Ауезова Амина Танатарқызы.

Л. Н. Гумилев атыңдағы Еуразия ұлттық университеті

педагогика ғылымдарының кандидаты.

                                  Астана қаласы, Қазақстан Республикасы

 

СТУДЕНТТЕРДІҢ ЖОҒАРЫ МЕКТЕПТЕГІ ОҚУ ПРОЦЕСІНЕ БЕЙІМДЕЛУІНІҢ  ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Жоғары мектеп жағдайына студенттердің бейімделу проблемалары 60-70 жылдары М.И. Дьяченко, Л.А. Кандыбович, В.И. Секун, Р.А. Низамов, Д.А. Андреева және басқалардың еңбектерінде кеңінен зерттелінді. Зерттеулерде бейімделу процесінде кездесетін қиындықтарды анықтауға және оларды түзету бағытында болды. Мысалы, Д.М.Сидтикова ЖОО-ғы оқыту процесіне бейімделудегі негізгі қиындық- студенттердің дәрісті тыңдау, конспектілеу, әдебиеттерді негізге ала отырып конспектілеу, өз бетінше қажетті әдебиеттерді іріктеу, өз бетінше тоериялық материалдарды талдап, жинақтау біліктерінің болмауымен бaйланыстырады.

Д.А. Андреева студенттердің жоғары оқу орнындағы оқу процесіне бейімделуде негізгі қиындық жаңа оқу процесінің ұйымдастырылуы, оқу пәндер жүйесінің көп түрлілілігінде  деп  көрсетті.

70-80 жылдары бейімделу процесінің 1-курстан 5-курсқа дейінгі өзгеру динамикасын зерттеді (Н.А. Аминов, Р.Р. Бибрих, Т.В. Кудряцев, В.И. Натаров, Т.М. Щеглова және басқалар). Ғалымдар ЖОО – ғы оқу процесіне студенттерді бейімделуінде негізгі екі бағытта икемделуді бөліп көрсетті: біріншісі ЖОО-на бейімделу, екіншісі – таңдаған мамандығына бейімделу процесі. Бейімделу процесінің жүруі мыналарға байланыстылығын анықтады:

- индивидтің кәсіптік бағдары;

- Жоғары оқу орнындағы оқу процесін ұйымдастырудың шарттарын білуі;

- студент бойында кәсіби маңызды қасиеттердің болуы;

- оқу процесіне деген қатынасы;

- болашақ кәсіби әрекетіне деген қарым-қатынасы.

Бейімделу процесіне әсер етуші факторлар мен қатар ЖОО-ғы оқу процесіне  бейімделудің аспектілерін бөліп көрсетті:

-           әлеуметтік – педагогикалық аспектілер- мектептегі оқыту процесінің ұйымдастырылуы мен формасынан бөлек жаңа дидактикалық жүйеге икемделу;

-           әлеуметтік-психологиялық- жаңа ұжымдағы жаңа статусқа сай әлеуметтік тәртіпті игеру;

-           мотивациялық-тұлғалық- оқу - танымдық мотивтерін және болашақ мамандығына сай тұлғалық қасиеттерін қалыптастыру.

Жоғары оқу орнына бейімделу процесінің негізгі үш кезеңі бар:

1.  Алдын-ала - ЖОО-на тіркелу және талапкерлік кезең.

2. Жалпы ғылыми бейімделу  – оқу процесіне тұтас икемделу.

3. Болашақ мамандығына жанама бейімделу – нақты мамандықты игеру (өндірістік немесе педагогикалық т.б. практикадан өту),жоғары курстарға тән.

Осылайша 70-80 жылдардағы бейімделу процесін зерттеу нақты фактілермен, бейімделуге әсер етуші факторлардың анықталуымен ерекшеленеді.

90-жылдары студенттердің ЖОО-ғы оқу процесіне, жаңа өзгерістерге бейімделуін Н.В. Макаренко, Л.М. Митина, Г.М. Мкртчян, М.В. Молоканов, Д.В. Обоорина, А.Е. Чирикова және басқалар зерттеді. Ғалымдар еңбектерін ЖОО-на бейімделу процесінде студенттің тұлғалық ерекшелігінде болатын өзгерістерді зерттеуге бағыттап мынадай анықтама берген: «бейімделу процесі- студент өмірінің бейнесінің құрамдас бөлігі». Бірақта бұл анықтама ЖОО-ғы оқу процесіне студенттердің бейімделу процесінің мәнін нақты  ашпайды.

Студенттердің оқу процесіне бейімделу тұлғаның сыртқы ортаға бейімделуі негізінде жаңа тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуымен, жаңа жағдайларға сай өсу динамикасының тепе-теңдігін сақтауымен байланыста қарастырылды.

       Осы жерде дұрыс түсіну үшін «оқу» жəне «оқу процесі» түсініктерінің мəн-мағынасын ажыратып алған жөн. Кейде бұл категориялар теңдестіріле қарастырылады. Іс жүзінде олай емес. «Оқу» түсінігі құбылысты білдіреді, ал «оқу процесі»- бұл процестің уақыт жəне кеңістікте дамуы, оның кезеңдерінің бірізді ауысып баруы.

       Оқу процесі – шынайы болмыстағы қиын да күрделі процесс. Ол өз ішіне көптеген құрылымы, деңгейі əр текті жəне табиғаты бір-біріне ұқсамаған сан қилы байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Сондықтан да «оқу процесі» түсінігіне толық жəне жан-жақты анықтама беру қиындау. Солай да болса, қазіргі педагогика ғылымында «оқу процесі» ұғымына орай келесідей анықтама қабылданған: «оқу процесі – бұл барысында білім беру, игеру, тəрбиелеу жəне дамыту міндеттерін іске асыруға бағытталған оқытушы мен оқушы арасындағы мақсат бағдарлы өзара байланысты іс -əрекет».

       Оқу процесі екі тарапты сипатқа ие. Оның құрамы өзара табиғи байланыстағы екі түрлі əрекеттен тұрады: оқыту – мұғалімнің оқу материалын меңгеруге орай ұйымдастыратын оқу-үйрету іс-əрекеттері жəне оқып үйрену – білім меңгеру мақсатындағы оқушының іс-əрекеттері. Бұл екеуі арасындағы байланыстырушы тетік – бірлікті іс-əрекеттерді жанамаластыратын оқу мазмұны.

Оқу процесі бірнеше қызметтерді – білімдендіру, дамыту, тəрбиелеу, ынталандыру жəне ұйымдастыру – атқарады. Бұлардың бəрі кешенді іске қосылады, алайда, тəжірибелік іс-əрекетті дұрыс ұйымдастыру, оқу міндеттерін тиімді жоспарлау үшін олардың əрбіреуін өз алдына қарастырған жөн.

Оқу процесінің білімдендіру қызметі ең алдымен білім, ептілік, дағдыларды, шығармашылық іс-əрекет тəжірибесін қалыптастыруға бағытталады.

Білім  – бұл деректер, мəлімет, ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар, формулалар мен сипаттамаларды т.с.с. түсіну, есте қалдырып, қажеттікке орай қайта жаңғырту.

Білімдендіру қызметі сонымен бірге оқушыға тек білім игертіп қана шектелмей, олардың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыруға арқау болады.

Ептіліктер – бұл адамның ережелерге сүйене отырып, қандай да нақты əрекеттерді орындау қабілеті. Дəлірек айтсақ, ептілік дегеніміз – білімді практикамен байланыстыра қолдану тəсілдерін, жолдарын меңгеру.

Дағды – бұл саналы іс-əрекеттің автоматтастырылған бірлігі. Басқаша айтсақ, дағды – ойланбай орындалатын, жоғары дəрежеде жетілген ептілік.

Арнайы оқу ептіліктері мен дағдылары нақты оқу пəні мен белгілі ғылым саласына байланысты қалыптастырылады. Мысалы, физика, химия пəндері бойынша – зертханалық тəжірибелер өткізу, заттай көрнекіліктер пайдалану; географиядан – картамен жұмыс, масштабты өлшемдер, компас не басқа құралдарды қолдану; математикадан – логарифмдік сызғышпен, есептеу машиналарымен, əрқилы үлгілермен жəне т.б. жұмыс алып бару ептіліктері мен дағдылары орнығады.

Бейімделу процесі басқа да күрделі процестер секілді өзінің динамикасы бар. Зерттеуші ғалымдар бұл мәселені шешуде «бейімделу бір күнге де үзілмейді, ал жағдайлар әр дайым өзгеріп отырады»- деген позицияны басшылыққа ала отырып әр түрлі бағытта қарастырады:

-           П.Ф. Головатыйдың ойынша, бейімделу процесі- студенттік шақтың барлық кезеңін қамтитын өзгермелі процесс.

-           М.В. Буланова-Топоркова – студенттің ЖОО-ғы оқу процесіне бейімделуі 2-інші семестрдің аяғында, 3-інші семестрдің басында аяқталады деп есептейді.

-           В.П. Кондрашеваның ойынша, бейімделу процесі жеке,дара ерекшеліктеріне байланысты болғанымен 1-2 курстарда үзіліссіз жүріп, үшінші курстарда аяқталады.

П.Ф. Головатый, М.В. Буланова-Топоркова, В.П. Кондрашева, Л.Д. Столяренко және басқалар студенттің ЖОО-ғы оқу процесіне бейімделуін этаптарға бөлген :

1. Бірінші кезең – cтуденттің ЖОО-ны жағдайына енуі. Бұл кезеңде ЖОО-на оқуға түскен жас адам бойында өз-өзіне деген сенімділікпен жаңа қызықты өмір сүруді жоспарлау арасындағы қарама-қайшылықтардан тұрады. Бірінші курс студенті кешегі мектеп түлегі болғандықтан әлі де болса өзіне деген көңіл бөлуді, оған басқалар тарапынан қамқорлықты қажет етеді, бұл аталған қажеттіліктер қанағаттандырылмағандықтан, ол өз бойында қиыншықылықтар кездеседі. Екінші кезең-студенттің өзі таңдаған мамандығына, іс-әрекетіне деген көңіл толмаушылығы. Дегенмен де оқыту процесіндегі кездесетін жаңа ұғымдарды, білім, білік, дағдыларды меңгеруі, өзбетінше жұмыс жасаудың жаңа әдіс-тәсілдерін игеруі негізінде айналасындағыларға, таңдаған мамандығына, студенттер ұжымына икемделе бастайды.

Үшінші кезең-әлеуметтік ролі нақтыланып, қарым-қатынас жасау шеңбері тұрақталып, кәсіби бағыттағы қызығушылығы біршама тұрақтанады, әлеуметтік және кәсіби маңызды қасиеттері қалыптаса бастайды. Бұл кезеңдегі негізгі өзгерістер әлеуметтік-психологиялық бағытта болады.

ЖОО-да әр түрлі күрделі мәселелер кездеседі: оқу және қарым-қатынастың жаңа жағдайларына, оқу процесінің талаптарына бейімделу мен материалдық және тұрмыстық мәселелерді шешу. Бірінші курс студенттерінде бұл кезеңде қоршаған ортаның әлеуметтік жағдайларын түйсінумен байланысты өтеді. Бірінші курс студенттерінің жаңа жағдайларға бейімделуі кешенді сипатта болғандықтан  оны зерттеу әр түрлі тұрғыда қарастырылады. Осы айтылғандарға сай бейімделген студенттердің негізгі өлшемдерін бөліп көрсетуге болады: таңдаған мамандығы бойынша білімді қажетті деңгейде меңгерудің қажеттігін түйсінуі; статусына, жас ерекшелігіне сай ЖОО-ң талабын орындауға дайындық деңгейі; оқу әрекетінің нәтижелілігіне студенттің эмоционалдық жағдайының әсері; студент пен басқа ұжым мүшелері арасында конфликтінің болмауы; т.б.

 

Кесте 1.Студенттердің  кәсіптік білім алуға әлеуметтік бейімделуінің                              негізгі критериийлері мен көрсеткіштері

Бейімделу аспектілері

Критерийлері

Көрсеткіштері

Дидактикалық аспектісі

Жалпы ғылыми білім және біліктерді қалып-тастыру мен өзбетінше даму негіздері

Кәсіби білім алу  үшін белгілі білімді меңгеру мүмкіндігі және қажет-тілікті түсіну.

Әлеуметтік– психологиялық аспекті

Жеке тұлғалық қарым-қатынас мәдениеті мен коммуникативті мәдение-тін қалыптастыру

1. Жанжалсыз тәртіп.

2. ЖОО-ның қоғамдық өміріне қатысуға деген ниеті, тілегі.

3.Оқытушылармен, груп-паластарымен қарым-қатынасқа қанағаттану.

Кәсіби аспекті

Таңдаған мамандығының дұрыстығына илану

1.Арнаулы пәндерге деген қызығушылығы.

2.Мамандықты игеруге деген талпыныс және карьерасын құруға деген ұмтылыс.

3. Өндірістік пратика-лар барысындағы кәсіби іс-әрекетінің жетістігі.

Ғалымдардың пікірлерін ескере отырып, ЖОО-ғы студенттердің бейімделуі тек қана оқу процесіне икемделу ғана емес, өмірдің жаңа жағдайларына,  таңдаған мамандығына икемделу секілді кең мағынада қарастырылатындығын байқауға болады.

Жалпы алғанда біздің зерттеулеріміздегі студенттің жоғары мектептегі оқу процесіне бейімделуінде маңызды критерийлер мыналар: ЖОО-ң жағдайына қатынасы, эмоционалдық көңіл-күйі, студенттер қауымына енуі, тұлғалық маңызды қасиеттерінің қалыптасуы.

Бұл өзекті мәселелердің бірі, себебі, студенттер арасындағы тұлғааралық, ұлтаралық қарым-қатынасты шешу мақсатында толеранттықты, дүниеге көзқарасты қалыптастыруға негіз болады.

Жоғары оқу орнындағы оқу процесінің жетістігі студенттердің өз бетінше жұмыс жасай білу деңгейі мен жауапкершілігіне тығыз байланысты. Сондықтан да студенттердің бейімделуін зерттеу жоғары мектеп мәселелерін шешудің негізгі бір бағыты ретінде қарастырылады (С.И. Архангельский, М.И. Дьяченко, Л.А. Кандыбович, И.К. Кряжева, И.В. Медьведев). Бейімделу-жоғары мектептегі үлгерім сапасын арттырумен тығыз байланыстағы мәселелердің бірі.

Сондықтан заман талабына сай, студенттердің жоғары оқу орнынан бейімделу процесінің дағдылары мен икемділігін қалыптастыру, яғни студенттің оқу процесі кезіндегі әр түрлі жағдайларға бейімделуі, тез меңгеру қабілеттеріне ие болу, қызметтестермен, оқушылармен жағымды қарым-қатынас позициясын құруға ұмтылу, мотивациясы мен білімін әрдайым заманның талабына сай жетілдіру  аса маңызды болып табылады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Климов Е.А. Общая психология. -   М.,1997.

2. Шафаржинская Н.Е.Личностная и профессиональная самооценка студента педвуза.-М.,1986.

3.Васильева СВ. Структурные и динамические особенности студенческого адаптационного синдрома: Автореф.дисс....канд.психол.наук - СПб., 2010.

4.Балл Г.А. Понятие адаптации и его значение для психологии личности. / Вопр.психологии.-1989.- №1.        

5.Жаманқұлов Н.Б. Студенттердің өздігінен білім алу  біліктері мен дағдылырын қалыптастыру. Пед.ғыл.канд.дис. – Алматы, 2008.

6.Казмағанбетов А.Г. Научно-педагогические основы формирования системы оценочных притязаний старшеклассников в учебном процессе. Дис. д.п.н. – Алматы, 1999.

7.Жумашева С.С. Особенности подготовки учителя к формированию познавательной самостоятельности учащихся. Дисс. Докт. Пед.наук. – Алматы, 1994.