары мен бостандығын қорғау. Біздің елімізде демократиялық құқықтық мемлекет орнатудың күн тәртібіне қойылуына байланысты құқықтық сананың маңызына назар аударылып, саяси-құқықтық бағыттың ролін арттыру көзделуде. Құқықтық  нормаларды қоғамдық қатынастардың нақты практикасына ендіруге құқықтық сананы жетілдіру, азаматтардың  санасын ояту, қоғамдық пікір беделі мен заңның күшін мемлекеттік құқық қорғау органдарының көмегімен күшейту арқылы қол жеткізуге болады.

Құқық қоғам өмірінде бірнеше маңызды әлеуметтік функцияларды атқарады. Құқықтың негізгі қайнар көзі мемлекеттік құқықтың мәнін ашып көрсететін Ата Заң болып табылады. Ата Заңның негізінде қоғамдық өмірдің әрбір саласы (еңбек, азаматтық, меншік, кәсіпорын, кооперация, қоршаған ортаны қорғау туралы, әкімшілік, отбасылық, қылмыстық) бойынша заң актілері жасалып, әрекет етеді. Мұнда құқықтың реттеуші функциясы көрінеді.

Тәрбиелік функциясы демократиялық құқықтық мемлекетте адам тәртібінің негізі - оның белсенді және саналы түрде адамгершілік пен құқық нормаларын орындауы болып табылады. Осында педагогикалық және заң ғылымының өзара әрекеті негізделеді: педагогика адамгершілік нормаларын тәрбиелеуден құқыққа қарай, юриспруденция - құқықтан адамгершілікке қарай жылжиды. Екі ғылым да бір міндетті – тұлғаның бойында адамгершілік құқықтық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.

4. Патриоттық – біздің қоғам мен мемлекетті, қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімін, өмір салтын, дүниетанымы мен тағдырын қалыптастыру мен дамытудың ерекшеліктерін айқындайтын маңызды рухани-адамгершілік және мәдени-тарихи құндылықтарды тәрбиелеу. Ол өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілік пен берілгендікті, халқының байлығы, ерлік істері мен дәстүрлері, мәдениеті үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруды, қоғам мен мемлекетке адал, шынайы қызмет етуді қамтиды.

5. Кәсіби-әрекеттілік – Отанға қызмет етумен байланысты еңбекке жауапкершілік пен борыштылық қатынасын, лауазымдық міндеттері мен қойылған міндеттерді табысты орындау мүддесі тұрғысынан кәсіби-еңбек сапаларын белсенді танытуға ұмтылушылықты қалыптастыру. Ол тұлғаның өзін-өзі кәсіби-әрекет тұрғысынан көрсетуінің мотивтерін, мақсаты мен міндеттерін, құндылық бағдарларын, еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізуге кәсіби құштарлықтары пен ынтасын, міндетті жоғары тиімділікпен орындау және нақты мақсаттарға жету қабілетін, өзінің кәсіби тұрғыдан өсу жоспарын болжау және іске асыра білу білігін қамтиды.

6. Психологиялық – жастарда жоғары психологиялық беріктікті, кез келген жағдайда күрделі, әрі жауапты міндеттерді орындауға даярлықты, қиыншылықтарға төзімділікті, табысты өмір мен іс-әрекет үшін қажетті маңызды психологиялық қабілеттерді қалыптастыру. Ол әскери және басқа ұжымдарда әлеуметтік-психологиялық процестерді оқып-үйренуді және болжай білуді, жағымсыз құбылыстардың алдын-алуды мен девиантты мінез-құлықты болдырмауды, психологиялық қызбалылықты сабасына түсіруді, қозушылық жағдайын жоюды, іс-әрекет түрлерінің, мінез-құлық ережелері мен нормаларының, рухани құндылықтарының ерекшеліктеріне сәйкес психологиялық сапаларды қалыптастыруды көздейді.

7. Әскери –патриоттық - жас жеткіншектерді әскери қызметке, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасының  және өз халқының алдындағы азаматтық борышын өтеуге, тәуелсіз демократиялық Отанының сенімді қорғаушысы болуға даярлау, маңызды әскери дәстүрлерді игеруі және қазіргі заман қару-жарақтарын меңгеруі. Ол мынадай мәселелердің шешімін табуды көздейді:

- жастарды Қазақстан Республикасының Ата Заңымен, Отан қорғау, ҚР Қарулы Күштерінде әскери борышын өтеу туралы Заңдармен таныстыру;

- әскери істің тарихымен таныстыру;

- ҚР Қарулы Күштерінің және басқа жасақтардың міндеттерімен, құрылымымен таныстыру;

- азаматтық қорғаныс негіздерін оқыту;

- әскери істің негіздері бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыру;

- Отан алдындағы әскери борышын өтеуге психологиялық даярлық беру;

- өлкетану және ізденіс жұмыстарын, Әскери Даңқ тарихы мектеп мұражайларының іс-әрекетін ұйымдастыру.

Бұл бағыттардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты, патриоттық тәрбие берудің мақсаты, міндеттері, рухани-адамгершілік және дүниетанымдық негіздері, принциптері, формалары мен әдістері тұрғысынан іс-әрекет барысында өзара бірлікте жүзеге асырылады.

Оқушыларға патриоттық тәрбие берудің мақсаты, міндеттері, мазмұны мен принциптері мектеп практикасында белгілі бір жүйе арқылы іске асырылады. Жүйе – бұл белгілі бір тұтастықты құрайтын өзара байланысты элементтердің кешені; олар өзара байланысты, бір-біріне тәуелді бола отырып, өзара әрекет етуі негізінде тұтас бірлікті құрайтын элементтердің (компоненттердің) реттелген жиыны.

Жастарға патриоттық тәрбие берудің нәтижелілігін қамтамасыз етуде жалпы білім беретін мектептер басты роль атқарады. Сондықтан біз зерттеу барысында тәрбие теориясының негіздерін, мектепте жүргізілетін тәрбие жұмыстарының әдістемесін және алдыңғы қатарлы педагогикалық тәжірибені терең оқып-үйреніп, тиянақты талдау жасау арқылы мектепте жоғары сынып оқушыларына патриоттық тәрбие берудің жүйесін жасадық. Бұл жүйе мұғалімдерге патриоттық тәрбие беру ісінде негізгі бағыт-бағдарды алуға көмектеседі. Жүйені негізге ала отырып, мұғалімдер патриоттық тәрбие беру процесін әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа жағдайына сәйкес жаңа көзқарастар тұрғысынан жетілдіруге көңіл бөлу керек. Қазіргі таңда патриотизмді маңызды әлеуметтік құндылық, қоғамның рухани-адамгершілік бірлігінің, оның өмірлік ұстанымдары мен мемлекеттілігінің негізі ретінде қайта жаңғырту және дамыту аса маңызды болып отыр.

Патриоттық тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыру және өткізу соған сәйкес тәрбие жұмысы формаларының тұтас кешенін пайдалануды көздейді, оларды шартты түрде екі негізгі топқа бөлуге болады:

-             бірінші топ патриоттық тәрбие мазмұнының жалпы дамытушылық компонентіне негізделген, жалпы патриоттық сипаттағы неғұрлым кең, әрі көптүрлі формаларды қамтиды. Олар оқу-тәрбие мекемелерінде негізгі тәрбиелік шаралар (әңгімелесулер, кештер, «дөңгелек үстел», кездесулер, т.с.с.) немесе факультативтерде, үйірмелерде, курстарда, секцияларда қосымша оқу сабақтары түрінде өткізіледі;

- екінші топ патриоттық тәрбие мазмұнының өзіне тән ерекшелігіне негізделген, көптүрлі емес және көп жағдайда әскери және әскери-қолданбалы бағыттылықпен сипатталады. Бұл формалар негізінен практикалық сабақтар, жұмыстар, әскери ойындар түрінде өткізіліп, жасөспірімдерді әскери бөлімшелердің өмірі мен қызметімен және әскер қызметшілерінің тұрмысымен, қызметімен таныстыруды көздейді.

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан – 2030. – Алматы: ЮРИСТ, 2006. – 152 б.

2 Құсайынова Д.С. Әлия мен Мәншүк ерлігінде жоғары сынып  оқушыларын патриоттыққа тәрбиелеу: пед. ғылымдарының  канд. дәрежесін алу  үшін  дайындаған  дисс. автореф.  - Алматы, 1999. – 29 б.

3 Құрманбаева М.Ж. Мәлік Ғабдуллин мұрасындағы этнопедагогикалық құндылықтар арқылы оқушыларды отансүйгіштікке тәрбиелеу: пед. ғылымдарының  канд. дәрежесін алу  үшін  дайындаған  дисс. автореф.  – Алматы, 2003. - 27 б.